Философия ғылымы туралы айтпастан бұрын, әуелі философияның не екендігін анықтап алуымыз қажет, өйткені бұл сауалдың өзі – философиялық мәселе. «Философия дегеніміз не?» деген сауал философия арнайы ғылым ретінде қалыптасқан сонау көне замандардан бастап, бүгінгі күнге дейін ғылыми дискурс аймағында өзекті түрде талқыланатын тақырыптардың бірі. Осыған байланысты философия тарихында оған әр түрлі анықтамалар мен түсініктемелер беріліп келеді. Мәселен, көне Грек ойшылдарының пайымдары бойынша: Платон – барлықты, мәңгі өмір сүретіндерді, өтпелі еместерді тану; Аристотель – заттардың қағидалары мен себептерін зерттеу; эпикурлықтар ағымында – ақыл арқылы бақытқа жетудің жолы; Жаңа заман ойшылдарының ұғымында: Ф. Бэкон мен Р. Декарт – ұғымдық формалар негізіндегі біртұтас ғылым; Христиан Вольф – барлық мүмкін болатын заттар жөніндегі, олардың қалай және неге мүмкін болып тұрғандығын зерделейді; Шопенгуаэр бойынша – әлемнің бүткіл мәнін ұғымдар арқылы қайталау, бірақ абстрактілі, бүкілжалпы және нақты формада т.б. Осындай түсіндірмелерді көптеп келтіре беруге болады. Себебі, түптеп келгенде, «Философия дегеніміз не?» деген сауалдың өзі – философиялық мәселе. Бірақ бұндай мағлұматтардың көптігі оның барынша дамығандығының көрінісі болып шығады, себебі, философия ғылымының өзі көптүрлі және сан алуан пікірлердің, теориялардың, тұжырымдардың қайшылығы мен олардың келісімділігі арқылы өрістейді.
Осындай түсініктемелер мен пікірлерге сүйенген дәстүрлі деп саналатын анықтама бойынша, философия дегеніміз – бүкіл болмыстың, табиғаттың қоғамның, адамның және оның ойлауының дамуының неғұрлым жалпылама заңдылықтарын зерттейтін қоғамдық ғылым.
Философия – ғылым, әрі қоғамдық сананың ерекше формасы, дүниеге көзқарас, өнер ретінде де көрініс беретін даналық ілімі. Ғылым болып табылатын себебі, арнайы ғылыми әдіснамалары мен әдістерінің болуы, осы ғылым тарихының арнайы қалыптасуы, теорияларын дәйектеуді және дәлелдеуді қажет ететіндігі т.б. болса, қоғамдық сананың формасы ретінде қабылдануы – қоғамның әрбір мүшесінің белгілі бір деңгейде кәсіби емес түрде болса да философиялық пайымдауларды бастан өткізетіндігінен-ақ анық байқалады, тіпті философиялық ой ойламайтын, ойламаған адам болмайды. Осы орайда, философиялық ой адам санасының ажырамас қасиетіне айналады. Сондықтан ол жалпы қоғамдық көпшілік сананың деңгейінде қарапайым формада болса да үнемі қылаң беріп отырады.
Бұдан оның дүниеге көзқарастық қыры ашылады. Философия мен философиялық ой өзінің объектісі болып саналатын дүние, әлем мен адам хақында белгілі бір деңгейде қажетті мағлұматтар мен ақпараттар тасқынын бере алады. Екіншіден, бұл үрдіс кезінде адам мен дүние толықтай қатысып, адамның шексіз танымының бір саласын құрайды. Ал өнер ретіндегі қыры – кең шығармашылық ойлауды қажет ететіндігі, өткенін жоққа шығармайтындығы, объектілерін зерделеу барысында мәселелердің бастапқы күйінен тамыр тартып қозғала беретіндігі т.б. Мәселен, әдебиеттегі махаббат, достық, ана сияқты тақырыптар мәңгілік болса, философиядағы субстанция, рух, ойлау сынды метафизикалық мәселелер де көне замандардан бері, бүгінгі күнге дейін толғанылу үстінде. Ал ғылым өткенін терістеп, сабақтастық бойынша ілгерілей түседі. Мәселен, дүниенің атомдарының соңғы бөлінбейтін бөлшек екендігі хақындағы көне замандардағы теория физика ғылымында қазір жоққа шығарылып, одан кейін атом құрылысы ашылып, тіпті оның шексіз ұсақ бөлшектерге ыдырай беретіндігі дәйектеліп отыр. Сонымен, «бұл ғылым нені қалай зерттейді» деген сауал бойынша оның объектісі мен пәнін ажыратып алуымыз қажет. Философияның зерттеу объектісі: дүние, ғарыш, адам т.б. Философияның зерттеу пәні: дүниенің, адамның, танымның жалпылама заңдылықтары. Бір қарағанда барлық ғылымдардың объектісі де осы мәселелер. Бірақ философия бұл құбылыстардың неғұрлым жалпы заңдылықтарын, таза әмбебаптықтар тұрғысынан зерттейді. Мәселен, анатомия адамды қарастырғанда тек оның бір қырын нысанаға алады, яғни, ағзалық жағын назарда ұстайды. Ал философия бұны, әуелі, «адам деген кім немесе не?» деген сауалдан бастайды да, әрі қарай адамның қоғамдағы, әлемдегі орнын қарастыра отырып, адамның биологиялық, психологиялық, әлеуметтік табиғатын тұтас қарастыруды негізгі алады және осы аталған мәселелердің нәтижелерін бір-бірімен байланыстыра зерделейді.
Философияның құрылымы туралы сөз қозғасақ, алдымен, философиялық ғылымдарды атап өткендігіміз жөн. Философия ғылымы өзінің пайда болған кезеңінен бастап, объектісі өте ауқымды болғандықтан, жеке ғылымдарды өз ішінен тудырып келеді. Бүгінгі таңдағы қалыптасқан ғылым салаларының түгелге дерлігі осы философия ішінен бөлініп шыққан. Қазір философиялық ғылымдар саналатын және бөлініп бара жатырған ілімдер жүйесін былайша көрсетуге болады: этика – адамгершілік туралы ілім, эстетика – әсемдік хақындағы ілім, логика – дұрыс ойлаудың заңдары жөніндегі сала, саясаттану – қоғамның саяси жүйесін зерттейтін ілім, әлеуметтану – қоғамның әлеуметтік құрылымын зерделейтін ғылым, мәдениеттану – мәдениет теориясы мен тарихын қарастыратын ілім, дінтану – діннің теориялық жақтары мен түрлерін зерттейді.
Философияның зерттеу объектісіне байланысты оның мынадай іргелі салалары бар: космология – ғарыш туралы, онтология – болмыс жөнінде, философиялық антропология – адам туралы, теология – құдай хақында, гносеология – адамның дүниені қалай танып білетіндігі турасында, аксиология – құндылықтар жөніндегі ілім т.б. Сондай-ақ ғылым философиясы, миф философиясы, тарих философиясы, құқық философиясы, экологиялық философия, техника философиясы т.б. шағын салаларға жіктеле береді. Философия пәнін оқып үйрену үшін дәстүрлі түсінікте екі бөлім ұсынылады; біріншісі – философия ғылымының көне замандардан бастап бүгінгі күнге дейінгі даму жүйесін кезеңдерге бөліп қарастыру; екіншісі – философияның объектісі болып табылатын мәселелерді теориялық тұрғыдан арнайы, жеке-жеке сараптау. Бірінші бөлім бойынша оның даму тарихын хронологиялық тәртіппен мынадай кезеңдерге ажырату көзделген: Көне Шығыс – Ежелгі Мысыр, Вавилон, Үнді, Қытай т.б.; Антикалық дәуір – Көне Грекия мен Рим; Орта ғасыр – Батыс Еуропалық және араб-мұсылмандық; Қайта өрлеу, Жаңа заман, ХХ ғасыр. Ал екінші бөлім бойынша; болмыс, сана, адам, қоғам, құндылықтар т.б.
Енді философияның қоғамдық теориялық санада, ғылымдар аясында қандай қызметтер атқаратындығына тоқталып өтсек, оның басты функциялары былайша көрсетіледі. Бұл тұста, алдымен, функция немесе қызмет ұғымын түсіндіріп өтуіміз қажет. Функция – міндеттілік, әрекет ету аймағы, өзінің мүмкіндігінің шегіндегі болмай қоймайтын басқа салаларға ықпалы, өзінің атқаруы тиісті мазмұны болып табылады
болжалдық қызметі бойынша философия ғылымы әлемнің, қоғамның, адамның дамуының болашақтағы күйін анықтап, өзіндік жобалар мен модельдер құрады;
танымдық қызметі арқылы бүкіл дүние мен адам және оның орны хақында мәліметтер мен ақпараттар жиынтығын тұтастындырып, ғылымиландырып барып ұсынады.
әдіснамалық қызметі ғылым философиясы саласына сәйкес, барлық ғылымдарға жолбасшылық жасап, жалпы бағдарларды, зерттеу әдістері мен әдіснамаларын жинақтап бере алады және ол ғылымдар осы бағдарлардан айнымай өзіндік зерттеу бағыттарын тиянақтайды. Мәселен, герменевтика, феноменология, структурализм сынды философиялық бағыттар қазіргі таңда көптеген ғылымдардың жалпы зерттеу әдіснамаларын құрайды.
рационалды жүйелеу философия адам тәжірибесін теориялық деңгейде тұжырымдайды, ғылыми емес, қарапайым бақылаулардың және ғылыми танымның нәтижелерін философиялық деңгейде қорытып-сараптайды, оларды белгілі бір жүйеге келтіреді.
сыни философиялық ұғымдар мен категорияларды, заңдарды игеру, философия тарихымен, оны жасаушы философиялық тұлғалармен танысу, олардың ілімдерін зерттеу адамның өз өміріне, қызметіне, қоғамдағы орнына тереңірек үңілуге, сыни тұрғыдан талдауға үйретеді.
гуманистік-тәрбиелік философия адамды дүниедегі ең басты құндылық деп таниды және негізінен руханияттық пен адамгершілікті басшылыққа алады.
практикалық неміс философыГегель философияны өмір көшінен үнемі кеш қалып жүреді деп сынаса да, қазіргі философияның, онымен айналысатын философ мамандардың негізгі мақсат-міндеті оның практикалық сипатын зерттеу болуы болып табылады.
2. Дүниеге көзқарас ұғымы бір қарағанда тым жалпы болып көрінуі мүмкін. Дүниеге көзқарастың нәтижесі танымға алып келетін және дүние туралы белгілі мағлұматтар алуға қол жеткізетін адамзат санасының мәнді құбылысы. Дүниеге көзқарас – құбылыс, яғни, адамның өзін дүниеден шартты түрде бөліп алып қарастыруына байланысты оны тану, білу, ол туралы белгілі бір ұғымдар мен түсініктір жүйесін қалыптастыру қызметін атқаратын аса маңызды үдеріс болып табылады. Дүниеден өзін ажыратып алған адам, одан оқшаулану, бөлектену немесе оны жоққа шығаруды емес, керісінше, әлем хақында белгілі бір нақты білімдер жүйесін құрастыруға ұмтылады. Себебі, осы әлемде өмір сүріп жатырғандықтан, ол дүние туралы толығырақ білімдер жинақтауы қажет екендігі сөзіз.
Дүниеге көзқарас дегеніміз – осы дүние, ғалам, адам, бүткіл тіршіліктің мән-жайы, болмыстың мағынасы хақындағы, адам өмірінің мәні мен мазмұны турасындағы идеялар мен пікірлердің және нақты түсініктердің жүйеленген және өзі дүниеде өмір сүруге бейімделген формаларының жалпылама жиынтығы болып табылады. Шындығында, адам өзіне қажетсіз білімдер жиынтығын құрамайды немесе алған мағлұматтарын өзінің ыңғайына қарай бағдарлауға, бейімдеуге тырысады. Адамзат баласы пайда болып, саналы ғұмыр кеше бастағаннан-ақ «дүниенің мәні мен заңдылықтары қандай, ондағы адамның орны неде, жаратылыстың сыры қандай» деген сияқты сауалдарға жауап іздей бастады. Осыған байланысты алған мағлұматтарын жинақтап, жүйелей түсу қажеттігі туды. Бұл – дүниеге көзқарас үрдісінің туындауы. Дүниеге көзқарас көне замандардан бастау алатын болғандықтан, оны шартты түрде мынадай сатыларға бөліп қарастыру кең орын алған. Ең алғашқы дүниеге көзқарастың формасы – миф болып табылады. Миф – белгілі бір кеңістіктегі халықтардың дүние мен адам хақындағы пікірлері мен түсініктерінің мазмұн арқылы берілуінің және рәміздік, образды, тұспалды тілмен жеткізілуінің мәтіндік бір көрінісі. Ол алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі адамдардың санасында байыпты орнығып, дүниеге көзқарастың бірден-бір формасы ретінде қалыптасты. Көне замандардағы адамдардың ойлау машығы қазіргіден әлдеқайда өзгешерек болды. Сондықтан мұны қисындылыққа дейінгі (прологикалық) немесе арғытектік (архаикалық) ойлау деп те атайды. Миф қазіргі біздің түсінігіміз бойынша барынша жалпы ұғым, оған: әфсана, аңыз, ертегі т.б. шындыққа тура сәйкес келмейтін мазмұнды мәтіндер кіреді.
Мифтік дүниеге көзқарасты толығырақ ашу үшін арғытектік ойлаудың кейбір ерекшеліктерін былайша түсіндіріп өту керек. Бірінші, дүниедегі жансыз заттар мен басқа да тіршілік иелерін адам кейіптеу, яғни, адами қасиеттерді оған апарып таңу. Бұны ғылыми терминдік салада «антропоморфтау» деп те атайды. Мәселен, түркі халықтарындағы мәдени мұра батырлар жырындағы баһадүрлердің мініс аттарының сөйлеуі, адамша тіл бітуі. Ал жансыз табиғат құбылыстарын адам кейіптеуге – таулардың сөйлеуін мысалға алуымызға болады. Екінші, уақыт пен кеңістік өзінің тұрақты қалпынан ауытқып, өзгермелі (динамикалы) сипат алады. Мәселен, батырлар жырындағы «алты айшылық жолды алты күнде аттау» – кеңістік пен уақыттың сығылуын, қазақ ертегілеріндегі «темір етігі теңгедей, темір таяғы тебен инедей» болғанша жол жүру – уақыт пен кеңістіктің созылуын білдіреді. Демек, қалыпты уақыт өзінің өлшемдеріне бағынбай кетеді. Үшінші, субъективті көңіл-күйді объективтендіру – ішкі психологиялық сезімдерді шынайы өмір сүретін бейнелерге айналдырады. Мәселен, Қызыр Ата – дүниедегі барлық жақсылықтың, ал дәу – барлық зұлымдықтың жиынтық образын білдіреді.
Осындай мифтік дүниеге көзқарас өз дәуірінде әлем мен адам және оның тіршілігі хақында белгілі бір таным көкжиектерін қанағаттандырып отырды. Бірақ оны тек байырғы дәуірдің келбеті мен шығармашылығы ретінді тарихи тұрғыдан қарастырмау керек. Мифтер қазіргі заманда да бар, оны әлеуметтік мифтер деп атайды. Мәселен, Беймәлім Ұшатын Обьект туралы түсініктер, әлі дәйектелмегендіктен, ол әзірге әлеуметтік техногендік миф болып табылады.
Дүниеге көзқарастың келесі бір мифтен кейінгі қалыптасқан түрі – дін. Қазіргі кездегі бір ғана құдайға сенетін монотеистік діннің пайда болуына дейін оның бастапқы нышандары осыдан жүздеген мың жылдар бұрын қалыптасқан. Оларды алғашқы діни сенімдер деп атайды: тотемизм, фетишизм, анимизм, магия, политеизм, генотеизм т.б. Тотемизм – белгілі бір халықтың немесе этностың шығу тегін хайуанаттармен немесе өсімдіктермен туыстық байланыста қарастыру. Мәселен, біздің арғы ата-бабаларымыз ғұндардың таным түсінігінде өздерінің шығу тегін бөрімен байланыстырады. Ол – түпкі ұрпақтарын қасқыр асырап алып, одан бүкіл түркі жұртының өркендеуі туралы аңыздармен көмкерілген. Фетишизм – табиғаттағы жеке құбылыстарға табыну және оны құрмет тұту. Мәселен, жер-суға, жалғыз ағашқа, тау мен тасқа табынуды атап өтуге болады. Анимизм – адамды тән мен жанға ажырата отырып, тән өлген соң жанның мәңгі өмір сүретіндігі туралы түсінік. Ол да әрбір халықта әр түрлі деңгейде түсіндіріледі. Мәселен, көне Грек ойшылы Платон өзінің «Еске алу теориясы» деп аталатын тұжырымдамасында: адам осы өмірге келгенге дейін «жан», «рух» түрінде өз бетінше өмір сүреді, осы жан тәнге енгеннен кейін кәдуілгі өмір басталып, жан бұрынғы көрген-білгендерін есіне түсіреді. Сонда адамның өмірі жанның бұған дейінгі көргендерін есіне түсіру ғана болып шығады деген пікірлермен тиянақталады. Немесе, көне үнді сенімдерінен бастау алған реинкарнация деп аталатын түсінікте адамның жаны өлгеннен кейін тек басқа адамға ғана емес, жан-жануарлар мен өсімдіктердің жанына барып қоныстануы мүмкін екендігі айтылады. Сондай-ақ қазіргі монотеистік діндердегі жұмақ пен тозақ туралы ұғымдар да осының куәсі. Қазақ халқында жан, рух «аруақ» түрінде мәңгі өмір сүре отырып, кейінгі ұрпақтарын желеп-жебеп, өзінен кейінгі өмірге де белгілі бір деңгейде тәртіп орнатып отыратын құдыретті күш болып саналады. Магия – сиқыр деген мағынаны білдіретін сенімдердің бірі. Оны зиянкестік магиясы, ізеттілік магиясы, шаруашылық магиясы, мантика, хиромантия сияқты салаларға жіктейді. Зиянкестік, яғни, қара магия – қарғыс, көз тию, тіл тию сияқты жағымсыз әрекеттер арқылы жүзеге асса, ізеттілік магиясы бұған керісінше жақсылыққа ғана бағдарланады. Магияның бір саласы мантика – бал ашу түрінде анық көріне алады. Мәселен, құмалақ ашу, жауырынға қарап болжау, карта ашу т.б атап өтуімізге болады. Ал хиромантия алақанға қарап адам тағдыры мен болашағын болжау туралы арнайы ілім болып қалыптасқан. Политеизм деп аталатын сенім (поли-көп, тео-құдай деген мағынада) көпқұдайға сенушілік туралы ұғым. Бұл әлемдегі әрбір құбылыстың, әрбір нәрсенің өзінің құдайы бар деп түсінушіліктен туған. Мәселен, көне Грек мифологиясындағы Олимп тауында басты он екі құдай Пантеонға, яғни, құдайлардың мәртебесін айқындайтын орнына орналастырылған. Афродита – сұлулық пен махаббаттың, Посейдон – теңіздің, Гермес – сауда мен егіншіліктің т.б. құдайы болып тағайындалған. Осы құдайлар адамша өмір сүріп, қоректеніп, үйленіп, өзара соғысатын да болған. Бұндай кикілжіңдердің нәтижесінде бір құдай басымдылыққа шығарылған. Бұны генотеизм деп атайды, демек, бұл – көпқұдайға сене отырып, бір құдайды басымдылыққа шығару сенімі.
Осындай алғашы діни сенім формаларынан кейін «монотеизм» деп аталатын қазіргі күнгі бір құдайға табынушылық пайда болды. Бүгінгі күні мынадай әлемдік діндер белгілі: Будда, Христиан, Мұсылман. Әлемдік деп аталуы себебі, олар белгілі бір этностың немесе ұлттың шеңберінен шығып, өзінің өрісін кеңейтіп, бүкіл дүние жүзіне тараған. Осы діндердің рухани қайнар бұлақтары қаисетті деп саналған кітаптар: Буддизмде – Трипитака, Христиан дінінде – Жаңа Өсиет, Мұсылман дінінде – Құран. Осы кітаптарда әлем мен адамзаттың тіршілігі хақында, жаратылу мен әлемнің пайда болуы жөнінде, өмірдің мағынасы туралы байыпты пікірлер айтылады. Осыдан дүниеге көзқарастың мифке қарағанда барынша жүйеленген формасы қалыптасты. Діни дүниеге көзқарас тұғыры осылай құрылған.
Дүниеге көзқарастың тағы бір формасы, жоғарыда атап өткеніміздей – философия. Оның ерекшелігі, мифтік және діни дүниеге көзқарастың негізінде қалыптасып және олардың бірлігін қамтамасыз етуге ұмтылып, өзіндік ғылымиланған жобалар ұсынатындығында. Оның ғылым ретінде қалыптасуын көне Грекиядағы «философия» деген сөздің шығу кезеңінен (шамамен б.э.б. 5 ғасырлар) бастауға болады. Әйтсе де, көне Үндіде таза философиялық ойлардың қалыптасуы бұдан да әрірек. Философиялық дүниеге көзқараста бәрі де барынша толығырақ қамтуға ұмтылдырылады және ұсынылған идеялардың дәйектелуіне баса назар аударылады.
3. Философиялық ойдың негізгі мәселелері: ойдың болмысқа қатынасы (онтологиялық), адамның дүниені танып білу сипаты (гносеологиялық) т.б. Ойдың болмысқа қатынасы немесе рух пен материяның арақатынасы туралы мәселе – қайсысының алғашқы, қайсысының туынды екендігіне байланысты қалыптасқан. Рух, ойлау алғашқы, бастапқы, ал материя, болмыс туынды, екінші деп санайтын бағыт философияда идеализм деп аталады. Яғни, материалдық әлемнен идеяны бөліп алып, басымдылыққа шығарады.
«Идеализм» терминін 1712 жылы Платон философиясын бағалау кезінде Лейбниц енгізген болатын. Идеализмнің негізгі екі түрі бар: объективті және субъективті. Объективті идеализмде, идея, рух шынайы, объективті өмір сүретін құбылыс. Оның көрнекті өкілдері – Платон мен Гегель болып табылады. Мәселен, Көне Грек ойшылы Платон әлемді шын және жалған дүние деп ажырата отырып, шын дүние мәңгі өзгермейтін, тұрақты идеялар дүниесі дей келе, материалдық дүние өзгермелі, тұрақсыз, ол тіпті ештеңеге сәйкес келеді деп тұжырымдайды. Кейіннен осындай танымнан әлемдік рух, әлемдік ақыл туралы түсініктер туындаған. Ал субъективті идеалистерде әлемдік құбылыстар мен заттар адам танымының нәтижесі, түйсіктердің жиынтығы, бәрі субъективті деген пікірді басшылыққа алады. Көрнекті өкілдері 18 ғасырдағы ағылшын философтары – Д.Юм мен Дж. Беркли. Мәселен, олар уақыт пен кеңістік субъективті, яғни, адам санасында ғана деп түсінеді: денелердің бірінен соң бірінің орналасуы бізге кеңістік сияқты, құбылыстардың бірінен соң бірінің өтуі – уақыт сияқты болып көрінеді деген сияқты пікірлерін ұсынады.
Ал материализм бұған керісінше әлемнің материалдық бастауын басымдылыққа шығара отырып, рух пен сана сол дүниені тануға бағдарланған және одан кейінгі деп тұжырымдайды. Осылайша дүниенің материалдылығына басымдылық береді. Материализмнің мынадай түрлері бар: 1) физикалық материалзм – материяны соңғы физикалық шындық ретінде таниды; 2) Биологиялық немесе физиологиялық материализм – материалдылық пен материалдылық еместің айырмашылығын сақтамайды; 3) этикалық – жеке дара материалдық емес құндылықтарды жоққа шығара отырып, пайдалы жетістіктерді ғана мойындайды; 4) Диалектикалық – диалектиканың қағидаларын негізге алып, оны материалистік тұрғыдан түсіндірді; 5) тарихи – материализм қағидаларын ұстанып, оны қоғамның даму жағдайына қарай сәйкестендіріп пайдаланады.
Бұл бағыт көне Грекиядағы әлемнің материалдық бастамасын іздеушілердің өкілдерінен, атомдық теорияны негіздеушілерден бастау алып, кейіннен «механикалық» деп аталған материалистермен жалғасын тапты.
Бүгінгі таңда материализм мен идеализмді қатаң түрде бір-біріне қарсы қою дәстүрі жоғалған. Осы екі ағымды бітістірушілік түсініктен туған дуализм әлемдегі екі бастаманы қатар бірігіп өмір сүретін өзара тең нұсқалар ретінде қабылдайды. Мәселен, Р.Декарттың рух пен материя, жан мен тән жөніндегі түсініктері т.б.
ХІХ ғасырда О. Конт негізін салған позитивизм ағымында бұл мәселелер, мәңгі шешілмейтін метафизикалық, жалған түйткілдер деп табылды да, философиялық ойдың негізгі мәселесі мағынасыз деп түсіндірді. Бірақ олар әсіресе, рационализм, идеализм, спиритуализм сияқты ағымдарға қарсы шықты.
Ал ХХ ғасырдағы экзистенциализм ағымында ең басты философиялық мәселе – ғұмыр кешу болып тиіс деп пайымдалды. Мәселен, осы ағым өкілі А. Камю ең басты философиялық мәселе: «өмір дегеніміз сүруге тұра ма», ал қалғандары келесі жоспардағы мәселелер деп тапты. Осы кезеңде «Философиядағы жанжал» деп аталған бағдар пайда болды. Бұнда философия ғылымы өзінің мыңдаған жылдық қарқынды даму тарихына қарамастан, бірнеше логикалық аксиомалардан басқа, барлық философтарға айқын және олар мойындайтын ешқандай да ережелерді, заңдылықтарды аша алған жоқ екендігі туралы айтылады.
Ал философиялық ойдың негізгі мәселесінің екінші қыры – таным, яғни, «адам дүниені танып біле ала ма, таныса қалай таниды» деген сияқты сауалдар аймағында талқылаулар ұсынады. Бұны философияның арнайы саласы гносеология зерттейді.
Бақылау сұрақтары мен тапсырмалар
1.Философиядан қай ғылым қандай кезеңде бөлініп шықты?
2. Миф, әфсана, аңыз ұғымдарының жігін ажыратып көрсетіңіз?
3. Бүгінгі қоғамдағы философияның орны қандай?
4. Жалпы философия қоғамға не үшін қажет деп ойлайсыз?