1.1 Жалпы мәліметтер
Барлық бейорганикалық қосылыстар екi топқа бөлiнедi:
- қарапайым заттар;
- күрделi заттар.
Молекулалары бiр элементтiң атомдарынан тұратын қосылыстар қарапайым деп аталады. Қарапайым қосылыстар металдар және бейметалдар болып екiге бөлiнедi. Молекулалары әртүрлi элементтердің атомдарынан тұратын қосылыстар күрделi деп аталады. Күрделi қосылыстар төрт класқа жiктеледi:
- оксидтер;
- негiздер;
- қышқылдар;
- тұздар.
1.2 Тәжірибелік бөлім
1.2.1 Оксидтердi алу
Тәжiрибе 1
Мыс сымды спиртовка жалынында ұстаңдар. Сымның түсi қалай өзгердi? Мыс ауаның құрамына кiретiн қандай газбен әрекеттеседi ? Реакция теңдеуiн жазып, реакцияға түскен және алынған өнiмдердi атаңдар.
Тәжiрибе 2 Тартпа шкафта орындау керек!
Темiр қасыққа аздап күкiрт салып, оны спиртовка жалынында ұстандар. Абайлап бөлiнiп жатқан газды анықтаңдар. Бейметалдың ауаның құрамындағы оттекпен әрекеттесу реакциясының теңдеуiн жазыңдар. Реакцияға түскен және түзілген заттарды атаңдар.
Тәжiрибе 3
Пробиркаға 5 – 6 тамшы AgNO3 ерiтiндiсiн және осындай көлемде NаОН ерiтiндiсiн құйыңдар. Қандай зат тұнбаға түстi? Реакция тендеуін жазыңыз. Мүмкіндік болса тұнба бетiндегi сұйықты төгiңдер. Пробиркада қалған тұнбаны қарайғанша қыздырыңдар. Қандай реакция жүрдi ? Реакция теңдеуiн жазыңдар. Алынған және түзiлген заттарды атаңдар.
Достарыңызбен бөлісу: |