Базардан келген құйысқан
Тарамай шашым ұйысқан.
Келіп-кетіп жүріңдер,
Сағындырмай туысқан, –
деп өзінің өтінішін де айта жүреді. Қыздың сыңсуы – жарасымды əрі тəрбиелік мəні бар салтанатты салт. Сыңсудың өлеңі құрылысына қарай 7, 8, 11 буынды болып келген. Қазіргі кезде негізінен қыз ұзатылып кетіп бара жатып, туған-туыстарымен қоштасу барысында айтылады. Жанрдың жүйеленуі мен зерттелуінің алғашқы кезеңінен бастап, бертінге дейін «сыңсу» терминімен бірге «қыздың қоштасуы», «қоштасу-танысу», «көрісу», «жұбату» сияқты атаулар кейде қосақталып айтылып, кейде оның орнына қолданылып келді. Оның өзіндік себептері туралы К.Матыжанов былай дейді: «Қыз ата-анасының үйінен бастап, бүкіл туған туыстарын аралап қоштасады, туысқандарын құшақтап, көрісіп жырлап сыңсиды, өз кезегінде туыстары қызды өлеңмен жұбатады. Оның «қоштасу», «танысу», «көрісу», «жұбату», «сыңсу» деп әр түрлі аталуы сондықтан. Алайда, қазіргі таңдағы ғылыми еңбектердің көпшілігінде «сыңсу» атауы тұрақты қолданылып келеді. Қыз өзінің ішіндегі бар сағынышын шығарып, жұртына кетеді. Бұл адамгершілік, əдептілік жағынан алғанда да өте орынды дəстүр.
Сонымен қатар, қазақтың тұңғыш ағартушы-педагогы Ы.Алтынсарин Орынбор қазақтарының «құда түсу», «қыз ұзату», «той жасау» дәстүрлеріне шолу жасаған. Ол этнографиялық еңбегінде үйлену салтында жасалатын «сүт ақы», «ілу», «кемпір өлді», «ит ырылдатар», сияқты ырымдар мен жоралғылармен бірге «Неке қию», «Сыңсу», «Беташар» секілді үйлену кезінде айтылатын өлеңдерге де тоқталып: «Неке қию» екі куәнің алдында қалыңдықтан күйеуге өз ризашылығымен шығуы жөнінде жауап алады. Неке қиылған соң қыз жақ қызға беретін бұйымдарын көрсетеді де, осы бұйымдарды түйеге артып жігіт еліне аттандырады. Қыз ата-анасымен, бауырларымен соңғы рет құшақтасып қоштасады да арты «сыңсуға» ұласады. Сонымен қатар «Беташарда» айтылатын өлеңдер ретімен орындалып, келіншекті өз отауына кіргізеді. Жас келін бетін пердемен жауып жүреді. Бетіндегі бүркенішін бір, екі ай, тіпті одан да ұзақ уақыт өткеннен кейін ғана алған» – деп пікір білдірген.
Үйлену фольклорының келесі бір түрі – аушадияр, қыз ұзату тойында айтылатын өлең. Ғалымдардың айтуынша, бұл ән тек Қазақстанның белгілі бір аймақтарында ғана айтылып, кейіннен ұмытылған сияқты. Ол жаңа қосылған жастарға арналады. У.Қыдырханов аушадиярдың айтылу мерзімі жөнінде: «...той үстінде, онда да, жоралғылардың бәрі аяқталып, жұрт құлағы босап қалғанда, қыз аттанар әредікте айтылады. Айтушы анау-мынау емес, жұрт тыңдайтын танымал ақын, ақылгөй адам болады», – дейді. Бұл өлеңде ақыл, үлгі, өнеге, тәлім тәрбие туралы толғаулар айтылады. Оны айтушы өзінің ақындық өнерін ғана емес, салт-дәстүрден хабардар екенін де көрсетеді. Сол себепті оның көлемі де айтушының қабілеті мен көңіл-күйіне қарай өзгеріп отырады. Жырда бірден бастап, жиырма беске, кейде тіпті елуге дейін санамалап, үгіт-насихат айтылады. Санамалап айтылатын өлеңдердің барлығы дерлік дидактикалық сарынға, қалыптасқан халықтық ұстанымдарды санамалап айтуға құрылады. Бірақ әрбір сан «аушадияр» сөзімен басталып, бір шумақпен түйінделеді. Мысалы:
Аушадияр − бір дейді,
Ашса кілем кірлейді.
Ата-анасын сыйлаған,
Ақ шалмалы пір дейді...
...Аушадияр он бір-ді,
Ақ қиғазға төндірді.
Ибраһим баласын
Құрбандыққа көндірді
Кейбір фольклортанушы ғалымдар «Аушадияр» өлеңін балалар фольклорындағы санамаққа ұқсатса, кейде тойбастар, жар-жар, сыңсу ән-өлеңдерінің құрамында қарастырады. Шыққан уақыты термеден бұрын деген де пікірлер бар. «Қазыналы Оңтүстіктің» 27-томында «Бақтиярдың қырық бұтағының» бірі ретінде қарастырылатын «Ақылды Ақым» қиссасында, аушадияр өте ертеде пайда болған жырлар жанрына жатқызылған.
Аушадияр мәтіндері де той жырларының басқа түрлеріндегідей астарлы мағына, терең ой, көркем сөзге құрылып, үнемі қара өлең түріндегі төрт тармақты өлең шумағымен өріле бермейді екен. Аушадияр жыр үлгісі бұрындары жиі айтылған. Бірақ Кеңес өкіметі тұсында айтылмай, бүгінгі таңда халық жадынан мүлдем ұмытылды. Оның үлгілерін шетелдегі қандастарымыз сақтап, бізге жеткізген. Кейбір үлгілері ХХ ғасырдың 80 жылдары баспа беттерінде жарық көре бастаған. Аушадияр үлгілерін ел арасынан жинап, қайта жаңғыртқан Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жазушы Уахап Қыдарханов.
Үйлену фольклорының бірі – тойбастар. Қыз ұзатып, келін түсіру сияқты т.б. тойларда тойбастар өлеңі айтылады.
Тойбастардың мазмұн-мақсаты той иесін мадақтап, отбасы құрғалы отырған екі жасқа игі тілек, бата, ақыл-кеңестер айту. Айтушының қабілетіне қарай жаттанды өлең түрінде де, өзі жанынан шығарған өлеңді айта береді. Өлең құрылымы 7-8 буынды жыр үлгісімен, 11 буынды қара өлең түрінде келеді. Тойбастар шілдехана, сүндет тойлармен басқа да қуаныштарда орындала береді. Тойбастарды ақындар бастап той иесін мақтаған, «Тойың тойға ұлассын», – деп тілек білдірген. Мысалы:
Достарыңызбен бөлісу: |