Ересек адамдардың тыңдалым дағдысын қалыптастыру және бағалау үдерісі
ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығы Қазтест жүйесін дамыту басқармасының сарапшылары А.Бердіқұлова, Ш. Жұмағұлова Аннотация: Мақалада сөйлеу әрекетінің рецептивті түрі – Тыңдалым әрекетінің ерекшеліктері, тілді меңгерудегі рөлі, тыңдалымның мақсаты, тыңдалым әрекетінің деңгейлік сипаттамасы, тыңдалым материалдары, Қазтест жүйесіндегі Тыңдалым бөлігі, тыңдалым дағдысын қалыптастыру мен бағалау туралы мәліметтер ұсынылады.
Күнделікті өмірде қарым-қатынасты жүзеге асыру үшін ересек адамдар уақытының 9 %-н жазуға, 16 %-н оқуға, 30 %-н сөйлесуге, 45 %-н сөйлеуді қабылдау, тыңдауға жұмсайды екен.
Тыңдалым есте сақтау қабілетін дамытып, сөйлесім әрекетіне апаратын бірден бір құрал болып табылады. Өйткені адам ақпаратты естіп қана қоймай, айтылған ойды қорытындылайды және іштей жауап қайтаруға дайындалады. Адамзат ақпараттың көп бөлігін есту арқылы қабылдайтын болғандықтан, тыңдалымның тіл меңгеруде маңызы зор.
Тыңдалым бөлігі сөйлеу әрекетінің түрі ретінде ХХ ғасырдың 60 жылдарынан бастап зерттеле бастаған. «Тыңдалым» терминін алғаш рет американдық психолог Браун енгізді. Алғашқы кезде «ауызша айтылған сөзді түсіну» деген термин ретінде қолданылған.
Тыңдалым, әсіресе, шетел тілін үйренуде таптырмайтын әдіс. Ол сол тілдің дыбыстық ерекшеліктерін, сөз екпінін, ырғағын меңгеруде көп көмектеседі. Кез келген тілде тыңдалым белсенді зейін және назарды талап етеді. Зейін қойып тыңдау қабілеті төмен адамдарға тыңдалым қиын соғуы мүмкін.
Тыңдалым тіл әрекетінің төрт түрінің алғашқысы:
Тыңдалым
Сөйлесім
Оқылым
Жазылым
Белгілі бір тілде еркін сөйлеу үшін, алдымен, тіл үйренуші тыңдау дағдысын жетілдіру қажет. Тыңдалым адамдардың өзара түсінісуіне, қарым-қатынас барысында анық сөйлеулеріне көмектеседі. Тыңдалым арқылы сөздерді анық дыбыстау, интонацияны дұрыс қолдану, сөздерде және сөйлемдерде екпінді дұрыс қою дағдылары қалыптасады.
Тыңдау мен есту – екеуі екі бөлек нәрсе. Есту – автоматты түрде жүзеге асатын физикалық процесс. Тыңдау физикалық зейінмен қатар ақыл-ой зейінін де талап етеді.
Тыңдаудың бірнеше түрі бар:
Ақпараттық тыңдалым (үйрену үшін)
Сыни тыңдалым (бағалау және саралау үшін)
Терапевтік немесе эмоционалдық тыңдалым (сезім мен эмоцияны түсіну үшін)
Белгілі бір тыңдалым материалын тыңдау барысында бір ғана емес, бірнеше мақсат болуы мүмкін. Мысалы, бір уақытта ақпаратты қабылдай отырып, сыни көзқараспен қарау.
Есту барысында белгілі бір мәлімет алу – ақпараттық тыңдалым. Ол күнделікті өмірде, білім саласында, жұмыс орнында, жаңалық естігенде, деректі фильм көргенде, т.б. жағдаяттарда кездеседі.
Тыңдалымның барлық түрі «белсенді», олар ақпаратты түсіну үшін зейін қою мен саналы күш салуды қажет етеді. Алайда ақпараттық тыңдалымның тыңдалымның басқа түрлеріне қарағанда белсенділігі төмендеу. Жаңа ақпаратты, фактілерді тыңдап, қабылдаймыз, бірақ саралап, сынамаймыз.
Айтылған мәліметті бағалау, талдау мақсатында тыңдау – сыни тыңдалым. Сыни тыңдалым ақпараттық тыңдалымға қарағанда белсендірек болып келіп, мәселені шешу, шешім қабылдау сияқты белсенді әрекеттерді қажет етеді. Cыни тыңдалым естіген ақпараттың дұрыс немесе бұрыс екенін анықтау емес, ақпаратты тыңдау барысында «сөйлеуші не туралы айтып жатыр?», «басты ақпарат не?» деген сияқты сұрақтардың туындауы.
Терапевтік немесе эмпатиялық тыңдалым сөйлеушінің сезімін және эмоциясын түсінуге тырысу, өзін сол адамның орнына қойып, өз ойымен бөлісу. Эмпатиялық тыңдалымды тыңдалымның ең күрделі түрі деуге болады. Ол басқа біреуге жай ғана аяушылық таныту емес, одан да терең дүние – өзге адамның көзқарасын ұғыну, түсіну.
Жақсы тыңдаушы айтылған мәліметті тыңдаумен қатар, айтылмай қалған немесе жартылай айтылған мәліметті де аңғара алады. Тиімді тыңдалымның маңызды қағидаларының бірі тек қана сөздерді емес, идеяларды тыңдау керек. Жекелеген бөліктерді емес, толық көріністі алу қажет. Басқа біреудің идеясын анықтау үшін барлық ақпаратты бір-бірімен байланыстыру – тыңдалымның қиын аспектілерінің бірі болуы мүмкін. Алайда зейін қою, кедергі келтіретін өзге факторларға жол бермеу, тыңдалым кезінде жинақталу мәселені оңтайландырады.
Тыңдалымның тиімді дағдыларын жинақтау мақсатында Корнель университетінің профессоры Джуди Браунелл HURIER үлгісін әзірледі.
Еcту (hearing). Бұл тұста «есту» өте кең мағынада қолданылады. Оған тек физикалық акт емес, сондай-ақ бейвербалды амалдарды, дауыс тонын қабылдау сияқты әрекеттер де жатады.
Түсіну (understanding). Ақпарат тыңдалғаннан кейінгі қадам – оны түсіну. Барлық естілген ақпаратты бір-бірімен байланыстыра отырып, біртұтас түсінік қалыптастыру.
Есте сақтау (remembering). Есте сақтау үшін фокус қажет. Жақсы тыңдаушы толық ақпаратты есте сақтай алуы керек.
Түсіндіру (іnterpreting). Түсіндіру түсінуге негізделеді және оны жетілдіре түседі. Бұл жерде тыңдаушы ақпаратты дұрыс түсіндіру үшін өзі қате түсініктен аулақ болуы шарт.
Бағалау (evaluating). Бағалау тыңдаушыдан айтылған ақпаратты ұғынықты түрде қабылдауды, алдын ала қорытынды жасамауды талап етеді. Барлық ақпаратты бағалап, содан кейін ғана жауап қайтару керек.
Жауап қайтару (responding). Жауап нақты, естіген ақпаратты түсінгеніңді көрсете алатындай болуы тиіс. Ол үшін түсіндіре білу, ой-толғау сияқты дағдыларды қолдану қажет.
HURIER үлгісі нәтижелі тыңдалымның негізгі бөліктерін сипаттау және есте сақтаудың тиімді тәсілі бола алады. Қорыта айтқанда, белсенді тыңдаушы нақты түсінік қалыптастыру үшін бір уақытта ақпаратты тыңдай да, түсіне де, түсіндіре де, бағалай да алуы қажет.
Тыңдалымның басқа сөйлеу әрекеттерімен салыстырғанда қиындау болатынының алғашқы себебі – бір рет қана дыбысталуы.
Жоғарыда тыңдалымның тіл әрекетінің төрт түрінің алғашқысы екені айтылды. Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың отандық жүйесі – Қазтестте де Тыңдалым алғашқы бөлік болып саналады. Бұл тұста сыни тыңдаудың маңызы зор. Аудиоматериал бір рет қана тыңдалады. Алдымен ақпаратты естіп, түсініп, есте сақтап, тапсырмаларды орындау барысында естіген материалды бағалай білу қажет.
Қазтест жүйесінің Тыңдалым бөлігінің тест тапсырмалары қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерінің ұлттық стандарттарына (5 деңгей бойынша) және тест спецификациясына сәйкес әзірленеді.
Мәтін диалог, монолог, әңгіме, хабарландыру түрінде болса, формасы бойынша сипаттау, мазмұндау, пікірталас, баяндау, әңгімелеу, нұсқаулық түрінде беріледі.
Мәтін мазмұны жағынан коммуникативті, қызықты, заманауи, контингентке сай, шынайы, яғни күнделікті өмірде жағдаяттарға сәйкес құрастырылады немесе ақпарат көздерінен алынады.
Диалог мазмұнына қатысты бірқатар талаптар бар: