Тақырыбы: Тілдің таңбалық, құрылымдық және жүйелік сипаттары.
Жоспар
1.Тілдің таңбалық сипаты
2. Тілдің таңбалық және құрылымдық сипаты
1.Тілдің таңбалық сипаты туралы мәселеге философтар, лингвистер ертеден көңіл бөліп келеді. Тілдің таңбалық табиғатын Бодуэн де Кутэне, Фердинанд де Соссюрдің «Жалпы лингвистика курсы» атты еңбектері жарыққа шыққаннан бері қарастырылды. Ф. де Соссюр тілді таңбалардың басқа жүйесімен салыстыра қарап: «Тіл дегеніміз идеяларды білдіретін таңбалардың жүйесі, демек, оны жазумен, мылқаулар үшін жасалған әліппемен, символ мәнді әдет-ғұрыптармен, сыпайылық формаларымен, әскери сигналдармен және т.б. салыстыруға болады. Ол (таңбалардың жүйесі ретіндегі тіл. К.А.) тек осы жүйелердің ішіндегі өте-мөте маңыздырағы. Сонымен, қоғам өмірінің ішіндегі таңбалардың табиғатын зерттейтін ғылым бар ойлауға болады, ... біз оны «семиология» деп атар едік».
Семиотика (гр. белгі, танба) — таңбалық белгілер жүйесі туралы ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылымы мен қызметінің жалпы мәселелерін зерттейтін ғылыми пән.[2]
Тілдің таңбалық табиғаты сөз болғанда, бүтіндей тілдің және оның элементтерінің (морфема мен сөздің, сөз тіркесі мен сөйлемнің) объективті болмыстағы заттар мен құбылыстарға қатыстылығы және олармен жанама түрде байланысу дәрежесі ескеріледі. Тілдік бірліктердің таңбалық қызметіне олардың адамның танып білу әрекетінің нәтижелерін жалпылап білдіру қасиеті мен адамның қоғамдық-тарихи тәжірибелерінің қорытындыларын тіркеу және сақтау қасиеті енеді. Тілдің таңбалық сипатына тілдік элементтердің мағыналарға ие болу нәтижесінде белгілі бір ақпаратты білдіруге бейімділігі, қатынас жасау процесінде коммуникативті және экспрессивті қызмет атқаруы енеді. Тілдік элементтердің төрт түрлі қызметі: белгілеу (таңбалау) қызметі (репрезентативті қызметі), жалпылаушы қызметі (гносеологиялық қызметі), коммуникативті қызмет және прагматикалық қызметке қатысы болады. Таңбаның екі жағы – таңбалаушы және таңбаланушы жақтары тілде оның абстракциясы, сәулеленуі түрінде тіркеледі, сөйлеушілердің санасында мағыналар (тілдік ұғымдар) түрінде және таңбалық форманың сезімдік образдары түрінде сақталады. Тілдік таңбаның таңбалаушы және таңбаланушы жақтарының мұндай қатыстарының салдары үлкен және олар тілдегі полисемия мен омонимия құбылыстарынан (бір ғана таңбалаушы – бірнеше таңбалаушы), синомия құбылысынан (бірнеше таңбалаушы – бір ғана таңбаланушы) және тіл жүйесіндегі синкретикалық формалар мен дублет формалардан көрінеді. Тілдік таңбаның белгілі бір автономиясы (дербестігі) таңбаланушының өз (меншікті) қызметінен басқа қызметке ие болуына, ал таңбаланушының оның таңбасының өз формасынан басқаша құралдармен айтылуына мүмкіндік береді.
Тілдік таңбаның типтері:
а) дифференциялаушы қызметі басым тілдік таңбалар. Бұлар – фонемалар (фонемалар потенциальды түрде мағынамен ұштасады);
ә) дифференциялаушы қызметінен теңдестіруші қызметі басым таңбалар. Бұлар – грамматикалық морфемалар, тілдік единицалардың синтаксистік байланыстары мен семантикалық байланыстардың модельдері;
б) әрі дифференциялаушы қызметке, әрі жалпылаушы қызметке ие таңбалар (мұндай таңбалар толық таңбалар деп аталады). Бұлар – сөздер, сөз тіркестері, сөйлемдер.
Тілдік таңбаның белгілері ретінде: еріктілігі мен шартты екендігі аталады.
Енді тілдік таңба мен шартты таңбалардың арасындағы қатарға келелік. Бұлардың арасында ұқсастық бар, сонымен бірге, оларды бірдей, тең деп есептеуге болмайды. Ұқсастығы: екеуінде де форма мен мазмұн бар, екеуі де — бірдеме «хабарлаудың» құралы.
Достарыңызбен бөлісу: |