III тарау. Қазақтың халық философиясының
дүниетанымдық ерекшеліктері
заңын сақтауға қызмет еткен тетіктер болуымен сипатталады. Бұл
жерде биге шешендік өнер аздық етеді. Дәстүрлі рулық қоғамның
салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі мен тынысы көкейінде сайрап тұруы
қажет.
Әйгілі билеріміздің ішіндегі Төле бидің бала кезінде «бала би»,
есейе келе «дана би», қарт шағында «төбе би» атануы жайдан-жай
емес болса керек-ті. Олардың істері халық арасында аңызға айналған.
Төле бидің «қарлығаш би» атануы жайындағы аңызда былай дейді:
Жоңғар шапқыншылығынан қалың ел босып қашқанда Төле би
қозғалмай ауыл-аймағымен отырып қалады. Қалмақ әскербасы бұған
таң қалып, неге көшпей отырғанын сұрастырғанда: «Осы көктемде
қарлығаш үйіме ұя салып, балапан басқан болатын. Адамның
досы ақ пейіл құстың Нұх пайғамбар кемесіне көмектесіп, адамды
жыланның азығы болудан сақтап қалған ерлігі тағы бар. Өзі құйттай
демесең, бойында адамзаттың жүрегі, адамның ақ ниеті бар құстың
ұясын бұзбадым, сол үшін көшпедім» деп жауап беріпті. Сонда,
қалмақ хоңтайшысы: «Бұл әулие адам екен» [10, 10 б.] – деп, оның
еліне де, өзіне де тимепті делінеді аңызда.
Дүниетанымы мен дүниетүсініктері айдың қабағын аңдып,
күннің құпиясын кеуделеріне қонақтатқан көшпенділер Әлеммен,
Табиғатпен тікелей тілдесіп үйлесімді қарым-қатынаста болған.
Табиғаттың өзіндей табиғи даму жолымен өркендеген, содан
ләззат алып, содан бақыт тапқан. Бұл жерде көшпелі халықтың
әлемді қабылдауындағы дүниетүсінігінің ерекшеліктерін аңғаруға
болады. Олар жан-жануарлар дүниесінің қасиетін ұғынып, оны пір
тұта білді. Дана ойшыл өзінің философиялық пайымдауларында
адамгершілік-этикалық мәселелерді діни ұғымдармен ұштастырып
отырған. Билердің шығармашылығында халықтың наным-сенімдері
мен этикалық-адамгершіліктік құндылықтары жетекші рөл атқарды.
Философияның негізгі категориялары зұлымдық пен мейірімділік,
жауыздық пен кешірімшілдіктің мәндері, қарама-қарсы ұғым-
түсініктердің арақатынастары диалектикасы бағамдалғанын көреміз.
Билер шығармашылығының тағы бір ерекшелігі іс-әрекетте,
шешуші сәтте олардың адамгершілікті, ізгілікті, әділеттілікті
ұстындарды нақты жүзеге асыруында деп білеміз. Олардың ізгілікке
толы Кемел Адамдық келбеті бүгінгі ұрпаққа үлгі боларлық,
тәлімдік-тәрбиелік мәні зор. Дала ділмәрі Төле бидің әрбір іс-әрекеті
мағынаға толы болды. Мәселен, «бақыт» категориясы этиканың
басты ұғымдарының бірі болып саналады. Адам еркіндікте болғанда
өзін бақытты сезінеді. Адамзат ықылым заманнан бері біреулер оны
байлыққа баласа, біреулер оны «бақыт құсы» деп, қашан қонатынын
190
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
біле алмай, қиялдайтын, соны арман етіп жүретін адамгершілік
мұраттардың бірі. Осы «бақыт» ұғымын Төле би:
Ел билеген ер жігіт,
Сыйласа халқы құрметтеп,
Басына бақыт қонғаны [10, 57–58 бб.]
– деп бір түйіндеп қояды. Нағыз бақытқа жету билік тізгіні
ұстау ғана емес, халықтың ризашылығына бөлену болып табылады.
Халықтың сый-құрметіне ие болу дегеніңіз оңай емес. Ойшылдың
бақыт туралы түсінігі бұл жерде ел көшбасшысының бақыты
халқының мүддесімен астасып біртұтастануына меңзейді. Халық пен
ханның тұтас бақытқа жетуін айтып отыр.
Төле би түсінігіндегі «бақыт» ұғымының тағы бір қыры қоғамдағы
әйелдің орнымен анықталады. Жалпы көшпелі қазақ қоғамында әйел
затын, қыз баланы өте қадірлеген, аялаған. Он үшке толғанша «қонақ
бала» деп олардың күтіміне ерекше қарап, өте еркін етіп өсіреді. Бірақ
бұл шексіз еркіндік емес. Бабаларымыздан: «Қызға қырық үйден
тыйю» – деген сөз де қалаған. Бұл да жәй айтылған сөз емес. Оларды
әсемдікке, сұлулыққа баули отырып, дарақылықтан, әдепсіздіктен
тыйып отырған. Таза, пәк, ару күйінде болашақ жарына қосуға
тырысқан. Қазақ жанұясында қыздың орны ерекше саналған. Қызды
келген жері «бақ құсы», «бақыт құсына» теңеген. Ердің бақыты әйел
деп есептеген. Әйел мен адалдықты теңестіреді. Қыз баланың, жалпы
әйелдің тазалығына қазақ қоғамында ерекше көңіл бөлген. Әлбетте,
қызды еркіне жібере отырып, оған жауапкершілікте жүктелген.
Алғаның адал болмаса,
Басыңа бақыт қонбайды [10, 58 б.].
Ырыс та, бақыт та, қызыр да әйелде деп түйіндеген ойшыл бүкіл
үш жүздің төбе биі бола тұра, болашақ келінін ел аралап жүріп
байқай, барлай жүреді екен. Бұдан Төле бидің жанұяға рудың,
мемлекеттің алтын діңгегі ретінде мән бергенін байқаймыз. Болашақ
ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аударған философ, олардың
болашағының дұрыс қалыптасуы жанұядан басталатынын терең
пайымдаған. Ер түздегі тірлікті тындырса, әйел үйдегі шаруаны
жүргізген. Жалпы қазақ қоғамындағы жанұялық тәрбие мен ондағы
тыныштықты әйелдер реттеп отырған. Әйел бойынан сұлулықты,
пәктікті, тазалықты, әсемдікті іздеуіміз бекер емес. Жұбайлық
өмірдегі әйел-ананы ерінің тағдырымен, оған жақын бала-шағасы,
191
III тарау. Қазақтың халық философиясының
дүниетанымдық ерекшеліктері
ата-анасы, туған-туыс, ауыл-аймақ, ел-жұртымен байланыстырып
тұрар Тұлға деп қарады. Әр ер азаматтың өзіне лайық жар таңдауды
және оны армандап жүрген «бақытына» балауы, көшпелілердегі
«Ана-Жер-Ана» қатынасы Әлемдік Ұлы махаббат желісіне құрылған.
Төле бидің даналық философиялық түсінік-танымын зерделеу
барысында әр істің шешімін өзінің өмірлік іс-тәжірибесі арқылы
бекітіп отырғандығын байқаймыз. Дала ділмәрінің халқымыздың
рухани жетілу мәселесінде тәлімдік және тәрбиелік рөл атқарғандығы
жайында көптеген аңыздар сақталған.
Тәубешілдік, қанағат, құт, құтаю деген сияқты ізгілікті
тұғырларды орнатады. Адам өзінің еркіндігін дұрыс пайдалана
алмаса, онда жаман жолға оңай түсіп кетуге болатынын көруге
болады. Төле би түсінігіндегі толық Адам әлеуметтік ортамен ғана
өлшенеді. Жеке адамның өмірі осы көпшілікпен мәнді. Ол белгілі бір
әлеуметтік топтың мүшесі.
Адамның болашақта қандай болуды, кім болуды таңдау
еркіндігі өзінде. Бұл жерде адам еркіндігі мен таңдау еркі анық
көрінеді. Төле би сияқты данаға жолыққан жігіттер енді өздерінің
теріс жолға түскендеріне көздері жетіп, түзу жолға бет бұрады.
Бір ғана материалдық құндылықтарды күйттегенмен, адам жаны
басқа да қажеттіліктерді қалайды екен. Оңай жолды күйттеп, жапан
далада жол торумен, тонаушылықпен айналысып, әйтеуір қарын
тоқшылығын ғана ойлап өмір сүріп жүрген жастардың болашаққа
деген үміт-сенімдері оянды. Ең бастысы олардың пиғылдары өзгерді.
«Ұрлық», «зорлық», «өтірікшілік» сияқты теріс істерге бастайтын жа-
ман қылықтар мен «мейрімділік», «кешірімшілік», «шыншылдық» се-
кілді ізгіліктіліктің тірегі болған философиялық ұғым-түсініктердің
диалектикасы ашылып көрсетіледі. Олар енді өздеріне өмірмәнділік
құндылықтарды мақсат етті.
Билердің осындай ел ішіндегі бұзақылықты жөнге салу үрдісі
«ақсақалдар алқасы», «әжелер кеңесі» сияқты салауатты ұйымдар
арқылы әр ауылда жалғасын тауып жаңғыртса қазіргі қазақстандық
қоғамды жетілдіруде маңызы артар еді. Өйткені мұндай ұйымдар
«қазан бұзар, үй тентектерді» заң орындары арқылы жазаға тарпай-
ақ жөнге салып отыруға септігін тигізері хақ. Нәтижесінде темір
тордың ар жағындағы жігіттер саны азайып, бүгінгі таңдағы еліміздің
демографиялық ахуалын жетілдіруге, экономикалық күш-қуатын
арттыруға игі әсер етері сөзсіз.
Қазіргі кезеңде қоғамдық ұйымдардың бірнешеуінің атақаратын
міндеттерін Төле би сияқты ойшыл-билеріміз осылайша бір ғана
істің барысында атқара білген. Бұндай әдіс-тәсілдерді тәлімгерлік
192
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
тәжірибеде қолданып отырған. Билер философиялық ойының шыңы
да қарама-қайшылықты ұғым-түсініктердің ара жігін ажырату
мәселесіндегі турашылдығында. Өйткені арам жолмен табылған мал
мен олжаның, адал жолмен келген мал-мүліктен айырмашылығын
түсіндіруде «обал-сауап», «адал-арам» – сияқты қарама-қарсы
мәндегі ұғымдарды ұрпақ зердесінде мәңгілік ұялата білді. Діни-
этикалық исламдық құндылықтар жүйеленіп, сахара жұртының
діни наным-сеніміне айналды. Олардың жүректеріне имандылық
пен тәубешілдікті ұялатты. Би-шешендеріміз қазақ елінің далалық
демократиялық ұстындарын қадір тұтып оларды жетілдіріп қана
қоймай, іс жүзінде сөз өнерінің философиясын жасады.
Қоғамның дамуының әр кезеңі адам болмысының дамуы арқылы
болады. Адам өзін өзі жетілдіре отырып қоғамды жетілдіреді.
Адамдар өздерінің іс-әрекеті арқылы қоғамның алға жылжуына
тікелей қатынасады. Сондықтан қазақ хандығы тұсындағы билер
атқарған ұлы істер адамды рухани жетілдіруге бағытталғандығымен
құнды деп есептейміз. Ата-бабаларымыздан келе жатқан архаикалық
құндылықтардың да атқарар қызметі аз емес. Бірнеше ғасыр бұрын
қазақ қоғамында әлеуметтік індет болған келеңсіз іс-әрекеттер бүгінгі
күнде де біздің қоғамымызда етек алып отыр. Бұл әсіресе қоғамның
өтпелі кезеңінде көрініс беретін құбылыстар.
Жаһандану заманында әр этнос өзінің ұлттық мәдениетін
ұлықтауы тиіс. Алысқа бармай-ақ ғасырлар бойғы салт-дәстүрлерін
әлі күнге шейін жастарының санасына сіңіріп отырған Жапон мен
Қытай мемлекеттерінің даму барысын бақыласақ та жеткілікті.
Олардың тәжірибесінің ұстанымы ата-бабаларының мәдени
мұралары мен ұлттық құндылықтарын ардақ тұтуына сүйену болып
табылады.
Билік құру қазақ қоғамында жазалаушы ғана орган болған жоқ,
оның тәрбиелеушілік қызметін де қоса атқарғанын бағамдадық.
Билік құру, төрелік айту, қазылық етудің туы «әділдік», көздегені
«ақиқатқа» жету. Осындай адам тағдырын шешудің кілті қолында
болатын билерге Төле би :
Қолыңда болса бар билік,
Қараға залым болмаңыз.
Алдыңа келсе бітпес дау,
Әділін айтып қорғаңыз [10, 40 б.]
– деп өсиет қалдырған. Бұл қағида заманауи сот билігінің тізгінін
ұстаған азаматтардың басты ұстанымы болуға тиіс. «Тура биде –
193
III тарау. Қазақтың халық философиясының
дүниетанымдық ерекшеліктері
туған жоқ, туғанды биде – иман жоқ» деген нақыл сөзді қазақ босқа
айтпаған. Әділеттілік орнату – имандылықпен шендеседі.
Төле би елінің көкжиегін кеңейтуді, әлемге ашықтықты
уағыздайды.
Алдыңғы қатарлы дамыған елдермен араласып, олардың
өнерінен үлгі алуға меңзейді:
Көпшіл болған ер дана,
Достары болар әр сала.
Өнерліден үлгі алып,
Салдырар сәнді мол қала.
Өнерлімен дос болсаң,
Қиялыңды қозғайды.
Ой-өрісі тар жігіт ауылдан
Асып озбайды [10].
Бұл жолдардан ойшыл бабамыздың қазақтардың томаға
тұйықталуын қаламағанын көруге болады. Отырықшы мәдениетке
ұмытылуға үндейді. Ұлтының болашақтағы жарқын өмірін содан
көргендей болады. Жабық қоғамнан ашықтыққа үндей отырып, басқа
халықтармен араласуға шақырады. Прогресске жетудің бірден-бір
көзі өнегелі жұрттармен араласа жүріп, жақсы жақтарынан үйрену
керек деп түсінеді.
Атақ, даңқ, мансап қуып соған жету жолында кез келген
кедергілерді басып-жаншу адамды еліктіруші, адамшылықтан
кетіруші нәрселер сияқты болып көрінеді. Алайда атақ та, даңқ та,
мансап та адал еңбек, маңдай термен өз өзінен адамды өзі іздеп
табатын кездері де болады. Онда олар нағыз атақты, даңққа бөленген,
мансап иесі болады. Шексіз байлыққа кенелу мен атақ, даңққа елігу
адам бойындағы құмарлықтардың ең қауіптісі дер едік. Өзінің әлі
жетпейтін нәрселерге құмарланып, оңай жол іздеушілерді түйреп:
Мансапқұмар оңбаған
Сатып кетер жолдасты [10, 40 б.] – дейді.
Шен құмарлықты кезінде Абайда түйреп, сынаған. «Бұл билік
деген біздің қазақ ішінде әрбір сайланған кісінің қолынан келе
бермейді. Бұған бұрынғы Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның
«Ескі жолын», Әз Тәуке ханның «Күл төбенің басында күнде кеңес»
болғанда «Жеті жарғысын» білмек керек .... әрбір болыс елден
толымды-білімді үш-ақ кісі билікке жыл кесілмей сайланса, олар түссе
194
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
жаманшылығы әшкере білінгендіктен түссе, әйтпесе түспеске» – де-
ген шарттар қояды [9, 14 б.]. Алайда, заманның өзгеруіне байланысты
ескіргендерін алып тастап, жаңа өмірге келіспейтұғынның орнына
татитын жаңа жарғыларды толықтыратын билік шығаратын кісі ке-
ректігін айтқан болатын. Ойшылдың пайымдауында билік құратын
адам міндетті түрде білімді және жоғары адамгершілікті болуға тиіс.
Мансап пен шен қолына тигенде ақыл таразысына салып, алдымен
халықты ұйытатын әділеттілікті ұстанғанда ғана шын мәнінде
«әділетті басшы» бола алады. Өз заманының жас ұрпақтарына
лайықты тәрбие беріп қана қоймай, сонымен бірге оларды дұрыс
жолға сала білген Төле би бабамыздың салып кеткен билік құру өнері
мен имандылық қағидалары осы заманның да кәдесіне асарына дау
сөзсіз.
Қазақ ұлттық мемлекеттілігінің тәуелсіздігі Қазақ хандығының
250–300 жылдық кезеңі болып табылады. Хандық мемлекеттің
қалыптасуының ірге тасын Төле, Әйтеке, Қазбек билер бірге қаласты.
Ел ішіндегі тек ру аралық мәселелерді шешуде ғана емес, мемлекет
аралық даулы мәселелерді шешуде қазақтың үш биінің ауызбіршілігі,
билік құру өнерін меңгеру іскерліктері көрініс берді. Олардың
бойынан әр кез табылған азаматтық, мәрттік бүгінгі таңдағы қазақ
елі жастарының еліктеп, ұқсап бағуға тұрарлық құндылықтар.
Ел билеуші әуелі халықтың тынышығын сақтап, оның бірлігін
қамтамасыз етуді өзінің басты мақсаты етуі тиіс. Ол үшін ел тұтастығын
көздейтін ең басты әділдік, арлылық сияқты құндылықтарды
ұстануы қажет. Өз мүддесінен халықтың мүдделерін жоғары қою
әрбір қолына билік тиген азамат үшін ең басты қасиет. Сонда ғана
ол пендешілікті жеңе алады. Бұл жерде адам өзінің нәпсілерін тежей
отырып, еркіндігін де шектейді. Ерік деген осы екен деп, қолына
билік тізгіні тие сала оны шексіз пайдалану емес.
Қазақ халқының тағдырын шешуде көш бастаған көсемдері, сөз
бастаған шешендері мемлекеттік істерді реттеп отырды. Солардың
ішінде ерлікке лайық батылдық пен ер жүректілік көрсеткен
мәмлегеріміз Қаздауысты Қазыбек би. Оның даңқы мемлекеттік
мәселелерді шешуде іскер мәмлегер дәрежесіне дейін көтерілді.
Қазыбек бидің «Қаз дауысты» атануының тарихы бар. Қазақ
хандығының көрші елдермен қарым-қатынаста әрқашан бейбітшіл
сыртқы саясат ұстанғанын аңғарамыз. Адамның дүниеге келудегі
өмірінің мәні оның еркіндігінде деп білген көшпелі жұрт басқаға
басыбайлы болмаған. Хандық мемлекетте жеке тұлғалардың барлық
жағынан қорғалғанын елшілік жіберіп тұтқындарын босатуды талап
еткендерінен анықтауға болады. Мемелекет елшілігінің осы сапары
195
III тарау. Қазақтың халық философиясының
дүниетанымдық ерекшеліктері
адам құқығын қорғау болып отыр. Шешеннің адам әуел бастан құл
болу үшін туылмаған деген тұжырымы еркіндіктің басты құндылық,
өмір мәні екендігін айғақтайды.
Сен қабылан да, біз арыстан,
Алысқалы келгенбіз,
Жаңа үйреткен жас тұлпар,
Жарысқалы келгенбіз,
Тұтқыр сары желімбіз
Жабысқалы келгенбіз,
Берсең жөндеп бітімді айт,
Бермесең дірілдемей жөніңді айт,
Не тұрысатын жеріңді айт [12, 59 б.]!
– Мәселені тікелей қойып, оны бірден шешуді талап етеді. Әуелі
бейбіт жолмен, жоралғысымен тұтқындарды қайтаруды өтіну
бар. Бітім болмаған жағдайда, күш қолданылатынын ескертеді.
Жауына сес көрсете, асқақ түрде талап қоя да білген. Қазбектің
шығармашылығының өзіне тән пайымдаулары ұлтымыздың
тарихнамасында адам құқығы мен еркіндігін қорғаудың жарқын
үлгісі ретінде мәңгілік сақталады.
Арқалы билеріміз сөз өнерінің майын тамызған әрбір ойын әуез-
дете білген майталмандар еді. Ұлы Абайдың «өлең сөздің патшасы, сөз
сарасы, қиыннан қиыстырар ер данасы» қазақтың шешендік өнерді
баптаушыларын «дана ерге» теңегінін осы мысалдан көруге болады.
Біріншіден, би-шешендер ойларын поэзия түрінде жеткізді. Екінші-
ден, халқының асыл қасиеттерін суреткерлік шабытпен төгілтіп,
екпіндетіп, әрлеп жеріне жеткізе толғағанда дұшпаның да басын
игізді. Сөз қадірін білген жұрт, басқа іс-әрекеттерге жол бермеген.
Осы сапарда Қазыбек ел намысын осылай қорғап, туысқандарын
құлдықтан құтқарды. Ойшыл сұңғыла ақылы мен парасатын
халқының басына түскен ауыр халден құтқару жолында ұтымды пай-
даланды. Бұл Тұлға еркіндігі мен шығармашылық шабыт құдіретін
айқын танытады. Қазыбек шығармашылығы еркін ойлы Тұлғаға ғана
тән. Адам бостандығы мен еркіндігін қамтамасыз етудің жолында
билеріміздің атқарған қызметі қазіргі Қазақстан мемлекетінің
рухани тұғырларының бірі болып табылады. Қазақтың дәстүрлі
қоғамында еркіндік идеясының дамуы билердің философиялық ой-
тұжырымдарында осылайша көрініс беріп отырған.
Қазыбек бидің тағы бір ел ішіндегі үлкен оқиға саналатын
1748 жылы тамыздың 4 күні Әбілқайыр ханды Барақ сұлтан
196
Қазақ философиясы тарихы
(ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейін)
қастандықпен өлтіреді, сондағы төрелік айтуына зер салсақ: «Уай,
Барақ! Елдің саулығын қашырып, қаскөйдің жаулығын бастадың
сен. Бәрінен де бұрын сен адамзаттың өмірін ұрлап, өлімге орын
босаттың. Ханыңды қарадай өлтірсең, халқыңды қынадай қырарсың.
Жауыздықтың қақпасын ашсаң, қанын судай шашарсың. Ал енді
еліңді ығыр қылғың келмесе, жүрегіңнің ізгілігі өлмесе, тесікті өзің
бітеп, жараны өзің жазып ал. Өлген тірілмейді, өшкен жанбайды.
Өлгеннің ісін жалғастырып, өшкеннің отын тұтатсаң өмір азбайды,
шырақ қайта маздайды [12, 100 б.]. Бұндай үкім тек қана ізгі
жүректен шығады. Өмірге келтіру, өлімді бұйыру Құдайдың ісі.
Өлім мен өмір мәселесі қазақ арасында мәңгіліктің философиялық
астарларына жол тартқандығының айғағы. Бұдан билер қазылығы
қазақ философиялық ойының бір тармағы ретінде ерекше даналық
түрінде дамығандығын бағамдаймыз. Қазақтарға ғана тән болған
өзіндік төрелік айту өнеріне келетін болсақ, олардың шексіз билік
құрғандығын көреміз. Би Барақ сұлтанға ешқандай жаза қолданбай
тұр. Жазаға үкім шығаруды күнәлінің мойнына артады. Ой салады,
арға жүгіндіреді. Адамзаттың бәріне ортақ осындай мәндегі
философиялық мәселелерді риторикалық тұрғыдан мәмлеге
шақыра отырып, шешуін ханның өзіне жүктейді. Адам өз күнәсін
мойындап қана қоймау керек. Одан арылуы қажет. Билер түсінігінде
күнәдан арылу жолы – жүрек арқылы болады. Ал жүректің қақпасын
тек қана ізігіліктерге ашып, оған мейірім, шапағат, қайырымдылық,
имандылықты ұялату керектігіне меңзейді. Адам табиғаты өте күрделі
құбылыс. Қазақ мақалы: «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» – дегенде, адам
бойындағы жаман қылықтардан арылу үшін ең бастысы сабыр сақтау
керектігін тұспалдаған. Билер шығармашылығы арқылы адам еркін
ізгілікті істерге жұмсауға бағыттайды. Руханилықтың ең жетілген түрі
дүниеге қатынастың терең мән-мағыналық сатыға көтерілуі дейтін
болсақ, Қазыбек бидің өмірлік ұстанымдарын осы деңгейге жатқызар
едік. Ақыл таразысынан өтіп, адамның ар-ожданы алдында есеп
беруі арқылы адамға үлкен жауапкершілікті жүктеп тұр. Бұл жерде
қаншама ғибратты үлгі аларлық, жамандыққа тоқтау, жақсылыққа
жол ашудың көздері бар.
Билік өнерінің сахара жұртының әдет-ғұрпы мен салт-санасында
ғасырлар бойы қалыптасып өзінің міндетін атқарғандығына зерт-
теушілер арнайы тоқталған. Адам бойындағы шайтани күштер
билейтін күншілдік, қызғаншақтық, іштарлық сияқты кесірлерден
арылудың жолдарын билеріміз өз шығармашылықтары арқылы
көрсете білді. Осындай келеңсіздіктерге жол бермеуге ықпал
ететін кешірімшілдік, жамандыққа жақсылық жасау сияқты оңды
197
III тарау. Қазақтың халық философиясының
дүниетанымдық ерекшеліктері
қылықтардың жетекшілік етуі адамдықтың басты белгілерінің бірі.
Нағыз адамның жүрегі әрқашанда жақсылықтың ұясы болуға тиіс.
Өркенім өссін десең, кекшіл болма. Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең, өршіл болма, өскеніңді өшіресің.
Басына іс түскен пақырға, қастық қылма. Қайғысы көшер басыңа.
Жанашыры жоқ жарлыға, жәрдемші бол асыға,
Қиын-қыстау күндерде, өзі келер қасыңа [12, 121 б.].
Әрбір жеке адам өзінің рухани жетілуі үшін теріс пиғылдардан
арылуы тиіс. Дана ойшыл кекшілдік, өркөкіректік, қаскүнемдік
сияқты кесірлі жамандықтардан арылу жолдарын ашып көрсетеді.
Адамның ішкі жетілуінің шамшырағы ізгілікті істерге жетелейтін
тәлімгерлік түріндегі философияны жасады. Адамның рухани
құлдырауының себебін іздеумен айналысқан философтарымыздың
ой-түйіндеулеріне зер салсақ, А. Қапышев былай дейді: «Адамзат
руханилық жайында көптеген пайымдаулар білдіргенмен, бірақ
рухани құлдырауды тоқтатуға практикалық қадамдар жасамай
келді, ол сыртқы дүниеге қызығу жолымен келді. Соның нәтижесінде
руханилық пен мәдениеттің арасында терең сызат пайда болды.
Сөйтіп руханилық пен мәдениет екіге бөлінді: біріншісі қазіргі күні
бос сөзге, бедерсіз ұғымға айналды, ал екіншісі таза техникалық
шеберлік, өзіндік мақсат қойған операциялық қабілет, қажетке
жарату техникасы мен технологиясы және сыртқы материалдарды
ұсыну түрінде көрініс берді. Руханилық пен мәдениеттің үйлесімділігі
іс жүзіндегі махаббат, яғни әсемдікті туындатушы жақсылық ретінде
түсінілуі керек» [13, 96–97 бб.] Иә, руханилықты адамдар қарым-
қатынасының үйлесімділігі деген бұл пайымдаулар қазақ билерінің
жүзеге асырылған үкім-шешімдері түрінде көрініс берді. Олардың
даралық, тұлғалық келбеттері адамға деген махаббаттан, оларға
үнемі жақсылық жасау тілегінен, кешірімшілдік, мейірбандық
қасиеттерімен көмкерілген. Қазақтың үш биі осындай тұғырлы да,
ізгілікті түрдегі әлеуметтік әділеттілікті іс жүзінде өз заманы тұсында
жүзеге асыра білді.
Адам табиғатындағы сезімді ақылға жеңдіру оңайға соқпаған.
Осының салдарынан қазақ қоғамында қайшылықтар туындады.
Мысалы бір рудың жастары бір-біріне үйленуге болмайтын.
Қазақтардың әдет-ғұрып заңдарының ішінде жеті атаға дейін қыз
алуға тыйым салынған. Егер осындай оқиғалар орын алса ру басы
ақсақалдар кеңесіп барып, шешім шығарған. «Қалқаман-Мамыр»,
«Еңлік-Кебек» поэмалары сынды трагедиялық, драмалық оқиғалар
198
Достарыңызбен бөлісу: |