Әскери қызметшілермен және олардың отбасыларымен әлеуметтік жұмыс


-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда әскери қызметшілерге өтемақы төлеу



бет10/12
Дата28.04.2023
өлшемі43,79 Kb.
#87865
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12
51-бап. Қаза тапқан (қайтыс болған) немесе мертіккен жағдайда әскери қызметшілерге өтемақы төлеу
1. Әскери қызметін өткеру кезеңінде әскери қызметші немесе әскери жиындарға шақырылған әскери міндетті қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, оған мүгедектік белгіленген кезде немесе ол әскери қызмет мiндеттерiн орындауға байланысты мертiккен жағдайда біржолғы өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен жүргiзiледi.
2. Әскери қызметші әскери қызмет өткеру кезеңінде не қызметтен шығарылғаннан кейін әскери қызмет өткеру кезеңінде алған мертігуі (жаралануы, жарақаттануы, контузиясы) немесе ауруы салдарынан қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда, әскери қызметшінің мұрагерлеріне – қаза тапқан (қайтыс болған) күні соңғы атқарған лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қамтылым мөлшерінде, ал мерзімді қызметтегі әскери қызметшінің, әскери оқу орны курсантының, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттінің мұрагерлеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төлеу жүргізіледі.
2-1. Әскери қызметші қайтыс болған жағдайда "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 1) тармақшасында санамаланған отбасылардың ол жерленген жерге тегiн баруға және кері қайтуға (бiрақ үш адамнан аспайды), сондай-ақ әскери қызметшi қайтыс болған күннен бастап алты ай ішінде отбасы таңдаған тұрғылықты жерiне тегін жол жүруге құқығы бар.
3. Келісімшарт бойынша әскери қызметшіге, ол әскери қызмет өткерген кезеңде немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан туындаған мүгедектік белгіленген кезде біржолғы өтемақы әскери қызметтен шығарылған күннен бастап бір жыл өткенге дейін:
1) I топтағы мүгедекке – отыз айлық ақшалай қаражат;
2) II топтағы мүгедекке – он сегiз айлық ақшалай қаражат;
3) III топтағы мүгедекке – алты айлық ақшалай қаражат мөлшерінде төленеді.
Келісімшарт бойынша әскери қызметшiлер әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқтырмаған ауыр мертiгу (жаралану, жарақаттану, контузия алу) жағдайында оларға бiр жарым айлық ақшалай қаражат; жеңiл мертіккенде – жарты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтемақы төленедi.
Мерзiмдi қызмет әскери қызметшiлеріне, әскери оқу орындарының (әскери факультеттердің) стипендия алатын курсанттарына, әскери жиындарға шақырылған әскери мiндеттiлерге осы тармақта көзделген жағдайларда:
1) I топтағы мүгедекке – 250 айлық есептiк көрсеткiш;
2) II топтағы мүгедекке – 150 айлық есептiк көрсеткiш;
3) III топтағы мүгедекке – 50 айлық есептiк көрсеткiш;
4) ауыр мертіккені үшiн – 12 айлық есептiк көрсеткiш;
5) жеңiл мертіккені үшiн – 4 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде бiржолғы өтемақылар төленедi.
4. Егер әскери қызметшінің қаза табуы (қайтыс болуы) немесе ол алған мертігу:
1) соттың заң күшіне енген үкімі болған кезде өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізген жағдайларды қоспағанда, өзіне-өзі қол жұмсау нәтижесінде;
2) қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық жасаған кезде;
3) алкогольдік, есірткілік, психотроптық, уытқұмарлық масаң күйді туғызатын заттарды (сол тектестерді) тұтыну салдарынан;
4) өзiне-өзі қасақана қандай да бiр дене жарақатын түсiру (денесiне зиян келтiру) немесе біржолғы өтемақы алу немесе әскери қызметтен жалтару мақсатында өз денсаулығына өзге де зиян келтiру нәтижесінде;
5) әскери қызметшінің әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт талаптарын бұзған әрекеттері нәтижесінде туындағаны Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте дәлелденсе, біржолғы өтемақы төленбейді.
5. Әскери қызмет өткеру кезінде қаза тапқан немесе әскери қызмет міндеттерін орындау нәтижесінде алған мертігуден (жараланудан, жарақаттанудан, контузия алудан), ауырудан қайтыс болған әскери қызметшілерді, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілерді жерлеу әскери қызмет (жиындар) орны бойынша немесе олардың туыстарының тілегі бойынша басқа жерде жүргізіледі. Мәйітті тасымалдауға дайындаумен, мәйітті тасымалдаумен, жерлеумен, құлпытасын жасаумен және орнатумен байланысты барлық шығыстар әскери қызметшілер, әскери жиындарға шақырылған әскери міндеттілер әскери қызмет (жиындар) өткерген уәкілетті орган есебінен Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мөлшерлерде жүзеге асырылады.
Осы тармақта көрсетілген ережелер әскери қызметте болудың шекті жасына толғаннан кейін, денсаулық жағдайы бойынша немесе штаттарды қысқартуға байланысты әскери қызметтен шығарылған, әскери қызметінің жалпы ұзақтығы жиырма бес және одан да көп азаматтарға, сондай-ақ әскери қызметтің жалпы ұзақтығына қарамастан, жауынгерлік іс-қимылдарға және терроризмге қарсы операцияларға қатысушыларға қолданылады.
6. Әскери қызметшілер арасынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алушы қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға алушының қайтыс болған кезіне үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде біржолғы төлем төленеді.
Қайтыс болған, әскери қызметшілер арасынан еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемін алушылардың отбасы мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы тағайындалуына қарамастан: әйеліне (күйеуіне) – асыраушысының үш айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде және отбасының еңбекке қабілетсіз әрбір мүшесіне – асыраушысының қайтқан күніне дейін төленіп тұрған бір айлық зейнетақы төлемі мөлшерінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
Осы тармақта көзделген біржолғы жәрдемақы мөлшерін айқындау кезінде жәрдемақыға құқығы бар отбасы мүшелерінің қатарына: жасына және еңбекке қабілеттілігіне қарамастан әйелі (күйеуі); он сегіз жасқа толмаған немесе бұл жастан асқан, егер олар он сегіз жасқа толғанға дейін мүгедек болып қалған немесе асыраушысы қайтыс болған күні күндізгі оқу орындарының оқушылары болып табылған және жиырма үш жасқа толмаған балалары; қайтыс болған адамның асырап-бағуында болып келген, заңнамада белгіленген зейнеткерлік жасқа толған не мүгедек болып табылатын ата-аналары енгізіледі.
Ескерту. 51-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 04.02.2013 № 75-V (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 23.04.2014 N 200-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.12.2017 № 114-VI (01.01.2018 бастап қолданысқа енгізіледі); 06.05.2020 № 323-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

52-бап. Әскери қызметшілердің отбасы мүшелерін әлеуметтік қамсыздандыру


1. Келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің отбасы мүшелерінің әскери-медициналық мекемелерде (ұйымдарда, бөлімшелерде) медициналық көмек алуға құқығы бар.
Медициналық көмек көрсету бойынша әскери-медициналық мекемелердің (ұйымдардың, бөлімшелердің) көрсетілетін қызметтеріне ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры:
1) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;
2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырады.
2. Курсанттардың, кадеттердің жəне əскерге шақыру бойынша əскери қызметшілердің отбасы мүшелерін қоспағанда, əскери қызметшілердің өздерімен тұрақты бірге тұратын отбасы мүшелеріне:
əскери қызметші басқа жергілікті жерге, оның ішінде əскери бөлімнің немесе бөлімшенің құрамында ауысқан;
уəкілетті орган əскери қызметшіні əскери бөлім тізімдерінен алып тастап, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орындарына, басқа да білім беру ұйымдарына, оның ішінде шетелдік оқу орындарына оқуға жіберген, сондай-ақ үлгерімсіздігі, тəртіпсіздігі үшін, басқа да теріс себептермен немесе өз бастамасы бойынша шығарып жіберу жағдайларын қоспағанда, оқу бітіргеннен кейін;
Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуға байланысты, арнайы тексеруден бас тартқан кезде, теріс себептермен, аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметтік сəйкес келмеуі бойынша қызметтен шығаруды қоспағанда, əскери қызметші əскери қызметтен шығарылған жағдайларда, теміржол, автомобиль жəне ішкі су көлігімен мемлекет есебінен жол жүру құқығы беріледі.
3. Әскери қызметшілердің, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқандардың, қайтыс болғандардың немесе хабар-ошарсыз кеткендердің балаларына жергілікті атқарушы органдар тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезектен тыс орындар береді.
Әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде қаза тапқан немесе мүгедек болып қалған, қызмет өткеру уақытында хабар-ошарсыз кеткен әскери қызметшілердің балалары әскери мектеп-интернаттарына, "Жас ұлан" республикалық мектебіне конкурстан тыс қабылдану құқығын пайдаланады.
Ескерту. 52-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.06.2017 № 69-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 30.06.2017 № 80-VI (01.01.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

9-тарау. ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ЖАУАПТЫЛЫҒЫ




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   12




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет