Әнуарбекова маржан қосниязқызы


ҰЛЫ ДАЛА ТҰЛҒАЛАРЫ:МАҢЫЗЫ МЕН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ



бет4/5
Дата13.06.2022
өлшемі75,65 Kb.
#36767
1   2   3   4   5
ҰЛЫ ДАЛА ТҰЛҒАЛАРЫ:МАҢЫЗЫ МЕН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында халықтың өз мәдениетін, өзіндік ұлттық кодын сақтаудың маңыздылығын атап көрсетті. Тұңғыш президент атап көрсеткендей халықтың тәжірибесі мен дәстүрі модернизация жетістігінің маңызды шарты болып табылады. Шын мәнінде ұлттық-мәдени тамыр кез келген ұлт берік тұратын тірек. Өз халқыңның тарихын білмейінше ұлттық бірегейлікті сақтау мүмкін емес. Белгілі неміс ойшылы Гете «әлемдік тарихты уақыт өткен сайын қайта жазу керек» деп жазғанындай уақыт өткен сайын жаңа оқиғалар, жаңа көзқарастар болады. Бұл қазіргі таңда әлемдік тарихта тәуелсіз мемлекеттердің орын алуына орай олардың ролі мен орнын қайта қарау қажеттігімен де байланысты.
Атаусыз ұлт жоқ сияқты ұлттық құндылықтарсыз, өз топырағына терең тамыр жібермеген ұлт болмайды. Біздің заманымызға дейінгі III ғасырда өмір сүрген Қытай ойшылы Сюнь-цзы «Барлық жаңа туған сәбилердің үні бірдей. Бірақ өсе келе олар әртүрлі әдет-ғұрыпқа үйренеді»,- деп ұлттың жаратылысын әлеуметтік ортамен байланыстырған. Адамды ұлтымен, тілімен қатар, мәдениеті, салт-дәстүрі, табиғаты мен тарихы байланыстырады. Әр ұлттың өткені, болашағы туралы өздеріне тән өлшемі бар.
Біз – Ұлы даланың перзенттеріміз. Біз өз тарихымыз бен жаңа брендті байланыстыра отырып, Қазақстанды жаңа Қазақстан ретінде танытуымыз керек. Елбасы бізге неге өзімізді «Ұлы дала еліміз» деп атамасқа?» деген өте тамаша бастама тастаған еді. Расында, Жапонияны – «Күншығыс елі», Қытайды – «Аспанасты елі» не болмаса «Аждаһа елі», Исландия – «Вулкандар мекені», Мысыр – «Пирамидалар отаны», Канада – «Үйеңкі жапырақтылар елі», Индонезияны «үш мың Аралдың елі» деп атайды. Жалпы, ресми бекітілген атауымен қатар жерінің, елінің тұрмыс салтына, белгісіне орай қосымша атауларға ие мемлекеттер жер бетінде жеткілікті. Осы орайда шынында да Қазақ елін неге өзге жұрт «Ұлы дала елі» деп атамасқа? Өйткені осы Ұлы даланың ұрпағына өздерін өзгеге мойындататын кез жеткен сияқты. Шындығы сол, ата тарихқа көз салар болсақ, ежелден Тынық мұхитынан Дунайға, Байкалдан Балканға дейінгі аралықты «Ұлы дала» деп атаған. Ұлы Даланың оңтүстігі Қара теңізбен, батысы Карпат тауларымен, шығысы Қытаймен шектеседі. Онда арғымақ мініп, бес қаруын асынған көшпенділер өмір сүрді. Олар – кешегі сақтар, ғұндар, түркілер. Солардың көшпелі салтын өткен ғасырдың 30-жылдарына дейін сақтап қалған қазақтар. Демек, Ұлы даланың
иесі, кешегі күнше күркіреп өткен сақтардың, ғұндардың, түріктердің мұрагері қазақтар. Тарихтың бір қилы замандарында Ұлы даланы Дешті қыпшақ, Жошы ұлысы, Алтын Орда, Ақ Орда деп те атады. Сондықтан Ұлы Даланы Евразияның эквиваленті немесе оның қазақша атауы деп атауға болатын сияқты. Бәрібір қалай атаса да, бұл өлке «Ұлы дала» деген атауды сақтап қалды. Ұлы далада өмір сүрген көшпенділердің адамзаттың дамуында алар орны ерекше. Кәрі құрлық тұрғындары жабайы түрде жүргенде көшпенділер тері илеп киім киді, алтын-күмістің қадірін білді, темірден қару соқты, асауды ауыздықтап, белден-белге көшкенде жүк артатын арбаны ойлап тапты. Аспандағы жұлдызға қарап ауа райын анықтап, жүрер бағытын нақтылады. Мұның өзі үлкен жетістік. Ұлы дала өзіндік ерекшелікпен өркендеді, адамзат дамуының сатысына өз ерекшелігімен ат салысты. Оның барлығын сол Даланы мекендеген тұлғалар жасады.
Бүгінгі күні сол Ұлы далада Қазақстан деген атауға ие, мейманасы тасқан тәуелсіз қазақ елі өмір сүруде. Шындығы сол, Қазақстанды алдағы уақытта «Ұлы дала жұрты», «Ұлы далалықтар» деп атауға толық болады.
Бұл өзінің тарихи, мәдени және ұлттық бірегейлігін анықтау тұрғысынан Қазақстан үшін өте маңызды болып табылады. Өз тарихыңды білу түркі әлемінің құрамдас бөлігі ретіндегі Қазақстандағы патроиттық тәрбие үшін де маңызды. Өзінің отарлық статусы кезінде Қазақстан өз тарихын тиісті деңгейде жаза алмаған болса, тәуелсіз ел ретіндегі қазіргі тарихи жағдайда Отан тарихын әлемдік тарих контексінде жаңаша көзқарас тұрғысынан, европоцентризмнен және аңыздық бүркемелеуден ада күйде қайта қарап, зерттеуі қажет. Әр халықтың, әр жеке тұлғаның өз тарихы, онда шарықтау мен құлдырау беттері орын алатыны белгілі. Әлемдік тарихты құрастыруда жеке халықтардың үлесі толыққанды жазылуы аса маңызды. Неміс философы Д.Риккерт тарихтың үш түрін көрсетеді. Олар: эмпирикалық тарих, теориялық тарих және тарих философиясы[1,176] Осының ішінде тарих философиясы тарихи үрдісті жинақтап, жеке «тарих» мәліметтерін біртұтас тарихқа біріктіру, тарихтың мәнін ашу, тарихи таным әдіснамасын жасау міндеттерін атқарады. Осы тарих философиясы тұрғысынан алсақ қазақ халқының тарихын бүкіл түркілік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде оның әлемдік тарихтағы ролін, оның әлемдік өркениетке қосқан үлесін, әлемдік тарихтағы орнын көрсету қажеттілік.
Тарих обьективтілік пен субьективтіліктің бірлігі, яғни ол бір жағынан, адамдардың еркі мен тілегінен тыс дамиды, ал екінші жағынан ол сол адамдардың тарихы болып табылады.
Модернизация дәуірінің маңызды көрсеткіштерінің бірі Қазақстан тарихындағы, Қилы далада өмір сүрген белгілі тарихи қайраткерлердің ролін зерттеу болып табылады. Елбасы өз мақаласында «бұқаралық санада тарихи үрдіс персонификациялық сипатта көрініс алатынын» атап көрсеткендей әлем халықтарының тарихында мақтаныш етер өкілдері болғаны және олардың халық жадында мәңгіге сақталғаны белгілі. Ондай тұлғалар Қазақстан тарихында да аз емес.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» деген бағдарламалық мақаласынан Ұлы даланы мекендеген түркі халықтарының тарихын анық танығандай боласың. Ұлы дала деген термин алғаш рет әйгілі тарихшы Рене Груссенің 1938 жылы жарыққа шыққан «Ұлы дала империялары» деген еңбегінде әлемдік тарихнамаға алғаш енді. Елбасы өзінің әр сөздерінде Ұлы даланың халқымыздың рәміздік киелі нысаны болғанын айтып келеді. Сондықтан Ұлы дала ұғымы бүгінде Қазақстанның ұлттық кодына айналып үлгерді. Мақалада Мемлекет басшысы Ұлы даланың қастерлі қасиеттеріне, сан түрлі қырына айрықша тоқталғанын білеміз. Біздің Ұлы даламыздың ғалам мәдениеті мен өркениетінде өзіндік орны бар. Оған ешкімнің таласы болмауы тиіс. Тек соны нақтылап, шегелеу үшін алдымен оның мәні мен маңызын өзіміз жете түсініп, түйсінуіміз керек. Алтайдан Алатауға дейінгі, Байкалдан Балқанға дейінгі алып аумақты жайлаған халықтардың бәрінің түп-тамыры Ұлы даладан бастау алып жатыр. Елбасы мақаласында айтылғандай, «бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткен». Қыран ұшса қанаты талатын, құлан жортса тұяғы тозатын шексіз кеңістікте ғұмыр кешкен бабаларымыз осы жерге иелік етіп, Ұлы дала өркениетін қалыптастырған. Мысыр, Қытай, Үнді, Рим секілді іргелі елдермен қарым қатынас орнатып, оларға балама өркениет құрған Түркі әлемі Шығыс пен Батыстың, солтүстік пен оңтүстіктің арасын жалғаған Ұлы Жібек жолы арқылы әлемдік саудаға, дүниежүзілік дипломатияның дамуына жағдай жасаған.
Осындай Ұлы дала өз жерінде оның дамуына ықпал ететіндей ұлы тұлғаларды да дүниеге әкелді. Ұлы тұлғалар туылмайды, Плеханов атап көрсеткендей олар белгілі бір тарихи жағдайларда қалыптасады [2,300]. Ұлы мемлекеттік тұлғаға айналу үшін тарихтың бұралаңында пайда болатын ерекше бір жағдайлар қажет. Қиындықтарды жеңе отырып адам тұлғаға айналады. Бір сөзбен айтқанда көрнекті тұлға – маңызды тарихи кезеңнің өнімі.
Өйткені белгілі бір тарихи кезеңде ұлы тұлғалар туындайды. Яғни тарихи кезеңде әлемдік тарихи маңызға ие нақты бір шешімдерді қабылдау үшін, әрекет ету үшін қажетті жағдайлар туындайды. Сол кезеңде ерекше ақыл-ойы бар, нақты жағдайда қоғамға не қажет екенін түсінетін нақты қадам жасаған адамдар пайда болады. Сол тұлғалар қоғамда қалыптасқан қайшылықты шешіп, қоғамды талқандалудан, бүлінуден құтқарады. Мысалы, Қазақстан тарихындағы жоңғар шапқыншылығынан елді құтқару үшін өз ақылдарын ортаға салып, шешім шығарып, батыл әрекетке барған Абылай, Бөкенбай, Қабанбай және тағы басқа аты қалған тарихи тұлғалардың шығуы осының бір дәлелі болып табылады. Ұлы тұлға болу үшін нақты бір тарихи жағдай жеткілікті десек қателескен боламыз. Нақты тарихи жағдайдан басқа жоғарыда атап көрсеткеніміздей ақыл-ой, ерекше қасиеттер де қажет. Әсіресе тарихтың дүрбелең кезеңіндегі тұлғаның ақыл-ойы мен мінезінің ролі зор. Соғысты алсақ қолбасшыдан батылдық, табандылық, жағдайға тез баға бере алушылық, шұғыл шешім қабылдай алушылық сияқты қасиеттер талап етіледі. Себебі сол жағдайдағы шайқас барысынан армияның, мемлекеттің тағдыры шешілуі мүмкін. Мысалы, Мәскеу шайқасындағы 316- атқыштар дивизиясының, генерал-майор И.В.Панфиловтың, аға лейтенант Бауыржан Момышұлының әрекеті мен ерлігі соғыс барысындағы түбегейлі бетбұрысқа жол ашты.
Тұлғаның іс-әрекеті конструктивті де, деструктивті де сипатқа ие болуы қажет. Мысалы Наполеон Бонапарт мықты басқару жүйесі, заңдар жинағын қабылдауымен ұлы болып қалды, ол Францияда тәртіп орнатушы ретінде, ал Сталинді қанша сынға алса да ол әлемді фашизмнен құтқарушы, Черчильдің сөзімен айтқанда «Ресейді соқамен қабылдап, атом бомбасымен қалдырған» адам ретінде есте қалды.
Абылай хан халық есінде тәуелсіз қазақ мемлекеттілігінің символы ретінде қалды. Абылай ханмен бірге Қасым хан, Тәуке хан өз шешімдерімен қазақтарды біріктіре алған, мемлекетті қаупісіздендіре алған, заң мен тәртіпті бекіте алған тұлғалар ретінде есте қалып, оларға құрмет көрсетіліп отыр.
Францияның ұлы ойшылдары ретінде Вольтер, Бальзак өзінің керемет туындыларымен француз ағартушылық ойын дамытып, француздардың әлемдік өркениетке қосқан үлесін көрсетсе, Абай өзінің шығармашылығымен туған елін әлемдік өркениеттің байлықтарына жақындатты және сонымен бірге оған қазақ этносының үздік рухани құндылықтарын енгізді. Қазақ халқының ұлттық санасының оянуына, әлеуметтік-саяси және философиялық-этикалық ойды дамытуға, жаңа қазақ әдебиетін қалыптастыру мен қазақ әдеби тілін бекітуге қосқан үлесі Абайды ұлы ойшыл ретінде мәңгі есте қалдырып отыр.
Сонымен қатар халықтың ұлттық сана-сезімінің өсуі де белгілі бір тарихи кезеңнің
жемісі. ХХ ғасырдың басында қалыптасқан саяси жағдайлар Ресейде А.И.Гучков, П.Н.Милюков, В.И.Вернадский және т.б. сияқты либералдық-демократиялық зиялы қауымды қалыптастырса, осы кезеңде Қазақстанда А.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев сияқты либеральдық-демократиялық зиялы қауым өкілдері шықты. Осының өзі қазақ қоғамының, Ол мекен еткен Ұлы Даланың тарихи дамудан тыс қалмай Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздікті алуы және демократияландыру процесіне өзіндік үлестерін қосуымен есте қалады.
Ұлы тұлғалар өздерінің саяси және рухани еңбегі арқылы қоғам қажеттіліктерін толық қанағаттандырып, оның дамуына айтарлықтай әсер еткен, атқарған қызметі өз мемлекетінің аясынан шығып, бүкіл әлемге пайдасын тигізіп, баршаға әйгілі болған адамдар. Сондықтан кезкелген мемлекет тарихы ұлы тұлғалар ісінің призмасы арқылы айқын, әрі әсерлі көрінеді. Оның үстіне тарихи дамудың өзі кейде осы тұлғалармен сәйкестендіріледі, тұлғалар әрекеті мен қызметі арқылы біз мемлекетіміздің жалпы тарихи үрдістен оқшау қалмағанын көрсете аламыз.
Өз тарихындағы ұлы тұлғалардың тарихын әлемдік тарихқа ортақ еткізу адам баласының өз еліне, оның тарихына, оны жасаған ұлы тұлғаларға деген мақтаныш сезімін қалыптастырады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2007 жылғы 27 мамырдағы Еуразиялық Ұлттық университеттің студенттері алдындағы дәрісінде «біздің бабаларымыз қазіргі Қазақстанның ұлан байтақ даласын қорғап, төл мәдениетін сақтап, өмірді түйсіну мен танудың ерекше түрін бізге мұра етіп қалдырды. Бұл дала халқының бостандық сүйе білуі мен айбындылығы тарихтың қатал кезеңдерінде де жоғалтылмай, ата-бабаларымыз біз үшін сақтай алды» деп атап көрсеткендей біз сол тұлғаларды дәріптеу арқы қазақты әлемге таныта аларымыз сөзсіз[3]. Кезінде «Менің Әуезовым» деп роман жазған академик Зейнолла Қабдолов «Толстойды оқымай орысты, Бальзакты оқымай французды, Әуезовты оқымай қазақты білдімдеу сондай қиын» деп жазғанындай ұлы тұлғаларды сомдайтын шығармаларды туғызып, оны басқа тілдерге аудару арқылы біз өзімізді таныта аламыз. Оны кезінде «Абай жолы» романын оқыған камерун прозашысы Бенжамин Матип: «Қазақтар туралы бұрын-соңды ештеңе естімегенмін. Шынында, бұл қазақтар – неткен ғажайып халық! Осы керемет «Абай» романында қандай тамаша суреттелген!» десе, неміс жазушысы Альфред Курелла: «Сіз әлі Абайды оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағансыз... Сіз сол дәуірді көзіңізбен
көргендей айна-қатесіз танисыз.» деп жазғанынан сол М.Әуезов тұлға ретінде «Абай жолы» еңбегі арқылы ұлы Абай бейнесін, сол арқылы бір дүйім ел тарихын әлемге танытып отыр. Сондықтан да қазақ тарихының барлық кезеңдеріндегі ұлы тұлғалар бейнесін дәріптеу, олар туралы ғылыми еңбектер жазу арқылы біз өз халқымыздың тарихын, оның әлемдік тарихтағы орнын көрсете аламыз.
Қазіргі таңда біз сыртқы, ішкі саясатта да Ұлы дала образын қалыптастыруымыз керек. Ол үшін тек үгіт-насихат жүргізіп қана қоймай, әр намысты адам Ұлы дала деген ұғымды алдымен өз жүрегінен, көкірегінен өткізгені жөн. Ол үшін керемет әсер беретін шығармалар жазылып, кинолар түсірілуі керек. Мысалы, Жапония «Күншығыс елі» деген атауды бізге өздерінің кітаптары, кинолары, мәдениеті, философиясы арқылы санамызға сіңіре білді. 1929 жылы Ұлы депрессия кезінде АҚШ-та «Жаңа бағыт» деген аса ауқымды бағдарлама қабылданды. Ол бағдарламаның қабылдану тарихын оқып біліп отырмыз. Осы бағдарламаның бір тармағы мәдениетті дамыту деп аталған. Онда ақын, жазушылар, әншілер, т.б. өнер адамдары қауырт жұмыс жүріп жатқан аймақтарға, штаттарға барып, сол жерде көргендері жөнінде мақала, шығармалар жазады. Оны оқыған жұрт сол туындыға арқау болған жерге баруға деген аңсары ауады. Сөйтіп шығармалар арқылы адам басқа дүниемен танысып, сол жерді көруге асығады. Өздерімен пара-пар ерекше халық және онымен танысу туралы ой келеді. Сондықтан тарихты жазу арқылы біз еліміздің әсем табиғатын суреттей отырып басқалардың назарын Ұлы Далаға аударамыз.
Біз өз тарихымыздағы ұлы тұлғалар туралы, оны өз тарихымыз бен жерімізбен байланыстыра керемет туындылар жаза алсақ, не болмаса сырттан келген белгілі бір үлкен тұлға біздің еліміз жайында жазып, жылы пікір білдіретін дәрежеге қол жеткізсек ол да бір жетістік. Бір ғана мысал, тау шаңғысы туралы айтсақ, оның атасы – атақты жазушы Артур Конан Дойл жолы түсіп Швейцарияға барып, таудан төмен шаңғы теуіпті. Бұл жөнінде кейін еліне барып керемет қылып жазған. Соны оқыған жұрт артынша Швейцарияға ағылған. Қазір бұл ел таудан шаңғымен сырғанайтын ел атанды. Көрдіңіз бе, бір адамның еңбегі қандай! Біз «Ұлы дала» деген ұғымды өзіміздің де, өзгенің де санасына құю жолын қарастырумыз керек.
Демек, Қазақстанды «Ұлы дала елі» деп әспеттейтін кез жетті. Енді өзге жұрттың санасына бізді солай деп атау үшін қадау-қадау іргелі тірліктер жасау керек. Ұлы даланың өткені мен бүгінінен сыр тартатын көркем және деректі фильмдер түсіріліп, мән-мағынасы кең туындылар жазылуы тиіс. Бұл біздің елімізді дәріптемеумен қатар өз ұлтымыздың мәңгі жасампаз болуы үшін де қажетті жағдай. Ұлы Даланың ұлы тұлғаларын дәріптеудегі басты идея олардың арасындағы сабақтастықты көрсете алу. Мысалы европалық Өркендеу кезіндегі демократиялық мемлекет туралы негізгі концепция Ұлы Далада әл Фараби шығармаларында көрініс алған прициптерден бастау алса, бірнеше ғасырдан кейін ол Жүсіп Баласағұнда «бақытты болудың ғылымы» концепциясымен жалғасын табады, сонымен қатар жетілген адам тура ой Абай мен Шәкәрім еңбектерінде де көрініс табады. Сондықтан да Ұлы Даланың құдіреттілігін дәріпеуде ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, деялардың, негізгі тұжырымдар мен ойдың сабақтаса дамуын дәлелдей алуымыз керек. Ұлы Даланың ұлы есімдері туралы жазғанда оны ешқандай аңызға айналдырмай шынайылығымен нақты дәлелдермен көрсету қажет. Ол үшін отандық ғалымдарға біздің тарихымыздың деректері сақталған Қытай, Иран, Ресей мұрағаттарында тер төгуге, бірлескен жұмыстар атқаруға тура келеді. Осыған орай мұрағаттардағы жұмыс тарихи тұлғалардың туралы орасан зор материалдың жинақталуына ықпал етсе, Ұлы даланың Ұлы есімдерінің энциклопедиясын жасақтау, оны заманауи форматқа көшіру келешек ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің келелі міндеттерін шешері сөзсіз.
Тарихы көнермей, бабалар ерлігін жадында жаттаған ұлт қана өзгелермен терезесі тең ел ретінде өмір сүре алады. Тарихын аялаған ел ғана бабалар негізін салған ұлы көштен ғибрат алып, келешегіне нық сеніммен қарап, Ұлы даланың адал перзенттері ретінде алға нық баса алады. Елбасымыз: «Тарих дегеніміз тек өткеннің сабағы ғана емес. Ол – едәуір дәрежеде болашақтың да көрінісі. Қазақстан тәуелсіздігінің тарихы аппақ парақ бетіне өздігінен түсе қалған жоқ, оның көне дәстүрлері бар. Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну және болашақтың дидарын көзге елестету үшін біз өткенге көз жіберуіміз керек» деп, өткенге тың көзқараспен қарауға үндеуінің өзі Ұлы даланың ұлы есімдерін дәріптеп оларды әлемнің өзге елдерінің тұлғаларымен тең қоя алатындай дәрежеде жұмыстану міндетін қояды. Ұлы даланың ұлы тұлғаларын дәріптеу ұлттық кодтың бір маңызды индикаторы. Сонымен қатар Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғалардың өмірлік қызметінің тарихы қазақстандық отаншылдықты қалыптастыру факторларының бірі болып табылады. Өйткені төл тарихын білетін, оны бағалап, мақтан ететін ұрпағы бар халықтың болашағы зор болатыны кәміл.
Пайдаланылған әдебиеттер мен деректер тізімі:
1. Риккерт Г. Философия жизни.-К.:Ника-Центр.-1998.-512 с.
2. Плеханов Г.В. к вопросу о роли личности в истории //Избранные философские
произведение. Т.2.- М.:Госиздат.,1956.-824с.
3. Н.Ә.Назарбаевтың Л.Гумилев атындағы университет студенттері алдындағы сөзі
//Казахстанская правда, 2007, 27 мамыр
4. https://wiki2.org/ru/ Путь Абая.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет