Сөйтсе, мыңдаған, тіпті, қажет болса, миллиондаған сөздерді бейнелеп шығу үшін бар болғаны жиырма шақты ғана таңба керек екен. Ол үшін әуелі жекелеген сөздерді бейнелеп жүр¬ген бұрыннан бар тұспалдамалар пайдаланылды. Мәселен, финикиялықтар бұқаны aleph дейді. Соны бейнелейтін белгі “а” (“аһ”) дыбысының, үй (“beth”) сөзін білдіретін белгі “б” дыбысының, түйе (gіmel) сөзін білдіретін белгі “г” дыбысының таңбасы деп табылды. Кейін ондай белгілер әріп деп аталды. Гректер оларды болар-болмас өзгерістермен қабылдап, “альфа”, “вета”, “гамма” деген әріптер деп таныды. Римдіктер де финикиялық таңбаларға өз “жаңартуларын” қосты. Өз әліпбилеріндегі әріптерді бәрімізге әбден таныс а,б,в,г,д, тағысын тағылар деп дыбыстауға дағ¬дыланды. Ал иудаизм, христиан, ислам діндерінің тірі адамдар мен жануарларды бейнелеуге тыйым салғаны әріп жазу таңбаларын суретке ұқсаудан атымен арылтты. Мұндай тыйырым жаратушыдан басқа жан иелеріне табынушылықты доғаруды көздеді. Егер христианшылдық әлгіндей мақұл¬қаттардың тек кейбіреулерін ғана бейнелеттірмесе, ислам кеудесінде жаны бардың бәрін де сызып көрсетуге рұқсат бермеді.
Сөйтіп, дыбыстық жазуға жол ашып берген финикиялықтар әліпбиі өздерінің ежелгі астаналары болған Библиос қаласында дүниеге келді. Біз де оны алғаш рет 1968 жылы сол қаланың тарихи музейіндегі мәрмәр тақтайшадан көргенбіз. Ол әліппе жиырма екі әріптен тұрады екен. Олардың арасында дауысты әріптер болмады. Оның мұндай кемшілігінің орнын Угарит әліпбиі толықтырды. Алайда оны тудырған Угарит қаласы әлденеше елдермен тікелей байланыс жасап тұрған Библиостай ежелгі саудаға ықпал жүргізген қала емес еді. Сондықтан оның әліпбиі финикиялық әліпбидей кең тарала алмады. Финикиялықтар жазуы батысқа грек, шығысқа арамей жазулары арқылы таралды.