Қазіргі таңда құқық жалпы ғылым ретінде екі мағынада ұғынылады. Еуропаның азаматтық құқық дəстүрінде ол жеке сот шешімдерінің жиынтығы ретінде танылады, ал қауымдық құқықтық дəстүрге бай Англия мен АҚШ сияқты елдерде юридикалық философия санатында түсіндіріледі.
Құқық философиясының ұзақ жəне бай тарихы болғанымен, «құқық философиясы» термині кеше ғана XVIII ғасырдың аяғында пайда болды. Оған
дейін, ежелден бастап философиялық-құқықтық саладағы мəселе алғашқыда жалпы тақырыптың жеке үзінділері мен аспектілері түрінде, кейін табиғи құқық жөніндегі ілім ретінде қарастырылды (философия, юриспруденция, саяси ғылымдар, теология шеңберінде). Мəселен, Кант құқық философиясын құқық туралы метафизикалық ілім деп зерттеді.
Алғашқыда «құқық философиясы» термині юридикалық ғылымда пайда болды. Оны құқықтың тарихи мектебінің ізашарларының бірі немесе заңгері Г. Гуго ғылымға енгізді. Гуго «құқық философиясы» терминін «құқық туралы ілімнің философиялық бөлігінің» қысқаша атауы «позитивтік құқық философиясы» деп қолданды. Гугоның пайымдауынша, юриспруденция үш бөлімнен құралуы керек: юридикалық догматика, құқық философиясы (позитивтік құқық философиясы) жəне құқық тарихы. Əрекеттегі (позитивтік) құқықпен шұғылданатын жəне «юридикалық кəсіп» болып табылатын юридикалық догматика үшін Гугоның пікірінше эмпирикалық білім жеткілікті. Ал құқық философиясы жəне құқық тарихы соған сəйкес «құқықты ғылыми танудың парасаттық негізін» жəне «ғалымдық, либералдық юриспруденцияны (элеганттық юриспруденцияны)» құрайды.
Сонда құқық тарихын, құқықты заң шығарушылар жасамайтынын, керісінше, кұқық тарихы өзінше қалыптасатынын көрсетпек болды (бұл идеяны кейін К.Р. Савиньи, Г. Пухта жəне т.б. құқық тарихы мектебінің өкілдері колдап, дамытты).
Гуго біршама Канттың ықпалында болғанымен, шын мəнінде құқық туралы Канттық метафизикалық ілімнің негізгі идеяларымен келіспеді. Оның түсінігінше позитивтік құқық философиясы жəне құқықтың тарихилығы антирационалистік, позитивистік сипатта болды жəне парасаттық құқықтың табиғи құқықтық идеяларына қарсы бағытталды. Гугоның құқықтың тарихилығы қағидасы тарихтың да, құқықтың да парасаттылығын терістеді.
«Құқық философиясы» терминінің кең көлемде тарауына жəне осы күнге дейін маңызын жоғалтпауына 1820 жылы жарық көрген Гегельдің «Құқық философиясы» кітабының ықпалы зор болды.
Гегельдің бұл шығармасының алғашқы аталуы былай еді: «Табиғи құқық жəне очерктердегі мемлекет туралы ғылым. Құқық философиясының негіздері». Осы «табиғи құқық» деген атау философиялық-құқықтық зерттеу мен қарастырудың түрі мен жанры ретінде (ескі дəстүр бойынша) қазіргі таңға дейін сақталып келді.
Гегельдің пікірінше, құқық философиясы Гуго ойлағандай юридикалық емес, философиялық пəн. Сонда юридикалық ғылымды (Гегель оны позитивтік құқық туралы ғылым немесе құқық туралы позитивтік ғылым деп атайды) ол тарихи ғылым деп сипаттайды. Осындай сипаттаманың мəнін Гегель былай түсіндіреді: «Позитивтік құқықта не нəрсе заңды болса, ол құқықты танудың қайнар көзі болады, немесе өздігінше айтсақ, дұрыс (əділ) болғандық; сөйтіп құқық туралы позитивтік ғылым дегеніміз беделді принцип санайтын тарихи ғылым. Басқасының бəрі - пайымның ісі жəне сыртқы тəртіпке тиесілі, салыстыру, бірізділіктілік, кейінгі колдану жəне т.б.».
Юридикалық ғылымды Гегель «пайымдық ғылым» ретінде бағалайды.
Оған қоса «парасаттың талабын қанағаттандыратын жəне философиялық ғылыммен бұл пайымдылық ғылымның ешқандай ортақтастығы жоқ», - дейді. Сонымен бірге, ресми орнатылған беделден туындайтын дедукциядан тұратын юриспруденцияның пайымдық ұғымдары мен анықтамаларына философияның қоятын «барлық дəлелдемелеріне қарай құқықтың берілген аңықтамасы парасатқа сəйкесе ме?» деген сұрағына таңданбау керек.
Гегельдің пікірінше, құқық туралы нағыз ғылым құқық философиясы болып табылады.
«Құқық туралы ғылым, - дейді ол, - философияның бөлігі. Сондықтан сол пəннің парасаты болып табылатын ұғымнан идеяны дамыту керек немесе дəл сол сияқты пəннің өзінің өзіндік имманенттік дамуын байқауы керек». Осыған сəйкес құқық философиясының пəнін Гегель былай тұжырымдайды: «Құқық туралы философиялық ғылым өзінің пəні ретінде құқық идеясын - құқық ұғымы жəне оның жүзеге асыуын қарастырады» деп біледі.
Құқық философиясының міндеті - құқықтың негізінде жатқан ойды ұғыну. Оған дұрыс ойлау көмегімен құқықты философиялық тану арқылы жету мүмкін. «Құқықта, - дейді Гегель, - адам өзінің парасатын табуы керек, демек құқықтың парасаттылығын, ақылға қонымдылығын қарастыруы керек, осымен біздің ғылымымыз шұғылданады, ол бұған керісінше позитивтік юриспруденция қарама-қайшылықтарымен жиі кездеседі».
Гегельдің құқық философиясы пəнін анықтауы, оның ойлау мен болмыстың, парасат пен шындықтың барабарлығы жөніндегі философиялық идеяларымен тығыз байланысты. Осыдан оның философия міндеттерін, сонымен бірге құқық философиясының міндеттерін анықтауы «бар нəрсені ұғыну, өйткені бар нəрсе дегеніміз парасат» шығады.
Құқық философиясы пəні мен міндеттерін Гегельдік түсіну - құқық пен заңды бұрынғы табиғи құқықтық ұғыну қағидаларына, табиғи құқықты антирационалдық сынаушыларға (Гуго жəне құқықтың тарихи мектебінің өкілдері, құқыққа тиесілік тұрғысынан рационалдық түрде қарастырушыларға, тиесілі құқықты - нағыз құқыққа (Кант, кантшыл Я.Ф. Фриз жəне басқалар) қарсы қойылған өткір сын болды.
Шынында, Гегельдік құқық идеясының өзі, оның құқық философиясының пəнін білдіре отырып, шын мəнінде тиесілі құқықтың нағыз құқыққа қатынасы ретіндегі буржуазиялық (сол кездегі Пруссиядағы жартылай феодалдық жəне мемлекеттік-құқықтық тəртіпке сай) сипатта болды. Сондықтан, нақты тарихи тұрғыдан қарастырғанда гегельдік құқық идеясы шын мəнінде «не бар екенін» емес, не болу керегін білдірді.
Юридикалық немесе философиялық ғылым түріндегі құқық философиясының пəндік сипатын анықтау мəселесіндегі Гуго мен Гегельге келіп тірелетін екі көзқарас ХІХ-ХХ ғғ. философиялық-құқықтық зерттеулерде өзінің жалғасын тапты.
Философиялық ілімдердің тікелей өздері де жəне оған сəйкес құқықты философиялық түсіну, юридикалық ғылымдардың бəріне жəне оның философиялық-құқықтық шеңберіндегі қағидалары мен əдістеріне зор ықпал етуде. Сол сияқты юриспруденция, құқық туралы юридикалық-теориялық
қағидалар, олардың қалыптасуы, жетілуі жəне дамуы мəселелері құқықтық тақырыптың философиялық зерттеулеріне де əсер етеді.
Философия мен юриспруденцияның осындай өзара ықпалы, өзара əсері, өзара қатынасы құқыққа философиялық тұрғыда қараудың бəріне тəн. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап жəне XX ғасырда құқық философиясы көбінесе юридикалық пəн болып юридикалық факультеттерде сабақ түрінде оқытылса да, оның дамуы əрқашан да философиялық оймен тығыз байланыста болып келеді.
Құқық философиясының ғылыми жағы жəне пəндік бітімі туралы мəселенің бірнеше аспектілері бар.
Егер сөз құқық философиясының өзі туралы болса, онда мəселе ең кем дегенде екі пəн - юридикалық ғылым мен философияны біріктіретін пəнаралық ғылым туралы болады. Сонда осы пəнаралық компонент, ол жеке юридикалық немесе философиялық ғылым ретінде қарастырыла ма, не қарастырылмай ма оған тəуелсіз бола тұрып, барлық құқық философиясының сипаттарына ортақ болады.
Құқық философиясының юриспруденцияға немесе философияға қатысты пəндік бітімін концептуалды ажыратып екшелегенде, зерделегенде: «кұқық дегеніміз не?» деген мəселе туындайды.
Бұл концептуалды айырмашылық юриспруденция мен философияның пəндік ерекшеліктеріне байланысты. Қысқаша айтқанда, философиялық таным, философия дегеніміз жалпылық, əмбебаптық шеңберінде, құқық жəне құқықтану - ерекшелік шеңберінде, ал құқық философиясының ізденісіндегі құқық туралы ақиқаты, барлық ақиқат сияқты нақтылы ақиқат. Осыдан философия мен юриспруденцияның құқық философиясына қатысты концептуалды өзгешілігі шығады: философиядан құқық философиясына өту жалпылықтан ерекше арқылы нақтылыққа (құқық туралы ақиқатты табу) өту болып табылады, ал юриспруденциядан құқық философиясына өту - ерекшеден жалпылық арқылы нақтылыққа қозғалу, өту.
Философияның құқыққа көңіл аударуы жəне философиялық ғылымдар жүйесіндегі құқық философиясының ерекше философиялық ғылым түрінде болуы философияның өзінің ішкі қажеттілігінен туындайды, өйткені философия өзінің жалпылығының (пəндік, болмыстық, танымдық жəне т.б.) шын мəнінде жалпылық екеніне құқық философиясында сезінеді, оған көзі жетеді.
Сол сияқты юриспруденцияның да (оның құқық философиясына өту қозғалысы) өзінің ерекшелігін шын мəнінде жалпылықтың ерекшелігі, яғни оның қажетті бөлік ретінде сезінуі өзінің кездейсоқ еместігін, өзіндік ішкі қажеттіліктен туындайтынына көзі жетеді.
Ерекше философиялық пəн тұрғысындағы құқық философиясында (табиғат философиясы, дін философиясы, мораль философиясы жəне сол сияқты ерекше философиялық пəндермен бірге) танымдық қызығушылық пен зерттеудің нысаны, мақсаты негізінен мəселенің философиялық жағына, құқықтың ерекше саласында анықталған философиялық қағиданың танымдық мүмкіндігі мен эвристикалық потенциалын көрсетуге бағытталған. Ал
юриспруденция тарапынан қарастырылатын құқық философиясы қағидаларында, олардың өзіндік айырмашылықтарына қарамай, əлбетте, құқықтық сарын, бағыт пен əдістемелік зерттеулер басым болып келеді. Оның философиялық бағытын, бітімін философия айқындамай, керісінше, ол философиялық зерделенген құқық сұранысының өзіндік қажеттілігінен туындайды. Сондықтан, мұнда мына мəселелер қызығушылық танытады: құқық пен құқықтық ойдың философиялық дүниеге көзқарастағы орны, мəні жəне маңызы: философиялық ілімдер жүйесіндегі дүние, адам, əлеуметтік өмірдің формалары мен нормалары туралы, таным жолдары мен əдістері туралы, құндылықтар жүйесі туралы жəне сонымен бірге осы жəдігерліктердің құқыққа қатынасы жəне т.б.
Біздің қарастыруымыздағы философиялық-құқықтық сипаттағы проблематика көбінесе тарихи-философиялық тұрғыда зерттеледі. Ал юридикалық ғылымдарда философиялық-құқықтық проблематикаға жеткіліксіз көңіл бөлінсе де, дəстүр бойынша құқық философиясы пəн ретінде оқытылады. Алғашқыда құқық философиясы жалпы құқық теориясы шеңберінде қарастырылып, оның құрамдас бөлігі болды, кейін ол жалпы ғылыми дəрежеге дейін көтеріліп өз алдына юридикалық пəн болып қалыптасты (құқық жəне мемлекет теориясы, құқық социологиясы, құқықтық жəне саяси ілімдер тарихы, отандық жəне шетелдік құқық пен мемлекет тарихымен бірге). Осы тұрғыдан алғанда құқық философиясы юриспруденция мен философияның жəне басқа да гуманитарлық ғылымдардың пəнаралық байланысын нығайта отырып методологиялық, гносеологиялық жəне аксиологиялық қызмет атқарады.
Достарыңызбен бөлісу: |