Заман дамыған сайын адамдардың қиялынан түрлі әскери қару-жарақ туындауда. Ғалымдар ең деген әскери техникалар үлгісін жасап қана қоймай, оларды шынайы өмірде де өңдеп шығуда. Мәселен, «KADEX – 2016» көрмесіне қойылған IT-технологиялар, робот техника, авиация, ұшқышсыз ұшу аппараттары мен қорғаныс пен қауіпсіздік саласындағы өзге де озық бағыттар аясындағы құралдар сөзіміздің дәлелі. Қазіргі уақытта әлемнің дамыған елдері әскерлерге роботтандырылған жүйелерді енгізуге көп көңіл бөледі. Әскери роботтар Қазақстанның Қарулы Күштерінде де кеңінен қолданылады. 2015 жылдан бастап, ҚР Қарулы Күштерін жарақтандыруға жерүсті, теңіз және әуе мақсатындағы робототехникалық құралдар келіп түсуде. Әлемдік трендтерді зерделеу және жаңа технологияларды ілгерілету үшін 2019 жылы Бас штабта робототехникалық жүйелерді дамыту және оларды қолдану басқармасы құрылды.
Басқарма мамандары жаңа технологияларды енгізу және қолдану бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде. Олар оқу орындарымен және қорғаныс-өнеркәсіптік кешенімен өзара тығыз іс-қимыл жасайды, ғылыми кәсіпорындармен бірлесіп роботтардың тәжірибелік үлгілерін әзірлеуге қатысады. Бүгінде ел әскерінің қару-жарағында роботтардың жердегі және теңіздегі екі түрі бар. Eye Drive телебасқарылатын шағын роботтың салмағы үш келі. Ол нашар қиылысқан жерде, қалалық инфрақұрылым мен үй-жайларда нысандар мен аумақтарды бейне және аудиобарлауды жүргізуге мүмкіндік береді. Роботты ғимаратқа жіберу арқылы, ол сол жерден ақпаратты 50 метрге дейін қашықтықтағы оператордың планшетіне жеткізеді. Ашық жерде шағын роботтың радиусы 300 метрден асады. Жеңіл класты мобильді роботтандырылған tEODor кешені минасыздандырудан қауіпті жұмыстарды жүргізу кезінде пайдаланылады. Ол жарылғыш құрылғыны анықтап, оператордың басқаруымен оны басқа жерге көшіру үшін арнайы контейнерге салады. tEODor жүз килограмға дейін салмақты көтеріп, оны 200 метрден екі шақырымға дейін жылжытуға қабілетті.Мина-тралды корабль базасында орналасқан k-Ster-I суасты робот-инспекторы теңіз түбінің ландшафтын зерттейді, жарылыс қаупі бар заттарды табады және олардан алған деректерді операторға береді.Минаға қарсы қашықтықтан басқарылатын k-Ster-с су асты аппараттары 300 метрге дейінгі тереңдіктегі су асты миналарын жоюға арналған. Олар тасымалдаушы кемеден бір шақырым қашықтықта жұмыс істей алады.Жердегі және су астындағы тапсырмаларды орындай отырып, ең қиын жерлерде, әскери роботтар жеке құрам арасындағы шығындардың алдын алуға және бөлімшелердің жауынгерлік қабілетін арттыруға мүмкіндік береді.