Әрқандай ерік әрекеті өзінің күрделігімен ерекшеленеді. Ниеттелген мақсат анық болып, орындалу жағдайларына сәйкес әрі тікелей іс-әрекетке өтетін болса, әнгіме қарапайым ерік әрекеті жөнінде болғаны. Ал күрделі ерік әрекетінде ықпал жасаушы импульстер мен нақты әрекеттер арасына қосымша ерік бірліктері енеді. Ерік процесінің мәнді кезеңдері мен бөліктерінің құрамы келесідей:
ниеттің туындауы мен мақсат белгілеу;
талдау, талқылау кезеңі мен сеп-түрткілер таласы;
шешім қабылдау;
орындау.
ниеттің туындауы мен мақсат белгілеу
Ниеттің бәрі бірдей саналы болып келе бермейді. Қандай да қажеттік өз түсінім денгейіне орай құмарлық немесе тілек сипатын алады. Егер тұлға өз жағдайына қанағаттанбаса, сонымен бірге, осыған байланысты қажеттік толығымен өзіне әлі түсініксіз болса, оның мақсатқа жету жолы мен шараларының күңгірт болғаны. Бұл жағдайда оны іске итермелейтін әшиін құмарлық, көрсеқызарлық. Құмарлықта адам өзіне бірдеңенің керектігін сезінеді, бірақ сол нәрсенің не екеніне көзі қанық жетпейді, қажеттігін нақты түсінбейді.
талдау, талқылау кезеңі мен сеп-түрткілер таласы;
Тілеу - бұл алдымен әрекетке келтіруші себепті түсіну кезеңі. Әрқандай қылықтың сеп-түрткісіне, кейін мақсатына айналудан бұрын тілік сарапталып, бағаланады; оның орындалуына кедергі не қолдау беретін шарттар өлшестіріледі. Тілек іс-әрекет сеп-түрткісі сияқты өзінің туындауына себепші болған қажеттіктің айқындығымен ерекшеленеді. Ынталандырушы күшке негізделген тілек адам санасын болашақ мақсатқа ойыстырып, жоспар түздіреді, сонымен бірге ол мақсаттың орындалу жолдары мен құрал-жабдықтарын ақылға сай нақтылайды.
Сеп-түрткілер күресі - бұл әлі бастамаған әртүрлі әрекеттердің оң не теріс тараптарын, қай жағдайда қандай әрекетке кірісу қажеттігін таңдауға бағышталған адамның талқылау ісінің жүруі. Сеп-түрткілер таласы жағдайында адам үлкен толғанысқа келіп, өз санасы мен сезімінің, қара басы мен қоғам мүдделері арасындағы қарама-қарсылықтарды жеңе алмай, өз "қалауы" мен сырттан қойылған міндет "талауына" түседі.