Қорытынды: Хорезми түркі халықтары әдебиетінде «наме» жанрына өзінің «Мұхаббат-наме» дастаны арқылы тұңғыш рет жол ашты. «Наме» сөзінің бірнеше мән-мағынасы бар. Сондай-ақ «наме» — жанрлық форма ретінде мәлім. «Наме» сөзінің ең жиі ұшырайтын мағынасының бірі – арнау өлең түрінде жазған дастан, поэма деуге болады.
Хорезмидің «Мұхаббат-намесі» — дәл осындай арнау ретінде жазылған дастан. Мұнда екі ғашық жанның ой-сезімдері, айтар сөздері жігіттің жазған арнау хаттары арқылы берілген. Кезінде мұндай әдіс әдебиет жанрындағы айтарлықтай жаңалық болған. Бертін келе мұндай «намелер» лиро-эпикалық поэмаларға айналып кеткені әдебиет тарихынан мәлім.
«Мұхаббат-наме» дастанында жігіттің қызға жазған әрбір хатынан кейін месневи (аралас ұйқаспен келетін екі жол өлең), кейде ғәззал түріндегі жыр жолдары беріледі. Бұл — ақынның өзіндік поэтикалық тәсілі. Сондай-ақ бұл дастан поэзияның фард (өз алдына ұйқасып, біртұтас түйінделген ойды білдіретін екі жолды өлең) деп аталатын түрлеріне де негізделіп жазылған.
Хорезми өз қаһармандараның бейнесін айқындай түсу үшін өзінен бұрыңғы сөз зергерлерінің қолынан шыққан – Ләйлі мен Мәжнүн, Хұсрау мен Шырын, Жүсіп пен Зылиха сияқты ғажайып образдарды зор білгірлікпен, аса шеберлікпен, ұтымды пайдаланып отырады. Мұның өзі Хорезми кейіпкерлерінің бейнесін сан қырынан келіп көрсетуге келіп көмектеседі.
Қорыта айтқанда, Хорезми сәтсіз махаббаттың трагедиясын жырлай отырып, өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерін сөз етеді.
Алтын Орда дәуірінің ең таңдаулы туындыларының бірі болып саналатын «Мұхаббат-наме» дастанының әдеби, тілдік, тарихи тұрғыдан маңызы зор. Хорезмидің бұл ғажайып шығармасын танып-білу арқылы біз бүгінгі қазақ әдебиетіндегі поэма жанрының өмірге келу жолдарын, қазіргі қазақ тілінің даму сатыларын, халқымыздың өткендегі әдет-ғұрпын, салт-санасын т.б тереңірек ұғынатын боламыз.
Пайдаланылған әдебиеттер: https://el.kz/nazarbaevqa-men-boksshymyn-ursam-oltiremin-dep-ayttym-amalbek-tshan_73366/