Закавказье елдері моңғол-татар
шапқыншылығы қарсаңында
Византия өкіметі армян феодалдарына сенім білдірмеді,
сондықтан да шекараны қорғау қажеттігі деген сылтаумен олардың
көпшілігін Киликияға, Солтүстік Сирия мен Болгарияға жер аудар-
ды. Бұл жағдай Армениядағы феодалдық жасақтардың əлсіреуіне,
сүйтіп елді селжуктердің оңай жаулап алуына əкеліп соқты. Селжук
түріктерінің алғашқы шабуылы 1048 ж. басталды. 1065 ж. олар
Арменияның астанасы Аниды басып алды. 1071 ж. Манцикертте
селжуктер византия əскерін талқандады. Осы шайқастан кейін олар
Армения мен бүкіл Кіші Азияны бағындырды.
Селжук түріктерінің билігі орнағаннан кейін көптеген армян фео-
далдары мен шаруалары, қала тұрғындары елін тастап, Кіші Азияға,
негізінен Киликияға барып қоныстанды да, сол жерде 1080 ж. армян
князьдығының негізін қалады. 1198 жылдан бастап ол патшалық
168
169
деп аталды. Киликиялық армян мемлекеті (1080—1375) Жерорта
теңізі төңірегіндегі елдер тарихында едəуір маңызды рөл атқарды.
Ол жақта армян мəдениетінің жаңа орталықтары — Сис жəне Тарс,
Мамедия жəне Адана қалалары пайда болды.
Киликия қалалары Венециямен, Генуямен, Пизамен, Франциямен,
Сириямен, Египетпен қызу сауда жүргізді. Киликия халқының
құрамы ала-құла болды. Онда армяндардан басқа гректер мен
сириялықтар, итальяндықтар мен француздар (қалаларда) көптеп
тұрды.
XI ғасырдың аяғынан 1182 жылға дейін Киликия мемлекеті
Византиямен сəтті соғыстар жүргізіп, тəуелсіздігін сақтап қалды.
Мемлекет ІІ-Левонның (1198 жылдан — патша) тұсында өз дамуының
шыңына жетті. Бұл кезде ауыл шаруашылығы, қолөнері, сауда
жоғары дəрежеде дамып, зор табыстарға жетті. 1266 жылдан бастап
Киликиялық армян мемлекеті египет сұлтандарымен үздіксіз күрес
жүргізді. 1375 ж. Киликияны мамлюктер жаулап алды, Левон VІ
патша тұтқынға түсті. Армяндық Киликия мемлекеті өмір сүруін
тоқтатты.
XIII ғасырдың 60- жылдарында Армения Алтын Орда ханда-
ры мен Хулагулер арасындағы қызу күрестің аренасы болды. XIV
ғасырдың аяғында Тохтамыстың жəне Темірдің жорықтары кезінде
Армения талан-таражға ұшырап, зор зардап шекті. ХV ғасырдың
басындағы Арменияға көшпенді Қара-қойлы, кейінірек Ақ-қойлы
тайпаларының басқыншылықтары да халықтың қырылуына,
елдің күйзеліске ұшырауына əкеліп соқты. Шаруалардың то-
налуы, қолөнерінің күйреуі ХІV—ХV ғасырларда Арменияның
шаруашылығын орны толмас шығынға ұшыратты. Осы кезде Арарат
облысы мен Ереван қаласының елді біріктіру орталығы ретіндегі
маңызы өсе түсті. 1441 ж. Эчмиадзин қаласына «барлық армяндар
католикосының» тағын көшіру оның қасындағы Ереван қаласының
мəн-маңызын арттыра түсті.
1001 ж. Грузияның екі патшалығы — Тао — Кларжет жəне Абхаз
Грузия Абхаз патшалығына біріккен болатын. Баграт ІV (1027—
1072) патшаның билігі кезінде грузиндер Тбилисиді мұсылман
əмірінен тартып алды. Кахетиді қосып алғаннан кейін Грузияның
саяси бірігуі аяқталды. Бірақ патшаның ірі феодалдардың (əсіресе
Липариттер руының) сыртқы жауға қарсы күрестегі елдің қорғаныс
қабілетін кеміткен сепаратистік пиғылымен көп күресуіне тура
келді.
170
171
1080 ж. Грузияға селжук түріктері басып кірді. Георгий II —
(1072—1089) патша ауыр бітім шартын жасауға мəжбүр болды.
Оның билігінде тек Батыс Грузия (Имерети) мен Абхазия ғана
қалды. Ол селжук сұлтанына алым-салық төлеп тұруға міндеттенді.
Шығыс Грузия Тбилиси қаласымен бірге селжуктер империясының
құрамына қосып алынды.
Грузин-абхаз патшасы Давид ІV Құрылысшы (1089—1125) ірі са-
яси қайраткер ретінде танылды. Селжук түріктерімен күресу үшін
ол соғысқа мықтап дайындалды. Алдымен мемлекеттік билікті бір
орталыққа бағындырып, нығайтты. Ұсақ феодалдарға, көпестер
мен еңбекші халыққа арқа сүйей отырып, бүлікшіл ақсүйектерді
ауыздықтады. Владимир Мономахтың əскерінен жеңіліп, Қаратеңіз
жағасынан қашқан қыпшақтардан 40 мыңдық тұрақты атты əскер
құрды. 1101 жəне 1120 жылдар аралығында Шығыс Грузияның көп
бөлігі селжуктерден қайтарып алынды.
1121 жылы Дидгар шайқасында грузин əскерлері селжуктер
əскерін жеңді. 1122 жылы Грузиндер Тбилисиді азат етіп, астана-
сын Кутаисиден сонда көшірді. Тамара /1184—1207/ патша тұсында
Грузия əскери-саяси табыстарға жетті. Ани, Карс, Двин қалалары
мен Арменияның солтүстігі де селжуктерден қайтарылып, Захарилер
басшылығымен Грузияға вассалдық тəуелділіктегі армян князьдігі
құрылды. Захарий армениялық князьдер əулетінен шыққан, грузин
əскерінің бас қолбасшысы болатын.
XIII ғасырдың екінші жартысында Грузияны моңғол-татарлар
басып алды, XIV ғасырдың екінші жартысында Грузияны Темір
талқандады. Бұл басқыншылықтар барысында қатты күйзеліске
ұшыраған Грузия ХV ғасырдың аяғында бірнеше тəуелсіз
патшалықтарға — Картлиге, Кахетиге, Имеретинге жəне Самцхе —
Саатабаго князьдығына бөлініп кетті.
XII ғасырда Грузия феодалдық дамудың жоғарғы сатысына
көтерілді. Мұрагерлік лендер мен иммунитет жүйесі біржолата
қалыптасты. Үстем таптың жоғарғы сатысында ірі феодалдар — ди-
дебулилер мен дінбасылары жəне ұсақ феодалдар-азнаурлар тұрды.
Бұл феодалдар дидебулилердің вассалдары болды. Феодалдық
тəуелді шаруалар — глехтер жер иелеріне оброк төлеп, еңбек
міндеткерлігін атқарды.
ХІІ—ХІІІ ғасырларда Грузия экономикасы жоғары дəрежеде да-
мып, гүлдене түсті. Үлкен суару жүйелері — Самгор, Алазан канал-
дары салынды. Грузия сыртқа астық (бидай), шарап, жібек, жүн,
мақта, былғары, жылқы шығарып отырды. Грузия мен Солтүстік
Арменияда қалалар қатары тез өсіп, олардың қолөнері дамыды.
Тек Ани қаласында XIII ғ. басында қолөнерінің 38 түрі болды.
Грузиядағы қолөнері мен сауданың орталығы Тбилиси, Дманиси,
Самшвил, Гори, Ахалцихе, Кутаиси болса, Солтүстік Арменияда —
Ани, Лори, Двин жəне Карс қалалары болды.
XII ғасырда грузин патшалары орталықтандырылған күшті
мемлекеттік аппарат құрды. Оны мцигнобарт (канцлер) басқарды.
Бұл қызметке өне бойы чхондидтік архиепископ тағайындалып от-
ырды.
1070 жылға қарай селжук түріктері астанасы Тебриз қаласы
болған оңтүстік Əзербайжанды өз иеліктеріне қосып алды. 1080
ж. селжуктер Ширваншахты да бағындырды. 1088 ж. селжуктер
сұлтаны Мелікшахтың əскері Гянджаны басып алды.
Солтүстік жəне Оңтүстік Əзербайжанда XII ғ.— XIII ғасырдың
басында екі ірі мемлекет: Ширвандар мен атабектер мемлекеттері
болды. Ширваншахтар мемлекеті оңтүстікте Кура, солтүстікте
Самур өзендерімен шектелді. Оңтүстік Əзербайжанда Ильдегиздер
əулетінен шыққан атабектер билік құрды. Оның астанасы алғаш
Нахичеван, кейін — Тебриз болды. Солтүстік Əзербайжан сыртқы
жаулары — хазарлармен, қыпшақтармен, селжуктермен күресте
үнемі Грузиямен одақтасып отырды. Ірі саяси қайраткер Ахситан
I (1154—1205) Ширваншахтың саяси қуаттылығының зор болған-
дығы соншалық, деректерде ол «Ұлы қаған» деп аталады.
XIII ғасырдың 30- жылдарында Əзербайжанды моңғолдар
жаулап алды да ол ХІV ғасырдың 60—70-ші жылдарына дейін
Хулагулер империясының құрамында болды. XIV ғасырдың аяғын-
да Əзербайжан Темірдің шапқыншылығына ұшырады. ХV ғасырда
Əзербайжан Қара-Қойлылар мен Ақ-Қойлылар мемлекеттеріне
бөлініп кетті.
172
173
Достарыңызбен бөлісу: |