Өткен ғасырдың бiрiншi жартысы, Кеңес үкiметi орнағаннан



Pdf көрінісі
бет2/8
Дата26.01.2017
өлшемі0,7 Mb.
#2736
1   2   3   4   5   6   7   8
А
ралға  айдалғандардың  санатында  Ысқақ  әулетi  де  бар 
болатын.  Атадан  мұра  болып  қалған  байлығы  бар,  отар-отар  қойы, 
үйiр-үйiр  жылқысы,  өрiстегi  мыңғырған  малы  Есiл  өзенiнiң  оң 
қанатындағы  Еңбек  ауылы  мен  үлкен  Торанғұл  көлiнiң 
аралығындағы  ауқымды  алқапта  жайылып  жатқан  ел  едi  ертеде. 
Байлығы  да  мол,  жерi  де  кең  бұл  ағайынды-туыстардың  сыйқы 
жыйырмасыншы  ғасырдың  бiрiншi  жартысында  жаңа  үкiмет 
орнағаннан  кейiн  бұзылады.  Бұл  елдiң  ертедегi  қыстауы  –  «Айғай-
Терек»  деген  жер  (бұл  бүгiнгi  Есiл  ауданы  Александровка 
селосының  маңы),  жайлауы  –  «Батпақ  Көл»  мен  Тораңғұл  көлi 
аралығын  алып  жатқан.  Ал,  Еңбек  аулында,  Ысқақтың  ата 
қонысында, алғашында ұжымдық шаруашылық құрылады. Ежелден 
ырысты  елдiң  Кеңес  кезiнде  де  жылқылары  жарыста  озып,  бәйге 
алған, малы семiз, егiнi бiтiк шығып, «Бай Еңбек» атанған ел едi. 
Арал азабы Ысқақовтар жанұясын да жанап өтпедi, тура келдi. 
Өткен  ғасырдағы  жиырмасыншы  жылдардың  аяғы,  отызыншы 
жылдардың  басы  мал-мүлiктi  тәркiлеудiң  алғашқы  толқыны  болса, 
дәл осы кезеңге бұл шаңырақ және басқа ағайындары бiрiншi болып 
iлiгедi,  үйткенi  кезiнде  олар  қуатты  байлар  едi.  Мәселенiң  мән-
жайына  түсiну  үшiн,  Аралдағы  жағдайды  көз  алдымызға  елестету 
үшiн, ондағы болған қиыншылықты сезiну үшiн алдымен Ысқақтың 
немересi Асқармен әңгiмелестiк. 
-
Асқар,  Сiз  Аралда  туыпсыз.  Тағдырдың  тәлкегi  шығар, 
атаңызды  қудалап,  әке-шешеңiздi  жер  аударып,  туыстарыңызды 
тарыдай шашып, жан-жаққа таратыпты. Осы жөнiнде сыр шертсеңiз. 
-
Ия, мен шет жерде – Аралда 1942 жылы туыппын – дедi ол. – 
Бiздiң тұқым Аралға айдалғанда мен жоқпын, одан он екi жыл соң 
тудым. Атамды, әжемдi көрмедiм. Бiрақ, әке-шешемнiң бауырында, 
тәрбиесiнде болған соң балалықпен ештеңенi аңғармаппын. Өсе келе 
түсiндiм мән-жайды. Теңiз жағасында еркiн өстiм. Бiрақ, бұл менiң 
туған елiм еместiгiн кейiн түсiндiм. Менiң елiм Солтүстiк Қазақстан, 
Еңбек  ауылы  екенiн  әке-шешемнен  естiдiм.  Олар  бұл  жерге  өз 
еркiмен  емес,  айдалып  келгенiн  де  кейiн  естiдiм.  Атамның  соңғы 
малын да, дүниесiн де тартып алып, өзiн және балаларын от басымен 
қоса жер аударыпты. Мiне, содан табаны күректей 22 жыл өткеннен 
кейiн ғана, яғни 1952 жылы елге оралыппыз… 
Сонымен,  Асқардан  мән-жайды  сұрай  келе,  бiраз  жағдайдың 
бетiн  аштық.  Жер  аударылғандар  Арал  теңiзiне  жөнелтiледi. 
Аталмашты отбасы ақыры Көкаралға келiп жетедi. Аралдан шығып 
кететiн  еш  жол  жоқ,  қашып  та  құтыла  алмайсың,  үйткенi  теңiз 
қоршап тұр, бұл бұратылған үшкiр сым да емес, майыспайтын темiр 
тор да емес кәдiмгi ұшы-қиыры жоқ су қоршауы. 
Ысқақтан  алты  бала  туады:  Едрес,  Мейрам,  Зияда,  Шайзада, 
Ерден,  Зейнолла.  Үкiмет  Ысқақ  пен  оның  балаларын  жазалап, 
қуғындайды,  әуре-сарсаңға  салып,  Аралға  айдады.  Бiрақ  Ысқақтың 

өзi  вокзалға  дейiн  барып,  кемпiрi  екеуi  поездан  жасырынып  қалып 
қояды.  Содан  кейiн  көп  кешiкпей  қудалаудан  құтыла 
алмайтындығын  сезiп,  Ресей  жерiне,  Батыс  Сiбiрдiң  Кемерево, 
Краснояр,  Томск  қалалары  жағына  барып,  өзiнiң  аталас  туысы 
Көшiмбай  балалары  Зұлқарнай,  Әбдiғапар,  Қожахметке  қосылып, 
сол  жерге  сiңiсiп  кетедi.  Ысқақ  елге  келiп  қайтыс  болады, 
Қызылжарда жерленедi. 
Ерден аурулық себептi айдаудан аман қалады, бiрақ ерте дүние 
салады.  Ал,  Шайзада  мен  Зейнолла  сотталады,  оларды  Новосiбiр 
қаласына  апарады,  содан  Балтық  теңiзi  жағалауындағы  Беломор-
Балтық каналына жiбередi. Сол жерде уақыттарын өтеп елге қайтып 
оралады.  Туыстарының  бытырап,  жан-жақта  жүргенiн  естiгеннен 
кейiн  Шайзада  Кемеровоға  барып,  шыны  зауытында  есепшi  болып 
қызмет  атқарады.  Сол  жақта  ол  да  қайтыс  болады.  Ал,  Зейнолла 
болса сонау Батыстан босанып келiп, елге тұрақтамай Аралға барып, 
сондағы туыстарына қосылады. Кейiн елден топырақ бұйырған екен 
оған.  Бiр  өкiнiштiсi  алда  айтқанымыздай,  Ысқақтың  балалары 
Шайзада, Едiрес, Зияда шет жерде жүргенде қайтыс болады, оларға 
елден  топырақ  бұйырмайды,  бiр-бiрiнiң  қабiрiне  топырақ  сала 
алмайды. 
Бұл отбасының үшеуi Мейрам, Зияда, Едiрес сол айдалған жолы 
Көкаралға  жетiп  жығылады.  Келiсiмен  жергiлiктi  бақылаушылар-
дың-комендатураның  қарамағына  тiркелiп,  қатаң  бақылауға 
алынады, онда ит ұстаған солдаттар күзетедi. Бәрiнiң де құқықтары 
шектеулi,  шет  жерге  шықпау,  тапсырылған  жұмысты  тиянақты 
орындау  т.с.с.  мәселелер.  Аралдың  дөңiнде  биiк  мұнара  –  «Маяк» 
деген  шам  бар,  ол  тұманды  күнде  және  қараңғы  түнде  жарқырап 
жанып  тұрады.  Оның  қызметi  өтiп  бара  жатқан  кемелердiң  жағаға 
соғылмауын  немесе  аралды  айналып  өтуiн  бақылау  үшiн 
жарықтандыру. 
Аралда туған Әлiмбек Ысқақовтың әңгiмесiн, қысқарта айтсақ, 
мынадай етiп суреттеуге болады күнделiктi тiршiлiктi. 
Аралға  анда-санда  бiрлi-жарымды,  кiшi-гiрiм  кемелер  келiп 
тоқтайды. Ал, күздiң аяғынан (жер қатысымен) көктемге дейiн (мұз 
ерiгенше)  кемелер  мүлде  жүрмейдi.  Жазда  кемелердiң  келiп, 
тоқтағандағы  мақсаты  аралдағы  адамдарға  ұн,  ауыз  су  т.б.  қажеттi 
заттарды жеткiзу, ал қайтарда ауланған балықты артып алып, балық 
зауытына апарады. Бұл аралдарда бәрi балықпен айналысады, басқа 
кәсiп  жоқ.  Жұмыс  өте  ауыр.  Әбдiжәмiл  Нүрпейiсовтың  Арал 
балықшыларына арнаған кiтабы «Қан мен тер» деп аталуы да тегiн 
емес  сияқты.  Жазда  ауды  қайыққа  салып,  суға  түсiредi.  Уақыты 
келген соң екi ұшындағы арқан арқылы ауды балығымен қоса жағаға 
тартып  шығарады.  Бұл  жерде  көбiне  түйенiң  күшiн  пайдаланады. 
Қыста  балық  аулау  қиаметтiң  қиаметi.  Алдымен  қатқан  мұзды  ою, 

одан  соң  ауды  суға  сүңгiту,  соңынан  ауды  балығымен  тартып  алу, 
бәрi де оңайлықпен бiтетiн iс емес. 
Жазда  ауланған  балықты  сақтау  үшiн  алдымен  оны  тұздайды, 
одан  соң  кептiредi,  жәшiкке,  не  бошкелерге  салып  жер  астындағы 
арнайы  қазылған  үңгiр-мұздатқышқа  салады.  Ол  үңгiрдiң  iшкi 
қабырғалары қыста ойылған мұзбен қаланады. Сөйтiп, жаз ауланған 
балық  кеме  келгенше  осылай  сақталады  да,  кеме  келген  соң  оған 
артып жөнелтiледi. 
Сайып келгенде, Аралда балық аулау жер аударылған адамдар-
дың  ғана  қолынан  келетiн  iс,  солардың  арзан  күшiмен  ғана  бiтетiн 
жұмыс екенiн түсiну қиын емес. Көкаралға көшiп келгеннен кейiнгi 
өмiр  бiрқалыпты,  сол  қиыншылық,  ауыр  қалпында  қала  бередi. 
Әйтеуiр, ол жерде «байсың», «құлақсың» деп ешкiм көзге түртпейдi, 
үйткенi  бәрiнiң  (мұндағылардың)  дәрежесi  де,  тұрмыс-жағдайы  да 
бiрдей, ел-жұртынан айрылғандар, қуғынға ұшырағандар. 
Ал, олардың баспаналары да айтарлықтай емес едi. Қабырғала-
ры  балшықтан  соғылған,  құмға  белшесiнен  батқан,  ұзынша  келген 
аласа  барақтар,  шатырлары  тайпақ,  есiк-терезелерi  тар  үйлер. 
Бұндай үйлердiң ауасы да таза болмайды, денсаулыққа да зиян екенi 
белгiлi.  Iшер  тамақтың  тапшылығы,  киерге  киiмнiң  (әсiресе  қыста) 
жетiспеуi,  ауа  райының  қолайсыздығы  бәрi  де  адам  денсаулығына 
керi  әсер  ететiнi  сөзсiз.  Мәселен,  тамақ  жөнiнде  айтатын  болсақ, 
күнкерiс қурылған балық, кептiрген балық, суға пiсiрiп, сорпаланған 
балық бәрi де, әйтеуiр, күнкөрiс үшiн талшық ету. 
Мiне,  Аралда  болғандардан  естiгенiмiз  осындай.  Ысқақовтар 
тұқымы көшiп, Аралдың оңтүстiгi Үшсай деген жерге ауысады. Бұл 
Өзбекстанның  Қарақалпақ  автономиялы  Республикасының  жерi 
болатын. Үшсайда да тұрмыс өзгере қоймайды. Тек, аудан орталығы 
Мойнаққа  жақындайды.  Онда  мектеп  бар,  мектепте  интернат  бар. 
Оқу  жасындағы  балалардың,  аз  да  болса  бiлiм  алуына  мүмкiндiк 
туды.  Мұнда  бала  бақша  жоқ.  Ал,  жер  аударылғандардың 
жанұялары балалы болды, ол балалардың көпшiлiгi осында – Аралда 
туды.  Олар  қай  тiлде  оқимын  десе  де  мүмкiндiк  алды.  Үйткенi, 
Мойнақта  қазақ,  орыс,  өзбек  мектептерi  ашылады,  оған  қоса  әр 
мектепте шет тiлдерi де оқытыла бастайды. 
Сөйтiп,  уақыт  жылжып  өтiп  жатады,  жастар  қалып,  кәрiлер 
кетiп,  жас  нәрестелер  көрiнiп,  өмiрге  келiп  жатады.  Бәрi  де  заңды 
құбылыс.  Ысқақовтар  ұрпағы  отызыншы  жылдардан  бастап 
қуғындалып,  елуiншi  жылдардың  басында  (1952)  ғана  елге  –  туған 
жерге оралады. Бұл табаны күректей 22 жыл. Кәрiлерi дүние салып, 
жастары марқайып, Аралда туғандары ер жетiп елге келдi. 
Петровка селосында (Есiл ауданы) тұратын 90-нан асқан көне-
көз  қария  Нұғман  Садуақасов  былай  дейдi:  «Ысқақ  әулетi  маған 
бөтен  емес,  аталаспыз.  Оның  арғы  аталары  сасыған  бай  болыпты. 
Сол байлық жаңа үкiмет орнаған соң құмға сiңген судай жоқ болды. 

Ысқақтың  қолында  отызыншы  жылдары  байлық  болған  жоқ,  бәрi 
кәмпескелендi.  Дәл  отызыншы  жылы  бұларды  қуғын-сүргiнге 
ұшыратады  деп  ойламадық.  «Не  шықса  ағайыннан  шығады» 
демекшi, оларды көрсетiп, айдатқан өз ағайындары болу керек. Мен 
ол кезде балауса бала-жiгiт едiм, көп нәрсенi аңғармадық. Ал, Ысқақ 
болса сол кезде алпысты алқымдаған адам едi…» 
Иә,  Нұғман  ақсақалдың  әңгiмесi  шындыққа  жанасады.  Тiс 
жарып басқа ештеңе айтпады. Ұмытқан болуы керек. 
Арал  азабын  көрген  бұл  жанұя  жазықсыз  жазаланғандығын 
айтып және сол мойынға ерiксiз iлiнген кiнә алып тасталсын деген 
арыз-шағымдарын  айтып,  талай  жерге,  сонау  орталық  –  Мәскеуге, 
Сталиннiң  өзiне  дейiн  хат  жазады.  Ақыры,  яғни,  қырқыншы 
жылдардың  аяғында,  елуiншi  жылдардың  басында  ерiксiз  жер 
аударылғандар  ақталып,  бас-бостандығын  алады,  сөйтiп  елге 
оралады. 
Ысқақовтар әулетiнде алты бала болды дедiк. Олардың тағдыры 
қалай болды? Соны қысқаша баяндап өтейiк. 
Ысқақ  Атығайдың  бiр  тармағы  Құдайбердiден  тарайды.  Арғы 
атасы  Ырсай,  бергi  атасы  Медет,  Шоқыдан  туған.  Осы  тұқымға 
ағайындас  Сұраған  Қапаров  деген  азаматтың  жазған  шежiресi 
бойынша  алынды.  Ысқақ  қуғын-сүргiнге  ұшырап  жүрiп,  елде  қаза 
тапты  дедiк.  Оның  балалары:  Едiрестен  Рахманбердi,  Дәметкен 
деген  балалар  туады  Үшсайда.  Рахманбердiден  Аралда  төрт  бала 
туады, бәрi де ер жетiп, қызмет атқарады. Едiрес өзi Аралда қайтыс 
болады.  Зиядадан  Аралда  бес  бала  туады:  Аралбек,  Әлiмбек, 
Арыстанбек, Асқар, Күлән. Соңғысы төрт жасында ауырып, Аралда 
қайтыс болады. Зияда да Аралда дүние салады. Шайзада Кемеровода 
қайтыс болды, артында Сейiлбек деген бiр баласы қалды. Ерденнен 
Сабыр деген  бiр  ұл  қалды,  елде  ертерек  қайтты.  Бұл  төртеуiнде  де 
немерелер баршылық, ал соңғы екеуi Зейнолла мен Мейрам шеттен 
елге  оралды,  елден  топырақ  бұйырады  бiрақ  арттарында  ұрпақ 
қалмады. 
 
*   *    * 
А
ралдан алшақтап, оған барса да тәсiлiн тауып, қашып шыққан 
екi  отбасын  толығырақ  айта  кетейiк.  Олар  Мұхамедқали  мен 
Көшiмбай  шаңырақтары  едi.  Бiрi  Керей,  бiрi  Атығай  руларының 
ұрпағы  болса  да  алыс-берiстерi  бар  құдандалы  адамдар  болатын. 
Алдағы  аталған  Ысқақ  жанұясы  мен  Көшiмбаевтар  бiр  ел,  бiр  ата 
жақын  туыстар  (екеуi  де  Атығай).  Аталған  үшеуi  бiр-бiрiнен 
жұптарын  жазбай,  аралас-құралас  жүрiп  жатқан  адамдар  едi. 
Соңынан қуғын-сүргiнге ұшырап, тарыдай шәшiлiп тымтырап кеттi. 
Тағдыр оларды тағы да Аралда және Ресейде тоғыстырды. 

Мұхаметқали  35  жасында  би  болған.  Орта  шаруадан  жоғары, 
белсендi,  беделдi  адам,  кезiнде  патша  үкiметiнен  медаль,  шекпен 
алған дейдi. 
Мұхаметқалидан  Мәжит,  Уәлит,  Қабдiрашит  деген  балалар 
туады.  Ерiксiз  жер  аударылғандар  санатына  осылар  кiредi.  Ал, 
олардан туған балалар Ресейде туып келгендер. Мәселен, Мәжиттен 
Бексұлтан,  Қуаныш,  Әнуарбек,  Тауфық  дегендер  туады.  Уәлиттен 
Зияда,  Есләм,  Күлшара,  Күлизат,  Күлбара  туады.  Қабдiрәшиттен 
Сапарбек,  Әлiбек  туады.  Осының  iшiнде  Мәжит  сөзге  шешен, 
арабша  сауатын  ашқан,  оң  қолынан  өнер  тамған  шебер  атаныпты. 
Уәлит те одан қалыспаған сауатты, өнерлi жiгiт болған екен. 
Мәжит  пен  Қабдiрашит  1929  жылы  жанұяларымен  бай,  би 
балалары  деп  Көкаралға  айдалады.  Аралға  барған  соң,  одан 
қашудың амалын қарастырады. Жергiлiктi жердiң балықшыларымен 
танысып,  қоян-қолтық  ымыраласып,  солардың  көмегiмен  қайыққа 
отырып  қашып  шығады.  Әрине,  қашқындарды  тегiннен-тегiн 
теңiзден  алып  шыққан  жоқ  шығар.  Алтын  берiптi  деген  алыпқаш 
сөздер  де  болыпты,  мүмкiн  солай  да  болған  шығар.  Бiрақ  кiм  оны 
тексерiп  жатыпты.  Теңiзден  шыққаннан  кейiн  бұл  жанұя  түйе 
жалдап,  ел  жаққа  беттейдi.  Құмды,  шөлдi  жерлерден  өтiп,  бейнет 
көредi. 
Бұл  жерде  Көшiмбай  әулетiн  ажырата  кетейiк.  Көшiмбайдан 
Зұлқарнай,  Әбдiғапар,  Қажахмет  туады.  Бұлар  да  қуғын-сүргiннiң 
қармағына  iлiккен  адамдар.  Зұлқарнайдан  Нұрахмет,  Жанахмет 
туады.  Әбдiғапардан  Сұраған,  Төлеген,  Тұрғын,  Ендiғой,  Ғалия 
туады. Қожахметтен Тұрсынбай, Амандық туады. 
Көшiмбай  шаңырағының  тағдыры  Мұхаметқали  шаңырағымен 
бiрдей,  көрген  қорлығы  да,  бейнетi  де  бiр-бiрiне  ұқсас.  Әбдiғапар, 
Қожахмет,  Зұлқарнай  1929  жылы  Аралға  жер  аударылады.  Бiрақ 
Зұлқарнай жасырынып, Қызылжарда қалып қояды. Алдымен оларды 
қаладағы  орыс  шiркеуiне  қамайды,  содан  вокзалға  әкелiп  поезға 
отырғызады,  ақыры  Аралға  жеткiзедi.  Аралға  келгеннен  кейiн 
ондағы  жалпы  жағдаймен,  тәртiппен  таныса  бастайды.  Жағалай 
қоршау,  солдаттар  қалталарды,  сұмкаларды  тексерiп  артық 
заттарды,  сүрленген  еттерiн  т.б.  тағамдарын  алып  қалады.  Тау-тау 
болып үйiлiп жатқан құм, аздеп жел үрлесе аузың, мұрның, құлағың 
құмға  толады.  Келген  халық  ұзын-ұзын,  аласа  барақтарға 
тығыздалып  орналастырылады.  Әбдiғапар  мен  Қожахмет  балықшы 
болып орналасады. Тұрмыс төмен болса да үйдегi әйелдер балықтан 
түрлi тағамдар (сорпа, бесмармақ, қурылған балық) жасап жанұяны 
мезгiлiмен тамақтандырады. Әйтеуiр, балықты талшық еткен халық 
аштыққа  iлiкпейдi.  Зұлқарнайдың  пысықтығына  таң  қаласың.  Екi 
iнiсiн  соңынан  iздеп  барып,  Аралдан  аман  алып  шығады.  Жолына 
қанша  ақша  жұмсады,  қалай  алып  шықты,  қанша  шығын  шығарды 
ол  жағы  беймәлiм.  Дәл  осы  сапарда  қайғылы  бiр  уақиға  болады. 

Әбдiғапардың  әйелi  жас  босанып,  яғни  Сақыпжамал,  түйе  үстiнде 
Сапария қызымен отырады. Түйе тұрарда алдымен артқы аяқтарын 
көтередi  де,  соңынан  алдыңғы  аяқтарын  көтерiп  тұрады  екен.  Сол 
кезде қолда отырған Сапария қыз лықсып кетiп, түйенiн мойынына 
iлiгедi  де  жиырылған    мойынның  арасында  қысылып  қалады. 
Сөйтiп,  жас  нәресте  сәби  көп  кешiкпей  дүние  салады.  Одан  кейiн 
көпшiлiк  жолда  –  ұзақ  сапарда  жаяулап-жалпылап,  шаршап-
шалдығып,  жасырын  тасаланып,  сонау  Онтүстiктен  Солтүстiкке  – 
елге жетедi. Бiрақ елде де тыныштық жоқ, қудалау әлi басылмаған. 
Ағайынды жiгiттер ендi Ресейге жол тартады. Алдымен Мәкөшiнге, 
одан кейiн Кемеров жерiне жетедi. Осы жерде Көшiмбай әулетiмен, 
одан  кейiн  Ысқақ  балалары  Шайзадамен,  Зиядамен  кездеседi.  Бiрi 
жылқы  зауытына,  екiншiсi  Чернильщиков  шыны  зауытына 
орналасып, күн көрiстiң қамына кiрiседi. 
Қазақстаннан келген көшпендiлер үшiн қолайлы жер өндiрiстiң 
шоғырланған  жерi  –  Кемеров  қаласы  болатын.  Онда  көптеген  азот 
т.б.  зауыттар,  көмiр  шахтылары  бар,  оған  көптеген  жұмыс  күшi-
жұмыскерлер  қажет  едi.  Осыған  орай  жұмыс  iздеп  босып  жүрген 
адамдар  Кемеровке  келiп  жұмысқа  орналасады.  Шахталардағы 
көмiрдi  вагоншiктермен  жылқы  малының  көмегiмен  тасыйды. 
Шахтаның iшi қараңғы, ал жылқылар далаға шықса көздерi көрмей 
соқыр  болып  қалады.  Сондықтан  оларды  жиi  ауыстыруға  тура 
келедi. Шахталарда жылқы бағатын арнайы жылқы базалары болған. 
Бiздiң Қазақстаннан барған қазақтар, бурят, моңғол елдерiне барып, 
шахталарға керек жылқыларды сатып алу жұмысымен айналысқан. 
Ал,  Мәжит  Мұхаметқалиұлы  бұл  жерде  жеңiл  рессорлы 
арбамен,  қыста  әшекейлi  кәшәуа  шанамен  зауыт,  иә  шахта 
басшыларын тасыған екен. 
Сол  маңда  –  Чернильшиковте  шыны  зауыты  үзбей  жұмыс 
iстеген. Зауыт өнiмi – шыныны Томск қаласына жазда су қатынасы-
баржымен  жеткiзiп  тұрған,  ал  қыста  ат  шанасымен  тасыған.  Осы 
жұмыстардың  басы  –  қасында  болған  жерлестерiмiз  Мұхаметқали, 
Көшiмбай, Ысқақ ұрпақтары едi. Томск үлкен қала емес, бiрақ соғыс 
жылдары жараланған солдаттарды емдейтiн – госпиталь болған. Осы 
кезде Көшiмбай ақсақал, Ғазиза апай, Молдахмет т.б. қайтыс болып, 
олар  Том  өзенiнiң  арғы  бетiндегi  татар-мұсылмандар  зиратына 
қойылады. 
1942-
1945  жылдар  аралығында  Черепанов  стансасынан  бастап 
ұзындығы  бес  жүз  шақырымнан  артық  шойын  жол  құрылысы 
басталады. Осы жұмыста да алда аталынған ағайындар қатысады. Әр 
адам  өзiнiң  атымен  күнiне  белгiлi  мөлшерде  құрылыс 
материалдарын тасиды, әсiресе балшық әкелiнедi. Ақыры жол бiтедi. 
Ендi  олар  Белоярскiге  көшедi,  бұл  Барнауыл  қаласының  маңы. 
Мұнда  оншақты  жанұя  өздерiне  балшықтан,  шымнан  үйлер-
баспанасын,  мал  қораларын  жасап  алады.  Бау-бақша  өсiрiп,  одан 

түскен  өнiмдi  поезбен  Барнаул  қаласына  апарып  сатады.  Дәл 
поездан  түсiсiмен  мата  иiру  комбинаты  қарсы  алдыңнан  шығады. 
Оның  жұмыскерлерi  тамақ  өнiмдерiне  өздерiнiң  маталарын 
айырбастайды. Ол матадан кәстөм, пальто, жұмыс киiмдерi тiгiледi. 
Осындай сауда-саттықпен бiздiң қазақтар әжептәуiр кәсiп қылған. 
Ал, үйдегi әжелер мен апалар осы  киiмдердi, қолдан тоқылған 
шұлық, қолғап т.б. қала базарларына апарып сатып отырған. Осылай 
жаппай, жанталас құмырсқаша қимылдап еңбектену нәтижесiнде аш, 
жалаңаш болмапты, әжептәуiр ел қатарлы күн көредi. Ерлердiң қолы 
бостары,  не  жұмыстан  босаған  кездерiнде  жазғы  маусым,  шiлде, 
тамыз  айларында  қолшалғымен  шөп  шабады.  Өзен  мен  көлдер 
жиегiндегi  қалың  өлең  шөп  жақсы  мал  азығы.  Қыста  сол  шөптi 
шаналарға  артып,  Обь  өзенi  үстiмен  Барнаул  қаласына  тасыйды, 
соны сатып,  ақша  табады, кәсiп  қылады.  Өзеннен өтiп,  жарқабаққа 
көтерiлгеннен  кейiн  шанадағы  шөптi  аударып,  қайта  артады. 
Мұндағы  мақсат,  басылған  шөптi  қоқайтып  көрсету,  кейде  екi 
шанаға  бөлiп  артады.  Бұл  да  бiр  сауда-кәсiбiнiң  әдiсi  болар. 
Үлкендер  ауыр  жұмысқа  бармаса  да  ат  соқасымен  әр  үйдiң  бау-
бақшасының орынын жыртып берiп, пайда тапқан. 
Қалың тайга жерiнде жерлестерiмiз ағаш шаруашылығымен де 
айналысқан,  тер  төгiп  еңбек  еткен.  Ресей  жерiнде  көшiп-қонып 
жүрген ағайындар 20 жыл өткесiн, елуiншi жылдардың басында елге 
Қазақстанға  орала  бастайды.  Мал-мүлiктерiн  сатып,  тек 
жылқыларын  жегiп,  ат-арбамен  қозғала  бастайды.  Балалар  мен 
үлкендер  поезға  отырып,  Қызылжарға  келедi,  ауыр  жүктерiн  тауар 
вагонына артады. Сөйтiп, елге оралып, көпшiлгi Қызылжардан орын 
тебедi.  Ысқақ,  Мұхаметқали,  Көшiмбай  тұқымдары,  олардың 
балалары,  немерелерi,  кейiн  шөберелерi  елге  келiп  сiңiсiп,  еш 
қорқынышсыз бақытты өмiр сүрiп, отанына қызмет атқарып жатыр. 
Көбi жоғарғы, не арнаулы оқу орындарын бiтiрдi, абыройлы қызмет 
атқаруда, олар, әртүрлi мамандықтардың иесi. 
Иә,  кәрi  кетедi,  жас  қалады  дегендей  бiздiң  аталарымыз  кеттi. 
Бiрақ, олардың бiразы қуғындалды, қасiрет шектi. Еңбек ауылынан 
алда  айтылған  запа  шеккендер  үшiн  (баяғы  Айғай-Теректегi)  ел 
азаматтары  (оның  iшiнде  Сұраған  Әбдiғапарұлы  да  бар)  бiрiгiп, 
ескерткiш құлпытасын орнатты, ас берiп, құран оқытты. 
Шет  жердiң  дәмiн  татып,  қыйындықтың  ауыртпалығын 
арқалаған алдағы үш ағайынның балалары шет жерде зардап шегiп, 
немерелерi  шет  жерде  туып  келген  қандастар  едi.  Алдағы  аталып 
кеткен, шет жерде өмiрге келген Тұрғын, Ендiғой, Сұраған, Әлiбек 
сияқты  азаматтар  әкелерiнiң  аталарының  көрген  қасiретiн  бұл 
күндерi айтып отырады. Бiраз тарихи деректердi және шежiрелердi 
солардан алдық. 
 
 

*    *    * 
 
А
рал теңiзiне айдалғандар әр-түрлi ұлттардың өкiлдерi болған. 
Мәселен мына екi орыс жанұялырының тағдырлары бiр-бiрiне ұқсас. 
Не үшiн бiздi Аралға апарды? – дейдi Болдырева В.Ф. мен Алексеева 
З.И. деген екi орыс әйелдерi. 
Болдырева  Валентина  Фоминична  –  кәмпескелеу  кезiндегi 
жайтты былайша суреттейдi: 
-
Бiз әке-шешеден алтау едiк. Асып кеткен байлығымыз да жоқ, 
орта  шаруа  болатынбыз.  Жерге  егiн  егiп,  картоп  пен  жемiс 
отырғызып  күн  көрдiк.  Мал  өсiрдiк,  көп  емес,  жалғыз  бiрер  сиыр 
мен  бiрнеше  қойымыз  болды.  Аталған  жұмыстарды  ешкiмнiң 
көмегiнсiз  (жалшы  болған  жоқ)  жанұя  мүшелерi  бiрiгiп  атқардық. 
Егiн ору, оны соғу, шөп шабу, сиыр сауу бәрi де қолмен жүргiзiлдi, 
себебi техника жоқ. Тiптi сүт салатын (қаймақ айыратын) машина да 
болмады.  Ал,  тұрағымыз  екi  бөлмелi  үй:  қонақ  және  кiреберiс 
бөлмелер.  Онда  әке-шешемiз  төсағашта  жатады,  қалғандарымыз 
сәкiде  жататынбыз.  Үй  жихазында  көзге  iлiп  аларлық  дүние  де 
шамалы: стол мен сандық, ескi көрпе мен жастық қана. 1930 жылы 
бiздi  «Құлақ»  –  «Байлар»  деп  мал-мүлкiмiздi  тәркiледi.  Одан  соң 
әкем  –  Болдырев  Фома  Владимирович  пен  шешем  –  Болдырева 
Александра Назаровнаны алты баласымен қоса жер аударады. 
Иә,  бұл  жанұя  алғашында  балаларымен  бақытты  өмiр  сүрiп, 
адал  еңбегiмен,  күнкерiс  күйбелеңiмен  жүрiп  жатады.  Олардың 
тұрағы Алматы облысы Еңбекшi қазақ ауданындағы Түрген селосы 
болатын.  Отызыншы  жылдардың  дүрбелеңi  Болдырев  отбасын  да 
шарпып,  Арал  теңiзiне  бiр-ақ  апарады.  Жолшыбай  атпен,  товар 
вагонымен,  жаяулап  көп  бейнет  көрiп,  Қызыл-Орда  облысының 
Арал қаласына жетедi. Бас ерiктерi «канвойда», бақылауда болыпты. 
Жолға  шығарда  артық  зат  алғызбайды,  төл  құжатқа  да  ұлықсат 
етпейдi. 
Арал теңiзi жиегiне келгеннен кейiн оларды қаладан шығарып, 
балшықтан  жасалған  жалғыз  терезелi  ескi  жер  үйлерге 
орналастырады.  Бiрiңғай,  бiркелкi,  бiр-бiрiнен  айнымайтын 
сұқпатсыз  жүдеу  үйлер,  ауласы  тiкенек  сымдармен  қоршалған. 
Қоршаудың  төрт  бұрышында  төрт  қарауылшы  солдаттар 
мылтығымен, иттерiмен күзетiп тұрады. 
Тұрмыс жағдайды айтып жеткiзу одан да қиын: әр үйдiң ауасы 
жеткiлiксiз,  таза  емес,  халық  тығыз  орналасқан,  жататын  жер 
санитарлық талапқа сай емес, нанды кезекпен қаладан әкелiп тұрады 
(оның өзi өлшеумен берiледi), iшетiн су бөшкемен әкелiнiп ыдысқа 
өлшеп  құйылады,  монша  да  әрдайым  бола  бермейдi,  анда-санда 
қалаға  апарады.  Нәтижесiнде  көп  адамдар  ауру  болып,  көпшiлiгi 
қаза болады. Аман қалғандары тiршiлiк жасап балық аулайды, қамыс 
жинап, қысқа дайындалады. Жаз айларында Қу Арал, Барса Келмес, 

Қамыс Лабаш аралдарына барып ауыр жұмыстарды атқарады. Қыста 
тоңып,  үсiп  өлген  немесе  мұз  ойылып  суға  кеткен  адамдар  да  аз 
болмаған. 
Кейiн  лагерде  жаңа  үйлер  салынады,  әр  жанұяға  бөлек 
бөлмелер  бөлiнедi.  Бөлмелер  керосин  шамымен  жарықтанған. 
Мектеп  үйi  салынып,  балалар  оқуға  алынады.  Ересектер 
сауатсыздықты  жою  класында  оқиды.  Соңғы  кезде  мылтықты 
күзетшi  қойылмайтын  болады,  қоршау  сымы  жойылады.  Тек 
ересектер комендатураға барып мезгiлiмен белгiленiп отырған. 
Осы  азап  сапарында  бiр  ұлы  –  Леонид  соғысқа  аттанып,  қаза 
табады, екi ұлы сүзек ауруынан қайтыс болады, қалған бiр ұл мен екi 
қыз  аман  есен  әке-шешесiмен  1955  жылы  елге  оралады,  яғни 
Алматыға жетедi. 
Мiне, қарапайым орыс отбасының тағдыры осылай болды. 
Алматының  тұрғыны  Алексеева  Зоя  Игнатьевна  (1925  жылы 
туған)  өзiнiң  балалық  шағын  үлкен  қынжылыспен  еске  алады. 
Отызыншының дүрбелеңiнде бұл отбасын да Аралға айдады. Малы, 
жерi  бар,  ауқатты  шаруа  деп  бәрiн  тәркiлеп,  жандарын  жер 
аударады. Жанұяда алғашында жетi адам болыпты, бiр ұл, екi қыз, 
олардың әкесi мен шешесi, ата мен әжесi. Поездың вагондары тауар 
артатын, немесе мал тасыйтын жабық қараңғы вагондар. Сөйтiп, осы 
вагондарда  отырып,  бiрнеше  күн,  бiрнеше  түн  азап  көрiп,  Арал 
теңiзiне жетедi. Алғаш Көкаралда, одан соң Аван түбегiнде, соңында 
Арал қаласында тұрады. 
Зоя  Игнатьевна  Аралға  келгенде  алты  жасар  қыз  екен.  Сым 
қоршау,  әскери  күзет,  комендатура  бәрi  де  есiнде  қалыпты. 
Аштықтың,  жоқтықтың,  суықтықтың  зардабын  басқалармен  бiрдей 
көредi. Күнiне жан басына берiлетiн 200 гр. нан (үлкендерге 300гр.) 
талшық  етуге  жетпейдi,  балық  және  оның  сорпасы  арқылы  ғана 
жансақтайды. Соғыс басталғаннан кейiн ерлер әскерге алынады. Сол 
ауыр  сапарда  сiңiлсi,  шешесi,  ата  мен  әжесi  қайтыс  болады.  Содан 
қалғандары 1945 жылы елге оралады. 
 
* *  *
 
 


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет