«Философия және әлеуметтік-гуманитарлық» пәндер кафедрасы



бет54/86
Дата29.09.2023
өлшемі1,03 Mb.
#111353
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   86
Байланысты:
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі-emirsaba.org

Әдебиеттер:
1. Мырзалы С. Философия. - Алматы: Бастау, 2014. - 448 с.
2.Алтаев Жакипбек. Казахская философия. Учебник. - Алматы: Қазақ университеті, 2017.
3.Қазақ философиясы тарихы (ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін) Монография. 2-ші том: ХV-ХІХ ғасырлардағы қазақ философиясының тарихи сипаттамасы / А.,2014.


Дәріс 19.20. Еркіндік философиясы
Негізгі мақсаты: Философиядағы еркіндік, ерік еркіндігі, қалау және таңдау, жауапкершілік мәселелерін пайымдау.
Негізгі түсініктер: еркіндік, ерік, ерік еркіндігі, шығармашылық еркіндігі, жеке еркіндік, абсурд, «Толық адам», табиғи құқық, намыс, сөз еркіндігі, жауапкершілік

1. Философия тарихындағы еркіндік ұғымы. Еркіндік категория ретінде. Адам және оның еркіндігі мәселесі (Б.Спиноза).
2. М.Хайдегердің шығармаларындағы еркіндік пен ақиқаттың байланысы. Ерік еркіндігі. Еркіндік деңгейлері. Оң және теріс еркіндік.
3. Еркіндік, әділдік, адамның өмірі мен намысы – адамгершілік-құқықтық құндылықтар. Құқықтың дүниетанымдық мәселелері.
4. Тұлғаның, оның еркіндігінің, өмірді, табиғатты және мәдениетті сақтау жауапкершілігінің қалыптасу шарттары. Сөз және көзқарас еркіндігі.
5. Еркіндік пен шығармашылық – адамның мәдениетте шын мәнінде өмір сүруінің тәсілі.
6. Абайдың «Толық адам» концепциясы. Алаш қайраткерлерінің философиясындағы еркіндік және тәуелсіздік идеялары.
1. Философия тарихындағы еркіндік ұғымы. Еркіндік категория ретінде. Адам және оның еркіндігі мәселесі (Б.Спиноза).

Философия тарихында еркіндік мәселесінің орын алуы ерте замандардан басталады. Философиядағы еркіндік өмірлік маңызды экзистенциалдық категориялар ретінде философия тарихында діни, этикалық, заңдық, тарихи тұрғыда әр қырынан қарастырылып келді, әлі де зерттеліп бітпеген. Бұл философиялық ұғым адам тіршілігінің маңыздылығын сипаттайды. Еркіндік пен жауапкершілік бақылау, сараптама, тәжірибе жасау нәтижесінде адам білімінің артуына көмектеседі.


Философия тарихында да еркіндік мәселесінің орын алуы сонау ерте замандардан басталады. Дана ойдың иелері барша адамға ғана қатысты ерекше қасиеттерді қарастыру барысында бұл мәселені де еш тастамаған. Осы бір сөзді естігенде ең алдымен еркіндіктің саяси маңызына бірден назар аударамыз. Еркіндік осы тұрғыда өте өзекті әрі қажетті болып табылады. Саяси тұрғыдан алғанда ол еркін қоғам, адамдарға лайықты өмір қамтамасыз ететін еркін әлем.
Еркіндік біреудің үстемдігінсіз және зорлықсыз өмір сүру мен еңбек ету, мұнысыз ол өзін тұлға ретінде қабылдай алмайды. Еркіндік ұғымы бұл тұрғыда тәуелсіздікпен жалғасып кетеді. Саяси еркіндікпен тығыз байланыста болатын экономикалық тұрғыдағы еркіндіктің көрінісі бар. Бұл дегеніміз, өз бетінше өндірісті дамытып, ешкімге материалдық жағынан тәуелсіз болу арқылы өз саясаттарын іске асыру.
Адамзаттың ерте замандардан бері тілеген арманы бар, ол еркіндік. Тарих ашық түрде еркіндік «Әрекет етуге бөгет жасамаңдар» деген ұранмен буржуазиялық төңкерістер нәтижесінде 17-18ғ. енген болатын. Бұған бұл ұғым қарастырылмаған деген түсінік тумауы тиіс, әрине. Жүйелі түрде осы кезеңнен бастап бүгінгі күнге дейін шолу жасап көрейік.
Ағылшын философы Томас Гоббстың пікірінше, еркіндік деп адамдардың өз ойымен және өз түсініктері бойынша істеуіне болатын әрекеттерді атқару барысында сырттан кедергілердің болмауы. Гоббстың көңіл аударатын тағы бір қыры еркіндікпен қажеттіліктің үйлесе алатындығы.
Еркіндік мәселесі Б.Спиноза (1632-1677) мұрасында кеңінен қарастырылған. Ол Амстердамда еврей отбасында дүниеге келіп, әуелі сауда-саттықпен айналысқанымен, кейінірек философияға біржола бет бұрды. Оның ілімінде алғашқы кезде жаратылыстану мәселелері көбірек болғанымен, ол бірте-бірте этикалық доктрина қалыптастыру, адам мәселесін тереңдеп зерттеу ісіне басты назар аударды. Негізгі еңбегі – «Этика».
Спиноза адам табиғаттың ажырамас бөлігі екеніне сенімді. Табиғатта механикалық заңдар үстемдік құрса, адам қызметінде оған ойлау қосылады. Спиноза адамгершілік принциптерінің табиғи сипатын ерекше атап кәрсетеді. Бірақ оның философиясында құдай – табиғаттың өзі. Ол субстанция, құдайы табиғатта кездейсоқ ештеңе жоқ, адамдардың құдай деп жүргендері өздері түсінбеген табиғат. Спиноза адамгершіліктік ережелердің құдайдан туындайтындығын теріске шығарғанымен, оның философиясынан жеке эгоизм идеясын кездестірмейміз.
Ең бастысы Спиноза адамның еркіндігін, оның ақыл-ойының еркіндігін жария етеді. Оның ойынша, адам адамгершілікті өз бойында еркін қалыптастыруға қабілетті, қорқыту, үрей (мемлекет және басқа адамдар тарапынан) арқылы адамгершікке тәрбиелеу мүмкін емес, себебі оның табиғаты ізгілікті. Адам өмірінің мәнін Спиноза бақытқа жету деп түсінді, осы бақытқа жету жолында оның ақыл-ойы адамгершілік ережелерін ту-ындатады. Спиноза сезімді парасаттан төмен қойып, адамгершілікті ақыл-оймен байланысты қарастырады. Ақыл-ой белсенді, оның күші танымның дамуы процесінде өсе түседі. Еркін ақыл-ойға ие адам еш қысымсыз басқа адамдармен тамаша қарым-қатынас орната алады, яғни ақыл-ойдың көмегімен рахатқа бөленеді. Осыдан Спинозаның мемлекет туралы пікірі туындайды, ол мемлекеттің мақсаты – адамның еркіндігін қамтамасыз ету деп тұжырымдайды.
Спиноза адамды өмірдің барлық жағдайында да еркін болуға шақырады. Тіпті өлімнен де қорықпау керек, себебі мәңгілік ештеңе жоқ. Сондықтан да еркін адам өлім туралы мейлінше аз ойлайды, өлім туралы күні-түні қайғырып, мұңға бату – құлдықтың бір түрі. Спиноза адамдарды өз бақытсыздықтарына салыстырмалы түрде қарауға шақырады (біз «философиялық» деп атап жүрген көзқарас). Бір қарағанда үстіртіндеу болғанымен, Спинозаның бұл философиясы өмір туралы ойланған адамның жан жарасын жеңілдетуге біршама пайдалы. Ол адамды тәуелсіз, еркін, ешкімге де, ештеңеге де жалтақтамай өмір сүруге үйретеді және дүниедегі құбылыстардың, адам өміріндегі проблемалардың бәрі де уақытша, өтпелі екендігін дәлелдейді.
2 М.Хайдегердің шығармаларындағы еркіндік пен ақиқаттың байланысы. Ерік еркіндігі. Еркіндік деңгейлері. Оң және теріс еркіндік.
Неміс экзистенциализмінің негізін салушылардың бірі М. Хайдеггер пікірлері осы еркіндік мәселесі тұрғысынан өзі қызық әрі құнды. Адамның шынайылығы-оның еркіндігінде. Еркіндік болмыста негізделген және болмысты негіздейді. Еркіндік-адам шынайылығының ақиқаты "осында орныққан" адам ерікті, себебі: "осындағы болмыс"орын және адамға Адам болу мүмкіндігін беретін орын қасиетін ашады. Орынды жоғалту өліммен бір. Орынға иелік ету-белгілі бір нәрсені тірлігіне мүмкіндік жоқ болу емес, орын - адам өз-өзін зерделей бастайтын шынайылықтың түрі. Бұл оның тірлік негізі және оның жүзеге асу мүмкіндігі.
Алайда, орынның шартты анықтамасы адам орны жүзеге асатын саяси, экономикалық және әлеуметтік сияқты нақты сұрақтарда ақырына жетеді. Осы аумақтардың әрбірі еріктілік жүзеге асуы үшін қажет. Метафизикалық еріктілік аздық етеді. Хайдеггердің еріктіліктің нақты өлшемі жөніндегі ілімді тірліктің экономикалық па, әлеуметтік пе немесе саяси аспекттерге енгізуге қабілетсіздігі осы ілім мен метафизика арасындағы диалектикалық байланысты түсінуге үлкен кедергі болып тұр. Біз адам—саяси мақұлық деп айтқанда біз оның метафизикалық еріктіліктің шынайылығы және мойындауы болатын саяси еріктілікті сақтау мағынасында түсінеміз.
Бұған қарамастан, метафизикалық еріктілікті жариялау, тәуелсіз адамды саяси тәуелдендіру арқылы сіңіріп кетуге жол бермейді.
Ерік ұғым ретінде де, нақты болмыстық құбылыс ретінде де тарихи сипатқа ие. Ежелгі және орта ғасырлық дүние ерік құбылысын бүгінгі біздің түсінігіміздей танып білмеген. Мысалы, ежелгі қоғамда адам еркі жөнінде тіпті сөз болмаған, оның орнына «даналық мұраты» ұғымын қолданған. Адамның қылық әрекеттері табиғат пен өмірдің ақыл бастауларына және логика қағидаларына бағынады деп түсінген.
Ерік – бұл алға қойған мақсатты орындау жолында кездесетін қиыншылдықтар мен кедергілерді жеңуге бағытталған адамның саналы психологиялық ісәрекеті. Еркіндік пен ерік синоним ретінде қолданылады. Ерік өз тілегеніңді алдыңа қойған мақсатыңды жүзеге асыру, саналы ұмтылыс, тілек, талап, билік, мүмкіндік, ал «еркіндік дегеніміз – ерікті күй». Ар-ождан қоршаған орта алдындағы өнегелі жауапкершілік сезімі.
Еркіндік ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Сыртқы ерткіндікті құқық реттейді.Ішкі еркіндік бұл субъективті еркіндік, яғни адамның адамның ойлау еркіндігі, сенім, көзқарас еркіндігі және т.б.
Құқықтық еркіндік барлық еркіндік түрлерінің жүзеге асуына кепіл болады, яғни саяси, экономикалық, рухани және т.б. еркіндік.
Фихте еркіндіктің мынадай деңгейлерін көрсетеді:
- инстинкт арқылы сананың шексіз басшылық ету кезеңі;
-саналы инстинкт сыртқы мәжбүрлі беделге айналған кезең;
- арылу кезеңі, бұл кезеңде кез-келген ақиқатқа селқос қарау басым болды;
- саналы ғылым кезеңі- ақиқаттың мойындалған кезеңі;
- саналы өнер кезеңі - адамзат сенімді түрде сананың жеткен жетістігін пайдаланған кезең.
Белгілі философ Фромм еркіндікті оң және теріс деп бөліп көрсетеді. Оң еркіндік барлық байланыстардан қол үзуді талап етпейді, тек ойластырған мәселені жүзеге асыруға кедергі келтіретіндерден бас тартуды талап етеді. Ол адамға қуаныш сыйлайды, дамуына ықпал етеді. Ал теріс еркіндік дегенеіміз адамдар алдындағы жауапкершіліктен, барлық міндеттерден бас тарту. Бұл қоғамда кері пікір қалыптастыратын еркіндік түрі.
3 Еркіндік, әділдік, адамның өмірі мен намысы – адамгершілік-құқықтық құндылықтар. Құқықтың дүниетанымдық мәселелері.
Еркіндік ол адамдардың қылыққа қабілеттілігі, «саналы қажеттілік» арқылы жауапкершілікпен байланысқан. Еркіндік еріктілік ретінде тұлға мен қоршаған орта адамдарының алдында шектеледі. Ол адам болмысының әмбебапты сипаты. Адамдардың жауапкершілігі таңдау еркіндігі арқылы өсіп, немесе төмендеп отырады. Біреулерге еркіндік – рәміз, біреулерге идеал, біреулерге мақсат емес, құрал, енді басқаларға өнегесіз, саяси ойында қалқа болып табылады.
К. Маркс еркіндік туралы біршама ой-көзқарастарын өзінің «Капитал» еңбегінде қалдырады. Ол адам еркіндігінің адамдық қатынастағы үш тарихи кезеңі немесе сатысын көрсетті.
Бұларға жеке тәуелділік қатынас,
ерікті индивидуалдылық және
жеке тәуелділік жатады.
Жеке тәуелділік қатынас жүздеген жылдарға созылған. Алғашында, алғашқы қауымдық қоғам кезінде саяси-экономикалық тәуелдікке тап болды. Екінші кезең, ерекше адым кезеңі – еңбектің өндіргіш күшінің прогресімен, нарықтың өсуімен байланысты. Жұмысшы күші, еңбекке қабілеттілік еркін, тәуелсіз сипатта. Экономикалық еркіндікке қоғамның саяси жүйесі сай келді, басқа адамдармен материалдық, заттық тәуелділікті сақтаудағы адамдардың жеке, саяси, заңдық тәуелсіздігі шынайы еркіндікке қадам болып есептелінеді. Бірақ, бұл шынайы адам еркіндігі емес. Капитализм де, социализм де, адам еркіндігінің дамуындағы ассиметрияны, заттық және рухани дуализмін жеңуге қабілетсіз. Еркіндік дамуындағы үшінші сатыға жету үшін үйлесімді дамыған тұлға және жан-жақты, ерікті, жатталынбаған немесе еркін индивидуалдылық деп аталатын, қазіргі қоғам эволюциясындағылардан басқа өлшеусіз нәрсе қажет. Бұндай толық еркін индивидуалдылық өзінің ішкі потенциясының дамуының әмбебапты өсуімен ерекшеленеді.
Әділдік - турашылдық, адалдық, дұрыстық; юстиция — дәстүрлі құқықтық мәдениетте адамдар арасындағы өзара қарым-қатынастың белгілі тәртібіне тікелей қатысты принцип, адамның қоғам алдындағы ғана емес, сонымен бірге қоғамның тұлға үшін де жауаптылығын көрсететін, адамның өмір сүру жағдайлары мен сапасын білдіретін әлеуметтік-этикалық категория.
Әділдік - ізгіліктің ірге тасы. “Кімде-кімнің әділдігі жоқ болса, оның ұяты да жоқ” (Абай). Әділдік уақыт ағынында өзгеріп отырады. Оның алғашқы түріне көне қоғамдағы “жазалаушы әділеттілік” деген жатады. “Қанға қан, жанға жан”, талион, кек алу принциптері ілкі санада әділдік саналды. Қылмыс пен жаза, әрекет пен айыптау мәселелері әділдіктің осы түсінігімен түбірлес. Қоғамдағы меншіктік қатынастардың қалыптасуына байланысты жазалаушы әділдіктің орнына оны тепе-теңдік тұрғыдан түсіну алдыңғы қатарға шықты.
4 Тұлғаның, оның еркіндігінің, өмірді, табиғатты және мәдениетті сақтау жауапкершілігінің қалыптасу шарттары. Сөз және көзқарас еркіндігі.
Адамның дамуында бір-біріне байланысты екі өзек байқалады, оның бірі – биологиялық, екіншісі - әлеуметтік. Осы бағыттар адамның дүниеге келген күнінен бастап оның дамуы мен қалыптасуында көрініс бере бастайды. Адам туылғанда тек биологиялық тіршілік иесі болып танылады, яғни ол индивид болып табылады. Биологиялық нышандар мен қасиеттердің дамуы адамның өмір бойы мүшелік пісіп жетілуі және қалыптасуы процесінің сипатын көрсетіп отырады.
Бірақ адамның табиғи дамуы, сан алуан әлеуметтік сапалар мен қасиеттерді қабылдауымен тығыз байланыста болады, бұл адамды қоғамдық тіршілік иесі, тұлға ретінде сипаттайды. Мысалы, өсе келе ол білім игереді, моральдық қалыптар мен ерекшеліктерді орындайды.
Тұлға – өзіне биологиялық және әлеуметтік қасиеттер мен сапаларды меңгерген адам. Тұлға – ол әлеуметтік қасиеттер мен сапаларды меңгерген индивид. Егер индвид өз сапа және іс-әрекетін қоғамдық прогресс бағытымен ойластыра алса, өз бойына игерген сапа мен қасиеттерді неғұрлым айқын көрсете алса, өз іс-әрекетіне ерекше жасампаздық сипат бере алса, оның құндылығы арта түседі. Адам о бастан табиғатпен туылса да, оған берілген еркіндік пен жауапкершілік, оны айналадағы болмысты зерттеп, тануға қызықтырады. Сондықтан бұларды иеленгендер қашанда белсенді позицияда тұрады. Таңдау еркіндігі арқылы әрекеттене отырып, адам тәжірибесін байытады, өзін көрсету мүмкіндігіне ие болады. Олар өз еркімен әрекет етіп, ойлай алатын мүмкіндіктен тұрады.
Объективті әлемде біз өзімізден басқа бар нәрсені көрмейміз, тек, өзіміздің еркін әрекетіміздің ішкі шектелуін ғана байқаймыз. Еркіндік үшін алғышарт қажет, адам өз әрекетінде еркін, соңғы нәтижесінде қажеттілікке тәуелді. Адам еркіндігі мәселесі қазіргі таңда саяси және рухани өмірдің орталығында тұр, оған жету деңгейі қазіргі қоғаммен, оның жалпы мәдени дамуы демократиялығымен анықталады және өркениеттілігінің негізгі критерийі болып табылады.
Еркіндік пен жауапкершілік тұлғаның өмір сүруінің шарттары, адамдар өз әрекетінің мақсатын анықтағанда едәуір еркіндікті иеленеді. Еркіндік те, жауапкершілік те абсолютті ұғымдар емес. Еркіндік бізді күреске итермелейді, адамдық қуаныш пен ләззаттан бас тартуға сүйрейді. Қайғыру, тәуекел, жеңіліс арқылы болған еркіндіктің өзі өмірімізді жақсы ете алады, сондықтан оған адам ғана таңдау жасайды. Еркіндік пен жауапкершілік мәселесі өздерінің әлеуметтік мәнінде қоғамдық өмірде, саясатта, заң, басқа да заңды актілерде, өнерде, көркем әдебиетте кең тарағандықтан антропология, саясаттану, заң ғылымдары, психология, мәдениеттану, әлеуметтану, этика, қоғамтану пәндерінің орталық мәселесі ретінде көреміз.
«Жауапкершілік – тұлғаның әлеуметтік ортадан қоғам мен мемлекеттен нормативтік үлгіге сәйкестікті талап ететін этикалық-құқықтық категория». Жауапкершілік ұғымында әлеуметтік нормаларды ұстану үшін моралді-құқықтық санаға шақыратын мәжбүрлік сипат бар. Бұл біздің жоғарыда айтып кеткен анықтамамызға ұқсас болып тұр. Еркіндік пен жауапкершіліктің өзара байланысы адамзат дамуының ажырамас бөлігі, олар материалды игіліктер мен ақпаратқа өзара айырбас жасаумен байланысты.
Адам еркіндігінің ажырамас бір бөлігі – ол сөз бостандығы. Сөз бостандығы - «Ақпарат бостандығы» атты атау алған барынша жалпы құқықтың құрамдас бөлігінен тұратын азаматтың саяси құқықтары мен адамның негізгі жеке құқықтарының бірі. Өзінің пікірін (ойларын) жария түрде (ауызша, бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалана отырып жазбаша) білдіру мүмкіндігі түрінде көрінеді.
Демократиялық елдердің заңнамасы мен сот тәжірибесі, сөз бостандығын теріс пайдаланушылыққа жол бермеу мақсатымен оны шектеудің жүйесін жасап шықты. Атап айтқанда, әлемнің көптеген мемлекеттерінде сөз бостандығын заңды билікті күштеп кетіруге, мемлекеттік құпияны жариялауға, қылмыс жасауға арандатуға, ұлттық, нәсілдік, діни және басқа араздасуды тоқтату үшін пайдалануға, басқа адамдарды қорлау және оларға жала жабу үшін пайдалануға, қоғамдық мораль мен адамгершілікке қастандық жасау құралы ретінде пайдалануға тыйым салады.
5 Еркіндік пен шығармашылық – бұл адамның мәдениетте шын мәнінде өмір сүру тәсілі.
Мәдениет – адамның өз қолымен, ақыл-ойымен жасағандары және жасап жатқандарының бәрін түгел қамтиды. Жай ғана сауат ашудан және тазалық ережелерін сақтаудан бастап, өмірдің асқан үлгілі шығармаларын жасағанға дейінгі ұғымды қамтып жатқан – мәдениет саласының өрісі кең.
Мәдениет – тарихи құбылыс. Оның дәрежесі мен сипаты қоғамдық өмірдің жағдайларына байланысты өзгеріп отырады. Тарихи дәуірлердің алмасуы мәдениеттің мазмұны мен формаларына сөзсіз терең өзгерістер енгізеді.
Ал еркіндік осы шығармашылық таңдау жасай алуымен анықталады. Шығармашылық еркіндік – бұл еркіндіктің ең жоғары формасы. Шығармашылық – ол адам және қоғам үшін жаңа пайдалы, сапалы жаңа нәрсені ойлап шығаруы. Шығармашылық еркіндігі берілген қоғамның дамуы көш ілгері болады.
Шығармашылық еркіндігі адам өмірінің көптеген салаларын қамтиды: ғылыми, өндірістік-техникалық, шығармашылық, саяси және т.б. салаларының дамуына және жаңалықтарының ашылуына ықпал етеді. Философия шығармашылық ұғымының мәнін яғни адамзат дамуының әр кезеңіндегі шығармашылық ұғымының қалай өзгергенін көрсетеді.
Ағылшын ғалымы Г.Уоллес (1924) шығармашылықты процесті 4 фазаға бөліп қарастырды: дайындық, пісіп жетілуі (идеялар), жаңалық ашылуы, және тексеру. Осы процестің басты бөліктерін (пісіп жетілуі және жаңалық ашу) саналы-ерікті бақылауға алуға мүмкін емес болғандықтан бұл тұжырымдама шығармашылықты бесаналы және иррационалды факторға жатқызды. Шығармашылық бір бірін толықтырады. Өз ндивид өзобъектісіне берілгені соншалық өз-өзін бақыламайды, тек өз ойларының жалпы бағытын бақылайды: болжау, кездейсоқ шешімге келу, ашу, кездейсоқ шешім шығару сәттері сананың жарқын сәттері ретінде қабылданады.
Еркіндік – бұл таңдаудың болуы. таңдауыңыз көп болған сайын сіз соншалықты еркінсіз. Шынайы еркіндік ол шығармашылық қабілеті, жаңалық шығару қабілеті. Қарапайым тілмен айтқанда шығармашылық еркіндігі - бұл бар мүмкіндіктер арасынан қажеттісін таңдап алу ғана емес, сол жаңа мүмкіндіктерді жасап шығару. Адам өз алдына мақсат қояды, құралдарын өзі жасайды, әрекеттерді өзі анытайды. Алынған нәтиже тұлғаның қасиеттерін көрсетеді. Шағармашылық барысында адам алдында кездескен кедергілерді жеңіп өтеді, жаңалықтар ашады. Еркін адамға шығармашылыққа ден қояды. Шынайы еркіндік қана нағыз шығармашылыққа жол салады.
6 Абайдың «Толық адам» концепциясы. Алаш қайраткерлерінің философиясындағы еркіндік және тәуелсіздік идеялары.
Абайда адам жаратылысының жан сыры туралы жүйелі де, жемісті таным бар. Абайдың «Он жетінші» қара сөзінде «толық адамның» мәні мен негізіне үңілген белгілі бір жүйе бар. Сол жүйені мынадай күйде көруге болады:
а) толық адам: ақыл, қайрат, жүрек;
ә) ақыл, жүрек;
б) жуанмәртілік: ақыл, рақым, әділет;
в) жүрек: әділет, рақым, мейірім,сүю, т.б.
г) әділет;
д) сүю;
е) ізгілік, қайырымдылық, бақыт.
Ақынның өзі айтқандай, адамда екі түрлі қуат бар: жан қуатымен ақыл таппақ та, тән қуатымен мал таппақ, еңбек етпек. Ақын екеуінің де адалдықпен болғанын қалайды. Және осы ойының жүйелі түрде қалыптасқан таным екенін кейінгі өлеңдерінде сапалы өсудегі қайталауымен дәлелдеп отырады. Ақын толық адам туралы танымын өмірінің соңына дейін алып барады. 1902 жылы жазылған «Тоты құс түсті көбелек» атты мәні терең өлеңінде тағы да осы үш қасиеттің тұтастығын танығандай боламыз. Адамзат үшін қажет үш қасиеттің осы шумақтағы бөлінбес бірлігін кездейсоқ құбылыс дей алмаймыз. Абай адам бойындағы барлық асыл қасиеттер мен қабілеттерді бір орталыққа біріктіріп, оларды өзі таныған үш қасиет арқылы толық адам бойына жинақтайды. Ақыл,қайрат, жүрек үшеуінің «бір кеудеден табылып,одан толық адам туатын танымы - ұлы ақынның зор табысы.
Алаш қайраткерлерінің философиясындағы еркіндік және тәуелсіздік идеяларына келсек, олардың түпқазық идеясы – қазақ мемлекеті. Ол үшін ата-баба қанын төгіп қорғаған, сақтап қалған, мыңдаған жылдар бойы ешқайда көшпей, тұрақты мекен еткен жерді бөлшектемей, жатжұртқа таптатпау, сатпау, жерден айрылғаның барлық байлықтан, дәулетіңнен, құт-берекеңнен айрылу, өлу, өшу деген сөз; мемлекеттік басқару дәстүрлерді сақтай отырып, алдыңғы қатарлы Еуропа, Америка, Жапония үлгісіндегі қағидаттарға негізделген демократиялық сайлаушылар арқылы жасалған жүйелермен жүру керек; бұл ретте ешкімнің нәсіліне, жынысына, дәулетіне байланысты шектеу жоқ; шикізат емес, ұқсатып жасаған, пайда әкелетін өнім шы­ғару мемлекет әрекетінің ең бірінші шарты; қазақ тілін дамыту, оқулықтар, сөздіктер жасау, мектептер, университеттер ашу; өз ақшасын шығару, әскер құрып, елді - мемлекетті қорғау керек деген.
Алаш қайраткерлері ұлттық сана-сезімді мемлекеттік деңгейге көтере білді. Алаш партиясы сол қиын уақыттардағы тығырықтан шығуға бағытталған шешімдер жиынтығын ұсына білген қазақ даласындағы алғашқы саяси ұйым еді. Алашшылардың негізгі ұраны осы күнге дейін өзінің өзектілігін жоғалтпаған елдің береке-бірлігі болды. Алашордашылар заман ағымына сай өздерінің позициясын табандылықпен қорғап қана қоймай, әккі саясатты да ұстана білді. Алаш қозғалысының басты мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесін құру, елдің даму жолын таңдауда ұлттық болмысқа ден қою, Ресейдің ішкі губернияларынан қазақ жеріне шаруаларды жаппай қоныстандыруды доғару, әлемдік озық тәжірибелерді негізге ала отырып қазақ қоғамын жаңғырту болды.
Қазақ зиялылары әрдайым ұлттың ұлттық, туған тілі туралы, мәдени ғана емес, сондай-ақ саяси ерекшелігі ретінде де мән беріп, қамқорлық жасады. Бүгінде, мемлекеттік тіл мен басқа да тілдердің дамуы мәселесі жүз жыл бұрынғыдай тәуелсіз Қазақстан үшін маңызды болып қалуда. Өз дербестігімізді сақтап қалу үшін біз бар күшімізді ағартуға және жалпы мәдениетке салуымыз қажет; ол үшін біз алдымен, туған тілдегі әдебиетті дамытумен айналысуымыз қажет деген тұжырымдар жасайды.
Дәрісімізді қорыта келсек, жеке тұлғаның еркіндігі адамның қоғамдағы әлеуметтік және құқықтық жағдайының негізі болып табылады. Оның қоғамдағы формалары төмендегідей:
- адамға тән және оны басқа тірі заттардан ажырататын ішкі еркіндік;
- шектеу мен зорлық-зомбылықтан, теңсіздік пен қоғамдағы кемсітушіліктің әртүрлі түрлерінен еркіндік. Бостандық адамның қадір-қасиетіне қайшы келетін және құқықтарына нұқсан келтіретін іс-әрекеттерді жеке тұлғаға қатысты қолдануға тыйым салуда көрінеді;
- еркіндік – тұлғаның іс-әрекет сипаттамасы ретінде. Еркіндік адамның әлемге деген түрлі қарым-қатынасының түрлі нұсқаларын таңдауды болжайды.
Тақырыпты пысықтау сұрақтары:
1. Еркіндік дегеніміз не? Ерік еркіндігінің мәні неде?
2. «Еркіндік» және «еркіндік үшін» - пікірлеріне түсініктеме
4. Еркіндік категориялары және тарихи қажеттілік деп нені білдіреді?
6. Оң және теріс еркіндік дегеніміз не?
7. Саяси еркіндік дегеніміз не?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   50   51   52   53   54   55   56   57   ...   86




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет