Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар Элимильктің жазбалары туралы не айта аласыз?
Угариттердің әлемге танымал шығармаларының бірі Керет туралы эпос нені суреттейді?
Данэл туралы мифтер желісі туралы және оның басқа мифтермен үндестігі?
Құдіретті Ваал және Анат туралы мифке тән тың дүниені атаңыз?
Угариттік кезеңдегі қоғамдың айнасына айналған мифтердің негізгі идеялық мазмұны?
Хабарлаушы проза ретіндегі Каратепе жазбасына тоқталыңыз.
Угариттік әдебиеттің әлем әдебиетіне қосқан үлесін қорытындылаңыз?
Ежелгі Қытай әдебиеті
Қытай тарихының ежелгі кезеңі б.з.д. ІІ мыңж. ортасы мен б.з. III ғ. қамтиды. Оның өзі үш үлкен: тайпалық одақтар дәуірі – Шань-Иньдік (б.з.д. ХYIІ-ХІI ғ.) және Чжоулық – қалалар мен мемлекеттер дәуірі (б.з.д. ХІІ–YIII ғ.) және Империя (б.з.д. ІІІ ғ. - б.з. ІІІ ғ.) аталатын дәуірлерден тұрады.
Археологиялық қазбаларға сүйенсек, Қытай территориясындағы Хуанхэ бассейнде Шань тайпалық одағының бірігуіне дейін, яғни б.з.д. ІІІ ғ. өзінде мәдениет пайда болған дейді. Табылған орнына байланысты ол Яншао мәдениеті аталады. Шань одағының уақытының Инь аталатын екінші кезеңінен қойдың жауырына не болмаса табақаның үстіңгі қаңқасына ойылған алғашқы жазба – буцылар – жорамал формулалары жеткен. Сол дәуірдегі өмірдің түрлі жақтары мен өзіндік ерекшеліктерінен мағлұмат алуда құнды жазбалар саналады. Бұлар өзі Қытайда жазудың ерте пайда болғанын әрі мәдениеттің жеткілікті дамығанын көрсетеді. Әдебиеттің бастауына эдиктер /заңдар/ мен ежелгі патшалардың бұйрықтарын т.б. жатқызуға болады.
Б.з.д. ХІІ ғ. ортасы тарихи маңыздылығы жағынан әлсіреу кезеңі саналған, Инь тайпалық одағының құлап, оның орнына Чжоу патшалығының келуімен сипатталады.
Чжоу патшалығының өркениеті ежелден-ақ қытай тарихынының «алтын ғасыры» аталған. Қытай мәдениетіндегі «алтын ғасыр» есімі әлемге әйгілі Конфуцийдің шығармашылығымен де (б.з.д. Y-YІ ғ.) байланысты.
Патшалықтың жүйесін суреттейтін - «Чжоу ли» ( Чжоу заңдары) - тарихи және ойдан құрастырылған аралас жүйе көрініс табатын ескерткіш.
Б.з.д. ХІІ ғ. соңында мыңдаған тайпалық топтардан тұрған Одақ б.з.д. YIII ғ. аяғында тайпалар саны жүзге дейін кеміген. Тайпалық одақтың өмір сүрген мекені ди (жер) деп аталды, оның орталығы и деп аталды. Тайпалық топтардың азаюынан немесе бір-бірімен бірігіп кетуінен күшті Чжоу патшалығы пайда болады. Бірнеше топтың бірігуі го, ал олардың басшылары хао (князь) аталды. Чжоу патшалығы мемлекет шеңберінде құрылғандықтан жоғары жүйеленген мемлекет болды. Чжоу патшалығының басшысын ван – патша атады. Чжоу кезінде қоғамның әлеуметтік топтарға бөлінуі алғаш рет көрініс табады. Ол құлдардың пайда болуымен байланысты. Құлдардың төрт категориясына кіретіндердің еркі болмаған. Ал еріктілер қатарына диқаншылар, қолөнершілер, қарапайым халық (шужэнь) жатқан. Қарапайым халықтың жағдайын «Лицзи» ережелер жазбасынан табуға болады.
Ежелгі қытай сөз өнеріне қатысты ескерткіштер б.з.д. ХІІ ғ. ортасына жататын гао-жолдау, эдикт-заң топтамасын құрайды. Зерттеушілер ежелгі жазулардың тілі мен стилінің қиындығынан толық түсінуге мүмкіндіктің аздығын айтады.
Чжоу патшалығы кезеңіне жататын «Дао гао» ұлы жолдауында: Инь патшалығы құлағаннан кейін, жаңа патшалық тағына оның негізін қалаған У-ван келеді. Ол патшалықтың негізгі бөлігін құлаған Инь мемлекетінің патшаның ұлына қалдырып, өзінің үш сенімді адамын үстінен қарап жүруге қойды. Бірақ У-ван өлгеннен кейін көтеріліс бұрқ етеді. Чжоудың жаңа патшасы Чэн Вэн көтерілісшілерге қарсы шығуға мәжбүр болған уақыттағы патшаның халқына жолдауы.
Кейінгі уақыттан жеткен ескерткіштердің стилі өзгере түседі. Бұлар енді эдикт – жолдаулар емес, декларация, манифест, қаулы ретіндегілер. Олардың ішінде белгілісі – «Хунь Фань» (Басқарудың ұлы заңы. Ежелгі әйгілі шығармалар қатарына «Екі жинақ» және «Үш жоспар» да жатады.
«Шуцзин» атауымен жеткен «Тарих кітабы» алғашында «Шан шу» аталған. «Шуцзинді» чжоулық сарай сауаттылары жазып қалдырған. Тарихшыға дерек ретінде маңызды бұл шығарманың тарихи мәнін эллиндік «Иллиадамен» салыстырады. Дей тұрғанмен Шуцзинді, ең алдымен, әдеби шығарма ретінде қараған жөн. «Шуцзинді» риторикалық-поэтикалық проза ретінде қарастыруға болады. Мұнда сөз өнерінің түрлі тәсілдері қолданылған. Айталық, төрт мордан тұратын буын үндестігі мен қатарлардың біркелкілігіне негізделген.
Ал «Шицзиннің» поэтикасы риторикалық ерекшеліктерге ие. Жалпы, әндердің тақырыптары сан алуан. Соның ішінде махаббат, еңбекші халықтың өміріне арналған, соғыс тақырыбындағы поэтикалық жолдар жиі кездеседі. Көптеген өлеңдердің негізін азаматтық тақырыптар құрайды. Олардың ішінде негізгі орынды елдің ішіндегі сауатсыздық пен қараңғылық тақырыбы алады. Олар халықты қараңғылыққа, кедейшілікке итерген адамдар мен олардың зұлымдықтары туралы жазған.
Лирикалық өлеңмен бірге Ежелгі Ши кезіндегі шығармалардың көбі эпостық жырға жатады. Соның ішінде тарихи сюжетті поэмаларды ерекше бөліп алуға болады. Осындай бірнеше поэмаларда Чжоу тайпалары өкілдері мен олардың билігінің алғашқы кезеңі әсерлі бейнеленген. Тарихи мазмұндағы поэмаларда соғыстардың көрінісі тамаша берілген.
Поэтикалық жолдар музыка, вокал аспаптарымен тығыз байланыста болған. Бұл лирикалық және эпикалық өлеңдер эвфоникалық, ырғақтық және метрикалық үш элементті байланыстырған.
305 өлеңнен тұратын Шицзин жинағы әлем әдебиетінде өзіндік орнынға ие поэтикалық ескерткішке жатады. Риторикалық прозамен, лирикалық және эпикалық поэзиямен Қытайдың ежелгі өнер мұрасы шектелмейді. Оның бір бөлігі – афористикалық проза саналады. Афоризм ауызша шығармашылықтың түрі ретінде бір нәрсеге иландырады не бір нәрсені ұлағат етеді. Б.з. YIII ғ. өмір сүрген ғалым Хань Юй ертедегі тілдің, әдетте, түсініксіз болатынын айта келе, «Ицзин» афоризмдері туралы: «Олар ерекше және дәл әрі тура» деген. Туралық, яғни тілдік көріністерін жоғалтпау – афоризм талабы, өйткені афоризм адамның санасы мен сезіміне дәл әрі нақты әсер ету керек. Айқындықпен қоса, максималды мәнерді талап етеді.
«Луньюй» ежелгі классикалық әдебиеттің алғашқы ескерткіші болса, Кун-цзы - осы әдебиеттің негізгі кейіпкері, тарихи тұлға4.
Бұл ескерткіште адам ерекшелігінің екі жағын басып көрсеткен. Алғашқысын «чжи», екіншісін «вэн» сөздерімен белгілеген. Чжи дегенміз адамдық қалып, оның табиғи белгісі. «Вэн» сөзі «чжиге» қарсы мағынада, яғни адамның қабылдағаны мен үйренгенін білдіреді. Мысалы Конфуций өзінің оқушылары туралы: олардың кейбіреуі өздерін тәрбие жағынан көрсете білсе, кейбіреуі шешендік өнерден, үшіншісі саясаттан, төртіншісі «вэн» өнерінен өздерін танытты. Басқаша, вэн - адам өзінің ішкі жан дүниесін байытуы. Ежелгі Қытайдың алғашқы әдеби тұжырымдамасы - ерекше түрдегі алғашқы қоғамдық категория. Қоғамда қалыптасып жинақталған заңдар мен нормаларға тәуелді болды.
Чжоу патшалығының Шығысқа қарай ығысуынан олардың тайпалық бірлестіктерінің ыдырауы аяқталды. Олардың бір тектес тайпаларының байланысу мен бірігу уақыты орнады. Бұл бірігу уақытында географиялық және экономикалық ортақтық мемлекеттің орнығуына әкелді. Дәл осы шақта құл иеленушілік мемлекеттің дәуірі туды.
Б.з.д. IY ғасырда кең территорияда жеті үлкен патшалықтар өмір сүріп жатты, олар: Янь, Ци, Хань, Вэй, Чжао, Чу мен Цинь. Бұлардың тарихы екі кезеңді қамтиды.
Бастапқы кезеңде болған «бөлек мемлекеттердің» келбеті – лего немесе қала-мемлекеттер5 деп қытай жәдігерліктерінде аталды. Бұл кезде ауыл шаруашылығында алға басушылықтар болды: темір құрал-саймандарды қолдану ұлғая түсті, салық жүйесіндегі мал шаруашылығы, әсіресе мал бағушыларға арналған түрі дамыды.
Қала-мемлекеттердің дамуы – интеграцияның саяси, мәдени кезеңі. Қытайлықтар легоны ұмытып, орнына «тянься» (Аспан асты) бейнесін қабылдаған. Интеграция бір патшалықтың гегемониясының бүкіл Қытай территориясының бөлек патшалықтарының жоюылуына алып келді. Осыдан барып, Қытай Ескілігінің үшінші үлкен дәуірі – империя ғасыры басталды. Б.з.д. YIII–III ғ. аралығы Қытай тарихындағы патшалықтар – өркениетінің тез дамуының тарихи кезі. Құл иеленушілік құрылыс сол кездің өзінде өндіруші күш пен мәдениеттің дамуына үлкен мүмкіндіктер туғызды.
Бұл ғасырлардың қоғамдық өмірлерінің ерекшеліктеріне келсек, олар рухани мәдениеттің, әдебиеттің, демократияның дамуында маңызды рөл атқарды. Сондай-ақ сауатты, білімді адамдардың, қазіргі тілмен айтқанда интеллигенция тобының адамдары пайда болды. Сол кездегі оқу – «сөйлеу», ал сөйлеу – «оқу» болды. Сондықтан да оратор тілінің өнері қоғамдық өмірдің негізі, «дана, ақылгөй» мағынасындағы көзқараста болды.
Ежелгі Қытай классикалық кезеңінің «Гуань цзы» және «Сунь цзы» деген екі шығарма6 да жатады. Басқа әдеби ескерткіштер секілді олардың құрастырылуы ұзақ мерзімді қамтиды.
Классикалық туындылардың біріне б.з.д. IY ғ. жемісіне «Ле-цзы» айналған. Бұл әдеби ескерткіш жолдарының басынан-ақ Ле-цзы ұстазы жөнінде сөз қозғалады. Ол Чжэн патшалығына тиеселі Юаньпу мекенінде 40 бойы өмір сүргенмен ешбір адамның оның данагөйлігі жөнінде хабары болмаған делінеді. Ле Юй-коу Ұстазының атын алғаш шығарған оның шәкірті болатын. Көптеген зерттеушілер де Ле Юй-коудың Чжэн патшалығының Жу-гун билігі /422-396/ кезеңінде болғандығын айтқан. «Ле-цзы» фольклорлы қара сөзді шығарма. Қай кезеңге жатпасын, әдебиет тұрғысынан аса бағалы, қытай ауыз әдебиеті үлгілерінің жиынтығы саналады.
Анекдоттар, тұрмыс-салт әңгімелері, өнеге-өсиеттерімен қатар «Ле-цзы» ғажайып мәліметтер желісімен құралған, мұнда ойдан шығарылған тарихи кейіпкерлер туралы мәліметтерден құралған сиқырлы ертегілер де бар.