Сəбит Мұқанов
Өмір мектебі
БІРІНШІ КІТАП
Роман
АЗАПТЫ ЖОЛДА
БҰЛ ЕҢБЕГІМДІ:
Əкем — Мұқан Шүкей ұлына,
Шешем — Балсары Бəйтілеу қызына,
Апаларым: Дəмеш, Зəуре, Ұмсындық,
Бағила, Ұлтуғанға.
Қарындасым — Балтуғанға.
Өмірлік есте тұтатын зор
құрметпен арнаймын.
Автор
БІРІНШІ ТАРАУ
КҮЙРЕГЕН ҰЯ
МЕНІҢ ТУУ ТАРИХЫМНАН
Құрметті оқушылар!
Əрқайсымызға да қандай жағдайда туғанымызды білу қызық болар еді.
Менің, қандай жағдайда туғанымды, балалық шағымда бір əйелден
естіген ем, қазіргі əңгіме, сол əйелмен қалай кездесуім туралы.
Біздің ауыл ол кезде, Ақмола облысы, Петропавл уезі, Аққусақ
болысына қарайтын «Жаманшұбар» атты мекенді қыстайды да, «Дос» атты
көлді жайлайды. Қазақ елінің руға бөлінетін заманында, біздің ауылдың
арғы түбін Керей, бергі түбін Сибан дейді.
Сибан ол кезде «ойдағы» жəне «қырдағы» атанып екіге бөлінеді.
«Қырдағы Сибан» —Досты жайлайтын төрт ауыл — қырық-елу үйдей.
Жүзден астам үй «Ойдағы Сибан»,— Достан жиырма бес-отыз
шақырымдағы Есенейдің Қайран көлін жайлайды, қыстаулары елу-алпыс
шақырым жерде.
Менің сегізден тоғызға шыққан жылым. Мезгіл жаз. Біздің ауыл Достың
жағасында отыр.
Бір күні біздің ауылдың адамдары ат-арбаларын əзірлеп əбігер бола
бастады.
— Бұлар қайда барады? — деген сұрауға:
— Ойдағы Сибанға! — деп жауап берді білетіндер.
— Неге?
— Тірісіне сəлем береді, өлгеніне бата оқиды...
Əзірлік əртүрлі боп жатыр: байлар үстінде сəнді қорабы бар əдемі
тарантастарға, сайманын келістіріп, парлаған жақсы аттарды жегеді;
орташалары жадағай немесе қорапты тарантастарға жеке жақсы аттар
жегеді; кедейлер бір-бір арық «кершолақтарын» не тозығы жеткен
тарантастарға, немесе екі доңғалақты «қазақ арбаларға» жегеді... Бұл —
қартаң адамдарға əзірлеп жатқан ылау.
Жастарға, əрине, салт жүрген қызық. Олар жолшыбай алысады,
жарысады. Салттардың жайы да арбалылар сияқты: бай баласының аттары
жас, сұлу, семіз, жарау, ер-тұрмандары сəнді; орташаның баласы мінетін ат
пен ер-тұрман жарқырағы жоқ сыпайы ғана, ал кедейден желіккен жастар,
өзге жандарын үйінде қалдырып, өзі ғана жалғыз көкшолағына мінеді.
Түйе біздің арада жоқ. Сиыр баласына салт мініп жиынға бару, ол кездегі
ауыл салтында ұят.
Ауқатты адамдардың мен құралыпты жас балалары тай мен құнанға
мініп жарысуды жақсы көреді. Бүгін де олар тай-құнандарын даярласып
жүр!.. Менің де ол балаларға ергім келеді, бірақ, қалай?
Мен əке-шешем өліп, жетім қалған баламын. Туған ағаларым жоқ. Мал-
мүлкім, үй-күйім жоқ. Жолға əзірленген əркімге барып «ала кет!» деп
қыңқылдасам, біреулері: «орын жоқ» деп жайын айтады да, енді біреулері,
«саған не бар, онда?!» деп ұрсып жібереді...
Аттар жегіліп те, ерттеліп те болды... Əне, алды жөнеле бастады, құрғақ
жолдың шаңы аспанға көтерілді... Соны жермен тура тартпақ болған
бозбалалар, оларға ерген тайлы-құнанды балалар көлдің батыс жағын орай
тартты... Жаздың маужыраған əдемі күні, тұнық, таза ауасы, көркем
бейнесі, сағымданған ұшы-қиырсыз кең даласы, салт мінгендерді
желіктірмей қойсын ба!.. Əне, олар ауылдан шыға, жарыса жөнелді...
Сөйтіп, жұрт ұбақ-шұбақ жөнеле бергенде, көзіме іркілген жасымды сығып
мен қала бердім!..
Сол халде тұрып айналама қарасам, əлдекім енді ғана жүргелі жатыр
екен. Кім екендігін байқасам, атын аяңнан артық жүргізбейтін кедей
шаруалы Дүйсеннің Кəсені екен қасына барып ем, «сен сорлы қалып қойып
па ең?» деп аяған сөздер айтты да, тарантасына мінгізіп алды.
Есенейдің Қайраң көліне біз күн еңкейе жеттік. Көлді жағалай қонған
ауылдарға тарайтын жолдың торабында, келген қонақтарға жөн сілтейтін
даяшы тұр екен.
— Сендер сонау Түрікпен аулына барып, Рахметтің үйіне түсіңдер, —
деді ол.
— Е, Рахметі несі?! Сіңірі шыққан кедей бізге несін береді? — деп
Кəсен наразылық білдірген болып еді:
— Басқарушылардың бөлуі осылай, мен оны бұза алмаймын басқа бос
үй жоқ, — деді де даяшы кетіп қалды.
«Рахметтің үйі» дегені сыртынан ішіндегі адамдарын санап алатын
қырық - құрау, кішірек қарақұрым отау екен. Қара сақалды, ұзын арық
денелі Рахмет, үйінің қасына атымызды тоқтатқан бізді, үйінен шыға,
құрметпен қарсы алды.
Үйіне кіргізген қонағына ол жай-күйін айта кеп, «қолдағы барым осы
ғана еді» деп бір текешігін сойды. Аяғы құрттап, ауыл маңында ғана
оттаумен күнелткен бұл текешік көкежасық арық екен. Дегенмен үй иесінің
ықласына риза болған Кəсен, басқа ешқайда бармай сол үйге қонды.
Балаға қызығы — думан. Ол күнгі думан осы ауылдың ауқатты адамы —
Ботпай үйінің, маңында болып жатыр. Біздің ауылдық ауқатты адамдары
осы ақ үйдің ішінде. Олардың самбырлай сөйлесіп, саңқылдай күлгендері,
кигіз үйдің іші түгіл сыртына да кең жайылып, түнгі тымық далада алыстан
естіліп тұр.
Ботпай үйінің қазаны да, əрине, Рахметтің қазанынан əлдеқайда кең,
сойыстығы да əлдеқайда семіз... Сондықтан сорпа-суын ішкісі келгендер
жерошағының басында. Балалардың да көпшілігі сол маңайда ойнайды,
өйткені, қазан түсірілген соң, олар үйдегі «үлкендердің бармағын жалап, ет
асайды...».
Мен де сол балалардың ойынына қосылдым. Міне, ет іс пісті. Буы
бұрқыраған қойдың семіз етін қазаннан үлкен ожаумен сүзіп алған əйелдер,
үлкендігі кішігірім науадай ағаш астауларға салып жатыр... Астауды
жағалай кейі ағаш, кейі жез үлкен табақтар да қойылып қалды... Табақ
жасап үйренген ептілер қылпылдаған өткір бəкілерімен табақ-табаққа
мүшелерді бөліп те үлгерді... Тағы бір епті жігіттер ет салынған табақтарды
қолдарына көтеріп, бірінің артынан бірі тізбектеле, қонақтар отырған
үйлерге қарай жөнеле берісті... Əлгі бір кездегі у-шу енді бəсеңдей қалды.
Жұрттың аузы майлы етте...
Жетімдіктің бір көрінетін жері осындайда. Əкесі, шешесі, ағасы бар
балалар мұндайда топтың арасына кіріп кетеді де, майлы еті бар жіліктерді
ұстап жей бастайды, жілік берер жақыны жоқ жетімдер əркімге бір
жаутаңдайды. Көңілі түскен біреу есіркеп ет бермесе, олар бұл үйден
құрауыз шығады.
Майлы ет толған табақтар Ботпайдың үйіне бірінің артынан бірі
кіргенде, табақшыларға араласа үйге кірген бір топ баламен араласып, мен
де кірдім. Менімен қатар тұрған балалардың əрқайсысына не əке, не
шешесі, «əй, пəленшежан, мə» деп жіліктерді ұстатып жатыр. Мен
əркімдерге жаутаң-жаутаң қараймын, мені шақырарлық ешкім жоқ
сияқты...
Тұрдым-тұрдым да, əлдекімдердің «Мə» деп берген жөнді еті жоқ
жауырынын қолыма ұстай, жыламсырап далаға шығып кеттім. Со
қалпыммен босағада тұр ем:
— Əй, мына бала аш қалыпты ғой! — деді, қасымнан өте берген біреу.
— Қонақ па, осы ауылдың баласы ма? — десті əркімдер.
— Қонақ бала! — деді, кескініме үңілген біреу.
— Ендеше, бері əкел оны! — деді жерошақ басында отырған əйелдердің
біреуі.
Барғым келмеген мені бір жігіт зорлағандай итермелеп, жерошақ басына
алып келіп еді, сол арада топталған əйелдердің ішінен мосқалдау біреуі:
— Аяққа сорпа құйыңдар да, өкпе-бауырдан, ішек-қарыннан салып
беріңдер! — деді.
Бір əйел шеті кетік үлкендеу қара аяққа сорпа құйып, ішіне көр-жер ет
салып берді, мен ішуге кірістім.
— Ал, кім баласысың, шырағым? — деді манағы мосқал əйел, мен
тойынып ап, қолымдағы аяқты қайтарып берген соң:
— Мұқанның баласымын, — дедім мен.
— Кəдімгі Шүкейдің Мұқаны ма, Нұртазаның ауылындағы?
Мен басымды изедім.
— Алда, бақыр-ай, — деді əйел, аяған дауыспен, — сен екенсің ғой,
Мұқаннан қалған жетім бала? Атың Сəбит қой, сенің?
«Мені қайдан біледі бұл танымайтын əйел?!» — деп іштей таңырқадым
да, тағы басымды изедім.
— Бұ баланы қайдан білесің? — деді əйелге əлдекімдер.
— Білмегенде ше? — деді əйел, — біздің үйде туған жоқ па, бұл бала.
Қасымда отырған баладан əйелдің кім екенін сыбырлап сұрап ем:
— Осы үйдің бəйбішесі, Тұрағал деген кісі, — деді бала.
Тұрағал төңірегінде отырғандарға, менің қалай туу тарихымды сөйлеп
кетті.
— Мұқан марқұм бірнеше жыл біздің үйде жалшылықта жүрді ғой, —
деп бастады ол сөзің — топырағы торқа болсын бейшараның, жаман
қылығын көрген жоқпыз, міндетті ісін адал атқаратын, күні-түні демей
жұмысын істей беретің қақ-соқта жұмысы жоқ адам еді. Бəжең де сондай
кісі болатын.
— «Бəжесі» кім? — деп сұрады біреулер.
— Мұқанның əйелінің аты Балсары болатын. Оны жұрт Бəже дейтін.
Мұқан марқұмда қыз көп болды да, ұл болмады. Ұмытпасам, осы Сəбиттен
бұрын Бəжең он үш қыз тапқан. Бір қызы туарда ұл бола ма деп ұмсынып
атын Ұмсындық қойыпты, тағы бір қызының атын «артынан ұл туар ма
екен» деген оймен Ұлтуған қойды... Сөйтіп, бейшара ұлдан тарығып
жүргенде Бəжең тағы құрсақ көтерді. Көзі көрмегенге бəрі өтірік со кезде
Мұқан бейшараның «а, құдай, тілегімді қабыл ғып ұл бер де, содан кейін ал
мені» деп жылап жүргенін талай естідім де, көрдім де.
— Енді қайтсін, — десті əркімдер, — жасы ұлғайып қалған адам...
Сүйенер малы жоқ. Қыздары асырай алмайды. Егер ұл болмаса, оның аты
аштан өлу ғой!..
— Рас,— деді Тұрағал, — сонан Бəжең ай-күніне жетті. Со жылы біздің
үйдің қойы көбірек қоздады. Анау отырған біздің тоқал да, — деді Тұрағал,
жас бір əйелді иегімен нұсқап, — аузы-мұрнынан шығып отыр, оған біздің
əлгі бұрау басын сындыртпайды, бірдемеге қолғабыс тигіз десең, іштегі
баласына зақым келер деп зыр-зыр етеді.
— Енді қайтсін, — деп қойды біреу. — О да қай бір басқа жарыған кісі
еді, онда. Ол кезде жалғыз ұлы Шалабайдан басқа баласы жоқ еді ғой.
— Сонымен, — деді Тұрағал, — жер ала-сапыран боп, қар ери бастады.
Мал төлдеп жатыр. Со жылы біздің үйде жүзге тарта қой қозылайды,
жиырмадан аса ешкі лақтайды, онға жақын сиыр бұзаулайды. Сонша төлдің
бəрін күтуге жалғыз менің əлім келмейді. Ай-күніне жетіп отырған Бəжең
бейшараны аяймын. Бірақ, амал жоқ. Үзіліп-созылып о да менімен бірге
жүреді. Қора ішінде босанып қала ма деп зəрем кетеді.
— Қиын хал екен, — деді біреу.
— Сол кезде, біздің құлындағалы жүрген бір бие қорадан шығып
бошалап кетіпті, — деді Тұрағал. — Қыс қаттырақ болып, биелеріміздің
біразы іш тастап, сауамыз деп отырған биеміз үшеу-төртеу-ақ еді.
Құлындағалы жүрген биенің бошалап кеткенін біздің Əлгі естіді де, «ие
бола алмадың» деп Мұқанға бұрқан-тарқан боп ашуланды. «Бір жерге
барып құлындайды да, шуына оралып құлыны өледі. Оған дейін тауып
əкел! Егер құлыны өлсе, өзіңді бірге өлтірем!» деп, Мұқанды салт атпен
қуды да жіберді. Мен: «Бəжең бүгін қабағын шытыңқырап жүр, тегі толғақ
болар деймін, күйеуі қасында болсын, басқа біреуді жіберсең қайтеді» —
деп ем, — барады деген соң, барады деп, Əлгі маған ақырып тастады.
Сонымен Мұқан марқұм əйелінің толғатқанын білсе де, амалсыздан кете
береді.
— Со күні кешке, — деді Тұрағал, — Бəжеңнің толғағы жиілетіп кетті.
Түн бойы қасында болдым. Əлде қайтып кетеді деп, зəрем жоқ. Сөйтіп, таң
ата босанды-ау, бейшара!..
— Ұл ма, қыз ба? — десті бірнеше əйел.
— Ұл! — деді Тұрағал. — Қуанып кетіппін! Кіндігін кескен баланы орап
ап қарасам, Бəжең бейшара талып жатыр екен. Со талғаннан Мұқан
келгенше талды. Құлындаған биені Мұқан аман тауыпты. Құлын жүруге
жарамаған соң, түні бойы тонына орап таралдырады да, таң біліне алдына
өңгеріп, үйге алып келеді.
— Е, бəрекелде! — десті біреулер.
— Құлынды аман көрген соң Əлгі көңілденіп, Мұқаннан «Əйелің ұл
туды» деп шүйінші сұрады. Қуанған Мұқаң «қалағаныңды ал!» — деді.
— Мұқанның үйінде, — деп жалғастырды Тұрағал сөзін, — шүйіншіге
аларлық ештеңе болмайтын. Ақша жоқ, мал жоқ, мүліктен бар іске татыры,
өткен қыс тіктіріп, кимей, төріне іліп қойған етігі болатын. Əлгінің сол
етікті сұрағаны бар емес пе?
Берді ме? — десті жұрт.
— Қуанғаны сондай, Мұқан марқұмның, — етігі түгіл, өзін сұраса да
беретін. «Қалағаның сол болса» деп, алды да берді.
— Жалғыз етігін алды ма? — деп сұрады əркімдер.
— Дүнияқор еді ғой, біздің Əлгі. Менің: «Қайтесің сорлыны жалаң аяқ
тастап?» дегеніме қарамай, «шүйінші берсе, баласы өмірлі болады», — деді
де алды...
— Сөйткен баладан не жақсылық көрді? — деді Тұрағал көзіне жас ап,
— олар өліп кетті... Мына байғұстың, — деді мені нұсқап, —
қаршадайынан жетім қап, үйсіз-күйсіз қаңғырып жүргені мынау!..
— Ия, солай! — деп күрсінді біреулер.
— «Жетім қозы тас бауыр, маңырар да отығар» деген, — деді біреулер,
— кім біледі, жылап-сықтап жүріп, мұның да адам боп кетуі!..
— Өзі жалпақ беттеу, құба өңділеу, май мұрындау, кішірек көзділеу боп,
шешесіне тартыңқыраған екен; əкесі ашаң өңді, қоңыр кескінді,
мұрындылау, көзділеу кісі еді ғой, — десті əркімдер.
— Қайсысына тартса да тірі болсын. «Орнында бар оңалар» дегендей,
тірі болса, Мұқан марқұмның атын өлтірмейді.
Кейін анықтасам, мен сиыр жылы, апрельдің он үшінде туған екем. Ол
— 1901 жыл. Документте «1900 жылы» боп жүр. Əкем ол жылы қырық
тоғызда, шешем — қырық екіде екен.
ӨРТ
Мен есімді білер-білмес кезде, біздің үй «Күрілдектің Күтірі» деген
участокте отырды.
Күрілдек — Құтырлаған атты казак-орыс станицасы, орысша аты
Екатериновка. Оның қалайша — «Құтырлаған» атауы туралы ауыл
арасында төмендегідей аңыз бар: қару-құралды казак-орыстар ең алғаш
біздің араға келгенде, бұрын орыс көрмеген ауыл адамдары тығылып
қалады. Мезгіл жаз екен дейді. Əр үйдің есігінің алдында сөреге байлаған
құрт тұрады екен, соны таңсық көрген казак-орыстар қалталарына салып
алып кетеді. Олар «Үлкен» жəне «Кіші» аталатын екі Сары көлдің
арасынан станица салып, атын Екатериновка қояды. Кешікпей екі халық
дос боп кетеді. Содан кейін қазақтар қалжыңдап станицаның атын
Құртұрлаған» қояды, Құтырлаған содан барып шығады.
«Құтырлағанда» аса бай казак-орыстар болған, солардың біреуін
қазақтар «Мəтке» дейді, онысы — «Митька», өйткені бұл орыстың аты —
Дмитрий, əкесінің аты — Никифор, фамилиясы — Колесников.
Қазақтар «Мəткені» «Күрілдек» деп те атайды екен. Олай дейтіні —
дауысы жуаң күрілдеп сөйлейтін кісі екен.
Білетін адамдардың айтуынша, «Құтырлағанда» Мəткеден бай орыс
болмаған. Ол қазақ байларымен дос болады, өзі қазақ тілін өте жақсы
біледі.
Күрілдек екі-үш жүздеп өгіз жинап, сауда да істейді екен. Саудасын
Сатыбалды дейтін қазақ жүргізіпті. Сол маңдағы орыс, қазақта алғаш
«ірбіт»
1
шапқан бай Күрілдек қана болыпты.
Байлығының үстіне Күрілдек неше жыл атаман да болады. Өзі көп
жасап өледі.
— Қартайған кезінде Күрілдек айтып отырар еді,— деседі, таныс
қарттар, — «құдайға арманым жоқ, бастан тартқанмен, дəулет пен бақтан
тартқан жоқ. Өзім ат жалын тартып мінгелі, үйіме үш наследник
2
түсті:
«Александр II. Александр III. Николай II.»
— Онысы рас та еді, — деседі қарттар, — əрбір наследник таққа
отырарда Сібір бойына қоныстаған казак-орыстарды аралап қайтатын.
Солардың бəрі Күрілдектің үйіне түсетін.
Күрілдектің меншікті үлкен участогі болған, сол участокке мекен
салдырып, жаздай пішен шаптырады екен де, қыстай сауда өгізін
асыратады екен. Осы участоктің атын қазақтар — «Күрілдектің күтірі»
3
қойған.
Участок Күрілдектің күтірі боп тұрған кезде, менің əкем шөп шабуға,
шешем пішеншілерге ас қып беруге жалданады. Ол кезде мен — есімді
шала-шарпы ғана білетін, төрт-бес жастағы баламын. Сондықтан əкем мен
шешемнің, не солар сияқты жалшылардың не бейнет көргенін білмеймін.
Тек менің есімнен со бір күндері əке-шешемнің басына түскен аса бір ауыр
хал, əлі күнге дейін кетпейді...
Менің артымнан тағы бір қыз туады да, ұлдың артынан туды деп
қуаныш көріп, атын əке-шешем Балтуған қояды. Балтуғанның тірі күніндегі
бейнесі менің есімде жоқ. Мен оның өлгеннен кейінгі кескінін ғана шала-
шарпы көз алдыма елестетем...
Күрілдектің кезінде жұрт шөпті қол шалғымен шабады екен. Күрілдек
пішенге қырық-елулеп жігіт жалдайды екен де, тамағына деп бірнеше
сауын сиыр ұстайды. Сиырларды сауатын да, пішеншілердің, ас-суын
даярлайтын да менің шешем болады. Ас-судың орны — біздің кішкентай
қара-құрым үй.
Күрілдек пішеншілерді «жүздікке» жалдайды екен. «Жүздік» дегеніміз
— жүз көпене шөп. Бір жүздікке Күрілдектің төлейтіні не бір қой, не үш
сом ақша. Жəне ол — екеуі бір арба шығатын көпенені ғана есепке алады.
Күрілдектің пішеншілері сондай ауыр еңбек атқарып жүрген күндердің
біреуінде, түнде масалап өре берген сиырларды тоқтатпақ боп шешем
тезектен түтін салады да, жұмыстан қалжырап жүрген сорлы, бесікке
бөлеген баласын емізіп отырып ұйықтайды...
Бір уақытта, сиырлар өкірген дауыс естіледі. Шошып оянған шешем
далаға жүгіре шықса, түтін салған тезектен өрт тұтанып жайылып барады!..
Со кезде жел де көтеріледі, өрт ілезде кеңейіп сала береді...
Əлі күнге көз алдымда: қараңғы түн... Аспанда қоршаған бұлт... Ішін
тарта ышқынып соққан жел... Алыста дөңгелене өрттің қызыл құрсауы жер
жүзін түгел орап алған сияқты... Жер де, көк те тұп-тұнық, қап-қара... Жер
де, көк те от сасиды... Осы қара дүниенің ортасында, менің тетелес екі апам
Ұлтуған мен Бағила жəне шешем үшеуі біріне бірі тығыла зар қағып жылап
тұр!
Өрт кете барды. Ол, əрине, жолшыбайғы дүниені жалап барады. Өзге
дүниенің бəрі өртелсе де, Мұқан жəне соның қасындағы өзге жалшылар
«лəм-мим» демес еді, егер Күрілдекке деп шауып жатқан жүздіктері аман
қалса!.. Кейін естуімізше, жүздік атаулының бəрі өрттің ығында екен.
Құлашын кең жазып алған өрт, сол жүздіктерден түк тастамай, ұйпа-тұйпа
қылады да кетеді.
Өртке ие бола алмаған, көп күнгі еңбектерін өрт жалап кеткен қайғылы
пішеншілер қосқа қайтады. Өртке айыпты шешем екенін білген соң, ызалы
əкем жатады да сабайды... Пішеншілер арашаламайды...
Арашалайтын — шешемнің ержетіп қалған екі қызы!.. Бірақ балуан
денелі, əрі ыза қысқан əкем ол екеуіне бой берсін бе!..
Əкем Балтуғанды жанындай жақсы көреді екен, егер бірдемеге ашулана
қалса, екі қыздың біреуі бесіктегі нəрестені алдына тоса қояды екен,
əкемнің ашуы сонда ғана басылады екен...
Манағы өртті сөндірем деп жүріп Бағила оң қолын түгелімен күйдіріп
алады. Сөйте тұра ол əкесі сүйрелеп сабап жүрген шешесін арашалай
алмаған соң, дағдылы əдісін қолданбақ боп, жүгіріп үйге кіреді де, бесіктегі
Балтуғанды көтеріп алып шығады...
Мұндай шуда Балтуған оянып кетуге тиісті ғой... Бірақ оянбайды, дыбыс
та бермейді... Не хал болғанын ұқпаған Бағила, əкесіне əкеліп, сүйікті
нəрестесін ұстата береді...
Ашу сөндірген əкемнің ақылы сонда ғана тұтанып, Бағила ұсынған
сəбиді ұстай ап бауырына басайын десе, бала сұп-суық! Жүрегі тітіркене
қалған əкем баланы аймаласа, — жан жоқ!.. Ұзын сөздің қысқасы, —
Балтуғанды жұмыстан қалжырап көп емізген шешем, бесік үстінде
ұйықтап қалады да, бала емшекке тұншығып өледі...
Сол бір трагедиядан менің есімде болар-болмас. сақталған елес: жел
басылған, бұлт ыдыраған, күн шашырап шығып келеді... жансыз денесі
боп-боз баланы алдына алып, басы төмен салбыраған əкем отыр... Оның
қасында, қара-күйік шаң жапқан бетін жерге төсей, күңірене, өкси жылап,
етбеттеп шешем жатыр... Оларды айнала, бастары төмен салбыраған, беті-
қолдары қара күйе, жыртық киімді пішеншілер отыр...
Со бір кезде: «Ойбай, көп қалды» — деген дыбыс берді біреу. Бəрі жалт
қараса, салт мінген көп адам шауып келеді...
— Қожайын кеп қалды! — деп үрейлене түрегелісті пішеншілер... Əркім
баспана іздеп, бет-бетімен қашып жатты... Мен де солармен бірге қаштым...
Кейін естісем, манағы өлген баласын құшақтап орнында жалғыз Мұқаң
қасында жалғыз шешем қалады да, Күрілдектің шабармандары қаптап
келген бетінде қолдарының уын соған төгеді... Жауған қамшының астында
əкем талып қалады...
Достарыңызбен бөлісу: |