Ең жаңа түркі дәуірі Бұл дәуір түркі тілінің Ұлы Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңін қамтиды. Оның басқа дәуірлерден айырмашылығы сол-бұл дәуірде жаңа тілдер пайда болмайды, бір тіл екінші бір тілден бөлініп те шықпайды. Бірақ бұл дәуірде әуелде қалыптасқан тілдер коммуникативті қызметі жағынан дамып, стильдік жағынан сараланып, шыңдала түседі. Түркі тілдерінің стильдік тармақтары патшалық Ресей кезінде қалыптаса бастаған болатын. Мысалы, 1870 жылы Ташкенттен «Түркістан уалаяты» газеті, 1912 жылы Орынбордан «Қазақ», «Омбы қаласынан «Дала уалаяты» газеті жарық көреді де, қазақ тілінің публицистикалық стилінің пайда болуына, дамуына жағдай жасады. Ал Қазан төңкерісінен кейін қазақ тілінде ондаған газет-журналдар шығып, қазақ публицистикалық стилінің дамуына толық мүмкіндік берді. Кей стильдік тармақтардың жаңадан пайда болғандығын да жасыруға болмайды. Мысалы, қазақ тілінің төл ғылыми стилі үстіміздегі ғасырдың 30-40 жылдары қалыптасты. Әрине, Қазан төңкерісіне дейін тарих, география пәніне байланысты ғылыми еңбектер бола бастады. Мысал ретінде Ш.Уәлихановтың, Қадырғали Жалайыридың еңбектерін көрсетуге болады..
Фонетикадағы өзгерістер. Түркі тілдерінің Қазан төңкерісінен кейінгі дыбыс жүйесіндегі өзгерістер орыс тілінің әсерімен жаңа дыбыстарды қабылдау және емлелік принциптердің түбегейлі өзгеруі негізінде болды. Бірақ дыбыстық өзгерістер бір дыбысты екіншісінің орнына қолдану есебінен өсе түсті. Мысалы, кеңес дәуірінде қырғыз тіліне ф, в, ж, ц дыбыстары енсе, қазақ тіліне ф, в, ч, ц, х, э дыбыстары қабылданды. Бұл дыбыстар орыс тілінен енген көптеген интернационалдық сөздердің жетегімен келіп орнықты. Дыбыстық жағынан түркі тілдерінің барлығы бірдей деңгейде дамымағаны да аңғарылады. Мысалы, тува тіліне төңкерістен кейінгі дәуірде в,ф,ц дыбыстары, түрікмен тіліне в,ф,с,з, ц дыбыстары, башқұрт тіліне ч,в, ц, чуваш тіліне б,г,д,ж, з, ф, ц дыбыстары қосылған. Сонымен бірге тілдердің дыбыс жүйесі тек сан жағынан ғана өзгеріп қоймастан, тіркесу қабілеті жағынан да, қызметі жағынан да үлкен өзгеріске түсті. Мысалы, қазақ тілінің байырғы сөздеріне ств, скв, зд, зн, кс, см, нт дыбыстарының тіркесі кездеспесе, қазір: Москва, вексель, вахмистр, висмут, гастроном, диктант сияқты кірме сөздер молынан ұшырасады. Ал сөз соңында қолданылмайтын г дыбысы геолог, технолог, герцог сияқты өзге тілден енген сөздерде, д дыбысы Ленинград, фонд, наряд сияқты ауыс-түйіспен келген сөздерде қолданылатын болды [1.1882]. Бұл сияқты құбылыс өзге түркі тілдерінен де де өз орнын тапқан. Орыс тілінің ықпалы негізінен түркі тілдерінің барлығында да сөз басы екі дауыссыздан басталмайды деген заңдылыққа қазірде елеулі өзгеріс енді.
Лексикадағы өзгерістер. Қазан төңкерісінен кейінгі түркі тілдерінің өзгеріске ұшырау үрдісі оның лексикасындағы өзгерістерден анық байқалды. Жаңа қоғамдық формация, мәдени-экономикалық қарым-қатынастар, өмірлік әлеуметтік жаңалықтар бұрын-соңды болмаған жаңа түсініктерді, жаңа түсініктерді, жаңа ұғымдарды «өмірге әкелді». Кезінде олардың біразының қай тілде де болмасын атауы болар сөздер жоқтың қасы етін. Міне, осындай өміршең талаптан туған зәрулікті қанағаттандырудың екі түрлі жолы бар болатын. Оның бірі әр тілдің өзінің ішкі заңдылықтарына сүйене отырып, жаңа сөздер жасау да, екіншісі-басқа тілдерден әзір тұрған сөздерді қабылдау.
Байырғы сөздердің жаңа ыңғайда қолданылғанын әуелгі мағынасының шеңберін кеңейте түсетіні-ежелден келе жатқан тіл заңдылығы. Қазақ төңкерісінен кейін бұл әдісті тиімді пайдалануға кең жол ашылды. Себебі бұрын сөйлеу тілінде ғана қолданылатын сөздер экономиканың, мәдениет пен ғылымның т.б. қарыштап ілгерілеуімен байланысты басқа сөздер стильдік мағынаға ие болып, жаппай қолданыла бастады. Мысалы, аға сөзі бұрын ағайынды, туысқан ер адамдардың жасы үлкеніне байланысты қолданылса, қазір аға лейтенант, аға ғылыми қызметкер дегенде зәредей де туысқандық мағына жоқ, оларда тек дәрежені білдіретін мағыналық реңк қана бар. Кіші сөзі де осыған сәйкес: кіші ғылыми қызметкер, кіші лейтенант дегенде де сондай дәрежені білдіру мәні бар. Әзірбайжан тіліндегі намус сөзі бұрынғы орыстың «честь» сөзімен мағыналас болса, қазір «гражданская доблесть» мағынасында да, долдурмаг сөзі бәр нәрсенің ішін толтыру мағынасын білдірсе, қазір «планы долдурмаг –жоспарды орындау» мағынасында да қолданылады. Сөздердің осындай жолмен өз мағынасын кеңейтіп, жаңа мағынаға ие болуы басқа түркі тілдерінде де кездесетін заңдылық.
Сөзбе-сөз аударып алу да жаңа сөздер жасаудың тәсілі ретінде лексиканы байыта түсудің бір көзіне айналып отыр. Бірақ аударма арқылы сөз жасаудың барлық кезде де сәтті шыға бермейтіні бар. Солай бола тұрса да, Қазан төңкерісінен кейінгі жерде аударып алу жолымен көптеген сөздер туындап, қаірде күнделікті тілімізде ұтымды қолданылып жүр. Мысалы, қазақ тілінде: көрермен (зритель), оқырман (читатель), туынды (приозведение), қолжазба (рукопись) т.б.
Грамматикадағы өзгерістер. Грамматика тілдің өте баяу дамитын категориясы екендігі белгілі. Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде жаңа грамматикалық катеогриялар пайда болып жатпаса да, бұрыннан бар категориялар пайда болып жатпаса да, бұрыннан бар категориялар пайда болып жатпаса да, бұрыннан бар категориялар өзінің қолдагу аясын кеңейтіп, жиілігін кеңейте түсті. Мысалы, башқұрт тіліндегі –ымта// емтэ (кушымча-приложение;элемтә-связь), -ынты//-енте (йогонто-влияние), -деш //дәш (замандаш-современник;туғандаш республикалар –братские республики) т.б. қосмшалар өзінің мағынасын, қолдану аясын бұрынғыдан кеңейте түскен.
Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірде көптеген түркі тілдес халықтар өздерінің ұлттық әліпбиіне ие болып, көркем әдебиетін дамытты, әдеби тілін нормаға келтірді. Жазу мәдениетінің өсіп-жетілуі, тілдің стильдік тармақтарының дамуына жағдай жасады. Жазба әдеби тілі әріден жалғасып келе жатпаған не жаңадан қалыптаса бастаған қазақ, қарақалпақ, қырғық, саха, тува, т.б. тілдерінде көркем әдеби тілдің қалыптасуымен бірге ғылыми стиль, іс-қағаздары стилі, публицистикалық стильдер өз жүйесін тапты.
Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Түркітануға кіріспе [Мәтін] : оқу құралы / Ә. Қайдар М. Оразов ; [жауапты ред. Ғ. Әнес]. – 3-бас. .. – Алматы : Арыс, 2004. - 358 б.