Дүние жүзілік мәдениет пен білімнің Аристотельден кейінгі екінші ұстазы атанған данышпан әл-Фараби ғылым мен өнердің барлық саласына өлшеусіз үлес қосып, артында өшпес із қалдырды. Фарабитанушы ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда Әбу Насыр үлкен ақын болған. Әдебиетші ғалым Немат Келімбетов: – Әбу Насыр әл-Фараби – өз дәуірінің көрнекті ақындарының бірі, – деген. Орта ғасырда өмір сүрген араб тарихшыларының еңбектерінде әл-Фараби көп өлең жазған деген пікір айтылады. Бірақ оның жырлары толық сақталмаған, бізге бірнеше өлеңі ғана мәлім. Әл-Фарабидің өлеңдері Аян Нысаналиннің аударуымен «Әбунасыр әл-Фараби. Трактат пен өлеңдер» жинағында 1974 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді.Ақын өлеңдерінің негізгі тақырыбы – өмірдің мән-мағынасын зерделеу, ғылымға ұмтылуды, оқу мен білімді мадақтау, адамгершілікті насихаттау. Ақыл-парасат пен оқу-ағарту ісінің жалынды күрескері болған Фараби зорлық-зомбылық атаулыға барынша қарсы шықты. Осы идеяны өз жырларына арқау етті. Әл-Фараби өзінің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» деген еңбегінде ұстазы Аристотельдің «Поэтика» атты зерттеуіне сілтеме жасай отырып, өлең жазудағы ақындық шеберлік пен өнер жайында ғылыми ой-пікірлер айтады. Ол «Өлең кітабында» поэзияның бірқатар теориялық мәселелеріне – өлеңнің композициялық қүрылысына, шумағына, өлшеміне, ұйқасына шолу жасай келіп, жырдың барлық компоненттері ақынның айтайын деп отырған ой жүйесіне лайық, орынды болу керек деген түйін жасайды.
Жақсы өлеңде қашан да басы артық, оғаш тұрған шумақ, тармақ болмайтынын ескертеді. Автордың айтпақ болған басты пікірі – өлеңнің ішкі мән-мағынасы мен сыртқы тұлғасы өзара қабысып, логикалық тұрғыдан үндесіп тұруы тиіс. Поэзиялық туындының әрбір буыны, бунағы, ұйқасы, үні, өлшемі бір-бірімен үндесіп, дәлме-дәл келгенде ғана оқырманның ойынан шығады. Бұл жағынан, әл-Фараби бабамыздың поэзияға қойған талаптары Абай Құнанбайұлының: Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы, – деп өлеңнің мағынасы, құрылысы, ұйқасы тыңдаушының жүрегіне жол табатындай болуы керек деген ойымен сабақтасып жатқандай.
Абай атамыздың: Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деген өлең жолдарын білмейтін қазақ жоқ шығар. Әл-Фарабидің туғанына 1153 жыл, Абай Құнанбайұлының туғанына 178 жыл болса да, олар қалдырған бай мұра халықпен бірге мәңгі жасауда! Ұрпағына ұзақ жылдар рухани азық болар туындыларын беру арқылы мәңгі өшпейтін өз үнін қазақ мәдениетіне қосып кеткен ұлы тұлғалардың бірі ретінде Фарабидің Аян ақын аударған «Қашықтасың, туған жер», «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» атты өлеңдері 6-сыныптың «Қазақ әдебиеті» пәні бойынша жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламасына енгізілді. Ежелгі дәуірден бастау алған осындай әдеби мұраларымызды бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру арқылы таза ұлттық тәрбие алып, қазақ үніне уызында қанған ұл мен қызды, ел болашағын тәрбиелей аламыз. Мұндай әлеуметтік маңызы зор құндылықтың мән-мағынасын ұғындыру, баланың санасына, сезіміне, түйсігіне, мінез-құлқына әсер ететіндей дәрежеде жеткізу мұғалімнің ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігін, білімі мен шеберлігін талап етеді.
Қашықтасың туған жер – қалың елім, Не бір жүйрік болдырып жарау деген. Шаршадым мен, қанатым талды менің, Шаңыт жолға сарылып қарауменен. Кері оралмай жылдарым жатыр ағып, Қасіреттің жасына көз жуынар. О, жаратқан, көп неткен ақымағың, Құм сықылды тез ысып, тез суынар. Зиялы аз бір тұтам тіршілікте, Әкімдікке күллісі жүгіреді. Көкірекпен сезініп, күрсініп көп, Жаным менің түршігіп, түңіледі. Қайтейін мен көкжиек көңілімді. Келер күнге үмітпен жол ашамын. Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Қашықтасың, туған жер» өлеңінде ақынның туған жерге деген сағынышы мен махаббаты жазылған. Шығармада ақын тіршілік иесі атанған адамдардың іс-әрекетіне қанағаттанбай, олар құм секілді тез ысып, тез суыйды деген ой түйеді. Ғалымды қоғамның іс-әрекеті қатты толғандырады. Өткен ғұмырына көңілі толмаған жазушы болашақты ойлап, көз алдына елестетеді. Өлең соңында ақын қолына сия алып, ән мен жыр шығару арқылы ғана жүректегі шері тарқайтынын айтады.
Тіршілікте құрыштай бол төзімді, Сан мәртебе алдаса да өзіңді.
Тағдырыңды еш уақытта жазғырма
Тіпті кейде болса да әзәзіл азғырған.
Өрге жүзген өнегелі ісімен
Таңда да ал дос, өз теңіңнің ішінен.
Жүргендер көп достық атын малданып,
Алайда тек қалма оған алданып
Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Тіршілікте құрыштай бол төзімді» өлеңінде тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым, достық, сабырлылық туралы жазылған. Өмір болған соң, адамзат баласы көптеген қиындықтар мен жағымсыз жағдайларға тап болады. Сол қиындықты төзімділік пен сабырлылықтың арқасында ғана жеңуге болады. Өлеңде ақын тағдырды жазғырмауға, өмірде бәріне шыдамдылық танытуға шақырады. Адам баласының басына жақсылық бірден келмейтінін, ол үшін аянбай еңбектену керектігін, сабырлы жан қашан да арманына қол жеткізетінін жырлайды. Ақын адам баласының адал дос табуын, жақсы амалмен көзге көрінуін, төзімді де, сабырлы болуын қалайды. Әл-Фарабидің адамзаттың мәңгілік проблемаларын көтерген шығармалары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды.