Байланысты: П нні О У- дістемелік кешені «Педагогика»
Тәрбие үдерісінің жалпы ұстанымдары. Оқушыларға тәрбие беруде тәрбие заңдылықтарын және ұстанымдарын нақты айқындау педагогикалық үдерісті сапалы ұйымдастыруға негіз болып табылады. Тәрбие ұстанымдары – ғылыми ойдың, түсініктер мен категориялардың, заңдылықтардың жиынтығы.
Тәрбие ұстанымдары – (лат. - негіз), бастапқы белгілі бір теорияның негізгі, бастау боларлық жағдайлары, басшылық ететін идеялары, негізгі мінез-құлық ережелері, әрекеттері меңзеледі. Н.Болдырев «Тәрбие үдерісі – тәрбие мазмұнының ұйымдастырылу бағыттарын анықтайтын, басшылыққа алынған идеялардың жиынтығы»,- атап көрсетеді. Оқушыларға тәрбие беруде жоғарыда берілген тәрбие заңдылықтарына сәйкес негізгі ұстанымдар басшылыққа алынады. Олар, тәрбиенің мақсаттылығы, тәрбиенің өмірмен байланысы, оқушының жас және дара ерекшелігі, талап қою арқылы дамыту, тәрбиенің жүйелілігі, бірізділігі және үздіксіздігі, тұлғаны ұжым арқылы тәрбиелеу, мектеп, отбасы және әлеуметтік ортаның бірлігі.
Тәрбиенің мақсаттылығы - тәрбие жүйесінде негізгі ұстаным болып табылады. Мәдениетті тұлғаны қалыптастыруда алдымызға мақсат қою арқылы, негізгі міндеттерді белгілей отырып, мазмұны айқындалады. Патриоттық тәрбие тұрғысынан алатын болсақ – егемен еліміздің бейбітшілігі мен тәуелсіздігін, ұлтаралық мәдениетті, ұлттар достығын қалыптастыратын тұлғаны тәрбиелеу көзделеді. Тәрбие ұстанымдары бір-бірімен тығыз байланыста дамиды.
Тәрбиенің өмірмен байланысы тұлғаны жастайынан шынайы өмірмен тікелей байланыста болуы, қоғамдық ағымдағы тарихи болмысты менгеруі оның туған ел мен жер тарихына деген қызығушылығын тудыру арқылы, патриоттық сезімді қалыптастыруға игі ықпал етеді.
Тұлғаның жас және дара ерекшелігі негізгі ұстанымдардың бірі болып табылады. Патриоттық тәрбие мазмұны тұлғаның жас және дара ерекшелігіне лайықты, олардың қабылдауына түсінікті берілген жағдайда ғана біз алдымызға қойған мақсатымызға жетеміз.
Талап қою арқылы дамыту ұстанымы тұлғаның жас және дара ерекшелігін ескере отырып мектеп оқушысы ережесін, өзіне жүктелген міндеттерді орындау, өзінің іс-әрекетіне есеп бере отырып, ерік, жігерін қалыптастыру.
Еңбек арқылы тәрбиелеу ұстанымы қазіргі нарықтық заманда және жаңа ақпараттық даму үдерісінде әлемдік білім кеңістігіне шығу үшін және сапалы өмір сүруге дағдыландырады.
Тәрбиенің жүйелілік ұстанымы тәрбие беру үдерісінде, баланы отбасынан бастап, мектепке дейінгі мекемелер, мектеп, қосымша білім беру мекемелері т.б. жас және дара ерекшеліктеріне негіздей отырып жүргізу арқылы жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыруға болады.
Тұлғаны ұжым арқылы тәрбиелеу қазіргі көп ұлтты қазақстан халқы үшін өте қажет деуге болады. Бала жастайынан қоғамдық қатынастарға түсу арқылы қоршаған ортамен қарым-қатынасы қалыптасады. Ұжымда баланың тұлғалық қасиеті көрініс береді. Ұжымда бір-біріне деген көмек, достық, мейрімді қатынастар арқылы олардың мінез-құлқы қалыптасады.
Мектеп, отбасы және әлеуметтік ортаның бірлігі ұстанымы тұлғаның қалыптасуына ықпал ететін бірден-бір күш деуге болады. Мектеп, отбасы және әлеуметтік орта жүйелі түрде бір мақсатқа негізделген тәрбие беру үдерісі негізінде жүзеге асырылса біз қоғам талабына сай тұлғаны қалыптастыруға қол жеткіземіз. Оқушыларға патриоттық тәрбие беруде тәрбиенің негізгі ұстанымдары тәрбие беруді ізгілендіру; даралық ұстанымы; тәрбие берудің үздіксіздігі мен жүйелілігін сақтау ұстанымы арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру мүмкіндіктері негізгі орын алады.