Ерлік – елдің туы



Дата10.02.2023
өлшемі18,95 Kb.
#66882
Байланысты:
ауған мақала


Ерлік – елдің туы

Ауған соғысы жөнінде не білеміз? Талай ата-ананы баласынан айырған бұл соғыс қайдан шықты? Жат мемлекеттің ішкі ісіне неге КСРО араласты? «Ауғандықтардың» бүгінгі ахуалы нешік? Біз бүгін сол жөнінде әңгіме қозғағанды жөн көріп отырмыз.


1978 жылдың 27 сәуірінде Ауғанстанда төңкеріс жасалып, Нұр-Мұхаммед Тараки таққа отырды. Оның серігі Хафизулла Амин орынбасар болып тағайындалды. Бірақ Тараки мен Аминнің елдегі дүрбелеңді басуға шамалары жетпеді. Тағы шайқала бастаған Н.Тараки жағдайды реттеу үшін 1978 жылы наурыз айында КСРО астанасы Мәскеуге жасырын келіп, көмек сұрайды. Міне, осы жерден бастап Тараки мен Аминнің жолы екі айрылады. Өйткені, Амин тақ иесінің Мәскеуге жалтақтағанын тіпті де құп көрмейтін. Ауған халқының басым бөлігі, әрине Аминнің жағына шығады. Таракидің де жақтастары аз емес-тін. Ел екіге бөлініп, әрбір қалада соғыс оты тұтана бастайды. Жағдайды сырттай бақылап отырған КСРО ел ішінде беделі күрт көтеріліп бара жатқан Аминнің көзін құртуға кіріседі. Ол үшін әрине, таққа «өз адамын» отырғызу керек еді.
Осы тұста КСРО іске белсене араласа бастайды. Кеңес одағы коммунистік партиясы Және КСРО басшылығы Ауғанстандағы төңкеріс нәтижесінде билікке келген «халықтық-демократиялық үкіметті» қолдап, көршілес елдің социалистік бағытпен дамуын көздеп, «интернационалдық әскери жәрдем береміз» деген сылтаумен оның ішкі істеріне белсене кірісті. Болашақ Ауғанстан Демократиялық Республикасын басқаруға 1978 жылы тамыз айында Чехословакиядан Мәскеуге келіп орныққан «Парчам» ұйымының жетекшісі Бабрак Кармал лайық деп табылады.
КСРО басшысы Л.Брежнев және КОКП ОК Саяси бюросының мүшелері Ю.Андропов, А.Громыко, М.Суслов және Д.Устиновтің келісімімен 1979 жылы 25 желтоқсанда Ауғанстанға әскер кіргізу жөнінде шешім қабылдайды. Бұл шешімнің салдары 1979 жылдың 25 желтоқсанынан басталып, 9 жыл 1 ай 25 күнге созылған соғысқа әкеліп соқтырды. 1989 жылдың 15 ақпанында КСРО халқы Әмудария өзеніндегі көпірдің үстінде Ауғанстаннан қайтқан 40-армияның жауынгерлерін салтанатпен қарсы алды. 30 жылдық тарихы бар, талай отбасының берекесін кетіріп, жанын шүберекке түйгізген бұл соғыс көптеген адамдардың өмірінде де өз ізін қалдырды.
Ауған соғысы – Кеңес одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. Статистикалық деректерге сүйенсек, он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстандағы шектеулі контингент әскерлері құрамында, оның ішінде оңтүстік өңірінен 2073 жауынгер, жалпы Қазақстаннан 22269 жауынгер өз әскери борышын өтеді. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапса, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған жігіт елге мүгедек болып оралды.
Орыс халқының ұлы жазушысы А.Толстойдың: «Өмірде шүбәсіз бір-ақ бақыт бар, ол өзгелер үшін өміріңді арнау» — деген қанатты сөзі бар. Ауған соғысында КСРО жауынгерлері ұлтына, нәсіліне және сеніміне қарамай Отан алдындағы бұйрықты орындауда рухани бірлік көрсете білді. Бірі үшін бірі жан қиды. Ерлік пен ездік, адамның бойындағы басқа да қасиеттер сынға түсетін сұрапыл соғыста қазақ ұландары ерекше көзге түскенін де айта кеткен ләзім. Бүгінде ащы мен тұщыны, өмір мен өлімді, әке мен ананың зарын, борыш пен міндетті, еңбек пен ерлікті ажырата алмайтын кейбіреулер Ауған соғысын ұмытқысы келеді. Қалай десек те, Ауған соғысы — он екіден бір гүлі ашылмаған боздақтардың қанымен жазылған тарих, ол ұмытылмайды және ұмытылуы мүмкін емес!
Қазіргі таңда Түркістан облысының мемлекеттік архивінде «Оңтүстік Қазақстан облысының Ауған және жергілікті соғыс ардагерлері» топтамасы ашылып, онда Ауған соғысы ардагерлерінің жеке тектік құжаттары, яғни өмірбаяндары, естеліктері, марапаттау құжаттары, әскери билеттері, майдан даласында жауынгерлермен түскен фотосуреттері мемлекеттік сақтауға алынған. Архив қорларындағы Тулғаев Қайрат Алиханович, Өтегенов Шәріппай, Абдрасилов Қайрат Қырықбайұлы, Майханов Ғалымжапн Тастанович, Тажимбетов Бахытжан Қасымбекович секілді т.б. барлығы қырық жерлесіміздің келер ұрпаққа, Отанына шексіз берілген патриоттық рухы жоғары, ержүрек ел азаматтарын тәрбиелеуден бастау алатын Ауған соғысына қатысқан, сонау отты жылдарды көзбен көрген ағаларымыздың жеке тектік құжаттары тарих қойнауында сақталуда. Бүгінде өзімізбен бірге еліміздің өркендеуіне ат салысып жүрген ауғандық ардагер жауынгерлерді қадірлеп-құрметтеу – біздің борышымыз. Осы орайда, Облыстық архив пен «Ерлік» музейі бірлестікте Ауған соғысы ардагерлерімен «Ауған қасіреті» тақырыбында кездесу кешін ұйымдастыруда. Оған Облыстық архив қорларындағы Ауған соғысы ардагерлерінің жеке тектік құжаттарынан арнайы фотокөрме мен құжаттық көрме дайындалатын болады.
Өтер жылдар, айлар тағы алыстап,
Тағдыр талай тауқыметін табыстар.
Өздеріңді жырлап өтер ұрпағың,
Ауғандағы азап шеккен арыстар - деп ақындар жырлағандай, өмір тоқтамайды, ерлік өлмейді, замандар жалғаса береді. Бұған дәлел, бүгінгі ортамызда жүрген ауғандық жауынгерлеріміздің бейбіт өмірдегі ұмытылмас жарқын істері, қоғамдық жұмыстарға белсенділіктері, түрлі кәсіпті игерудегі ерен еңбектері.

Нұржанова Айнұр Қайратқызы –


Түркістан облысы мемлекеттік
архивінің Архив құжаттарын
пайдалану және жариялау
бөлімінің басшысы

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет