Байланысты: Эволюция ілімі табиғаттың тарихи дамуының жалпы заңдылықтары жән-emirsaba.org
Макроэволюцияның негізгі жолдары мен заңдылықтары. Тіршіліктің макроэволюциялық түрленуі қанша күрделі болса да оның жалпы заңдылықтары бар.
Монофилия және полифилия. Ірі таксондардың болуы түр қанша ұзақ тіршілік жасаса да бір тектен шыққандығының дәлелі. Осындай таксондардың бір тектен шығуын монофилия құбылысы деп атайды. Дарвин осы көзқараста болған. Бір тектен ажырасып дивергенция нәтижесінде түрдің филогенетикалық ағашының бұтақтары тармақтала түсті. Осылайша монофилия принципі органикалық формалардың бір тектен шығып дүниенің алуан түрге айналуын сенімді дәлелдеп береді. Полифилия түсінігі бойынша ірі таксондар екі немесе бірнеше тектен де шығуы мүмкін.
Дивергенция макроэволюцияның негізгі жолы. Дивергенция дегеніміз туыс ағзаларда әр түрлі белгілер пайда болуы. Ол түрлердің экологиялық жіктелуіне байланысты жүреді. Мысалы, өсімдіктерде алдымен экоэлементтер пайда болады, дами келе ол экологиялық расаларға айналады. Соңында жаңа түрге айналады. Эволюция нәтижесінде түрлер арасындағы айырмашылықтар көбейіп түрлер алщақтай түседі. Сөйте тұра жалпы морфофизиологиялық құрылымы сақталады. Дивергенция нәтижесінде гомолог мүшелер пайда болған. Ол шығу тегі бір, бірақ атқаратын қызметтері әр түрлі мүшелер. Құрлықтағы жануарлардың аяқтары жүруге арналса, судағы жануарлардың аяғы жүзуге арналған. Сөйте тұра, жылқы мен тюленнің қаңқасы мен бұлшық еттер жүйесі сүтқоректілерге тән бірдей. Түрлердің жаңа түрлерге ажырасуының алғы шарты олардың полиморфтылығы. Дивергенцияның сыртқы факторы тіршілік ортасының әр түрлілігі. Осылайша дивергенцияны ішкі және сыртқы факторлардың әсерлесуі анықтайды. Түр ішілік дивергенциялық ажырасуға бәсекелестік себеп болады. Бәсекелестікті шешудің оңай жолы әртүрлі тіршілік ортасына ауыса қою. Сонымен, ірі таксондардағы түрлердің ұқсас болуы олардың тектерінің бірлігінде, бірақ тіршілік орталары әр түрлі болады.
Макроэволюцияның тағы бір жолы – «тор» эволюциясы (сеточная). Эволюцияның синтезогенез түрі жүруінің үш жолы бар. Ол будандасу, симбиогенез және трансдукция. Түр будандасу арқылы түзілгенде екі түрдің будандасуы арқылы пайда болады. Оның негізінде фертильді ұрпақтар шығады. Кей жағдайларда түр аралық шағылыстырудың нәтижесінде (қашыр) стерильді ұрпақтар алынады.
Симбиогенез кезінде туыс емес екі түр ағзасының бірлесіп тіршілік жасауынан пайда болады. Оның классикалық мысалы балдырлар мен саңырауқұлақтардың бірігуінен пайда болатын қынаны атауға болады.
Трансдукция деп генетикалық материалдың бір ағзадан екіншісіне ауысуын айтады. Бұл құбылыс фагтарда зерттелген, сондықтан оны вирус трансдукциясы деп атайды. Бұл құбылыс эволюция бұтақтарын тор етіп өзгертіп отырады.