Психологияны оқыту мен қазіргі кезеңде білім беруді ұйымдастыру стратегиясы. Психологияны оқыту әдістемесінің оқыту мақсаты.
Психологияны оқытудың тиімділігі негізінен педагогтың оқу процесін психология ғылымының теориясы мен тәжірибесінің мазмұнына сай ұйымдастыру іскерлігіне байланысты болады.
Осыған байланысты психология пәнінің оқытушысы психологияның теориялық сұрақтарымен бірге, студенттерде жоғары мектепте оқу барысында пайда болатын психологиялық мәселелерге қатысты сұрақтарына да жауап бере білуі керек болатыны түсінікті. Себебі, психологияны оқыту әдістемесі студенттердің ерекшеліктерін ескеруі міндетті.
Оқыту процесі студенттердің өздері қабылдап алған барлық білім, түсініктердің сана-сезімдеріне қандай әсер ететіндігін түсінуіне негізделген кезде ғана тиімді болады.
Оқыту процесін ұйымдастыруда педагогикалық талаптар деңгейінен көрінумен бірге, психологиялық мәселелерін ескеру қажеттігі ертеден бері айтылып келе жатқанымен, дәл қазіргі уақытта оқытудың басты міндеттерінің біріне айналып отыр. Психологиялық сипаттағы мәселелерді ескеру және оларды шешудің нәтижесінде оқытудың тиімділігінің артатыны, оқу іс-әрекетінің жетіле түсетіні, берілетін білімнің сапасы артатыны, білімді қабылдаушылардың тұлғалық дамуы қамтамасыз етілетіні және т.б.
Психологияны оқытудың мақсаты: өмірдің әр түрлі жағдайларында адамдардың өзара әрекеті мен қарым-қатынасын орнатудың теориясын және тәжірибелік білімдері мен әдістерін студенттерге меңгертуді көздейді. Психологияны оқыту басқа адамдардың ойлау бейнелері мен әрекет бейнелерін анықтайтын жағдайларды өзгерту мен түсіну тәсілдерін меңгертуге ғана емес, сонымен бірге, адамның өз тіршілік әрекеті мен санасын да өзгертуге бағытталған.