4.Философиялық мектептердің жүйесі. Біздің дәуірімізге дейінгі үшінші ғасырдың аяғында пайда болған Ежелгі Қытай философиясы кейінірек негізгі алты философиялық бағытқа – мектептерге бөлінді. Олар: конфуцийшылдық, моизм, заң мектебі (легистер), даосизм, натурфилософия және атаулар мектебі.
Конфуцийшылдық.Бұл философиялық ағымның пайда болуы және қалыптасуы осы ағымның негізін қалаушы Кун-фу-цзы, оның ізбасарлары Мэн-цзы және Сюнь-цзының есімдерімен тығыз байланысты.
Кун-фу-цзы (б.д.д. 551-479 жж.) кедейленген ақсүйек әскербасы отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айрылған ол тек 15 жасында ғана білімге құштарлық танытады. Ал 50 жасында өз мектебін қалыптастырады. Оның көптеген ізбасарлары болған. Олар ұстазының және өздерінің ой-пікірлерін, қағидалары мен тұжырымдарын жинақтап, «Әңгімелер мен пікірлер» («Лунь юй») деген конфуцийшылдық ілімнің негізгі шығармасын дүниеге келтірді. Қытайлықтардың көптеген ұрпақтары бұл кітапты үлгі тұтып, басшылыққа алған.
Кун-фу-цзының ілімінше, ең жоғары жаратушы күш – Аспан, ол жерде әділеттілік болуын қадағалап отырады. Ал қоғамдағы теңсіздік, әртүрлі сатыдағы топтардың болуы – ол әділеттілік. Олай болса, Аспан (Көк) осы теңсіздікті қорғайды. Кун-фу-цзы өзінің ілімін аспан денелерінің заңдылықтарын немесе бабалар рухын зерттеуге арнамайды. «Өмірдің не екенін білмей жатып, өлімнің, рухтың не екенін қайдан білеміз», - деуінің өзі осыған айғақ.
Керісінше, оның қарастыратын негізгі мәселесі – адамдар арасындағы қарым-қатынас, тәрбие мәселелері. Осыған орай, ол мынадай ұғымдарға көбірек көңіл бөледі: «тең орта», «адамгершілік» және «өзара сүйіспеншілік». Осы үш ұғым бірігіп, «дао» (дұрыс жол) құрайды. Әр адам осы даоның жолымен өмір сүруі қажет.
«Тең орта» - адамдардың сабырсыздық пен сақтықтың арасындағы іс-әрекеті. Өмірде мұндай «ортаны» ұстап, іс-әрекет жасау оңай емес, себебі адамдардың көпшілігі сабырсыздық көрсетсе, бір тобы тым сақ келеді.
Ал адамгершіліктің негізі – «жэнь» - «ата-анасын құрметтеу және үлкен ағаларын сыйлау», жалпы алғанда, үлкендерді сыйлау. Кім де кім шын жүректен адамгершілікке ұмтылса, ол еш уақытта жамандық жасамайды. Ал «өзара сүйіспеншілік» арқылы қарым-қатынас –конфуцийшылдық әдептілік туралы ілімінің негізгі өзекті ұғымы. Бұл әдептілік қағидасы, бір сөзбен айтқанда, «өзің қаламайтын нәрсені басқа біреуге жасама» дегенге сайып келеді. Аталған әдептілік қағидаларын «текті адамдар» (цзюнь-цзы) ғана басшылыққа алып, іс-әрекет жасайды.
Конфуцийшылдар өздерінің шығармаларының көбінде осы «текті адамдарға» қарапайым адамдарды қарсы қояды. «Текті адам» - заң мен парызды басшылыққа алса, қарапайым адам қалай тиімді орналасып, пайда тапсам деп ойлайды; «текті адамға» үлкен маңызды шаруалар тапсыру мүмкін болса, қарапайым адамға ондай тапсырма бере алмайсың, оларға тек қана ұсақ-түйек тапсыруға болады; «текті адам» басқалармен келісімді жағдайда өмір сүрсе де, олардың артынан ермейді, өзінің жолын ұстайды, ал қарапайым адам жұртпен келісімді өмір сүрмесе де, солардың айтқанын істеп, артында жүруге дайын тұрады., т.б.
«Текті адам» тек қана этикалық ұғым емес, ол саяси ұғым да. Ол халықты басқарады. Ал басқарудың негізгі қайнар көзі – басшының өз басының әдептілік қасиеттерін өзінен төмен тұрғандарға мысал ретінде көрсету. Егер басшылар «дао» жолымен жүрсе, онда халық оларға қарсы келмейді.
Кун-фу-цзы барлық нәрсе өзгерісте болады, уақыт тоқтамай өтіп жатады десе де, қоғамдық өмірге келгенде, ондағы қалыптасқан жағдайлар қаз қалпында дамуы керек деп есептейді. Сондықтан билеуші – билеуші, шенеунік – шенеунік, әке - әке, ал бала – бала болып, аттарына байланысты емес, шын мәнінде қалулары керек. Ал оларда күтпеген жерде кездейсоқ өзгеріс бола қалса, ол тез арада өз қалпына келуі керек. Билеуші - әке, халқы – оның балалары. Осы тұрғыдан мемлекет басқарылуы керек. Демек, «білу дегеніміз – табиғатты емес, адамдарды танып білу» деп есептейді. Кейбір адамдарға «туа біткен білім» тән болғандықтан, олар басқалардан жоғарырақ тұрады. Олардан кейін білімді оқу арқылы алғандар тұрады. Оқу, білу таңдамалы түрде болуы керек. Оқығанда тек өмірде керекті, ең дұрыс деген қағидаларды білу керек, қалғандарынан аулақ болу қажет. Білу дегеніміз – тек қана өзіміз білмейтінді үйреніп, білу емес, сонымен қатар зерттеп отырған мәселелерді жан-жақты қарастыру тәсілі.