Тыныс белгісінің дұрыс қойылуы сөйлемдегі кейбір сөздердің мағынасына, сондай-ақ бүкіл сөйлемнің мағынасына тікелей байланысты.
Мәселен, Мен оның сөзінен байқаймын деген сөйлемді Мәлғұн шалдың сөздері, байқаймын, Пугачевті ойландырған сияқты (А. С. Пушкин)
деген сөйлеммен салыстыратын болсақ, мұндағы байқаймын сөзі екі түрлі мағынада жұмсалған. Бірінші сөйлемдегі байқаймын сөзі аңғарамын, білемін деген мағынада жұмсалып, белгілі бір сөйлем мүшесі болып тұр (баяндауыш), сондықтан да оған сөйлем мүшесіне тән сұрақ қойылады. Ал екінші сөйлемдегі байқаймын сөзінде ондай қасиет жоқ. Бұл - меніңше, байқауымша, тәрісзді мәнде қолданылып, жұмсалып тұр. Осыған орай қыстырма сөз сөйлем ортасында келгендіктен, оның екі жағынан бірдей үтір қойылады. Сондай-ақ көп нүкте, тырнақша, жақша, сұрау, леп белгілері сөйлемнің мағынасына негізделініп қойылады.
Сөйлемнің интонациясына орай
Тыныс белгілерін дұрыс қою интонациямен тікелей байланысты. Мәселен, хабарлай айтылған сөйлемнен соң кідіріс болады да, соған орай нүкте қойылады. Құрмалас сөйлемдерді оқығанда, құрмалас құрамындағы әрбір жай сөйлемдерден соң, сондай-ақ бірыңғай мүшелердің әрбір сұлуларынан соң кідіріс болып, олар үтір белгісімен ажыратылады. Ал сұраулы, лепті сөйлемдерді оқығанда, дауыс көтеріңкі айтылады да, тиісті тыныс белгісі қойылады.
Бастауыштан кейін қойылатын сызықшада интонацияның ролі айрықша көрінеді.
Мысалы: Еменнің иілгені - сынғаны. Көптің ісі - көл (мақал).
Бірінші, екінші сөйлемдегі сызықшалар бастауыш та, баяндауыш та зат есімнен немесе заттанған есімшеден болғандықтан қойылып тұр. Бұл сөйлемнің синтаксистік ерекшелігіне негізделеді. Сонымен қатар сызықша қойылып тұрған жерге кідіріс жасаймыз, әйтпесе сөйлемнің синтаксистік қызметі бұзылады.
Алайда сөйлемнің немесе сөздер мен сөз тіркестерінің айтылу интонациясы тыныс белгілерімен сәйкес келе бермейді.
Мысалы: Балықшы балықшыны ұзақтан көреді (мақал)
дегенде, балықшы дегеннен соң, сондай-ақ, балықшыны деген соң кідіріс жасалады, бірақ соған қарай үтір қойсақ, дұрыс болмас еді, өйткені бұл сауатты жазу ережелеріне сыйыспайды