3
ҒЫЛЫМ ЖОЛЫНДАҒЫ ЕЛУ ЖЫЛ
ҚР БҒМ ҒК Философия және саясаттану институтының директоры, ҚР ҰҒА
академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік
Нысанбаевпен
сұхбат
— Әбдімәлік Нысанбайұлы! Бүгінгі біздің сұхбатымыз Сіздің ғылым
жолына соқпақ салғаныңызға жарты ғасыр толған мезгілмен сәйкес
келіп тұр. Сіздің ғылым жолындағы 50 жылыңыз – елге игілік, отандық
ғылымғы сүбелі үлес қосқан саналы ғұмырыңыз құтты болсын! Инемен
құдық қазғандай ғылымдағы елу жылдың белесінде оқу мен білім, ғылым
мен өнегелі өміріңіз туралы ойларды ортаға салсақ деп едік. Сіздің әуел
бастағы мамандығыңыз математика екен. Даналыққа құштарлық
ғылымы – философияға жетелеп әкелген қандай құдірет?
— Рахмет! Иә, елу жыл дегеніңіз бір адамның ғұмырына татиды. Еске
алатын да, есеп беретін де кезең. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан»
демеуші ме еді қазақ, сол айтпақшы, осы елу жылға жуық менің саналы шығар-
машылық өмірімде заманның өзгерісінің куәсі болдық, соның жартысын
кеңестік дәуірдегі жастық жігерге толы ғылыми-философиялық ізденістерім
қамтыса, ал қалған жартысына жуығы ақыл тоқтатқан байсалды қалыптағы
рухани ізденістерім тәй-тәй басқан еліміздің тәуелсіздігін нығайтуға арналды.
Менің философия мен ғылым жолындағы шығармашылығымды шартты
түрде осылай екіге бөліп қарастырған дұрыс болар.
Математика ғылымдардың патшасы болса, философияны барлық ғылым-
дардың анасы дер едім. Өйткені барлық ғылым салалары, әлеуметтік ғылымдар
да, жаратылыстанулық ғылымдар да кезінде біртұтас білім түрінде болған
философиядан бөлініп шыққан. Орта ғасырларда философтың барлық ғылым
саласынан терең хабары болуы керек-тін. Және қазіргі кезеңде де бір саладағы тар
маманданудың теріс тұстары айқындалып, ғылымның интеграциясы күн тәртібіне
шығып отыр. Ғылым мен білімді гуманитарландыру мәселесі туындап отыр.
Өзіңіз айтқандай, «философия» деген грек сөзі «даналыққа құштарлық»
дегенді білдіреді. Ал осы даналыққа деген құштарлық адамның бала кезіндегі
білуге деген, тануға деген қызу қызығушылығынан бастау алса керек.
Сіз айтып отырған «құдірет» те осы адамның танымға деген махаббатын
білдіретін сияқты. «Халық жауының» отбасынан шықсам да осы балалық
арман мен қиял жетелеп, ауылдан қалаға келіп, 1955-1960 жылдар аралығында
Қызылорда педагогикалық институтында оқыдым. Сыр бойындағы бұл білім
ордасында сол кездері мықты білімді ұстаздардан дәріс алдым. Иә, мен
институт қабырғасындағы студенттік ғылыми үйірмелерде физика-химиялық
4
зерттеулермен, аздап математиканың философиясымен айналыстым. Студент
кезімдегі суретім осы оқу ордасында әлі күнге дейін ілініп тұр. Химия
ғылымдары институтының электрохимиялық лабораториясымен біршама
байланысып тұрдым. 1960 жылы мені жолдамамен ҚазКСР ҒА Химия
ғылымдары институтының электрохимия лабораториясына қабылдады.
Менің философиялық жолым оңайға соққан жоқ, бұл ізденістің,
күмәнданудың, адамгершілік және шығармашылық ширығудың жолы
болды. Әкем сталиндік саясаттың құрбанына айналып, жоқшылықтың
ащы дәмін татсам да, мен жастайымнан сталиндік стипендиат болып, бүкіл
кейінгі өмірімді білім алумен, ғылыми ізденіспен байланыстырдым.
Тағдыр маған оң көзімен қараған сыңайлы. 1961 жылы қазақ халқының
маңдайына біткен майталман ғалымы, заңғар заңгері деп айтуға да болады,
бүгінгі академик Салық Зиманов ағамыз мені Философия және құқық
институтына жұмысқа қабылдады. Бастапқыда аға лаборант, кейін кіші
ғылыми қызметкер болып қызмет істедім. Философиядан дәрістер тыңдай
жүріп, күшті толғаныстарға келетінмін. Мен көп нәрсені ұққым келді, өмірді,
әлемді, өзімді өзім түсінгім келді. Біздің қазақстандық философтармен жүздесу
және сұхбаттасу, классикалық философиялық мәтіндерді оқу мені жүзеге
асып та үлгірген өзімнің таңдауыма, Философияны таңдауыма алып келді.
Философия тарихында, есіңізде болса, Боэций үшін философия жұбаныш
болған. Менде ол тек жұбаныш қана емес, бүкіл өмірімнің мәніне айналды.
— Сол кездегі Институттағы философиялық ауан қалай болды,
әріптестеріңізден кімдерді атап өтер едіңіз?
— Институттың ұжымы мені жылы шыраймен қарсы алды. Мен
тамаша шығармашыл ұжымның ортасына түстім: Жабайхан Әбділдин,
Мамия Баканидзе, Лев Науменко, Герасим Югай, Ағын Қасымжанов –
бұлар менің пікірлестеріме, үзеңгілес серіктеріме, достарыма айналды. Өз
өмірімнің бұл кезеңінде мен қазақстандық философияның барлық даңқты
ғалымдарымен танысу бақытына ие болдым. Олардың көпшілігімен осы
күнге дейін достық қатынастарымыз сақталып қалды. Кеңестік қайта өрлеу
дәуірі немесе ғылымның, философия мен өнердің одағымен сипатталатын
60-жылдардағы «жылымық» кезеңінде мен философиялық және ғылыми
өмірдің қайнаған орталығы – Мәскеуде болдым. КСРО ҒА Философия
институты шындығында да, ең танымал мекеме, зиялылардың ордасы
болды. Кеңестік философиялық элитаның ең көрнекті өкілдері дәл осы
жерде жұмыс істеді, шығармашылықпен айналысты.
Мен осы Институттың Жаратылыстанымның философиялық мәселелері сек-
торына тіркелдім, ғылыми жетекшім ғылымның философиялық-методологиялық
мәселелерін даярлаумен айналысатын ғалымдарды біріктірген көрнекті философ
Иван Васильевич Кузнецов болды. Ол мен үшін өзінің шынайы мағынасында
5
мәңгіге Ұстаз болып, қамқор досым болып қала береді. Менің Мәскеуде оқыған
жылдарым танымның қуанышын тауып, ал одан өмірдің шаттығын алған кездерім
ретінде есімде қалады. Бұл кездері тағдыр маған Э.В. Ильенковпен, В.А. Лек-
торскиймен, В.В. Давыдовпен және өзге де кейіннен көрнекті ғалымдарға айналған
тұлғалармен кездесудің және достасудың қуанышын тарту етті.
— Кеңестік дәуірдегі жетістіктер туралы не айтар едіңіз?
— Кеңестік кезеңде Қазақстанда өзіндік кәсіби философиялық мек-
теп қалыптасып қана қоймай, оның өкілдері жалпы кеңестік, әлемдік
философиялық білімнің дамуына да өзіндік үлестерін қоса білді. Әсіресе,
материалистік диалектикаға қатысты, диалектикалық теорияның маңызды
мәселелеріне қатысты жиырмадан астам монографиялық жұмыстар жария-
лап, елдің философиялық қауымдастығынан өзіне лайықты бағасын алды.
Мұның дәлелі ретінде диалектикалық логика бойынша Бүкілодақтық сим-
позиумдардың 1968 жылы және 1973 жылдары Алматы қаласында өтуін
келтіруге болады. Симпозиумның материалдары жеке-жеке кітаптарда жария-
ланды. Бұл симпозиумға Мәскеуден, Ленинградтан, Киевтен, Ташкенттен
және т.б. қалалардан белгілі ғалымдар қатысты. Қазақстандық философтар
логикалық-гносеологиялық және методологиялық қырынан қарастырған
материалистік диалектиканың бұл мәселелері маркстік философияның негізгі
дүниетанымдық және теориялық міндеті болып табылатын диалектиканың
теориясын жүйелі түрде дайындаумен байланысты болды. Ал диалектикалық
теорияның өзі тарихи танымның, коммунистік құрылыс практикасы мен соңғы
ғылым жетістіктерінің жан-жақты қортындысы болуы тиіс еді. Қазақстан-
дық философтардың осындай салмақты ғылыми нәтижелері - бірнеше
монографиялар мен мақалалар тізбегінің жариялануы оларға бүкілодақтық
танымалдық әкелді. Осы кезден бастап Қазақстанда кәсіби философияның
қалыптасуы туралы толық негізде айтуға болады.
— Енді шығармашылығыңыздың екінші кезеңі туралы айтсаңыз?
— 1990 жылдың 17 мамырында үш үміткер араласқан баламалық
байқаудың негізінде Философия және құқық институтының директоры
болып тағайындалдым. Кеңес Одағының ыдырап, Қазақстанның тәуелсіздік
алуымен осыған дейін философиялық ойдың еркін дамуына кедергі
болған идеологиялық ауыздықтан құтылдық, менің де екінші тынысым
ашылғандай болды. Қол жеткен саяси дербестікті рухани тәуелсіздікпен
нығайту мақсатында және сол үшін рухани бастауларымыз бен кәусар
бұлақтарымызды аршып алу үшін түбі бір түркі дүниетанымына, қазақтың
төл философиясына бет бұрдық. Замана талабы мен негізгі философиялық
тақырыптың арнаны ауыстыруына сай, бүкіл институттың зерттеу нысаны
да, әдіснамасы да өзгерді. Дегенмен, көненің бәрін теріске шығарған жоқпыз,
кеңестер тұсындағы отыз жыл алған білімімізді кәдеге асырдық, КСРО білімі
6
мен ғылымының әлемде жетекші орын алғанын теріске шығара қоймассыз
және ондағы ғылыми мамандарды даярлау мен қадағалау жүйесін де тиімсіз
болды деп айта алмайсыз. Батыстан бас тартпай, Шығысқа мойын бұрдық.
Институт ішінен «қазақ философиясы және эстетикасы» деген жаңа
бөлім ашып, он бес жылда, яғни 1990 жылдан 2005 жылға дейін қазақ
философиясының тарихы мен теориялық мәселелеріне қатысты бес
ғылыми жоба жүзеге асырылып, «Қазақ даласының ойшылдары» атты
ұжымдық монографиялар сериясы жарыққа шықты. Барлық қазақстандық
философтарды жұмылдыра отырып, осы уақытқа дейін «қоғамдық ой» деген
тар шеңбердің ішінде кемсітіліп келген қазақ халқының философиясын
ғылыми айналымға да, бұқаралық санаға да негіздеп енгіздік.
Президенттің кемеңгер бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік
бағдарламасының бірінші кезеңін аяқтап, екінші кезеңіне бет бұрдық. Мен
бұл іс-шараны атқару жөніндегі құрылған Қоғамдық кеңестің мүшесімін,
«Философия, психология және педагогика» секциясын басқарып 50
томдық кітаптар сериясын шығардық.
1997-2002 жылдары Қазақ энциклопедиясының бас редакторлығы қызме-
тін қоса атқардым. Қазақ энциклопедиясының тұғырнамасын, тұжырымдама-
сын жасап, оның жұмысын ескіден жаңаға бұруға атсалыстым. Рухани мұраны
игерумен байланысты осы жұмыстарды атқарумен қатар, өзімнің философия-
лық ізденістерімді жалғастыра түстім. Философия мен рационалдықтың жаңа
типтерін іздестіруді түйіндейтін қазіргі заманғы философиялық тәжірибені игеру
мен үшін қашанда маңызды болып қала береді. Менің зерттеу жұмысымның
негізгі бағыттары ғылымның методологиясы мен философиясы, түркі, ислам
және қазақ философиясы, саясаттану және әлеуметтану болып табылады.
Мен үнемі ізденіс үстіндемін. Мен өз шығармашылығымда өзгерістің болуын
уақыт пен заманның өзгерісінен деп түсінемін. Уақыттың тамырын баса
білу керек деп ойлаймын. Менің жетекшілігіммен Қазақстандағы дінаралық
қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың тұжырымдамасы даярланды,
саяси ғылымның негізгі принциптері, қазіргі Қазақстандағы этносаралық
және мәдениетаралық өзара әрекеттің теориясы мен практикасы, қоғамтану,
философия, саясаттану, әлеуметтану бойынша мектепке және жоғары оқу
орындарына оқулықтар даярланды. Бұлар біздің зерттеулеріміздің нәтижесі
және олар қазіргі Қазақстан үшін өзекті әрі қажет деп ойлаймын. Бұл мен өмір
сүріп отырған Уақыттың талабы.
— Сұхбатыңызға рахмет, ұзақ өмір, зор денсаулық, одан әрі шы-
ғармашылық жетістіктер тілейміз!
— Көп-көп рахмет!
Әңгімелескен: Бақытжан Сатершинов
Достарыңызбен бөлісу: |