Факультеті: «Экономика және бизнес жоғары мектебі» Кафедрасы: «Бизнес технология» Мамандық: «Логистика»
ЭССЕ Тақырыбы: Әл-Фарабидің «Бақыт және бақытқа жеткізетін жол» Орындаған: Ағыбай Е. Н. Тексерген: Сулейменов П. М. Алматы
Бақыт және бақытқа жеткізетін жол:
А.Қасымжанов пен Е.Д.Харенко Отырар ойшылының аталмыш трактаттарының латын, түрік, испан тілдеріне де тәржімаланғандығына назар аудара отырып, олардың араб тіліндегі нұсқаларының қай елдерде сақтаулы екенін де анықтай алған. Әрине одан кейін де Әбу Насырдың көптеген еңбектері әлемнің бірқатар елдерінде жарық көрді. Ол жайлы АҚШ библиографы Николас Решер арнайы зерттеу жазған.Дін қызметінде жүрген жылдары бірде Иранның астанасы Тегеранда өткен халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатыстым. Әдеттегіндей уақыт тауып, осы елдің кіндік қаласының кітап дүкендерін аралау үстінде Әбу Насырдың «Китаб ат-танбиһ сабил ас-сағадасына» кез болдым. Онда бақыт жайлы аталмыш трактатқа қоса Әбу Насырдың «Ат-Тағликат» – «Афористік жазбалар» және «Рисалатани фалсафиатани» – «Философиялық екі трактат» атты дүниелері де беріліп зерттелген екен. Араб тіліндегі бұл кітапты құрастырып, зерделеген доктор Жағфар Йасин. Еңбек 354 беттен турады.Отырар кемеңгері «Китаб ат-танбиһінде...» Платон мен Аристотель ойларын аша отырып, ғылымын жалғастырған, жетілдіріп тереңдеткен.Әбу Насыр әл-Фараби адамды бақытқа не нәрсе жеткізеді деген сауалға жауап іздеген. Оның ойынша, адам баласы бақытқа жету үшін талпынатын мақсаттар көп. Әуелі ол білімді, сонан соң қанағат, қанағатшылық, ақыл-парасат, жақсы мінез-құлық, кішіпейілділік, (жаман сөз айтпау, зорлық-зомбылық жасамау, отбасына жақсы қарау, сауапты іс жасау) секілді этика ғылымына қатысты жайттарды сөз еткен. Сондай-ақ ұстамдылық, сөзге тапқырлық, ысырапшылдық, жомарттық, рахат сезім деген не, абзал істер, адам мақсатының түрлері, білім мен өнер, олардың түрлері, философия және оның түрлері, философ деген кім, оған қойылатын талаптар қандай, логика өнері, грамматика өнері секілді т.б. өзекті мәселелерді сөз еткен.
Бақыт және бақыт жолына көңіл аударғанда Әбу Насырдың бұл мәселеге ғалым, үлкен парасат иесі ретінде қарап, оларды ғылыми тұрғыдан қарастырғандығын байқаймыз. Өз ойларын ежелгі грек кемеңгерлерінің тұжырымдары мен айтқандары, түйген ойларына зер сала, ғалым ретінде терең ой жібере отырып зерделеуге тырысқан.
Әбу Насыр адам бақыт биігіне жету үшін, соған жеткісі келетін кісіден сол жолды игерудің әдісі мен амалын табуды талап ететінін ескертеді де «алдымен ескертіп алайық, адам өмірінде кездесетін жағдайлар мыналарға бөлінеді: артынан мадақтауға және жазғыруға болмайтын жағдайлар және мадақтауға немесе жазғыруға болатын жағдайлар» дейді. «Әл-Фараби этикасының ең жоғары категориясы – бақыт, өйткені басқа бірдеңе үшін емес, тек өзі үшін қажет болатын игілік және ең жоғары игілік осы бақыттың басына шоғырланған. Атап айтқанда, космология мен этика, жалпы философиялық конструкция (құрылым) және оның практикалық мағынасы осы шеңберде ұштасады. Әбу Насыр әл-Фараби бақыт дегеніміз игілік дейді де игілікті игіліктер ішіндегі ең қадірлісі, ең үлкені және ең жетілгені санайды, солай тұжырым жасайды. Оның ойынша әрбір адам бақытты өз түсінігінше бақыт деп біледі. Кейбіреулер бақытты байлық деп ойлайды. «Адам баласы жалпы жасанды жолмен жасаған ақыл-парасат арқылы бақытқа жете алмайды. Нені және қалай ажыратылатынын ол өзінің бүкіл өмір бойында біліп отыратын ақыл-парасаттың арқасында ғана бақытқа жетеді деп есептелінеді» дейді.Отырарлық кемеңгер меніңше әдепсіз, тәрбиесіз, біліксіз адам бақытты бола алмайды деп санайтын сияқты. Адам бақытты болу үшін жақсы іс істеуі керек, жақсыға жақсылық жасауға, абзал әрекетке тырысуы ләзім. Кісі жақсы мінез-құлқымен ғана бақытқа ие болады. Сондай-ақ ол ұстамдылық, сабырлықты да жақсы құлық деп есептейді. Ол жомарттықты да ізгі іске қосқан. Ал сараңдықты жаман қасиетке жатқызады. Әбу Насыр тойымсыздық, қомағайлық, ашкөздік секілді қылықтардан аулақ болуға шақырады.«Ал егер өз бойында жоқ бола тұрып, адам өзін ізгі қасиетті адамға, жүріс-тұрысы жөнді адамға жатқызса, онда ол адамда өзі жайлы жалған пікір туғандығы.
Егер адам өз ойында жоқ нәрселерді өзіне жатқыза беретін болса, онда ол адамда көлгірсушілік пайда болады».Адамның өз ожданы алдында абзал, шыншыл болуы адам өзіне өзі ізгі қасиетті болуынан, жүріс-тұрысы ізгі болуынан ғана туады» деген ой түйеді ұлы даланың дана тұлғасы. Көлгірсуді атай отырып ол оны жаман қасиет деп есептейді.Жаман мінез-құлық (дөрекілік, сабырсыздық, ашушаңдық, төзімсіздік, жарамсақтық, тәкаппарлық) әл-Фарабидің пікірінше рухани кесел.Оны жою үшін тән кеселін емде қолданатын дәрігердің тәжірибесіне еліктеуің керек», дейді қазақ жерінің парасатты ұлы.
Ал енді адамдар арасындағы достық туралы Әбу Насыр қандай ой айтқан деген мәселеге келейік. Әбу Насыр әл-Фараби «доскерлік – адамшылықтағы жақсы қасиет, бұл өзі адамның басқа адамдармен тиісті шамада қарым-қатынас жасауынан туады, осының арасында ол өзінің жүріс-тұрысынан, сол адамдармен әңгімесінен жақсы ләззат алады. Бұл жөнінде артық кету – жарамсақтыққа соғады, ал достыққа кемтар болу – тәкаппарлыққа итереді. Ал енді осы ретте ол басқаны ренжітетін іс жасаса, онда бұл дүрдараздыққа апарып соқтыратынына» көңіл аударған.
Адам баласы бақытты болуы үшін өзін өзі барлық жағынан жетілдіріп отыруы қажет. Ол үшін үнемі ізденісте болмақ керек. Бұл айтылғандардың бәрін ол этикаға жатқызған және бақытты жоғарыда айтқанымыздай этика ғылымымен байланыстырған. «Ең алдымен біліп алатын нәрсе: адам тамаша әрекеттерді кездейсоқ жасауы және өзінің ықтиярынсыз жасауы мүмкін. Осындай жағдайларда жасалған ондай тамаша әрекеттер бақытқа жеткізбейді. Егер осы әрекеттер оның өзінің ықтиярына және [өз еркімен] таңдауына негізделген болса, [сол жағдайда] ол бақытқа жетеді. Егер ол осы әрекеттерді тек кейбір нәрселер жөнінде ғана және оқта-текте ғана жасайтын болса, мұндай кезде де ол бақытқа жете алмайды. [Адам] өзінің барлық әрекетінде тамаша әрекетті қалайтын болса және өмір бойында осылай ететін болса, сонда ғана ол бақытқа жетеді. Дәл осы шарттарға жанның да тамаша аффектілері сәйкес келетіндей болуға тиіс», деп санайды Әбу Насыр әл-Фараби. Адамның жетілуі мінез-құлықтың жетілуімен үйлес келеді, осыдан келіп бақытқа жету мен мінез-құлықтың жетілуі арасында байланыс туады», дейді.
Сөйтіп ол «Бақытқа жету жолын сілтеу» трактатында және басқаларында әл-Фараби Аристотельдің әрекеттері мен қайырымды істердегі орта шама туралы пікірін дамытады. Екінші трактатта Әбу Насыр әл-Фараби адамның мақсатын немесе міндетін баяндайтын, мақсатқа жету жолы мен құралдарын көрсетеді, сөйтіп, мақсатқа адамның жетілуі арқылы жетуге болады, ал адам ақиқатқа тану арқылы жетіледі деген қорытындыға келеді», деп санайды отандас ғалымдарымыз. Әбу Насыр әл-Фарабидің «Китаб тахсил ас-сағада» – «Бақытқа жету туралы кітап» трактаты бірінші трактатына жақын деу керек». Екі трактаттың екеуінде де пайымдаудың байланысы сондай – мұның біріншісін екіншісіне кіріспе етіп алуға болар еді. Бірінші трактаттың пайымдаулары этика саласына жатады, мұнда бақытқа жетудің мақсаты мен құралдары анықталады. Екінші трактатта гносеологиялық (дүниетанудың нысандары мен әдістерін зерттейтін сала, таным теориясы) және онтологиялық (болмыс туралы метафизикалық ілім) мәселелерге көбірек көңіл бөлген. Оны оқу үстінде ғалым шығармасынан Аристотельдің «Екінші Аналитикасының» ықпалын сезесің, ол әсіресе «бастамалардың бастамасын» іздеу туралы сөз болғанда байқалады. «Анық» және «жорамал» ақиқат туралы пікірлер Аристотельдің «Софистикалық бекерге шығаруларын» еске салады» [Әл-Фараби. Әлеуметтік-этикалық трактаттар. Алматы, «Ғылым», 1975,374-387-беттер].
«Бақытқа жету туралы кітап» 1961 жылы Бейрутте жарияланған. Сонан соң 1962ж. АҚШ-та Нью-Йоркте ағылшын тілінде шыққан. Сондай-ақ оның түрік тіліндегі де басылымы барлығын айтқан жөн. Бұл дүниенің нұсқалары Британ музейінде, Үндістанның Рампур университетінде, Ташкенттегі Әбу Райхан әл-Бируни атындағы Шығыстану, Санкт-Петербургтегі Шығыстану институттарының қолжазбалар қорында және т.б. жерлерде де сақтаулы.
Әбу Насыр әл-Фараби «Китаб тахсил ас-сағада кітабын» «Адам бойында дарыған, халықтар мен қала тұрғындарына тән және бұл дүниеде тиесілі бақытқа жетуіне, о дүниеде асқан рахатқа кенелуіне де септігін тигізетін төрт түрлі нәрсе бар, бұлар: теориялық ізгіліктер, ойшылдық ізгіліктер, этикалық ізгіліктер және практикалық ізгіліктер» деп жіктеуден бастайды. Әрі қарай осылардың әрқайсысына түсінік немесе анықтама береді.
Қорытынды
Иә, Әбу Насыр әл-Фараби бақытқа жетуге бастайтын жолға да айрықша назар аударған. Екінші трактатта әл-Фараби өлгеннен кейінгі баянсыз бақыт туралы емес, тірі адамның бақыты туралы айтады. Оған жету үшін адам өзін өзі жетілдіре отырып, қиын жолдан өтуі керек. Бақыт проблемасын сөз қылғанда әл-Фараби үнемі мына әдісті қолданады: оң құбылыс пен теріс құбылысты қарама-қарсы қояды, оларды біресе біріктіре, біресе ажырастыра қарастырады, өйткені бақытқа жету шарттары оң құбылыстарды да, теріс құбылыстарды да қамтуға», мақтауды да сөгісті де ала жүруге» тиіс. Бұл факторлар адам қылықтарының – сорақы және жақсы қылықтарының негізі болып табылатын қара күш, мінез-құлық, ақыл-парасат қабілеттерінің белсенді түрде өзара әрекеттесуі арқылы көрінеді. Жақсы әрекеттерді орындау адамның игі ниетті еркімен және өз қалауымен үйлеседі және адамның өмір бойына осылайша болып отырады. Жақсы әрекеттерде зорлау, кездейсоқтық, тұрақсыздық бақытқа жеткізбейді...