Философия біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың ортасында, бір-біріне байланыссыз, дербес және тәуелсіз түрде Ежелгі Үндіде, Ежелгі Қытайда және Ежелгі Грецияда пайда болды. Барлық үш аймақта да философия мифология негізінде қалыптасты. Бастапқыда философиялық даналық-дәстүрлі өмірсалт пен түсінікке қарсы бағытталған сын, патриархалды қағидалардың әділдігі мен ақиқаттығына білдірілген алғашқы күмән ретінде қалыптасты. Өйткені табиғи және әлеуметтік шындықты жеткілікті тусіндіре алмаған діни-мифологиялық сананың дағдарысы кезеңінде ақиқатты жалпыдан, табиғиды жасандыдан ажырату, жаңа өмірлік бағдар мен берік те сенімді дүниетаным құру қажеттілігі туды. Дүние және адамды рационалды ұғыну талпыныстары алдымен алғы философияға, содан соң философияға әкелді.