Этнолингвистика этнос болмысын тілі арқылы танып-білу



Дата02.02.2023
өлшемі23,75 Kb.
#64761

Этнолингвистика – этнос болмысын тілі арқылы танып-білу
Қазақ тіл біліміндегі жаңа салалардың бірі – этнолингвистика. «Тіл әлемінің» өзіндік табиғатын, даму заңдылықтарын толық та жан-жақты зерттеу барысында іштей жіктеліп, дүниеге келген әлеуметтік лингвистика, психолингвистика, статолингвистика іспеттес этнолингвистика да – «этностаным» мен «тілтаным» ғылымдарының ортақ проблемасы шеңберінде тоғысу нәтижесінде пайда болған жаңа сала. Ол – этностың табиғатын тереңнен танып-білу үшін басқа емес, тек тіл феномінің өзіне ғана тән ғажайып мүмкіншіліктері мен қазына байлығын зерделеп зерттеуді мақсат ететін ғылым.
Этнолингвистика - халықтың этногенезін тұрмыс-салты мен әдеп- ғұрпын, мекен-жайын, басқа халықтармен тарихи-мәдени байланысын, күнделікті тұрмысын, материалдық және рухани мәдениетін зерттейтін тіл білімінің жаңа саласы. Тіл мәселелерін мәдениетпен халық әдет-ғұрпымен, салт-санамен байланыстыра зерттеу XX ғасырдың 2070 жылдарында орын ала бастады. Тіл білімінде қалыптасқан екі түрлі бағыт бар. Олар негізінен Америка мен ФРГ-да дүниеге келген. Алғашқы этнолингвистикалық зерттеулер ретінде мына еңбектерді атауға болады: Эдуар Сепирдің 1921 жылы шыққан «Тіл», 1929 жылы шыққан «Лингвистиканың жайы», Б.Уорфтың «Тіл, ойлау және шындық» (1959) жинақтары. Э.Сепир индеецтердің көптеген тайпаларының тілдерін зерттесе, неміс линвисі Л.Вайсгербер «Неміс тілінің күші» туралы төрт томдық еңбек жазды. Америка мектебі тіл мен мәдениетті негізгі проблема деп алса, Германия мектебі тіл мен халықты бірінші орынға қояды. Яғни, тіл функциясын, оның қоғамдағы даму рөлін асыра сөз етеді. Тіл адам санасы мен объективтік шындық арасындағыбірыңғай қатынас тізбегіне ене отыра, өзі сол санадан, объективтік шындықтан туған туынды болып табылады деген көзқарасты ұстанады.
Этнолингвистикалық ізденістер мазмұны жағынан қарағанда, оның бастауы тілдердің туыстық негізін білу идеясынан туған деген түйін жасаған дұрыс, ендеше тіл ғылымының этнолингвистика саласы әуелден-ақ зерттеу нысанына қарай жіктеле бастағанын, кейін тілдердің туыстығын, тарихи негізін айқындаудан тілдің ішкі мазмұнына қарай бет алғанын, тілдік таным мәселелерінің маңызды болғанын көруге болады. Бұл жөнінде алғашқылардың бірі болып пікір айтқан Э.Сепир өзгеше ұлттық феноменді түсіндіруде оның уәжінің тарихын ашуға тырысады, сол арқылы мәдениетті танытудың жолы – тіл, тіл мәдениетсіз өмір сүре алмайды деген түйінге келеді [1, 185].
Э. Сепирдің бұл тұжырымы И.Г. Гердердің дүниені танудың құралы – тіл, оның ішкі мазмұны идеясымен үндестік табады, яғни И.Г. Гердер философиясы ұстанымының өзегі – халықтың өмір сүруіндегі тарихи кезеңдерінің ерекшелігін, олардың дүниетаным әрекеті арқылы жасаған құндылықтарын мойындау болып табылады. И.Г. Гердердің түсіндіруінше, жеке ұлт – адамзаттың өзіндік ерекшелікке ие бір бөлігі, ал ұлттық мәдениет – адамзат мәдениетінің сол өзіндік ерекшеліктерін танытатын формасы [2, 123].
И.Г. Гердер идеяларына сүйенген, оны дамытушы В. Гумбольдтың пайымдауынша «тіл – адам мен қоршаған ортаны жалғастырушы буын, тілге «халықтық рух» пен мәдениеттің белгісі – ішкі форма тән», бұл қағида оның философиялық лингвистикалық бағдарламасының негізін құрайды. Осыдан халық тілін зерттеу халықтың рухын, табиғатын, болмысын танып білу құралы тіл екені ғылымда маңызды бола бастайды.
Америка ғалымдарының еңбектерінде «этнолингвистика» терминінің орнына көбіне «антрополингвистика», «этносемантика» атаулары қолданылады. Осы бағытта зерттеулер жүргізген Ресей этнолингвистикасының өкілдері Н.И.Толстой, В.В.Иванов, В.Н.Топоров т.б. Олар тілдің тарихын, этнолингвистикалық атластарын жасап, тілдегі және халық мәдениетіндегі аумақтық және әлеуметтік диалектілерді т.б. зерттейді.
Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қамалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлар этнос өмірінің мың да бір елесі ғана, оның шын мәніндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару-жарақтың, киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той- домалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана. Яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін.
Бүгінгі таңда қазақ этнолингвистикасы ғылыми негізі қалыптаса бастаған, жан-жақты ізденіс нәтижесінде ерекшелігі мен үрдісі айқындалып келе жатқадербес те болашағы зор ғылым саласы ретінде танылып отыр. Мұны белгілі профессор М.М.Копыленко өзінің«Этнолингвистикасының негіздері» деп аталатын еңбегінде айқын көрсетіп отыр.
Этнолингвистика –этнос болмысын оның тілі арқылы танып-білу мақсатынан туындаған лингвистиканың (тіл білімінің) жаңа да дербес бір саласы. Ол академик Ә.Қайдардың анықтауынша, «адамзат қауымының этностық деңгейдегі балаң, бастау тұсындағы тек-тамырын, мекен-жайын, өмір тәжірибесін, салт-санасын, кәсібін жеке этностық топтардың алғашқы анайылық қалпындағы дүниетанымын, мифтік танымын, киімін, ішкен тамағын т.б. яғни мәдениетін тілі арқылы зерттейтін тіл білімінің саласы»[3]. Осы анықтамаға сәйкес халқымыздың материалдық, өндірістік деңгейі мен рухани өрісін бейнелейтін ана тіліміздің ұшан-теңіз байлығын, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып беріліп келе жатқан асыл қазынасын барынша толық жиып көрсетіп, қыр-сырын анықтау – этнолингвистиканың міндеті. Академик Ә.Қайдар этнолингвистика атауының құрамындағы «этно» компонентінің мәнін «этнография» ұғымымен шектемей, одан кеңірек қарайды: «Өткен бір дәуірлерде дүниеге келіп, белгілі бір географиялық ортада қалыптасқан, шұғылданған тіршілік-тірлігі бірыңғай, мінез-құлқы ұқсас, діні де, тілі де бір, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ортақ, өзінің ортақ тегін, туыстығын, тұтастығын сезіне білетін, сатылап даму барысында аналық, аталық, рулық, тайпалық, ұлыстық және халықтық дәуірлерді басынан кешіріп, бүгінде дербес ел болып отырған адамдар қауымы»[3]. Жалпы тіл біліміндегі этнолингвистиканың даму барысына шолу жасап, оның жеке сала ретіндегі негіздерін анықтауға арналған еңбегінде проф. М.М. Копыленко қазақ тіл біліміндегі академик Ә.Қайдар бастаған этнолингвитикалық мектепті «қазіргі этнолингвитикадағы жаңа бағыт» деп бағалап, оның негізгі ерекшелігін «этносты тіл айнасында анықтау» деп атап көрсетеді[4]. Байқап отырғанымыздай, аталмыш зерттеу саласында негізгі салмақ лингвистикаға жүктеледі. Оның себебі мен мәнін нақты түсіну үшін академик Ә.Қайдардың төмендегі пікірін келтірейік: «Этностың басып өткен сан ғасырлық даму жолы, оның белгі-бейнелері біздерге тас мүсіндер мен жартастарға қашалған сына жазулар арқылы, мәдени ескерткіштер мен әртүрлі ғимараттар түрінде жетуі мүмкін. Бірақ бұлардың бәрі этнос өмірінің мың да бір елесі ғана. Оның шын мәнісіндегі даналығы мен дүниетанымы тек тілінде ғана сақталады. Әрбір дәуірде өмірге қажет болған құрал-сайманның, қару- жарақтың, киер киім мен ішер тамақтың, тұрмыстық заттар мен салт-санаға, әдет-ғұрып, наным-сенімге, ойын-күлкі, той-томалаққа байланысты ұғымдардың аты-жөні, сыр-сипаты т.б. тек тіл фактілері ретінде ғана, яғни жеке сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтел арқылы ғана бізге жетуі мүмкін»[3].
Ғалымның пікірінше, көненің көзіндей тілдің қат-қабат қойнауларында сақталып қалған, осы дүниенің сыры мол тіл әлемінің тереңіне үңіліп, тарихымен тұтас қарап сырын ашу – этнолингвистиканың үлесі.
Ә.Т. Қайдар этнолингвистикалық зерттеудің мақсатына қарай «этнос» терминін «этнос болмысы» ұғымымен, ал «тіл» дегенді «тіл әлемі» терминдерімен атауды ұсынады, Ә. Қайдар мұнда этнолингвистикалық зерттеулер этностың жеке мәселелері емес, оның тұтас бейнесін, баршаболмысын анықтайды, ал осы этнос туралы толық мағлұмат оның тіл қазынасында сақталады деген ойды тілге тиек етеді. «Этнос болмысы – этностың ұлттық бейнесі, тарихи тұлғасы және ол туралы реальді шындық»[3]. «Этнос болмысы» - этностың сонау балаң кезінен бүгінгі есейген шағына дейінгі кешірген өмір тіршілігінің айнасы, оның тілі арқылы қалыптасып, жадында сақталып, ұрпақтан нәсілге мирас болып ауысып келе жатқан бай рухани-мәдени қазынасы»[3].
Осыдан этнолингвистиканың зерттеу нысаны этнос тілі екені топшыланады. Е.Жанпейісов бұл жөнінде: «Тіл – этностың ең тұрақты, ең бір басы ашық негізгі көрсеткіші», - дейді[5, 3], ал өзгеруге бейім территориялық бірлік, экономикалық-шаруашылық және мәдениет тұтастығы т.б. этностың қосалқы белгілеріне жатады деп есептейді, сол себепті этнолингвистика тіл тағдыры мен этнос тағдырына қатысты зерделеулерді сабақтастыра, байланыстыра, үйлестіре жүргізуді талап етеді. Этнолингвистика – зерттеу аясы үлкен ғылым, Ә.Қайдар оның мәдениеттану, этнография, этнология, өлкетану, фольклористика, мифология, астрология, дінтану т.б. сияқты қоғамдық пәндер саласы мен этимология, диалектология, ономастика, фразеология, паремиология, терминология, лексикография т.б. тәрізді лингвистикалық пәндер атты екі тобын бөліп көрсетеді.

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет