Ғылыми мақала Тақырыбы: Қазақтың фантастикалық жанры Мазмұны



Дата08.10.2024
өлшемі21,7 Kb.
#147169
Байланысты:
мақала қазақ фантастикалық жанры


Ғылыми мақала


Тақырыбы: Қазақтың фантастикалық жанры

Мазмұны
1.Фантастика жайында жалпы түсінік.
2. Қазақ фантастика жанры.
3. Қазақ фантаст жазушылары.
4. Қазақ әдебиетіндегі фантастикалық көркем шығармалар.
5. Қорытынды.
6. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі.

Фантастика - ең ескі жанр. Қазақ ертегілерінің ғажайып кейіпкерлері: таусоғар, желаяқ, саққұлақ, жалғыз көзді дәу, жалмауыз кемпірлер - өз заманындағы фантастикалық бейнелер. Аталмыш жанрдың түп атасы - ауыз әдебиеті. Ал біздің заманымыздың еншісі - ғылыми фантастика. Кезінде фантаст жазушыларымыздың қаламынан туған «робот» есімді темір адамдар жеті қат көктегі жұлдыздар әлеміне қадам басып, жер астына дейін сапар шекті. Кеңес дәуірінде осындай қиял-ғажайыпқа толы романдар, повестер, хикаяттар, әңгімелер жетіп артылатын. Олардың бәрі келешек пен өткен заманның құпияларын барлап, хал-қадерінше әдебиеттің, мәдениеттің дамуына ықпал етті.

Ал қазір ше? Қазіргі оқырман ондай қиял-ғажайыптарға сенуден қалып барады. Бүгінгі мәдениеттің бет алысына зер салсаңыз, фантастикалық жанрдың жоғалып кету алдында тұрғанын көресіз. Осыдан кейін «Қалың кітаптардың заманы өтті дейміз, ендеше шағын фантастикалық кітаптардың дәуірі неге тумай жатыр? Жастар неге ғылыми фантастикаға бармайды?» деген сауалдар туындайды. Қазақ әдебиетінде фантастикалық жанрға аса қатты көңіл бөлінбейді. Оған дәлел осы қазақ әдебиетіне өң берген фантаст-жазушы Жүніс Сахиевтің осы пікірін алуға болады. «Таралым аз, қолдау жоқ туындыларамыздың оқырмандарғажетпейтіні де содан» - дейді қаламгер.

Шәмшиден Әбдіраман фантаст-жазушының мына пікірі фантастика жанры туралы көзімізді ашады: «Фантастика тіпті де балауса жанр емес. Біздің көркем әдебиетіміздің өзі фантастикадан басталған. Кешегі қиял-ғажайып ертегілеріміздің өзі - халқымыздың әлемді тануының бір формасы. Фантастиканың ең үлкен қасиеті - оның танымдылығында. Фантаст-жазушылар тарихи шындықты талдап, ғылымның негізінде жақсы шығарма беруге тырысады. Бұл жанрдың қиындығы да - осында. Дегенмен түп-тамыры тереңде жатқан қазақ фантастикасы ешқашан жоғалмайды, мүмкіндігінше дами береді. Онда да халқымыздың ұлттық құндылықтары негізінде дамуы керек. Яғни космополиттік ұғымдарға ұрынбай, қазақ тақырыбын көтеру арқылы елге интеллектік білім беруі тиіс...»



Қазақ фантастикасы дегенде - жазушы-фантаст әрі ірі ғалым Ақжан Машани атамыздың «Жер астына саяхат» атты ғылыми-фантастикалық кітабы алдымен аузымызға оралады. 1957 жылы жарық көрген осы кітап қазақ ғылыми фантастикасына жол ашты деуге болады. Осыдан кейін фантастиканы «қазақ әдебиетіндегі кенже дамыған балауса жанр» деп жүргендермен амалсыз келісуге тура келеді. Орыстағыдай 20-40 жылдары бізде фантастика жанры болмағаны рас. Ғарышқа адам баласының ұшуы бұл жанрға да қанат бітіргені сөзсіз. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары фантаст-жазушылар Шәмшідин Әбдіраман, Шоқан Әлімбаев, Талап Сұлтанбеков, Раушанбек Бектібаев, Жүніс Сахиев, Медеу Сәрсеке, Абдулхамит Марқабаев, Төлеу Шаханов, Төлеш Сүлейменовтердің осы жанрда елеулі туындылар бергенін көреміз. Фантастардың бірі ауыл болашағын, қойшы қауымның қиын-қыстау өмірін жеңілдетудің жолын іздесе, бірі адам баласының жарқын болашағын суреттеді. Бірі ғылымның сан-саласының келешегіне ой жүгіртіп, автомобильдің озық үлгісін тілге тиек етті.
Қазақ әдебиетінде фантастика халық қиялынан туған хайуанаттар жайлы, қиял- ғажайып, тұрмыс-салт ертегілерінен бастау алады. Мысалы, «Ер Төстікте», «Керқұла атты 57 Кендебайда», «Қырық өтірікте» фантастика жанрының негізгі элементтері кездеседі. Жазба әдебиетте фантастикалық оқиғалар Абай Құнанбайұлының «Масғұт», «Ескендір» дастандарында, С.Ерубаевтың «Келешек соғыс туралы» повесінде, М.Әуезовтың «Дос - Бедел дос» және «Елу жылдан соң» пьесаларында да бар. Қазақ кеңес әдебиетінде фантастика 1950 жылдан басталады. А.Машановтың «Жер астына саяхат» повесі республикада ғылыми - фантастикалық әдебиеттің тууына ұйтқы болды.
Қазақ халқы ертеден ырымшыл келеді. Айналасында болып жатқан оқиғаларды, табиғи құбылыстарды, ауа-райының құбылуын, жұлдыздардың көкте орналасуын ғажайыпқа теңеген. Әлбетте, адамдар үшін жердің асты, аспанның үсті құпия. Жердің қандай қабаттан тұратыны, үстіңгі қабаты, жұқа қыртысы, терең қабатының құрамы жаңа туған сәбидей әрнәрсеге қызыққыш келетін адамзат баласы үшін – беймәлім дүние. Осы бір мәнде жазылған Ақжан Машанидің "Жер астына саяхат кітабы" - геологиялық тақырыптағы оқырманды өзіне елітіп, қазақ әдебиетіндегі ғылыми фантастикалық туындыларға жол ашқан алғашқы кітап. Аты айтып тұрғандай, кітап бастан аяқ жер астындағы оқиғалар туралы суреттеледі. Автордың өзі сол саланың адамы болған соң, мантия мен ядро туралы сыр шертеді. Жер астындағы саяхаттың көрінісін, ғылыми-фантастикалық түрде әдемі жеткізеді.
Ж. Сахиев. "Шолпанға көшкен ауыл"
Жүніс Сахиев - жазушы-фантаст. Қазақстанда сериялы ғылыми-фантастикалық романдар жазуды бастаушы. "Шолпанға көшкен ауыл" романы - "Кеңістік көшпенділері" ғылыми-фантастикалық романдар сериясының жалғасы. Романда аспан әлемін зерттеушілер мықтыларының таңғажайып оқиғалары баяндалады. Ғалым зерттеушілердің қазақ жерінен ең көрікті, топырағы құнарлы, жұмақ мекенді таңдап алып, жарық жұтқыш құрылғы арқылы оны Шолпан жұлдызына қондырғаны туралы адам сенгісіз хикая ғылыми түрде баяндалады. Бұл романның өзге романдардан ерекшелігі ғарыш әлемі мен қазақ ауылын байланыстыруда.
Ж. Сахиев. "Космотарих куәсі"
Осыдан миллион жыл бұрын жер ғаламшарында адам сенгісіз оқиғалар болған. Күннің аптап ыстық болуы, кенеттен жер жаһанды дүр сілкіндіріп, жанартаудың атқылауы, әлденеше көңіліне жақпағандай, ауа-райының әп-сәтте-ақ құбылуы, аспаннан қатер төңгендей алапат дауылдың, жерді асты-үстіне келтіруі, тіршілік иелерінің көзді ашып жұмғанша, планетаны қаңыратып, бос тастап, о дүниеге безіп кетуі, өзен-көлдей боп, сарқырап аққан қызыл оттың жер үстінде таң-тамаша өнер көрсетуі, біз айтатын жабайы жануарлар мен айдаһар-аждаһаның түлен-түрткен дәуірі, адам айтса таңғысыз, динозаврдың жоқ боп кетуі, ай мен күннің ерекше құбылысы, айдың ең суық арша-паршасы шыққан нүктесінде болған таңғажайып оқиға, аспан әлеміндегі зерттеу жұмыстары Ж.Сахиевтің "Кеңістік көшпенділері" сериясымен шыққан "Космотарих куәсі" романында суреттеледі. Ғылыми-фантастикалық роман өз оқырманына аспан әлеміне бір мезетке саяхаттауға мүмкіндік береді. Шығарма адамды сонау аспан әлеміне, ішкі түйсігіндегі арман - мақсатына, жарқын болашағына жетелейді. Сіздерге қызық болуы үшін кітаптың бір құпиясымен бөлісейін. Бұл әңгіме - динозаврдың жер бетінде болып, қалай жоқ боп кеткенін, құйрықты жұлдыздың аңызын ғылыми түрде, еркін тілде жеткізеді.
Қорыта келе, көркем әдебиет-қиял әлемі, керемет бейнелер, керемет кейіпкерлер, қызықты оқиғалар. Осындай кітапты оқығанда, өмірдегі қиыншылықтарды ұмытып кетесіз. Ерекше тіршілік иелері, галактикалық соғыстар туралы оқу өте қызықты! Сонымен, фантастика не үшін қажет? Меніңше, мұндай шығармалар арқылы ойға, қиялға орын беріп, күнделікті уайымнан алшақтатады. Біз басқа әлемге еніп, көп армандай аламыз. Өйткені, әр адам өзінің шытырман оқиғаларын, планеталарын, адамдардың сыртқы келбетін елестетеді. Фантастикалық шығармалар адамның шығармашылығын, қиялын дамытады.Фантастикалық әңгімелер мен кітаптарды оқу жағымды ғана емес, сонымен қатар пайдалы! Біле білсек, қиял-ғажайып дүниелердің ең озық үлгілері қазақтың халық ауыз әдебиетінде жатыр. Мәселен, ертегілер мен батырлық дастандар арқылы халқымыз өз қиялындағы ержүрек ерлердің қандай мінсіз бейнесін сомдады десеңізші! Керқұла атты Кендебай, Ертөстік, Қобыланды мен Қамбар, Алпамыс сияқты минут сайын өсіп, сағат сайын толысып отыратын, атса, оқ өтпейтін, шапса, қылыш кеспейтін, жүгірген аңға да, ұшқан құсқа да жеткізбейтін, ерекше жаратылған жандар бейнесі. Сондай-ақ ұшқыр кілем, «піс» десе, ішінде тамақ пісе қалатын сиқырлы қазан, «құс» десе, алтын құсатын есек, сауысқанның құйрығын білдірмей жұлып алып, бірінікін біріне ауыстыра қоятын айлакер, Таусоғар мен Көлтауысар немесе жерасты патшалығы мен Күн астындағы Күнікей қыздың елі, бәрі-бәрі - жақсы өмірді арман етіп, жаңалыққа, жақсылыққа ұмтылған қазақ жұртының көреген көңілінің айғағы. Сондай-ақ ол, біреулер ойлағандай, ғылыми білімнің жай ғана жаршысы болып қоймай, оқырманды ғылыми-әлеуметтік ұғымдар мен түсініктерге бойлатып, қиялын ұштайды, ойын дамытады. Сонымен бірге аса маңызды ғылыми-техникалық жаңалықтарды қабылдауға жұрт санасын дайындауда да бұл жанрдағы шығармалардың көтерер жүгі зор. Қазақ әдебиетіндегі фантастикалық жанр өз оқырманын, қазақ қоғамын жаңашылдыққа жетелейтін жанр!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1. Мархабаев А «Қиялгер қисындары» - Алматы: "Санат", 2002.
2. Құрманаева А.Ж. «Қазақ фольклорындағы қиял жанрының байырғы көріністері».
3. Роза Рақымқызы «Алаш айнасы» - газеті, 2010.
4. Құрманаева А.Ж. «Қазақ мифтік кейіпкерлерінің синхронды жіктелуі».

Достарыңызбен бөлісу:




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет