Тақырыбы: Тілдің таңбалық, құрылымдық және жүйелік сипаттары



бет2/2
Дата06.01.2022
өлшемі21,91 Kb.
#11572
1   2
Ал айырмашылықтары:

1) тіл - ойды білдірудің, пікір алысудың, қатынас жасаудың кең көлемде қолданылатын жалпылама құралы. Шартты таңбалардың қолдану өрісі тілге қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау анағұрлым аз. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсі «көшеден өтуге болмайды" дегеннен басқа еш нәрсе хабарлай алмаса, тіліміздегі қызыл деген сөз бірнеше ұғымды қамтиды: бірінші – түстің атауын, екінші - "ет" немесе "бидай" деген ұғымды, үшінші – «большевик» дегенді, төртінші - "қылша, қызылша" (корь) дегенді білдіреді;

2) тілдің шартты таңбалардан екінші айырмашылығы - ол (тіл) мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, адамның хабарлайтын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнатпауын, қуанышын немесе қайғысын да білдіреді. Мысалы, жоғарыда аталған қызыл сөзінің "ет" немесе "бидай" деген мағынасы жағымды сезімімізді тудырса, ауруды еске салып тұрған төртінші мағынасы ("балама қызыл шығып жатыр" деген) - аяныш сезімін тудырады. Қызыл сөзінің "большевик" деген мағынасы да сондай. Ол бұрын жағымды мағына тудырса, қазір жағымсыз мағына туғызады. Мұндай қасиет таңбалардың басқа жүйелерінде (мысалы, жол белгілерінде) жоқ;

3) шартты таңбалар келісім бойынша қолдан жасалады, келісім бойынша өзгертіле алады. Мысалға қазақ тіліндегі Ұ дыбысын алалық. Ол дыбысты біз араб әліпбиін (алфабитін) пайдаланып жүрген кезде 9 әріпімен белгілеген едік. Кейін, яғни 1929 жылы латын әліпбиіне көшкенде оны U әріпімен таңбаладық. 1940 жылы орыс графикасына (кирилицаға) көшкен кезде әлгі дыбысты у әрпімен белгілеуге келістік. 1951 жылы аталған дыбысты (тағы да келісім бойынша) Ұ әрпімен таңбалауды жөн деп таптық.

Тілдік таңбалар қоғам мүшелеріне бағынышты емес. Мысалы, қара, сары деген сөздерді адамдар келісіп жасаған жоқ. Тым ерте замандарда ата-бабаларымыз қара, сары түсті де солай атаған. Әрбір жаңа ұрпақ қалыптасқан сөзді сол күйінде қабылдайды, сол күйінде үйренеді. Ол ешқашан өзгермейді. Егер өзгере қалса, келісім бойынша емес, тілдің даму заңдары бойынша ғана өзгереді. Мысалы: сарық > сарығ > сары;

4) барлық шартты таңбалар сайып келгенде дыбыстық тілге негізделеді, олардың мағыналары тіл арқылы айқындалады, тіл арқылы түсінікті болады. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсін тіл арқылы: "қызыл шам - өтуге болмайды деген белгі" деп, қызыл шам өздігінен еш нәрсені білдіре алмаған болар еді. Сонымен тілдік таңбалардың қызметі, мәні зор екен; оның ауқымы кең. Шартты таңбалар тілдік таңбалардың кызметін атқара алмайды.

Сонымен, тілдік таңбалардың жүйелері тілге қатысты көмекші құралдар ретінде ғана мән-мағынаға ие бола алады. Қандай бір таңбалардың жүйесі болсын, ол – адамдардың өмірдің барлық саласында қатынас жасайтын, сөйлесіп пікір алмасатын құралы – тілді ауыстыра да алмайды, оның атқаратын қызметін де атқара алмайды. Осы мағынада тілдік таңбалар жүйесінен де ажыратылады.
2. Құрылымдық қасиет пен жүйелік қасиет тілге де тән. Құрылым мен жүйе ұғымдары тілге қатысты мынадай мазмұнға ие болады: құрылым бүтіннің бойындағы әр тектес элементтердің арақатынасынан және бірлігінен тұрады. Ол элементтер мыналар: дыбыс (фонема), морфема, сөз, сөйлем. Элементтердің арасындағы айырмашылықтар – сапалық айырмашылықтар.

А) Дыбыстар (фонемалар) – тілдің материалдық таңбалалары. Фонемалар есту мүшелері арқылы қабылданып, бір морфеманы басқа морфемадан ажыратады. Мысалы, тән-дән, тон-тоң т.б.

Ә) Морфема – мағына мен дыбысталудың бірлігінен тұратын ең кіші тілдік элемент. Морфеманың түбір морфема деп аталатын түрі заттық мағынаны білдірсе, аффикстік морфема деп аталатын түрі деривациялық мағынаны, не реляциялық мағынаны білдіреді.

Б) сөздер заттар мен құбылыстарды, сапа мен белгіні іс-әрекет пен қимылды және т.б. атайды, солардың атаулары ретінде қызмет атқарады. Сөздің бұл функциясы – номинативті.

В) Сөйлем ойды білдіреді, хабарлау қызметін атқарады. Сөз номинативті қызмет атқарса, сөйлем коммуникативті қызмет атқарады. Сөйлем коммуникативті қызметті, әдетте, сөздердің бір-бірімен тіркесін, өзара байланыста, предикативті қатынаста жұмсалуы нәтижесінде атқарады. Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін хабарлаудың негізгі құралы – сөйлемдер арқылы іске асырылады.

Құрылымның элементтері тілде өзара бір-бірімен байланыса келіп, бірлікте болады. Тілдік құрылымның әрбір деңгейінің, сатысының өз жүйесі болады да, әрбір жүйенің барлық элементтері сол жүйенің мүшелері ретінде қызмет етеді. Жүйе дегеніміз өзара шарттас, өзара байланысты біртектес элементердің бірлігі. Б.А.Серебренников жүйені: «өзіне тән айрықша құрылымы бар кіші жүйелердің жиынтығы» түрінде ұғындырса, С.Д.Кацнельсон «Тілдік жүйенің жеке деңгейлері бірінің үстіне бірі қатаң түрде мөлшерленген тәртіппен орналасады» деп түсіндіреді. Тілдің жүйелі сипаты тілдің барлық саласынан көрінеді.

Сөздердің өзгеруі, түрленуі, тіркесуі, олардан сөйлемнің құрылуы белгілі заңдылықтарға бағынады. М: етістіктер ауыспалы осы шақта бірінші шақта –мын(-мін), екінші жақта –сын(-сін), үшінші жақта –ды(ді) формалары арқылы жіктеледі. Сөздердің септелу жүйесі, жіктелу жүйесі, тәуелдену жүйесінің әрқайсының белгілі бір тобына тән, барлығын бірдей қамтитын жүйе ретінде қызмет етеді.

Тілде жүйелік қасиеті тілді меңгере білуге және қатынас құралы, пікір алмасудың құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Тілдің өзіне тән құрылымы бар жүйелі құбылыс екендігі туралы қағида тіл білімінде орныққан және басты қағидалардың бірі.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. К.Аханов, Тіл білімінің негіздері – Жоғарғы оқу орындарының қауымдастығы, 2002

  2. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі — Алматы. «Сөздік-Словарь», 2005 жыл.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет