Өмір мектебі. 1 кітап



Pdf көрінісі
бет52/107
Дата21.12.2023
өлшемі5,35 Mb.
#142380
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   107
ПАТШАНЫ ҚУҒАН БАТЫР
Шəймерденнің «хұррияттың түбі құр ұятқа соғады» деген сөзің
кешікпей ауыл-ауылдың момын шаруаларының бəрі де айтты. Олай
демеуге болмады. «Патша тақтан құлапты» дегенмен, ол тақта отырған
кезде ауылдың момын шаруаларын талап жеп жүргендер түп-түгел
орнында. Олардың баяғы зорлық-зомбылығы арта түспесе, кемір түрі жоқ.
Сондай халде, саясат дүниесінде не боп жатқаның Жуанағашта тұратын
біздер, ауылына ат үстінен анда-санда ғана соғып кететін Досмағамбеттен
естиміз.
— Патшаның орнына, Керенский деген біреу патша бопты, — деп келді
ол, ауылына бір соққанда.
— Кім екен ол Керенский? — деген сұрауға:
— Əкесі Мекалайдың əкесінің атшабары екен. Өзі Мекалаймен түйдей
құрдас екен. Екеуі сабақты бірге оқып, жасынан дос боп өскен екен.
Жұрттың өзіне өшігіп кеткенін біліп, Мекалай тақтан əдейі түсіпті де,
орнын досына беріпті. Кейін жұрттың даурығуы басылған соң, таққа өзі
қайта мінбек дейді, — деп жауап береді Досмағамбет. Тағы бір жолында ол:
— Қазақтың ханы жеке болатын бопты. Əлиқан Бөкейханов деген кісі
хан болатын бопты, — деп келді.
— Ол кім екен? — деген сұрауға:
— Абылай ханның дей ме, басқа ханның ба, — əйтеуір хан тұқымы
деседі. Қазақта одан көп оқыған кісі жоқ дейді, Ғалауетден. Сол кезде туған
баласының атын Досмағамбет Əлиқан қойды.
Атқамінер, пысықшалар осылай даурыққанмен, ауылдың момын
кедейлері бұл «құриятты» бостандық екен деп ұққан жоқ. Шын
бостандықты тілеген олардың құлағына Октябрь революциясының жер
тітірете қағылған дабылының, даусы шалынбай қойған жоқ. Оған менің сол
бір күндер! көзіммен көріп, құлағыммен естіген мына бір оқиға куə.
Терезесін қойдың қарнымен қаптаған, төбесіне түрегелген кісінің иығы
тиетін кішкене шым үйде жоңқа жағып іңірде кеңеске кіріскен бес-алты
кісіге, маңыраған қозы мен лақ сөз естіртпейді.
— Өй, жақтарың қарыссын!.. Зарлап қалыңдар! — деді сол үйдің əйелі
қозы мен лаққа ыза боп қарғап.
Бұл сөз — үй иесі Жаңбырбайға да жағымсыз тиді. Оның, күркедей
үйіне екі балалы малдың өмір бойы бітуі осы ғана еді. Бұрын бір лақты


ешкі кейде бітіп, кейде бітпейтін. Биыл қыс көрші ауылдағы байға
жалданып, қыстық ақысына қозылы қой алмақ болған. Жаңбырбайға
бермек болғай қойдың қозысын күтуді бай ауырсынып, кешегі күні оған
айтқан:
— Қозылы қойыңды енді үйіңе апарып таста, Жаңбырбай. Төлін үйіңде
күт! — деп.
Маңдайында ақ төбел бар қара бұйра қозы мен бір жамбас қойды
көрсетіп, бай «осыны ал» дегенде, қойын ол қысылғанмен нысаналы
қозыны ырым етіп, байдан байтал ұстап мініп, қозыны қойнына тығып,
қойды алдына өңгеріп Жаңбырбай үйіне келген. Бұл— 1917 жылдың
апрелінің ортасы, қар аласапыран боп еріп жатқан кез.
Жаңбырбай үйінің бұрынғы бар тамағы. — жалғыз ешкінің сүтіне
сепкен тарының сұйық көжесі. Оған кеп бүгін бір жамбас қой қосылған
соң, əйел қойды да, ешкіні де қақтап сауып, лақ пен қозыны үйшігіне іңірде
аш қамады.
«Таң атқанша осыны талқажау қыла тұрар», — деп құрақ тастап еді, дəні
кетіп, қар түсе орган құрақты жас төлдер иіскеді де, ауыздарына салмады.
Енелерін тым болмаса болпылдатып бір-екі рет сормаған қозы, лақ жылы,
тəтті, уыз сүтті аңсап зар қақты.
— Енелерін үйге кіргізе қойшы, қатын! — деді Жаңбырбай əйеліне, —
емсін енесін. Жануарлар сөз естіртпеді ғой.
Əйел Жаңбырбайды бетінен алып шап ете түсті:
— Немене, үйіңде пұттаған ұның, қаптаған құрт-майың толып тұр ма
еді? Мойындары тырнадай қылқиған мынау бес-алты ши борбай балаларың
ертең жел оба ма? Азығың, сауының толып тұрған кісідей сөйлейсің!..
Бұл дауға дəлелі жоқ Жаңбырбай үндемей төмен қарап еді:
— Тойбала! — деді үй иесі əйелге, Жаңбырбайдың інісі Жылқыбай, —
айранды таңертең біздің үйден аларсың, төлдеріңді еміз! Жанға жағымды
кеңесті естиік деп келіп ең əдейі келгесін тыңдап қайтайық.
Тойбала көптің өтінішінен шықпай, ешкі мен қойды үйге кіргізіп,
төлдерін жамыратып еді, қозының да, лақтың да дауысы жым-жырт бола
қалды.
Жаңқаның жарығы кішкене үйдің қою қараңғылығын жеңе алмады.
Аласапыранның сыртта соққан дауылы терезеге шегелеген қойдың қарнын
біресе сыртқа, біресе ішке томпитып, кейде қарынның ернеуінен үйге
еріксіз кіріп, өзі əлсіз жанған жаңқаның жалынын жалпылдатып сөндіре
береді. Ол үйде сіреңке жоқ еді, жарық қылар ол пештің ішіндегі шоқ.


Жаңқаны шоқпен тұтатқан Тойбаланың үрлей-үрлей демі таусылып басы
қаңғырды.
— Қатын! — деді Жаңбырбай, — желі құрғыр да ерегісіп кетті ғой,
терезеге менің күпімді қалқалай қойшы!
Қалқалаған күпі желді бөгеді. Жаңқа шамасынша жарқырап жанды. Дем
алған Тойбала пеш үстінде кеуіп тұрған қайыңның біреуін қасына қойып,
жаңқаны қаймыжықтай ғана қып жарып, бірі таусылса біреуін тұтатты да
отырды.
Салқын үйде иығына киім жамылған жұрт Жаңбырбайдың аузына төнді.
Үстеріне көрпе қып жамылатын құрым туырлыққа оранып бастары
қылқиған бес-алты балаға Тойбала:
— Жатсаңдаршы! Сендерге не жоқ! — деп алая қарап еді, балалар
қымсынды, бірақ жатпады.
— Тойбала, тоқтай тұршы, кеңес тыңдайық, — Деді біреу, отыра берсін,
ертең қырман қырып жатқан жоқ, ұйықтар. Ал, Жаңбырбай сөйле!..
Жаңбырбайдың сөзі, — патшаның тақтан құлауы туралы. Бұл сөздің
терең сырын айтар білім мен сана, ол кезде Жаңбырбайда да жоқ, оның
тыңдаушыларында да, олардың ішінде, менде де жоқ. Менің тек қана
байқағаным, — Жаңбырбай ертегі сияқты қып айтқан сөзді, жиналған жұрт
аса ықласпен, керекті жерлерінде үн қоса тыңдады; ұққаным — патшаны
тақтан құлатушылар, — еңбекші халықтың қамын ойлаушылар, олардың
аты — большевиктер, большевиктерді бастаушы адам — Ленин.
Ленинді Жаңбырбай, денесі де, ақылы да, білімі де əдеттегі адамдардың
бəрінен де өлшеусіз зор қып сипаттайды. Халықты қанаушыларға қарсы
Ленин жұмсаған қайратты естігенде, тыңдаушылардың кейбірі, «алда,
садағаң кетейін- ай!» — деп жылап та жіберді. Жаңбырбайдың ұзаққа
созылған кеңесінің арасында, тыңдаушы жұрт: «Шіркін, со Ленинді көрер
ме ең мұңымызды шағар ма ең мұндағы қанаушыларды да қуар ма ек!» деп
арман етеді... менің көңіліме де сол арман ұялай түседі...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   48   49   50   51   52   53   54   55   ...   107




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет