Этимологияның нысаны, түрлері жайында. Этимология



Дата11.05.2022
өлшемі14,75 Kb.
#34018
Байланысты:
ҚТЛ-этимология


Этимологияның нысаны, түрлері жайында.

Этимология (грекше etymos-ақиқат, шындық, logos-білім)-сөз төркінін зерттеп, айқындаушы тарихи лексикологияның және жалпы тіл білімінің бір саласы болып табылады. Этимологияның зерттеу нысанына, негізінен тілдегі жеке сөздер, сөз тіркестері, грамматтикалық тұлғалар жатады. Этимологиялық зерттеулер мақсаты мен нысанына қарай әр алуан тәсілдер мен принциптерге сүйенеді. Солардың ішінде жиі қолданылатындары: тарихи-салыстырма тәсілі, морфемдік-модельдік талдаулар, түбірін індете зерттеу. Этимологиялық зерттеулер мен сөздіктер алдына қойған мақсатына байланысты бір тілге, не бір топтағы туыстас бірнеше тілдерге бағындырылуы мүмкін. Этимологиялық зерттеулердің қай түрі болмасын, қандай тілге бағытталмасын ғылыми тұрғыдан үш түрлі, атап айтқанда, фонетикалық, морфологиялық және семантикалық принцип-критерийге сүйенуі шарт. Сөз төркінін дұрыс та дәл анықтаудың нәтижелі тәсілі болып саналатын бұл принцип-критерийлер жалпы түрде емес, нақтылы тілдердің өзіндік ерекшеліктері мен сол тілдердің қалыптасу, даму заңдылықтары негізінде қолданылады. Осы орайда синхронды және диахронды бағыттағы Этимологиялық зерттеуге қойылатын тағы бір шарт-тарихи факторлармен санасу. Фонетикалық принцип -әрбір тілдің немесе бір топтағы туыс тілдердің дыбыстық жүйесіне тән (сингармонизм- үндестік пен ассимиляция, дыбыс алмасу мен дыбыстық сәйкестігі, дыбыстың түсіп қалуы мен қосымша дыбыстың пайда болуы, дыбыстардың қосарлануы мен әлсізденуі, дыбыстардың ұзаруы мен қысқаруы, орын алмастыру мен апокопа, элизия мен парагогия, флексия мен фузия) сан алуан фонетикалық заңдылықтарды қатаң ескеруді талап етеді. Морфологиялық принцип-сөздердің тұлғалық өзгерістеріне байланысты заңдылықтарына негізделеді. Лексемаларға жасалатын морфологиялық талдаудың басты мақсаты, мәселен, түркі тілдерінің жалғамалық құрылысына сәйкес, олардың ілкі түбір, жай түбір, туынды түбір және грамматикалық тұлғалардың ара-жігін ажырату болып саналады. Сондай-ақ морфологиялық принцип-критерий сөзжасам процесіне негіз болушы көптеген модель-үлгілер мен сан алуан грамматикалық тұлғалардың ішінен Этимологиясы анықталуға тиісті лексиканың табиғатын тап басып тану үшін, өзіне ұқсас басқа сөздерден айыру үшін қажет. Семантикалық принцип-сөздердің мағынасын анықтауда Этимологияның негізгі критерийлерінің бірі болып саналады. Өйткені мағынасыз сөз болмайтыны белгілі және ол мағына сол сөздің дыбыстық не морфологиялық тұлғасына да тікелей қатысты. Сөз мағыналарының көнеруі, күңгірттенуі, ұмыт болуы, тоғысуы, іштей жіктеліп, көп мағынаға, тіпті біртекті омонимдерге айналуы сөз табиғатына тән семантикалық заңдылықтар-Этимологиялық принцип. Тарихи принцип-Этимологияның тарихи лексикологиямен, этнолингвистика және этнографиямен тоғысар бір туысы. Өйткені тіл абстракция емес, ол белгілі этностың туындысы, ал этнос белгілі бір геосаяси аумақта, тарихи кеңістікте жасап келген феномен. Оның болмысын анықтайтын өзіндік дүниетанымы, салт-дәстүрі, өмір тіршілігі, рухани-материалдық мәдениеті болады. Бұл аталған этимологиялық принцип-критерийлер өзара тығыз байланыста, қатыстырыла қолданылады. Этимологияның түрлері үш топқа (ғылыми, қызықты, халықтық) бөлінеді. Ғылыми Этимология-жоғарыдағы аталған төрт түрлі принципке, яғни тіл дамуының объективті заңдылықтарына сүйеніп жасалған. Қызықты Этимология-сөз төркінін ашуда аталатын принциптерге тереңдеп бара білмейтін, дәйектілігі белгілі бір деректермен шектелген, сөздердің сыртқы тұлғасы және бөлігі контекстегі мағынасымен қанағаттанатын, бірақ өзінің сиқырлы сырымен жұртшылықты қызықтырып, қалың бұқара арасына тез тарап кететін Этимологиялар жатады. Халықтық Этимология-сөз бен сөз тіркестерінің табиғатын оларға тән өзгеру, түрлену, даму, жасалу заңдылықтарымен, Этимологияның ғылыми принциптерімен санаспай, табиғатын басқа зат пен құбылыс атауларының кездейсоқ, не тым алыс ұқсастықтарын жақындастыру арқылы анықтауға бейім тұрады. Қорыта келгенде, Этимологиялық зерттеулердің түрлері көп. Солардың көп тарағаны және пайдалануға қолайлысы-Этимологиялық сөздіктер. Мамандардың пікірінше, түркі тілдері бойынша жарық көрген әр деңгейдегі Этимологиялық сөздіктердің 7 түрі бар. Солардың ішінде жалпы түркі тілдерінің Этимологиясына бағытталған іргелі еңбектердің қатарына А.Вамбери және Э.В. Севортянның сөздіктерін айтуға болады. Жеке түркі тілдері бойынша шыққан сөздіктердің қазақ ғалымдары түзген «Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігін» (1958) жатқызуға болады.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет