Жігіт пен қыз
«ЕКІ ЖАҚСЫ ҚОСЫЛАР КҮН ҚАЙДА БАР!»
Үзілістен кейін аудиторияға кірсем, бір ағайымыз
студенттердің алдында өлең айтып тұр екен. Олар үлкен кісінің
75
балалығына күле қарап отыр. Оқытушы бір кезде өлеңін тоқтатты
да:
– Осында неше бала барсыңдар? Жиырма бес пе? Жиырма
бесің де үйленерсіңдер, бірақ шын бақытыңды тапсаң, екі-
үшеуің-ақ табарсыңдар! – деді.
«Жүрегімде орын жоқ сүюден бос», – дейтін Сұлтанмахмұт
жасындағы қыз-жігіттерде «бақытты болмаймын» – деген ой бар
дейсің бе? Бұл жастарда бақыт деген қазір ғана алдыңда күтіп
тұрғандай ғой. Олар оқытушыны күлумен шығарып салды. Бірақ
мен бұл әңгімені ойымнан шығара алмадым: адамның бәрі бұл
өмірге бақытты болсам деп келеді. Ал бақыт неге өлшеулі?
Бақыттың ең шамшырағы – отбасының бақыты. Өмірін жаңа
бастағалы тұрған жас жігіт пен қызға: «Бақытты бол!» – деп
айтумен бірге, оларға бақыттың жолын сілтеуге бола ма? Жоқ,
әлде «не көрсең де – тағдырыңнан», – деп қоя салу керек пе?
Басқа мұғалімдер қалай ойлайтынын қайдам, меніңше, бағыт
сілтеуге болатын секілді.
* * *
Жанып сүюдің рақатын сезіне алмаған адамға махаббат мәңгі
Арман болып қалады деседі жантанушылар.
Оны басынан өткізбегендер ұлы арманын кітаптан, кинодан
іздеп, кейіпкердің басында болған ғажайып махаббатты өз
өміріне үйлестіріп, қиялданады. Жүрегіндегі бос қалған сүю
сезімінің орнын қиялмен толықтырады дейді. Сүйіспеншілік
жайлы киноларға көпшіліктің құмарлығы содан болса керек.
Жас адам үлкендердей емес қой, шын сырын аса жасыра
алмайды. Махаббат туралы әңгіме болса, үйленген-үйленбегені
бар, құлақ тіге қалады. Жүрек түкпірінде бәрі де ақсаулы.
– Қосыла алмаған махаббат қана – шын махаббат, – дейді
біреуі.
– Қосылғаннан кейін ол махаббат қайда кетеді?
Бақыттыларды көрер ме едік, шіркін! – деп қоямын. Бақыттының
76
бар екеніне сенгендіктен айтамын. – Мен бақыттымын! – деді бір
күні сырттан оқитын қарапайым ғана келіншек.
«Құдайдың бере салғанын-ай» дегендей қарай қалыппыз.
Аяғы ауыр, қара торы ғана, қоңырқай киінген келіншектің
сондағы айтқаны: «Өзім поштада істеймін. Жігітім поштаға келіп
жүреді екен, содан таныстық. Институт бітірген, тарихшы. Менің
де оқуға түсуіме себепші болды. «Оқып ал, оқымасақ, қарайып
қаласың, балаларды бағуға өзім болысамын, қорықпа», – деді. Екі
балалы болғаннан кейін түстім оқуға. Өзім ризамын күйеуіме.
Жас баламен, кісі есігінде, шаршап жүресің ғой, түнде бала
жылағанда менімен бірге тұрып: «Шаршадың ғой, жата тұр, мен
қарайын біраз», – деп жатқызып қояды. Туыстарымның да
қуаныш-қайғысына бірдей араласады.
Күйеуімді бәрі жақсы көріп, сыйлайды. Мен де оның
туыстарына қызмет етуден аянбаймын. Әлі бір-бірімізге қатты
сөйлеп көрген жоқпыз».
Келіншек «сырымды айтамын деп, шынымды айтып қойдым
ба?» дегендей, ұяла күлімсіреп қойды. Бәріміз келіншектің
бақытына риза болып, күншуаққа жылынғандай рақат күйде
отырып қалдық. (Тіпті осыны еске алып, жазып отырғанның
өзінде бір рақат күй кешемін). «Бақытты болу үшін көп нәрсе
керек емес екен ғой» деген таңданыс та бар.
Бірақ бұл қарапайым келіншектің бақыттылығында құпия бар
ма деп қалдым. Құпиясы: жаны таза, қанағатшыл адам екен. Аз
ғана әңгімелескеннің өзінде жан тазалығына иланып, жұмсақ
даусынан шыққан жылуына еріксіз тартылып, айтқан сөзіне
риясыз сеніп, жақсы көріп қалдық. Бұл әйелдің жанында жүрген
еркектің, шынында, бақыты бар екен. «Әйелдің еркек алдындағы
мықты қаруы – нәзіктігі» деген сөз бекер айтылмаған ғой.
Жастардың қосылмаған махаббат – шын махаббат деуінің де
жаны бар шығар. Өйткені қосылмағандардың бір-біріне деген
сезімі отбасы тіршілігінің кем-кетіктерінен туатын ренішпен
лайланбай, таза күйінде қалады ғой. Екі адамның өзара жақсы
көруі қатып қалған зат емес. Қосылғаннан кейін екі жақты аялап,
мәпелеп отырмаса, махаббаттың баянсыз болатынын өмір өзі
77
күнде-күнде дәлелдеп жатыр. Ұнатып қосылу әркімде де болар,
ал сүйгенін өмір бойы сыйлап өтетін азамат болу және сол
азаматтың қадірін білетін әйел болу үшін үлкен мәдениет керек.
Сыйластық бар жерде барлығы бар. Отбасы парасатын Төле
бидің жанында жүрген Жанкелді ақыннан артық айта алмаспыз:
Тобылғының түбінде торғай да бар,
Бір жаман мен бір жақсы әрқайда бар,
Екі жаман қосылса күнде керіс –
Екі жақсы қосылар күн қайда бар?
Жаман қатын, жаман ат, жаман тазы,
Мұңайтады жігітті малдың азы.
Бейнет болар жігітке – өмір сауда
Көлдің сәйкес келмесе қоңыр қазы.
Әйел-еркек әр істі дана қылар,
Іс болар ма жаманға шара қылар.
Қандай еркек ақылды болғанменен
Бір-ақ әйел өмірін ада қылар.
Жігіттер ренжімесе, соңғы екі жолын:
Қанша ақылды болса да әйел байғұс,
Бір-ақ еркек өмірін ада қылар.
деп қосса да теріс болмас.
Достарыңызбен бөлісу: |