1. Естімейтіндерді коммуникативті іс - әрекет негізінде сөйлеуге үйрету Коммуникативті іс - әрекет жүйесінде естімейтіндердің сөйлеу іс - әрекеті арнайы ұйымдастырылған сөйлеу арқылы қарым – қатынас практикасында қалыптасады. Осы жүйенің негізін қолдаушы С.А.Зыков болып табылады.
Естімейтін балалардың сөйлеу арқылы қарым – қатынас жасау дағдыларын меңгеруі көптеген факторларға байланысты: естудің жағдайы: (есту неғұрлым сақталған болса, соғұрлым сөйлеу арқылы қарым – қатынас жасауы тиімді болады); дыбыс күшейткіш аппаратураларды қолдану; арнайы оқыту технологиялары; сурдопедагогтардың кәсіби шеберлігі және шығармашылық қабілеттері:
Коммуникативті іс - әрекет жүйесінде тілге оқытудың мақсаты – естімейтін балаларды тілдік шындыққа жеткізу, тілдің мазмұнын түсінуі; әлеуметтік бейімделуге, жәке тұлғасының жан – жақты дамуына қолайлы жағдай жасау: және т.б.
«Тілдік қабілеттілік – тілдік үрдіс (іс - әрекет) – тілдік жүйе» аталған жүйенің құрам бөліктері болып табылады.
Тілдік қабілеттілікті дамытуға естімейтін баланың қоршаған адамдармен сөйлеу тілін қолдану арқылы қарым – қатынас жасауға ұмтылуы жатады.
Тілдік қабілеттілікті қалыптастыру үшін балаларды алдымен заттық жағдайда өздеріне айтылған сөзді түсінуге үйрету. Заттық әрекеттердің мазмұнын түсіну мен бақылау негізінде не талап етілетінін, не жайлы сұрап жатқанын, не істеу керек екенін түсінеді.
Тілдік үрдістің қалыптасуы сөйлеу іс - әрекетінің әр түрін меңгеруді білдіреді: қабылдау (көру және есту – көру арқылы), сөйлеу, оқу, дактильдеу. Сөйлеу іс - әрекетінің әр түріне үйрете отырып, сурдопедагог осы іс - әрекеттің барлық құрам бөліктеріне назар аударады.
Тілдік жүйемен таныстыру естімейтін балалардың бар сөйлеу тәжірибесіне сүйене отырып сөйлеу арқылы қарым – қатынас практикасын ұйымдастыру барысында жүзеге асады. С.А.Зыковтың идеясы бойынша естімейтін балалар тілдік белгілерді сөйлеу барысындағы әртүрлі сөйлеу тілі формаларын қолдану арқылы меңгереді: ең басынан жеке сөздерді бермей, өтініш, сезімін, ойын білдіретін бірден дайын айтылуларды қолданып үйретеді. Коммуникативті іс - әрекет жүйесі келесі қағидаларға негізделеді.
Генетикалық қағидасы баланың онтогенездегі сөйлеу тілінің даму заңдылықтарын, сөйлеу тілінің шығуының заңдылықтарын, филогенездегі сөйлеу тілін қарастырады. Осыған байланысты естімейтін балалардың сөйлеу іс - әрекетін қалыптастыру (оның міндеттері, әдістемені анықтау, сөйлеу құралдарын таңдау, оның мазмұнын құрылымын таңдау) қалыпты баланың сөйлеу тілінің даму ерекшеліктеріне, сөйлеу функциясының қалыптасу генезисіне сүйенеді.
Іс - әрекет қағидасы естімейтін балалардың сөйлеу тілін меңгеруі қажеттіліктен келіп шығуына арнайы жағдай жасауды қарастырады. Қарым – қатынас жасау қажеттілігін пайда қылдыру және бекіту үшін мектепте заттық – практикалық іс - әрекет, мектепке дейінгі мекемелерде тұрмыстық, ойын, қарапайым еңбек іс - әрекеті ұйымдастырылады. Әр түрлі іс - әрекетті ұйымдастыру естімейтін балалардың сөйлеу арқылы қарым – қатынас құралын меңгеруін қамтамасыз етеді, сонымен бірге сөздік материалды таңдауда фонетикалық немесе грамматикалық талаптар бойынша емес, балардың ұйымдасқан іс - әрекетінің қажеттілігіне сүйеніп таңдалып алынады.
Құрылымды – семантикалық қағидасы сурдопедагогты тілдегі бар мағына мен формасы, мазмұны мен құрылымы арасындағы өзара байланысқа бағыттайды. Алдымен естімейтін балалар сөйлеу кезіндегі сызықтық синтагматикалық байланыстарды: фразаларды, сөйлемдерді, синтагмаларды және т.б. меңгереді.
Коммуникативті іс - әрекет жүйесінде естімейтін балаларды оқыту үшін сурдопедагог:
балалардың сөйлеу тілінің дамуын практикалық іс - әрекетінің қалыптасуымен өзара байланыста жүзеге асыруы тиіс;
сөйлеу тілін қарым – қатынас құралы ретінде қолдануға қажетті сөйлеу ортасын ұйымдастыруы тиіс;
сөйлеу тілінің әр түрлі формалары арасында өзара әрекет пен өзара байланысты орнатуы тиіс және т.б.