Ахмет Байтұрсынұлы – өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ тіліндегі дыбыстар жүйесін арнайы зерттеп, қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан ірі ғұлама.
А.Байтұрсынұлы қоғам, ғылым және мәдениеттің өркендеуі жазу арқылы іске асатынын жақсы түсінді. Ғалым сауатсыздықты жою үшін әріп, оқулық мәселесін кезек күттірмейтін мәселе екенін біліп, 1910 жылдан бастап, араб жазуының қазақ тілі үшін қолайлы емес жақтарын түзеп, оны тілдің дыбыстық ерекшеліктеріне сай етіп, сингармониялық ұлттық әліпби түзеді. Бұған дейін, Х-ғасырдан бері парсы-араб жазуын өзгеріссіз қолданып келгенбіз. Сөйтіп, А.Байтұрсынұлы полиграфиялық жағынан қолайлы-қолайсыз жерлерін, оқыту процесіндегі тиімді-тиімсіз жақтарын таразылай отырып, қазақ тілінің төл дыбыстарына ғана тән 28 әріптен тұратын әліпби құрастырды.
Нақтысында, әліпби 24 таңбадан және дәйекшеден тұрады. Егер, "ء" дәйекше сөз алдына қойылса, сол сөздегі барлық дауысты дыбыстар жіңішке деп түсінілген. Мысалы: تۇردى - тұрды, ءتۇردى - түрді.
Әліпбиде қазақ тіліне тән, төл дыбыстарға ғана орын беріліп, кірме дыбыстар алынбайды. Ғалым гетерогенді сипат алған емлені, әліпбиді жалпыхалықтық, ұлттық негізде қарастырады. Ғалымның реформалауынан кейінгі араб жазуын бүкіл түркі жұрты ұлттық жазу жүйесі деп таныйды. Сондықтан А.Байтұрсынұлының бұл жазу жүйесін ұлттық қазақ жазуы деп атаймыз.
Оқу құралының ең ұлығы – бала оқытатұғын кітап.
Білім – бір құрал. Білімі көп адам құралы сай ұста сықылды, не істесе де келістіріп істейді.
Жастардың оқу-тәрбие жұмысы түзелмей, жұрт ісі түзелмейді.
Тіл – адамның адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын қаруының бірі.
Жақсы әліпби тілге шақ болу керек. Өлшенбей тігілген о жер бұ жер бойға жуыспай, қолбырап, солбырап, тұрған кең киім сияқты артық әріптері көп әліпби де қолайсыз. Бойыңды қысып, тәніңді құрыстырып тырыстырып тұрған тар киім сияқты әрпі кем әліпби қолайсыз болады.
Қазақ әлдеқашан тілінде қандай дыбыстар бар екенін айырған, әр дыбысқа белгілеп таңба арнаған. Оқуымызға онымыз жақсы, жазуымызға тағы жақсы, үйрету жағынан орыстікінен, немістікінен, француздікінен, ағылшындікінен оңай, оңтайлы.
Тіл білімі ереже жаттату түрде үйретілмей, сөздің тұлға, мағына, қисын жағын тану түрде үйрету керек. Сөздің тұлға, мағына жағын тануға керегі жоқ нәрселер тіл білімінің сабағына кірмеске тиіс.