Шқму е ү 027-13-03- студенттерге арналған пән силлабусы



бет12/23
Дата04.04.2023
өлшемі0,6 Mb.
#78991
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23
12-тақырып. Айтыс
Айтыс – қазақ фольклорында сонау көне заманнан кұні бүгінге дейін өркендеп, дамып келе жатқан поэзиялық өміршең жанр. Айтыс - халық өмірінің жарқын көрінісі. Айтыс – халықтың сөз өнерін шыңдаушы, өмір тіршілігін бейнелеуші. Сондықтан айтыстың даму тарихы қоғамның саяси-әлеуметтік өмірімен тығыз байланысты. Арғы түбі ерте замандардағы топталып орындалатын «Наурыз», «Бәдік», «Жар-жар» секілді тұрмыс-салт жырларынан басталып, дамуында қайымдасудың сан қилы белестерінен өткен бұл жанр бірте-бірте әдебиетіміздегі кең арналы ақындар айтысына барып ұласқан. Айтысты ң ерекше дамып, өзінің шарықтау шегіне жеткен кезі – ХІХ ғасыр. Бұған сол кездегі әлеуметтік дамудың себебі тиді. Айтыстың түркі тектес халықтарда тым бағзы замандардан бері келе жатқан түр екенін дәлелдейтін ескерткіштер де аз емес. Мысалы, М.Қашқаридың «Д.л.т.» атты еңбегінде «Жаз бен Қыстың айтысы» берілуі. Бұл айтыс өзінің мазмұны мен түр-құрылысы жағынан мысал айтысқа өте ұқсас. Дәл осындай айтыстар Қожа Ахмет Яссауидың «Диуани хикмет» атты өлеңдер жинағында да бар. Мұнда өмірдің мәні туралы жұмақ пен дозақ өзара айтысқа түседі. Айтыс – импровизацияның жемісі. Осыған орай ол эпикалық, лиро-эпикалық жырлармен де тектес, сабақтас. Бұған осы түрлердің бәрінің халықтың әдет-ғұрып, салт-санасын танытатын көне тұрмыс-салт жырларынан бастау алатыны да басты себеп болса керек. Айтыста да өмір шындығы тартыс арқауы болып отырады. Айтыстың қайым, қағысу, қыз бен жігіт, ақындар айтысы т.б. деген түрлері бар.
13-тақырып. Балалар фольклоры
Қазақ халқы жазу-сызу болмаған замандарда ұрпағын әнмен, жырмен тәрбиелеген. Баланың ой-өрісін дамытып, дүниетанымын қалыптастыру, жақсы мен жаманның парқын білуге тәрбиелеу үшін бесік жыры, санамақ, қаламақ, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ, өтірік өлең сынды туындыларды ойлап тапқан. Бұлардың барлығын ортақ атпен балалар фольклоры деп атайды. К.Ісләмжанұлы өзінің «Рухани уыз» атты кітабында: «Балалар фольклоры – балалар психологиясын, көркемдік талғамын, шығармашылық мүмкіндіктерін танытатын халықтың ғасырлар бойы жасаған асыл мұрасы. Ол өзінің бала қабілетіне лайықтылығымен, логикалық жүйелілігімен, тілінің нәрлілігімен, ақ пен қараның жігін айқын ажыратқан тәрбиелік маңыздылығымен, эстетикалық талғамдылығымен бағалы» (1. 12б.), - деп жазады. Балалар фольклорының жиналып, жариялануы, зерттелуі ХІХ ғасырдан басталады. Мәселен, А.Алекторовтың «О рождении и воспитании детей у киргизов. О правах и власти родительской», А.А.Горячкиннің «Об играх киргизских детей во внутренней Букеевской орде Астраханской губернии», Ф.Гавриловтың «Киргизские скороговорки» атты мақалалары қазақ балалар фольклоры ХІХ ғасырда – ақ зерттеушілердің қызығушылығын туғызғанын аңғартады. Ы.Алтынсарин, Г.Н.Потанин, С.Көбеев, Т.Жомартбаев, Ә.Диваев т.б. зиялылардың еңбектерінде балалар фольклорының кейбір үлгілері жарияланды. ХХ ғасырдың басында бұл іс А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедов, Н.Құлжанова, М.Жолдыбаев, М.Жұмабаев еңбектерінде заңды жалғасын тапты. 1920-30 жылдары С.Сейфуллин, І.Жансүгіровтар бұл салада айрықша еңбек сіңірді, кейін М.Әуезов, Ө.Тұрманжанов, М.Ғабдуллин, Ш.Ахметов, М.Әлімбаев, С.Қасиманов т.б. зерттеулері мен жинақтарында балалар фольклорының маңызды теориялық мәселелері сөз болды. Бұдан кейінгі кезеңдерде балалар фольклорының өзекті мәселелері Х.Арғынбаев, С.Қалиев, Қ.Жарықбаев, Ш.Ыбраев, Н.Оршыбеков, А.Төлеубаев, Е.Сағындықов, К.Ісләмжанұлы, Г.Болатова т.б. еңбектерінде сөз болды.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет