Этнолингвистика – «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының тоғысуы нәтижесіндегі тіл білімінің жаңа саласы



бет3/3
Дата05.02.2023
өлшемі31,41 Kb.
#65231
1   2   3
Қазанның құлағын қағып қойған ат – о баста қойылған есім. Әр отбасының күнде тамақ пісіріп ішетін қазанды халық қастерлеп, жеті қазынаның бірі деп есептеген. Қазанға пісірілген ас дәмді әрі жұғымды, сондықтан да болар, қазан-ұрпақ жалғасуы мен отбасы берекесінің символы болып табылады. Осыған орай Н.Уәлиұлы былай деп тұжырымдайды. Қазан мен қара мылтықтың «қасиетті жетінің» қатарында айтылуы тегін емес. Қазанның құлағын қағу; қара қазан, сары бала; қазан төңкерілу тәрізді сөз орамдары жайдан-жай айтылмаған. Қазақтың ертегі, жырларында алтын қазан іздеу салты туралы деректер кездеседі. Мысалы:
Сөз тыңда құлақ салып, балам, маған, Астында дарияның алтын қазан. Әкелсең сол қазанды ерлік қылып, Беремін Күнсұлуды қосып саған («Құламерген»).
Академик Ә.Марғұлан бұл сюжетке ерекше назар аударып, онда терең мазмұн жатқанын тамаша дәлелдеген: «Құламерген» жырында теңіз астынан қазан іздеу – тайпалар демократиясының бірлігін сипаттайды. Қазан-шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды. Оның үстіне қазанды қастерлеу ерте кездегі темірге табынудың бір түрі. Тәуке ханның аңызында жолығатын «қара қазан», «қара мылтық алу» - жаудан кек қайтару белгісінің ескі түрі. Тәукенің жарғысы бойынша бұрын жауласқанда «шаңырақ», «қазан» сындырып кек алудың орнына енді оны сындырмай, жәбір көрген жаққа сол нәрселердің өзін беріп тыныштық жасайды».
Қазанның басқа ыдыстарға қарағанда қазақ тұрмысы мен мәдениетінде алатын орнының ерекше жоғары болуы оның күнделікті тіршілік құралы болуымен байланысты. Қазақ дастарханына түсетін тағамдардың барлығы да ең алдымен осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей, оны қара қазан деп қастерлеп айтады. Бұл жерде қара сөзі «қасиетті, киелі, берекелі» деген ұғымды білдіреді. Ұлттық әлеуметтік тарихи оқиғаларда қазанның алатын айырықша орны бар. Қазанын сындыру – отбасын ойрандаудың, қазанын төңкеру – аштықтың, масқаралаудың белгісі. «Жеті жарғыда» өлім жазасына бұйырылған адам жеті айып төлеп құтылса, оның біріншісі – «қара қазан төлеуі» деп аталған.
Тіліміздегі «Бақыр қазан қайнаса, бәріміздің бағымыз», «қазаны бөлектің қамы бөлек», «қазаны басқаның қайғысы басқа», «қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса», «қазансыз алтын ошақтан, қара сулы мосы артық» тәрізді мақал-мәтелдер оның халық өміріндегі алатын орнын айғақтай түсіп қазанның о бастан-ақ қасиетті, киелі.
Сырға тағар. Қазақ халқының тұрмысында құда болу салты айрықша орын алғандығы белгілі. Әдетте, қызды бесіктегі кезінде немесе ол бой жете бастаған кезде атастырған. Егер екі жақ балаларын бесікте жатқан кезінде атастырса, ұлдың ата-анасы қыздың бесігін кертіп белгі салған. Бұл ғұрыптың бесік-керті, бесік кертпе деп аталғандығы белгілі. Өсе келе ол қыз бесік кертпе қыз деп аталған. Егер қыз бой жете бастаған кезде атастырылса, оның құлағына жігіт жағы сырға таққан. Бұл рәсім сырға салу, сырға тағу деп аталған. «Қалыңдық» мағынасындағы сырғалы қыз немесе сырғалы атауы осыған байланысты шыққан. Алтай тілінде де қалыңдықты сырғалды деп атайды. Осы әдетке қатысты қырғыз тілінде сөйке салды тіркесі жұмсалады. Қырғыз тілінде сырғаны сөйке дейді. Қырғыздардың әдетінде жігіттің әке- шешесі қыздың үйіне алғаш рет келген кезде болашақ келінінің құлағына өздері алып келген сырғасын тағады. Оның жанында басқа да сыйлықтары болады. Осыған байланысты кішігірім той жасалған. Бұл той қырғыз тілінде де сырға той деп аталған.
Этнографиялық деректер бойынша, көптеген түркі халықтарында қыздардың құлағын тесіп, сырға тағып қою өте ерте жастан басталады. Баласы тұрмай жүрген ата-аналар қыздың құлағына 3 жасқа дейін де тесе берген. Тіпті мұндай жағдай да ер балалардың құлағына қас күштерді шатастырамыз деген түсінікпен сырға таққан. Бала ер жеткенде оның ата-анасы ауыл-аймағын шақырып той жасап, сол той үстінде бозбала жігіттің құлағынан сырғасын алады. Қазақта осы тойды сырға той деп атаған.
Қазақ дәстүрінде қызға тағатын сырғаның орнына басқа да үкі /қасиетті саналатын құстың бір шоқ үлпілдек қауырсыны /, жүзік, білезік, тана /әдемі ақық түйме/, моншақ т.б. әшекей бұйымдары қолданылады. Сондықтан қазақ тілінде «құда түсіп, сырға тағып кетті» деудің орнына «үкі /тана, моншақ/ тағып кетті» деп те айта берген. Кей жерде «жіп тағып кетті» дейді. Жоғарыда айтылғандай, мұндай заттармен бірге күйеу баланың ата-анасы тарапынан қыздың ата-анасына берілетін сый-сыяпаты қоса жүреді. Ол сыйлық мал немесе күміс жамбы, ақша түрінде беріледі. Күйеу жағының осындай сыйлықапару кәдесі алғашында құда түсу рәсімін білдіретін атаулармен аталып бата аяқ, сырға тағар, тана тағар, құлақ моншақ тәрізді фразеологиздер пайда болған. Ертеде, құлақ моншақ деп сырғаны айтқан. Қырғызстанның оңтүстік диалектісінде сырғаның бір атауы құлақ мончокдеген ұғымға, үлкен мәнге ие екендігін аңғартады.
Мұндай тұрақты тіркестерді тілімізден көптеп кездестіруге болады. Және этнолингвистика саласын зерттеп, зерделеген сайын қазақ тіл білімінің тілдік бірліктері арқылы қазақ халқының тарихынан, тұрмыс-тіршілігінен, ұстанған жөн-жоралғы, әдет-ғұрыптарынан, тіпті, күнделікті өмірде ұстаған қару-жарақ, құрал-сайман, тұрмыстық заттардың атауларынан сыр шерте алатындығымыздың тағы бір дәлелі.
Этнолингвистика халықтың тарихының, мінез-құлқының, бар болмысының ақиқат көзі.

Пайдаланған әдебиеттер:



  1. Сепир Э. Избранные труды по языкознанию. – М.: Изд. Группа «Прогресс», 1993. – 656 с.

  2. Гердер И.Г. Идеи к философии истории человечества. – М.: Наука, 1977. – 703 с.

  3. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. –Алматы: «Ана тілі», 1998. -304 б.

  4. Қайдаров Ə. Халық даналығы. – Алматы, 2004. – 652 б.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет