Қидандар туралы алғашқы дерек V ғ. жатады, олар ол кезде Қиыр Шығыстағы Уссури алқабында мекен еткен. Ол X ғ. күшті одақ құрып, қытайдың солтүстікке қарай көптеген жерлерін бағындырып, Ляо патшалығын (907-1125) құрды. Сол кезде олардың жерлері Қашғардан қытайдың Ұлы қамалына дейін созылып жатты. Осы әулет қытайға өз атауын берді (қытай – киданның жерлері деген ойды белгілейді). Амурдан келген Чжурчжень тайпалары Сунь патшалығымен одақтасып, кидандармен соғысады. Бұл соғыс Ляо мемлекетінің іргесін шайқалтып, кидандардың батысқа қарай жылжуын мәжбүр етеді. Соның салдарынан қидандардың көсемі Елюй Даши Еміл өзенінің бойына жетіп, аттас қала салып, 1225 ж. бастап үстемдік ықпалын кеңейтетін дәуірін бастайды. Қарахан әулетіндегі тайпалар арасындағы тартыс қидандардың күшеюіне жол ашады. Замандас деректердің келтіруі бойынша: «Түркістан патшалары» қара қытайлардың (қидандардың атауы) көмегімен бірін-бірі «бағындыру және талқандау» әрекеттерін жүргізді, ал бұл жағдай қидандардың күшеюіне және кеңеюіне жол ашты,- деп, шынайы оқиғаларды баяндап берді. Аталған себептер Ляо әулетінің ханзадасы Елюй Дашиға өз үстемдігін Шығыс Түркістаннан Амударияға дейін орнату қиынға түспеді. Ол Гурхан лауазымын алды. 1141 жылы орта азия жерлерін қосып алды. Сөйтіп, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Мәуреннахр мен Шығыс түркістан қарақытай мемлекетінің құрамына енеді. Бір ерекшілігі, Қидандар өзіне бағынған аймақтардың билеушілерін құлатпай, вассал (кіріптар) ретінде алым-салық төлеуді ғана мәжбүр етті. Мемлекетте басталатын түбегейлі өзгерістер Қидандардың соңғы Гурханы Чжилугу билік құрған кезге байланысты. Шыңғысханнан жеңілген наймандардың көсемі Күшлік хан 1208 жылы Жетісуға келіп, қоныстана бастайды. Ақырында Қидандардың дәуірі наймандардың заманымен алмасады.
3.3 Оғыз, Қимақ және Қыпшақ хандығы
Оғыздар (ІХ-ХІ ғ. басы). Оғыздардың мекен еткен жерлері Қазақстанның Ырғыз, Жайық, Ембі, Ойыл өзендерінің бойларында, Арал маңы, Сырдария жазығы, Қаратау баурайлары, Шу жазығы болатын. Әсіресе ықшамды орналасқан аймақтары Арал өңірі, Каспий маңының солтүстік-шығысы мен Сырдарияның төменгі ағысы. ІХ-Х ғасырдың басында Сырдария атырабының ортаңғы және төменгі ағысы мен сол алқабына қабысып жатқан Қазақстанның Батыс даласында Мафазат әл-гуз -Оғыз мемлекеті құрылды. Оғыздар туралы жазған Ибн әл-Факихтің еңбегі әртүрлі толық мәлімет береді, соның бірі: «түріктер арасында өзгелерден гөрі көбірек құрметтеледі», - дегені.
О. Сулейменов «Аз и Я» атты еңбегінде оғыздарды «б.д.д. VІІ ғасырда белгілі болған елдердің бірі»,-деп келтіреді. Бұл жерде үзіндіні сол қалпында аудармай келтірейік: «Ассирийские хроники эпохи царя Ассархадона пока что – самый древний документ, могущий подтвердить факт существования в VІІ веке до н.э. тюркского этнонима иш-огуз». Шежіре түрік елінің жалпы рухани өмірінде маңызды орын алады, бәлкім соны көріп естіген әл-Факих оларды «құрметтеледі» деп келтірген. Осы сөздің мәнін ашсақ, ол - түркі елдердің шежіре арқылы әрбір тайпаның шыққан тегі мен жасаған батырлық - болмыс тарихын білуінде шығар. Керуеннің маңызды жолында орналасқан Янгикент қаласы - Оғыз мемлекетінің астанасы болды. Этникалық тұрғыда оның қағанаты біркелкі болмады, оның ішінде түркі және ирантілдес, фин-угор тектес тайпалар астасып жатты. Әу баста оғыз тобының өзегі Жетісуда ұйымдасады, алайда батысқа қарай жылжу барысында сол аймақтың халқының есебінен едәуір дәрежеде толығады. Жетісу атырабын қарлықтар иелену жолында, ата мекені Талас пен Ыстықкөл болған оғыздар жанкешті қарсылық көрсеткен еді,- деп Бичурин Н.Я. өз еңбегінде баяндаған болатын. Кескілескен шайқаста жеңілген оғыздар VІІІ ғасырда Арал теңізі жағалауындағы аудандарға тұрақтап, сол ғасырдың соңында өз мемлекеттерін құрады. Оғыздардың Арал жағалауы мен Батыс Қазақстанға орын ауыстыруы оңайға соққан жоқ. Олардың мұнда орнығуында Арал жағалауындағы екі тайпаның – печенектердің, қанғарлардың және басқа да сақ-массагет тегінен тараған әулеттердің қарсылығын, ал одан әрі батысқа жылжуында сарматтардың ұрпақтарын және фин-угор тайпаларының қарсылығын күшпен басуына тура келді. Оғыз мемлекеті Х ғасырда Еуразия даласындағы әскери-саяси өмірде зор рөл атқарған елеулі күшке айналды. Мәселен, 965 жылы оғыздар Киев Русімен одақтаса отырып, Хазар Қағанатын құлатса, ал 985 жылы Еділдегі Бұлғария мемлекетін жеңіліске ұшыратты. Оғыздардың тарихи құбылыстың соңғы шарықтауы Әлихан жабғы мен Шахмәліктің билігі тұсында, 1041 жылы Хорезм мемлекетін аз уақытқа бағындырғанында байқалады. ХІ ғасырдың ортасында Оғыз Жабғыларының мемлекетін Дешті-Қыпшақтағы қимақ-қыпшақ тайпалары құлатты.
Батыс Түрік қағанатының құрамында болған қимақ тайпаларының атауы алғашқы рет VІІ ғасырда ескеріледі . Ол кезде олар Ертіс өзенінің алқабы мен Алтай тауының солтүстігін қоныстанған болатын. Батыс түрік қағанатының ыдырай бастаған кезде (шамасы 7 ғасырдың ортасы) қимақтардың оқшаулануы басталады. Тап осы уақыттан бастап олардың тайпа одағы ретінде өзегі қалыптасатын кезеңі деуге болады. VІІІ ғасырда батысқа қарай іргесін кеңейтіп, үш бағытқа: Оралдың оңтүстігіне; Сырдария бойы мен Оңтүстік Қазақстанға; Жетісудың Балқаш көлі мен Алакөл алқабына дейін жылжыды. Ұйғыр қағандығы 840 жылы құлаған кезде, жеті тайпадан тұратын Қимақ конфедерациясы құрылып қалыптасады. Тайпалар басшысы жабғы деген дәреже иеленген. Ал ІХ ғ. соңы мен Х ғ. бас кезінде жалпытүркілік қаған дәрежесін иеленген билеушілері бар мемлекет құрады. Ертіс өзені бойындағы Имакия қаласы қимақтардың астанасы болды. Қимақтардың мемлекеттік құрылымы түркілік, және түркі тілдес халықтардың мемлекеттері, барлық өркениетті елдердегідей, қалыптасқан әлеуметтік құрылымды қорғау мен заңдастыруға арналған тұтқа болды. Арабтың ғалымы Әл Идриси өзінің «Нузхат Әл Мүштак Фихтира Әл Афак» атты еңбегінде қимақтан шыққан ғалым Ибн Хаган туралы әңгіме қозғайды: әуелі оны ерекше атап, «Соның жазған қимақтар туралы тарихи шығармасын өз еңбегімде қолдандым»,- дейді. ХІ ғасырдың бірінші жартысында Орталық Азия тарихына үлкен үлес қосқан қыпшақтарға - Ұлы Даласындағы тарихи сахнада жол бере отырып, Қимақ Қағандығы қыпшақ бірлестігінің құрамына қосылып кетті.