Қазақ этногенездің қалыптасу кезеңдері. Этногенетикалық процесстер даму барысында бірнеше этаптарға бөлінеді. Антропологиялық зерттеулерге қарағанда, ұзақ мерзімді этникалық даму барысында тұрғындардың европоидтық нәсілі тұрақты сақталса да, уақыт өте келе монғолоидтік нәсіл басым бола түскен. Тілдік тұрғыда да өзгерістер болып, осы территорияларда өмір сүрген ертедегі иран тілдес тайпалар түркі тілдес тайпаларға ауыса бастайды.
Европалық кескіндегі үндіирандық андронов тайпалары қола дәуірінде мал шаруашылығымен және жер өңдеумен айналысқан. Олардың ерте темір дәуіріндегі мұрагерлері сақтар мен совроматтар .
Евразияның далалық аймақтарын бүтіндей алғанда және Қазақстандағы этникалық процесстердің шешуші кезеңі б.з.б. 1 мың жылдықтың ортасындағы түркілердің батысқа қарай жаппай қоныстануымен тікелей байланысты болды…
Кең байтақ территорияда оңтүстік, оңтүстік-батыс бағытта солтүстік Монғолиядан Әму-дарияға дейінгі (Жетісуды қоса) аймақта түркі тайпалары біртіндеп қоныстана бастаған.
Ежелгі сақ, сармат, үйсін, қаңлы тайпаларының ұрпақтары болып табылатын бұғы, бойырқу, беклі, қыбыр, түргеш, бұлақ, қарлұқ тайпалары Қазақстан жерінің негізгі тұрғындары.
VI ғасырдағы жаңа әлеуметтік қатынастар, ерте феодалдық түрік мемлекеті — Түрік қағанатының, кейінгі Батыс түрік қағанатының құрылуы түркі тілдес тайпалардың батысқа қарай үздіксіз ағысуына түрткі болды.
Қазақстанның оңтүстік-шығысында құрылған Түргеш қағанаты (VII-VIII ғғ.) орталығы Талас пен Суябта орналасып, Шу мен Іле өзендері аралығындағы үлкен территорияда мекендеген тайпаларды біріктірді. Түріктер отырықшы егіншілікпен айналысып, қалалық өміре жақындай түсті.
VIII-X ғғ. Қарлұқ федерациясына “қарлұқ” деген жалпы атпен көптеген: тукси, шігіл, азкіші, дулу, чоджи, чорук, арғу, барсхан тайпалары кірді. Сонымен қатар оғыз, ұйғыр, жетісулық соғдылар тобы да кірді. Қарлұқ этносаяси бірлестігінде аудан монғолоид нәсілі араласқан европеоид нәсілі басым болды. Қарлұқтардың үлкен бір бөлігі Мәуеренахр жағына кетіп, өзбек халқының қалыптасуына негіз болған.
Оңтүстік Қазақстан территорияда қаңлы, қанғар-печенег (Сырдария даласын мекендеген), арал-каспий бойынан ас және аландарды және Жетісудан батысқа қарай жылжыған қарлұқ, холодж, чагра, чарук тайпаларын біріктірген оғыз мемлекеті (ІХ-ХІ ғғ.) өмір сүрді.
Оғыздар антропологиялық жағынан монғолоид нәсіліне жатты. Оғыздардың үлкен бөлігі Орта Азияға қарай жылжып, Қазақстан территориясында құрылған жаңа этно-саяси бірлестік қыпшақ мемлекетінің құрамына енді.
VIII-XI ғғ. Қазақстанның солтүстік, шығыс және орталық аудандарында өздерінің ерте феодалдық мемлекеттерін құрған қимақ және қыпшақ тайпалары өмір сүрді. Қимақ саяси бірлестігінің құрамына көшпелі және жартылай көшпелі түрік тайпалары қыпшақ, эймур, имақ, татар, баяндур т.б. кірді. Қимақ мемлекетінің мұрагерлері қимақ бірлестігіндегі ең ірі тайпа қыпшақтар болды.
Қыпшақ тайпаларының мемлекеттік бірлестігі (ХІ-ХІІ ғғ.) құрамына көптеген түрік тайпаларын біріктіре отырып Ертістен Оралға және Еділден батысқа дейінгі, оңтүстікте Балқаш көлінен оңтүстік-батыс Сібірдің орманды алқаптарына дейінгі жерді алып жатты. Қыпшақ этносы жақын, туысқандық тегі жағынан емес, аймақтық-шаруашылық байланысы негізінде біріккен көптеген рулар мен тайпалардан тұрды (қимақ, баяндұр, боғут, қаңлы, урох, югур, тоқсаба, өлтүрлі, иеті, бұржоғлы, анджоғлы, дұрұт т.б.).
ХІ ғасырдың екінші ширегінде сол кезге дейін жазба деректерде “Оғыздар даласы” аталып келген дала Дешті-Қыпшақ атата бастады. Дешті-Қыпшақтың тарихи-географиялық аумағы Ертістен Днестрге дейінгі аймақты қамтыды… Оны шартты түрде Еділ өзені бойымен екі ірі этноаумаққа: Батыс қыпшақ және Шығыс қыпшақ бірлестіктеріне бөлуге болады.
Шаруашылықтың бірдей түрімен айналысуы, қоғамдық қатынастарының ұқсастығы, тілдерінің түсініктілігі бұл этникалық топтардың бір-бірімен бірыңғай этносқа жататындарын сезініп, қыпшақ атауын қабылдап, бірігіп кетулеріне көмектесті.
Кейінгі жүз жылдықтағы саяси оқиғалар, түрлі соғыстар қыпшақ бірлестігін де ыдыратып, шығыс қыпшақтардың қазақ, қырғыз, өзбек, қарақалпақ, ноғай халықтарының шығуына негіз болуына алғышарттар жасады.
ХІІІ ғасырдың басында Шығыс және оңтүстік-шығыс Қазақстанға Монғолия мен Алтай жерлерінен Шыңғысхан жаулауынан ығысқан өздерінің саяси мемлекеттік бірлестіктері бар түркі тілдес наймандар мен керейлер келіп орналаса бастады. Кейіннен олар да түркі халықтарының қалыптасуына өз әсерін тигізді.
Сөйтіп ХІІІ ғасырдың басында-ақ Қазақстан жерінде тұрғындардың этникалық жағынан бірігуі басталды. Орта ғасырда Қазақстанда отырықшы, қалалық, көшпелі және далалық мәдениет қалыптасты. Бірақ, тұрғындардың этникалық жағынан бірігуін монғол шапқыншылығы тоқтатты.