Біріншісі – белсенді іс-әрекет. Баланы еңбек арқылы тәрбиелеудің маңызы зор. Еңбектену кезінде бала адамзат тарихы жасап келген тәжірибені, құндылықтар жүйесін іс-әрекет тәсілдерін игере отырып, сол ортаның белсенді мүшесіне айналады. Осы жағдайда өте маңызды тағы да үш түрлі үрдістер жүзеге асырылады. Біріншіден, әртүрлі іс-әрекет түрлері мен оның формаларының арасындағы байланыстарды игереді. Осыдан туындайтын екінші үрдіс – өзі таңдаған, жетекші іс-әрекетке баса назар аудара отырып, басқаларын соған бағындырады. Үшінші үрдіс, іс-әрекет барысында бала жаңа рөлдерді игереді және олардың маңыздылығын түсінеді. Осының бәрі баланың болашақта өз ісінің шебері болуға, іс-әрекет субъектісі ретінде қалыптасуына тиімді ықпал етеді.
Әлеуметтенудің екінші өрісі – қарым-қатынас. Ата-анамен, отбасы мүшелерінің арасында үйлесімді, өзара түсіністік қарым-қатынас баланың әлеуметтік-психологиялық дамуына ерекше тиімді ықпал етеді. Отбасындағы өзара сыйластық пен түсіністік ертең ер жеткенде қоғамдық ортадағы адамдармен жайлы қарым-қатынас құруға негіз береді. Ата-ана жас ерекшеліктеріне сәйкес баланы ертерек отбасы шаруашылығына араластара отырып, білмегенін түсіндіре отырып, бірге атқару арқылы танымдық үрдістерінің аумағын кеңейтеді, еңбек сүйгіштікті, еңбек әрекетінде өзгелермен үйлесімді қарым-қатынас жасау түсініктерін қалыптастырады.
Әлеуметтенудің үшінші өрісі – баланың «Мен» бейнесінің қалыптасуы.
Көптеген эксперименттік зерттеулер (лонгитюдті) көрсеткеніндей, адамның «Мен» бейнесі бірден қалыптаспайды, өмір сүру барысында, әртүрлі әлеуметтік әсерлер негізінде қалыптасады. Адамның өзіндік сана-сезімі оның мінезінде, іс-әрекетінде, қылығында көрініс табады. Жоғарыда айтқандай баланың отбасындағы орны, оғандеген ата-анасыныңмахаббаты үлкен рөл атқарады.
«Мен» құрылымын түсінуде психология ғылымында бірнеше тұрғыдағы көзқарастар бар. Соның ішінде кеңінен тарағаны үш компонентті «Мен» құрылымы: танымдық (баланың өзін-өзі танып түсінуі), эмоциялық (өзін-өзі бағалауы), мінез-құлықтық (өзінің әрекеттеріне сын көзбен қарауы). Баланыңөзіндік санасы – жекеленген сипаттамалар тізімі емес, ол оның өзін біртұтас адам ретінде қабылдауы, түсінуі алынады. Өзіндік сананың екінші бір қасиеті іс-әрекет пен қарым-қатынас арқылы әлеуметтік-психологиялық кемелденуі, әлеуметтік тәжірибелер, білімдер мен құндылықтар жүйесін игеру болып табылады. Бұл қасиеттерге ие болуда отбасы, ата-анасы үлгі-өнеге бола отырып, оның мәдениетті, жауапкершілікті, тәрбиелі, жан-жақты болуына ықпал етеді. Бұл қасиеттер баланың әлеумет ортасымен тығыз қарым-қатынасы негізінде қалыптасады.
Отбасы – адамның туғаннан қартайғанға дейінгі даму ортасы болғандықтан маңызды әлеуметтену институты болып табылады. Отбасының әлеуметтену стилі ата-ананың ұлттық санасымен, мәдениет деңгейімен, салт-дәстүрлерді, ұлттық рухани құндылықтарды қаншалықты қабылдайтынымен тығыз байланысты. Сонымен қатар, ата-аналардың білім деңгейімен әлеуметтік жағдаяттарына да байланысты болады. Отбасындағы әлеуметтенудің басты бағыты – бұл ата-аналардың тиімсіз және тиімді бағыттарды нұсқаулары болып табылады. Ата-ананың нұсқаулары отбасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, татулық сияқты рухани құндылықтарға байланысты байқалады.
Ата-ана тәрбиесінің жалпыланған формасы «бала – менің қызығушылықтарымның орталығы» ұғымының қанағаттандырылуымен беріледі. Ата-аналар әрдайым баламен айналысады, мейірімді қатынас көрсетеді, оның өмірі жайлы болу үшін жағдайдың бәрін жасайды.