Химиялық реактивтермен жұмыс iстегенде келесi ережелердi ұстану керек:
-сұйық және құрғақ реактивтер салынған құтылар әрқашанда тығындаулы болуы керек. Құтыларды тек реактив керек болған кезде ашып реактивтiң керектi мөлшерiн алғаннан кейiн iлезде жауып қою керек;
- құтылардың тығындарын ауыстырмау керек. Әр құтыны өз тығынымен жабу қажет. Бұлай етпеген жағдайда реактивтер бiр- бiрiмен араласып сапасы төмендеп, тәжiрибе жасауға жарамсыз болып қалады;
- егер реактив құтыдан керектi мөлшерден артық алынса, артық мөлшерiн кейiн құтыға қайта құюға болмайды, себебi құтыдағы таза реактивтiң сапасының төмендеу қаупi туады;
- пайдаланылатын реактивтердi жеке жұмыс столына алып кетуге болмайды;
- сұйық реактивтердi құтының этикеткасын жоғары қаратып құю керек, сонда реактив этикеткаға тимейдi, этикетка бүлiнбейдi;
- реактив алу үшiн құтыны ашқанда тығынды қолда ұстау керек, не болмаса тығынның құтыға қарайтын жағын жоғары қаратып стол үстiне қоя тұру керек;
- тәжiрибе жасағанда пипеткамен реактивтiң аз мөлшерiн (1-3 тамшы) алуға тырысу керек. Тек әдейi көрсетiлген жағдайларда ғана бiрнеше мл алуға болады;
- реактивтердiң дәмiн көруге болмайды, себебi көп реактивтер улы заттар.
- күмiс тұздарының ерiтiндiлерiнiң қалдықтарын әдейi арналған ыдыстарға құйып жинау қажет. Себебi күмiс тұздары өте қымбат реактивтерге жатады. Артынан қалдықтар жиынтығынан күмiс катионы тотықсыздандырылып металл күйiнде бөлiнiп алынады;
- сiлтiлер мен қышқылдарды қалың қабырғалы шыны ыдыста сақтау керек. Жұқа қабырғалы шыны ыдыста сақтауға болмайды, себебi қышқылдар мен негiздердiң әсерiнен шыны желiнiп жұқарып сынып кетуi мүмкiн.
Достарыңызбен бөлісу: |