Table of Contents тар жол, тайғАҚ кешу роман-эссе (1927) тарту



бет8/53
Дата22.09.2023
өлшемі419,1 Kb.
#109714
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   53
ЕКІНШІ ЖАЛПЫ ҚАЗАҚ СЪЕЗІ
Заман жаманға айналды. Келешек қараңғы, қорқыныш зор. Осындай бүліншілік заманда аяқ асты болып қорлықта қалмауымыздың қамын кеңесу үшін екінші жалпы қазақ съезіне шақыруға қаулы қылып Орынбордағы оқыған қазақтар төмендегі телеграмманы қазақ облыстарына және уездеріне беріп отыр.
Телеграмма сөзі
«Бүкіл мемлекет қазір бетімен жайылып кетті, кешікпей талан-тараж қырғынға айналатын түрі бар. Алалық, алты ауыздық, біреуге-біреу сенбеу күшейді, әр адам, әр халық өз қамын ойлап, өзін-өзі қорғайтын күн туды. Бұл болып жатқан оқиғалардың түбі неге соғатынын жалпы қазақ артық сезе қоймайтын шығар. Бұл оқиғалардың түрі жаман, қам қылмай, қол қусырып отыра берсек, алдымен қазақ халқы сорлайтын түрі бар. Соның үшін біз жанымызды, малымызды қорғау жайын ойлау керек. Өзімізді-өзіміз қорғау үшін бізге жалпы қазақ милициясын құру керек. Бұл мәселе шұғыл және аса зор болғандықтан, төменде қол қоюшылар халыққа сенімді қызметті ақсақалдарды және оқығандарды шақырып, өз күшімізбен қазақ милициясын құру жайын кеңесуге жалпы қазақ съезін жинауға қаулы қылдық. Егер біз өзімізді-өзіміз қорғай алмасақ, бүліншілік зорайып, қиыншылыққа айналғанда қазақ халқы құрбан болады.
Соның үшін милиция құрудың үстіне съезде қазақ халқының жұрттығын жоғалтпау үшін не қылу керек деген зор мәселе де қаралады.
Алаш баласының басына бір сын, бір күн туды. Өтінеміз, қалай да болса 5 декабрьге қарсы Орынборға әр уезден жұртқа қадірлі екі ақсақалдан және әр областной комитеттен екі оқыған кісіден жіберіңіздер.
5 декабрьде Орынборда бүкіл казак-орыс әскерлерінің съезі де болады, бізге олармен де сөйлесу керек.
Бұл телеграммада айтылған, уез басы екі ақсақал және областной комитеттен шақырған екі зиялының үстіне айрықша телеграмма беріп, мынау кісілер де шақырылды. «Ұран», «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Тіршілік» газеттерінен және жаңа ашылған қауымдардан бір-бір өкілдерден, қазы Омар Қарашұлы, қазы Қайырша Ақыметжанұлы, қазы Ғабдолла Ешмұқамбетұлы, Ақмет ишан Оразбайұлы, Қожамбет Оразайұлы, Құрмамбек Бірімжанұлы, Құлмамбет Қанқожаұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Басықараұлы, Мұстафа Шоқайұлы, Қалел Досмұқамбетұлы, Жанша Досмұқамбетұлы, Уалитхан Танашұлы, Бақыткерей Құлманұлы, Жанқожа Мергенұлы, Ишанғали Арабайұлы, Ораз Тәтиұлы, Шонан ақсақал, Отарбай қажы Құндыбайұлы, Ақметкерей Қосуақұлы, Нұрлан Қияшұлы, Нұрмағамбет Сағынайұлы, Шаңгерей Бөкейұлы, Есенқұл қажы Маманұлы, Мұқаметжан Тынышпайұлы, Салық Қырпықұлы, Сапар Наурызбайұлы және Илияс қажы Жанқараұлы.
Съезд шақырушы комиссия ағалары: Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Сағындық Досжанұлы, Елдос Омарұлы.»
Бұл телеграммада біздің «Тіршілік» газетінен де арнап өкіл шақырылған екен. Және әрбір ашылған қауымдардан бір өкіл келсін деген екен. Біз газетіміз «Тіршілік» атынан да, қауымымыз «Жас қазақ» атынан да өкіл жібермедік. Телеграмманың айтуынша, әр уез екі ақсақал сайлап жібермек. Және оның үстіне арналып шақырылған «қадірлі» жуан байлар, «қасиетті», «шарапатты» қазірет, ишандар, қажылар бар. Бұл арналып шақырылғандардың ішінде біздің Ақмоладан Нұрлан Қияшұлы бар, Нұрмағамбет Сағынайұлы бар, бұл екі ақсақал, әрине, ескі қазақтың қадірлі, ел аузына қараған адамдары. Өзіміздің Нұрлыекең (Қияшұлы) Николай түскенше жиырма алты жыл болыс болған. Патшадан, жандаралдан алған наградалары бар. Мың жарымдай жылқысы болған. Отыз болыс уыз үйлі Қуандықтың «күрзісі». Нұрмағамбет әлгі 1916 жылы біз көрген, патша заманында, Николай наследник күнінде Омбыға келіп той қылғанда, патшаның баласына тарту-таралғы, сый апарған. Сыйға оюлы, сырлы алтындаған ақ үй апарған. Үш айғыр үйірлі қысырақ апарған. Бірі ылғи ақ шұбар, шұбарлығы ақ қағаздың үстіне тамған қарадай. Бірі ылғи мақпал қара, бірі ылғи кіршіксіз қылаң. Патшаның өзінен және баласынан алған мақтау, награда, шендері көп. Нұрмағамбет бүкіл Ақмолаға мәшһүр салтанатты паң, өлшеусіз бай. Өзі қажыға да барған, болыс та болған.
Нұрмағамбет бірнеше болыс момын керей деген елдің жұрты аузына қараған ақсақалы. Бірақ біздің «Нұрлыекең де», Нұрмағамбет те хат білмейтін адамдар.
Әрине, сонымен, екінші «жалпы қазақ» съезі де осындай Қазақстанның ылғи күрзі ақсақалдарының, қажы, ірі жуан болыс, қазіреттерінің съезі болды.
Орынборда екінші «жалпы қазақ» съезі шақырылып ашылды. Съезд желтоқсанның бесінде ашылып, он үшінде бітті. Съезге жиналғандар: баяғы «Алаш», «Алаштың» қаймағы, «Алаштың» көкжалдары.
Біздің Ақмола уезінен съезге Камалиддин қалпе мен Құл Бәуенұлы деген көпес барды.
Съезде әскер жасамақ болды, ақша жинамақ болды, «Алашорда» деген үкімет құрмақ болды. Үкіметке кісілер сайлады.
Қазақша айтқанда «уәзірлер» сайлады.
Бұл екінші жалпы қазақ-қырғыз съезінің кейбір мағлұматтарын «Сарыарқа» газетінен мұнда келтірейік.
«Сарыарқа» газетінің 1918 жыл 25 ғинуарындағы 29-нөмірінде «Жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы» деген ұзын мағлұматты «Қазақ» газетінен көшірген. Ол мынау:


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   53




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет