ибн-Хальдунның мемлекет теориясы. Мемлекеттің пайда болуын ойшыл күш көрсетумен байланыстырады. Ақылды көсемі бар, күшті, жақсы ұйымдастырылған тайпа көрші тайпаларды тізе бүктіре бастай- ды, оларға салық салады және бастапқы кезеңде көсем басқару үшін ол жаққа өзінің туыс-жақындарын жібереді – мемлекет осылай пайда бо- лады. Билігінің күшеюіне қарай ол жақын-жуықтарын биліктен шетте- те бастайды да, басқа адамдарды тағайындап, оларға артықшылықтар белгілеп, еңбектеріне жоғары ақы төлейді. Сол кезден-ақ мемлекеттің дағдарысы басталады, өйткені сырттан қауіп төнгенде, ақша үшін жұмыс істейтін адамдар, мемлекет бастауы басында тұрған алғашқы тайпалардың мүшелері сияқты, өмірлерін қия қоймайды.
Ибн-Хальдун мемлекет пен өндірістің өзара байланысын зерттеді. Оның кейбір идеялары тап бүгінгі күндерден көшірілгендей. Мемле- кет пен өндіріс табиғаты әртүрлі. Мысалы, тауарлардың бағасы оларды өндіруге шығындалған қаражатқа байланысты: оған көлік шығыстары, нарықтағы сұраныс және, әлбетте, ойшыл дұрыс атап көрсеткендей,
салықтар да кіреді. Ал мемлекет салықсыз өмір сүре алмайды ғой. Олар билік басына келіп қалған кешегі көшпенділерге рақат өмір сүру, шекараларды күзету, саяси қарсыластармен күрес жүргізу үшін ке- рек. Мемлекет, бір жағынан, салықтарды күшейте алады, ал, екінші жағынан, ішкі және сыртқы сауда-саттыққа бақылау белгілей отырып, экономикаға тікелей араласа да алады.
Егер салықтар көлемді болса, онда халық қалжырайды және оны- мен бірге мемлекет әлсірейді. Бай адамдар алтындарын тиеп алып, шетелге қашады. Қарапайым адамдар киім, тамақ іздеп, Ибн-Хальдун болжағандай, жан-жаққа бытырайды. Бұл факторлар мемлекеттің күйреуіне әкеліп соқтыруы мүмкін, өйткені мемлекет – қоғамның фор- масы, ал өндіріспен айналысатын қарапайым адамдар – оның материя- сы. Алайда бұл мемлекет толық құрып кетеді дегенді білдірмейді. Ескі мемлекеттің орнына, өзінің даму кезеңінен өткен соң, келесіге жол беретін жаңа мемлекет пайда болады.
Ибн-Хальдунның пікірінше, әрбір мемлекеттің өмір сүру мерзімі адамдардың үш ұрпағымен өлшенеді. Бірінші ұрпақ жаңа мемлекеттің негізін құра отырып, өзінің жеке мүдделеріне қарағанда, ортақ мүдделерді көбірек ойлап, күш-қуатын аямайды. Екінші ұрпақ мемлекеттің жинақталған байлығына билік етіп, оны өз игілігіне пайдалануға ұмтылады. Үшінші ұрпақ мемлекетті түбегейлі әлсіретіп, оны күйреуге жеткізеді.
Сөйтіп, мемлекет пен өркениеттің пайда болуының себебі – бір. Олар өндірістің дамуы мен өнім молшылығының пайда болуына бай- ланысты.
Мемлекеттер мен өркениеттердің күйреу себептері де айқын. Ибн- Хальдунның ойынша, бұл – билеушілердің ерекше қымбат тауарлар сатып алуға, өмірден барынша мол ләззат алып қалуға ұмтылуы, ал ол, өз кезегінде, қымбатшылыққа, салықтардың өсуіне, экономиканың әлсіреуіне келтіреді. Соңғы кезеңдерде қоғамның қарқынды түрде моральдық азғындауы орын алады. Адамдар бұзылады, бір-бірлерін алдап, қастық ұйымдастыра бастайды. Осының барлығы байлыққа жету үшін жасалады.
Рухани дағдарысты басынан өткеріп жатқан қазіргі заманғы адам- зат үшін Ибн-Хальдунның көптеген идеяларының әлі де өзекті екенін мойындағанымыз жөн болар.