«философия» кафедрасы



бет2/14
Дата29.09.2023
өлшемі0,76 Mb.
#111573
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14
Байланысты:
дәрістер геогр (1)

2. Ғылымның пайда болуы.
Кейде ғылыми білім өзге білім салаларымен салыстырғанда өзінің жоғары дәлділігімен ерекшеленеді деп айтылады. Бұл рас болғанымен шешуші рөл атқармайды. Бүгінгі күні техникада ғана емес, қоғамдық басқару жүйесінде де математикалық есептеулер, статистикалық мәліметтер, бүге-шүгесіне дейін дәл есептелген жоспарлар мен бағдарламалар қолданылады. Дәлдік нақтылыққа қатынастың белгілі бір тәсілі ретінде күнделікті өмірге де енді: темір жол және авиация кестелері дәл болып табылады, ол мемлекет қызметкерлеріне де, станоктағы жұмысшыға да, бухгалтерге және дәрігерге де қажет. Fылыми таным абстрактылы ұғымдармен жұмыс жасаса, көркемдік таным нақты тірі адамды бейнелі, көрнекілік тұрғыда қарастырады деген пікір қалыптасқан. Бұл тұжырым белгілі мөлшерде әділ болғанымен, ол да ғылыми танымның ерекшелігін көрсете алмайды. Бір жағынан күрделі ғылыми абстракциялар құрастырумен айналысатын ғалымға көрнекі бейнелерге, аналогия мен метафораларға жиі жүгінуге тура келсе, екінші жағынан суретшілер (сұңғатшылар, мүсіншілер, жазушылар, сазгерлер және т.б.) өз шығармашылықтарында дәл, логикалық, кіршіксіз ұғымдарға, пікірлер мен әдістерге сүйеніп отырады. Мұны, мысалы, Шостаковичтің бірқатар симфонияларының бағдарламаларын оның музыкалық мәтінімен салыстырғанда айқын аңғаруға болады. Дәл, ұғымдарда бейнеленген білімдер көптеген ірі жазушылардың шығармаларының негізін құрайды (Пушкин, Толстой, Салтыков-Щедрин, Чехов, Паустовский, Булгаков және т.б.). Бұл ұғымдық және бейнелік танымдардың бірін-бірі теріске шығармайтындығын көрсетеді. Олар әртүрлі "дозаларда" ғылыми шығармашылықта да, көркемдік шығармашылықта да кездеседі. Олар сонымен қатар, әдеттік, кәдімгі санаға да тән. Бұл тұрғыда философ-неопозитивистердің ғылыми білімнің ерекшелігін оның эмпирикалығымен, яғни ғылымның бүкіл мазмұнын бақылаулар мен эксперименттерді сипаттау арқылы ғана анықтайтын пікірімен келісуге болмайды. Бұл туралы кейінірек сөз болады. Шындығында, білімнің формасы түріндегі және оның өзге формалардан артықшылығы, ғылымның теориялық білімдер жүйесі түрінде өмір сүруінде. Fылыми білімнің ең жетілген формасы теория болып табылады.
Теория деген не? Теория - бұл тәжірибенің, практиканың немесе бақылаудың қорытындылануы деп жиі айтылады. Бұл дұрыс па? Мысалы, суық бөлменің ішінде пешке от жаққанда, уақыт өте келе пештің суи бастағанын, ал бөлмедегі ауаның қыза бастағанын аңғарамыз. Пеш пен ауаның температурасы бірдей болған кезде суыну тоқталады. Біз мұны көп рет қайталай отырып, мынадай қорытындыға келеміз: а) қыздырылған пеш жалыны жоқ болғандықтан суи бастайды; б) бөлмедегі ауа мен пештің температурасы бірдей болған жағдайда суыну тоқталады. Бұл білім де қорытындылаудың нәтижесінде алынғанымен оны теориялық деп айтуға келмейді. Кез-келген қорытынды жекелеген заттармен, жағдайлармен және процестермен бірқатар бақылаулар мен эксперименттердің мазмұнын құрайтын ортақ жалпылықты ерекшелеп бекітеді.
Бірақ барлық қорытынды ғылыми теория қалыптастыратындай теориялық бола алмайды. Мысалы, көбіне бірінші және екінші бастаулар деп аталатын классикалық термодинамиканың негізгі заңдарына тоқталайық:
Сырттан энергия алмай жұмыс істейтін немесе сырттан алынған энергия мөлшерінен артық жұмыс істейтін мерзімдік двигательді жасау мүмкін емес;
Жалғыз нәтижесі суық денеден ыстық денеге жылу формасында энергия беру болып табылатындай процестің болуы мүмкін емес.
Бұл екі заң да жылу процестері мен осы процестерді пайдаланатын құрылғыларын (пештер, бу машиналары және т.б.) сан мыңдап практикалық бақылаулардың нәтижесі болып табылады. Бірақ бұл қорытындылар пікірге де ұқсамайды. Мұның себебі неде?
Оның себебі, ғылыми қорытындылар (түйіндер) бақылаулар мен эксперименттердегі ортақ жалпылықтарды ерекшелеп қана қоймай, бірқатар ерекше логикалық тәсілдерді қолдануында да болып шықты:
Шектеулі көпшілік эксперименттерде қадағаланған жалпы сәттер мен қасиеттердің жылудың жұмысқа айналатын барлық мүмкін жағдайларына, жылу бөлудің барлық процестеріне, оның ішінде бақыланбаған Ғаламның ең шалғай, қадағалау мүмкін емес пункттеріне де таралуымен сипатталатын универсалдандыру тәсілі;
Жоғарыда сипатталған заңдардағы процестердің "таза" күйінде, іске асатын, яғни, өйткені нақты шындықта олар жүзеге аспайтын шарттарын білдіретін идеалдандыру тәсілі: берілген жағдайда термодинамикалық жүйе (двигатель) сыртқы әлемнен мүлдем оқшауланған және энергия алмасу (оның ішінде берілген жүйеге энергияның қоршаған ортадан да енбеуі) мүмкін емес жағдайлар ескеріледі;
Заңдарды құрастыруда өзге салаларда қалыптасқан теорияларда және оларда жеткілікті дәл мән мен мағынаға ие болған (мысалы, "энергия" және "жұмыс" ұғымдары механикада өзінің мәні мен мағынасына ие болады және кәдуілгі тілдегі осындай ұғымдардан көбіне өзгешеленеді) ұғымдарды енгізумен сипатталатын концептуалдандыру тәсілі.
Fалымдар осы тәсілдерді қолдана отырып, эмпирикалық қорытындылар болып табылатын ғылым заңдарын қалыптастырады. Ол сырттай қарама-қайшы болғанымен, іштей ортақ қасиеттері мен қырлары бар жекелеген құбылыстардың арасындағы қайталанатын, қажетті мәнді қатынастар мен байланыстарды бейнелейді. Осылайша, біз объективті әлем заңдары мен ғылым заңдары арасындағы маңызды айырмашылық пен бағыныштылықты анықтай аламыз. Оның алғашқысы бізден тәуелсіз, тыс нақтылықтың өзінде өмір сүреді. Екіншісі эмпирикалық қорытындылар күйіндегі олардың бейнелері болып табылады. Бұл жағдайда әлемнің объективті заңдары ғылым заңдарында барынша толық емес, шартты, жақын, объективті әлем байланысын қайталайтын ерекше формада - аралары логикалық байланыстармен бекітілген ерекше ғылыми абстракциялардың көмегімен бейнеленеді. Алайда ғылымның барлық заңдары эмпирикалық қорытынды ретінде пайда бола бермейді.
Бастапқыда көптеген ғылым заңдары гипотеза (грекше hіpothesіs - негіз, жорамал) формасында көрінеді. Гипотезалар бұл толығымен бекітілмеген, дәлелденбеген, белгілі мөлшерде ғана негізделген болжамдар, жорамалдар. Өздерінің логикалық формасында олар, әдетте мына түрдегі пікірлер кейпінде болады: "егер A жүзеге асса, онда өзгесі де іске асады", "егер A және B арасында R қатынасы болса, онда олардың арасында Q қатынасы да болады" және т.б. Гипотезалар екі үлкен топқа бөлінеді: айғақтық және теориялық гипотезалар. Алғашқылары - жекелеген заттар, жағдайлар мен процестер туралы болжамдар мен жорамалдар. Мысалы, оған Айдың беткейінің құрылысы, оның минерологиялық және физика-химиялық құрамы туралы көптеген гипотезаларды жатқызуға болады. Айға кеңестік автоматты лабораториялар қонып, жерге оның беткейі туралы дәл ақпарат беріп, оның топырағын алып қайта оралғаннан кейін бұл гипотезалар анықтығының шамалысы ғана қалды да, олардың өзіне де түзетулер енгізіліп, ал қалғандары теріске шығарылды немесе фальсификацияланды (латынша falsіtіfіcaze - қолдан жасау, бұрмалау). Екінші топтағы гипотезаларға, мысалы, Д.И.Менделеевтің химиялық элементтердің қасиеттері өзгеріп және мерзімді түрде қайталанып отырады деген бастапқы болжамын жатқызуға болады. Осы гипотезаның негізінде жаңа химиялық элементтер мен олардың қасиеттері болжанды. Бұл болжамдар дәлелденгеннен кейін гипотезаны ұсыныс ретінде емес, берік, ғылыми дәлелденген заң ретінде қарастыра бастады.
Теориялық гипотезалар мен заңдар кейде тікелей сезімдік бақылауға қайшы келіп отырады. Мысалы, Коперниктің әлемнің гелиоцентристік жүйесіне қарағанда, одан ертерек Клавдий Птолемейдің (90-160) Күн және өзге планеталар қозғалмайтын Жерді айналады деген геоцентристік жүйесі адамның тікелей сезімдік бақылауына сәйкес келеді. Коперник өз жүйесін шындыққа жақын гипотеза ретінде ғана қарастырса, одан шығатын математикалық салдарлар геоцентристік жүйенің салдарымен салыстырғанда өте дәл өлшемділігімен ерекшеленгендіктен бұл гипотезаны Күн жүйесі планеталарының қозғалысының заңы түріндегі ғылыми ақиқат ретінде қарастыра бастады.
Теориялық гипотезалар бастапқыда қызық әрі фантастикалық болып көрінуі мүмкін, мысалы, соңғы онжылдықтардағы Fаламның құрылысы туралы гипотезаларға байланысты пікірталастар осындай. Алайда гипотезалар қаншалықты кездейсоқ болғанымен, олар шығармашылық бей-берекетсіздіктің нәтижесінде емес, оның алдындағы "сәтсіз" гипотезалар мен көптеген эксперименттік мәліметтерге талдау жасаудың негізінде ашылады. Жаңа гипотезалар оның алдындағылардың көмегімен түсіндіріле алмаған айғақтарды жүйелеп, түсіндіріп, болжауды мақсат тұтады. Егер жаңа гипотезалардың салдарлары бақылаулар және эксперименттермен дәлелденетін болса "яғни, верифицияланса (латынша verus –ақиқат), онда мұндай гипотезаны жоғары деңгейдегі ақиқат ұсыныс немесе, ғылымның заңы ретінде қарастыруға болады. Сондықтан да Ф.Энгельс гипотезаны “жаратылыстаным дамуының формасы” деп атайды.
Сонымен, теориялық білімдер өзінің құрамына практикада дәлелденген, бекітілген, орныққан ғылым заңдарын ғана емес, сонымен қатар объективті шындық ретінде мойындалмаған, бірақ теріске де шығарылмаған айғақтық және теориялық гипотезаларды да әр түрлі эмпирикалық түйіндерді де кіргізеді. Олардың арасындағы бұрынғы бекітілген заңдарға қайшы келмейтін және жоғары дәрежеде дәлелденген гипотезалар ғана белгілі бір теорияның құрамына ене алады. Теория осылайша теориялық білімдердің неғұрлым қатаң және тексерілген бөлігі болып табылады. Өзінің логикалық формасы жағынан өзара бір-бірімен белгілі бір логикалық қатынастармен байланысқан пікірлердің (заңдардың) жүйесі болып көрінеді. Мұндай қатынастардың қатарына ең алдымен эквивалентті және туындамалы немесе логикалық жалғастық қатынастар жатады. Теорияны құрайтын пікірлер күмәнсіз, дәлелденген, объективті шынайы болуы тиіс. Олар өздерінің шынайылығы мағынасында эквивалентті. Теорияның негізгі маңызы оны құрайтын пікірлерінің бастапқы, түпкі ұсыныстардан (сөйлемдерден) таза логикалық немесе математикалық жолмен шығарылғандығымен сипатталады. Мұндай түйіннің нәтижесінде алынған пікірлер теорияның салдарлары деп те аталады.
Салдарлар өзінің мазмұны жағынан берілген теорияның заңдары болуымен қатар белгілі бір жағдайларды, ақуалдар мен процестерді сипаттайтын эмпирикалық тұжырымдар да болуы мүмкін. Салдарлар туындайтын ұсыныстар, әдетте теорияның постулаттары, принциптері немесе аксиомалары деп аталады. Әрбір жекелеген теориядағы мұндай ұсыныстарды негіздер деп те атауға болады, бірақ олардың өзі өзге кеңірек және тереңірек теориялардың салдарлары болуы да мүмкін.
Заңдар теорияның ең мәнді тұжырымдары ретінде мынадай танымдық функцияларды атқарады:
1.Олар әр түрлі жүйелердің зерттеліп отырған теориясының ішінде неғұрлым тұрақты, қажет және жалпы байланыстарын, берілген теорияның пәндік саласын құрайтын (мысалы, атомдар мен элементарлы бөлшектер және олардың өзара әрекетінің жүйесі кванттық теорияның пәндік саласын құрайды) жүйені негізгі жай жүйелері мен элементтері арасындағы өзара қатынастарын және өзара әрекеттерін бейнелейді.
2.Олар бақылаулар мен эксперименттердің көмегінсіз-ақ математикалық есептеулер мен логикалық ой қорытындылаудың нәтижесінде берілген пәндік саладағы белгілі нәрсені түсіндіруге және жаңа құрылыстарды болжауға жағдай жасайды.
3.Олар бірден көзге түсетіндей айқын емес болса да, өзінің пәнділік саласында белгілі бір шектеулер қояды. Мысалы, классикалық механика заңдары тек макрообъектілерге ғана, яғни жарықтың жылдамдығымен салыстыруға келмейтіндей жылдамдықта қозғалатын молекулалық деңгейден жоғары тұрған заттарға қатысты ғана қолданылады. Кванттық механиканың заңдары микрообъектілерге, ішкі атомдық процестерге, элементарлық бөлшектерге қатысты пайдаланылады. Салыстырмалылықтың арнайы теориясы болса, ол жарық жылдамдығына жақын жылдамдықпен қозғалатын объектілерге қатысты қолданылады.
Мұнан шығатын қорытынды, кез келген теория белгілі бір шекараларда ғана, белгілі бір жағдайларда ғана объективті ақиқат ретінде қарастырылады. Бұл кез келген тұжырым берілген құбылысқа қатысты белгілі бір жағдайларда ғана, тек берілген уақытта, берілген орында, берілген тарихи ахуалда ғана шынайы дейтін ақиқат нақтылығының диалектикалық принципінен көрінеді. Мұндай алғышарттарсыз ақиқат диалектиканың заңдары бойынша, адасушылық пен жалғанға, өзінің қарама-қайшылығына айналуы мүмкін.
4.Ақырында ғылыми теорияның заңдары тиым салу функциясын, зерттеу процедурасын жүйелеу және реттеу функцияларын атқарады. Берілген теорияда орынсыз немесе мән-мағынасы жоқ тұжырымдар мен абстракцияларға тыйым сала отырып, олар бей-берекетсіздікке, өзімшілдіккке жол бермейді. Мысалы, кванттық механиканың постулаттарының бірі бір текті элементарлық бөлшектердің айырмасыздығын бекітеді. Демек, көптеген электрондардың арасында өзінің терең индивидуалдық белгілерімен ерекшеленетін екі электронды бөліп ала алмаймыз. Бұл тыйым салу бекер емес. Оның объективті негіздері бар. Оны пайдалану көптеген адасушылықтар мен қателіктерге жол бермейді, оның ішінде, мысалы, нақты заттарды танудың тәсілдерін берілген салаға (микрообъектілер) көшіруге тыйым салу, өйткені бұл тәсіл өзге мәндік салада ғана қолданыс табады. Заңдардың реттеуші функциясы да тыйым салу функциясынан туындайды. Әрбір ғалым өз мәселелеріне шығармашылық тұрғыда келуі мүмкін, алайда бұл шығармашылық теория заңдарының белгілі бір шекараларымен шектеледі және сонымен реттеледі. Егер ғылыми шығармашылық бекітілген ережелерге бағынбаса, онда не жаңа теория шығару қажет, не ескісін қайта құру қажет, ең болмағанда берілген шығармашылық идеяны қате деп мойындау қажет: реттеушілік шығармашылыққа тыйым салмайды, бірақ оның нәтижелеріне дәл баға беру мен оның қаншалықты өзін анықтайтындығын түсінуді талап етеді. Ақырында заңдардың жүйелеуші функциясы берілген пәндік саладағы элементтер мен жай-жүйелерінің арасындағы өзара бағыныштылық (субординация) пен өзара әрекетін бекітуге мүмкіндік береді. Мұның салдарында оны күрделі қызмет етуші және дамушы ретінде қарастыруға, соның нәтижесінде ғылыми зерттеуді қарапайымдандыру мен жеңілдетуге мүмкіндік болады.
Ендігі жерде біз танымның өзге формаларымен салыстырғанда ғылыми танымның ерекшелігі не деген сұраққа алдын-ала жауап бере аламыз. Fылымның құрамына әрқашанда теориялық білімдер кіреді. Оның мазмұнын жекелеген гипотезалар, заңдар және қатаң құрастырылған ғылыми теориялар құрайды. Әрине, мұндай теориялар бірден пайда болмайды. Олар ғылыми танымның тарихи дамуының нәтижесі. Физика ертедегі Греция дәуірінде-ақ пайда болғанымен қатаң физикалық теориялар XVІІ ғасырда ғана қалыптаса бастады. Химия мен биологиядағы мұндай теориялар XVІІІ және XІX ғасырларда пайда болды. Fылыми теориялардың белгілі бір білім мен практиканың саласында пайда болуы, сол саланың жоғары деңгейге жеткендігін, өзінің гносеологиялық жетістігін білдіреді. Егер, көркемдік, техникалық немесе саяси салаларда теориялар қалыптасып және қолданыс тапты дейтін болсақ, онда жаңа ғылыми пәндердің пайда болғандығын көрсетеді: эстетика эстетикалық әрекеттің теориясы, сұлулықтың заңдылықтары мен критерийлері туралы ғылым, техникалық ғылымдар, тап күресі мен саяси өзара қатынастарды бейнелейтін заңдар, ғылыми теориялар. Белгілі бір білім жүйесінің құрамында теориялардың және қатаң бекітілген заңдардың болуы ол жүйенің ғылыми екендігін білдіреді.
Осылайша, ғылыми танымның қандай артықшылықтары барын айқын аңғаруға болады. Адамның кез-келген әрекеті қандай да бір міндеттерді және мәселелерді шешуді білдіреді.
Оның бірі - өндірістік міндеттер - материалдық игіліктерді игеруге бағытталған. Келесілері – саяси міндеттер - саяси мақсаттарға жетуге бағытталған. Білімнің көмегін ұлғайтуды мақсат тұтатын, яғни, білімдерді қалыптастыруды көздейтін міндеттер де бар. Мұндай міндеттерді танымдық деп атайды. Қазіргі ғылым қалыптасқанғанға дейін танымдық міндеттер өте жай және ұзақ уақытта шешілетін еді. Ол үшін ондаған, тіпті жүздеген жылдар кететін еді, себебі шешімдердің ізденісі сынау мен қателіктер арқылы, эмпирикалық жолмен ғана жүрді.
Қазіргі ғылыми танымның қалыптасуы барысында ғылыми теориялардың көмегімен мұндай шешімдердің іске асу уақытын ондаған және жүздеген есе қысқартуға мүмкіндік туды. Ол үшін тек ғылыми теория ғана құру қажет, онан белгілі ережелерге сәйкес салыстырмалы түрде аз уақыт ішінде көптеген берік салдарларды, алуға болады. Шындығында теория құрудың өзі орасан зор күш-жігерді талап етеді және қоғам үшін қымбатқа түседі, яғни ғалымдарды дайындауға, құрал-жабдыққа, шикізатқа, экспериментке орасан зор шығын кетеді. Оның есесіне, ең құнды нәрсе уақытты ұтуға болады. Бүгінгі күнгі техникалық прогрестің өте жедел қарқыны күннен-күнге ашылып жатқан ғылыми жаңалықтардың үдемелі жылдамдықпен өндіріске еніп жатуымен де сипатталады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет