69
Фразеологизмдердің бейнелік және танымдық семантикасы
69
Адамзаттың алғашқы қауымында, яғни әлем заңдылықтарын танып
білудің балаң кезеңінде жалпы халықтың жинақталған қиял жемісі – миф
пайда болған. Миф – ертедегі адамдардың не жайлы ойлағаны, неге сенгені,
бір сөзбен айтқанда, әр нәрсені белгілі бір сезіммен қабылдауының бірден-
бір көрінісі. «Мифте айтылған аңыздар мен шарттар, жабайылық емес,
ол мәдениеттің басқа бір саласына енетін бір шындықтың саңлақтары»
[Е.М. Мелетинский, 1979; 34 б.] болып табылады.
Ежелгі архаикалық ұғымдар ойдың сөзбен берілген көрінісін мойын-
даған, сондықтан да тілдің көне құрылымы сол дәуірдің архаикалық да-
муын бейнелейді. Фраземалар – ұлттық тілдің архаикалық формасы, ал
мифологиялық фраземалар – фразеоло-гияның ең көне түрі.
Қазақ мифологиясы – бүгінгі қазақ халқын жасауға қатысқан бірнеше
мыңжылдық көшпелі ру-тайпалардың «орташа» алынған сөздері, дүние-
ғалам, өмір туралы түсініктерінің елесті танымдарының бірыңғай
жүйесі. Қазақта айқын, мөлдір сипатты мифология жоқ. Ол ауыз әдебиеті
мұраларының, жырлар мен дастандардың, әр түрлі шежіре аңыздардың,
ертегілердің жұмбақ пен мақал-мәтелдердің, фразеологизмдердің астарын-
да, сондай-ақ қазақ тілінің сөздік қорының қойнауында жасырынып жатыр
[С.
Қондыбаев, 1995; 17 б.].
Қазақ тіліндегі фраземалар өзіндік мазмұны мен құрылымына қарай әр
алуан болып келеді. Олардың көбісі халықтың тарихын, наным-сенімін,
көзқарасын, дүниетанымын білдіреді. Осы ерекшеліктер фраземалардың
бейнелі-реңктік негізін құрайды. Фраземалар – тілдің мазмұндық жағының
сан ғасырлық дамуының нәтижесі, сондықтан олар бізді қоршаған
нақтылықтың күрделі ұғым мен түсініктерді ең қысқа, ықшам пішінде,
түсінікті, бейнелі және эмоционалды түрде бейнелеу қабілетіне ие.
Алайда, фраземалардың бұл жалпы мінездемесі әр нақты жағдайда
бейнелі-реңктік негізіне байланысты өз дифференциясын табады. Фра-
зе малардың бейнелі-реңктік негізін халықтың әлеуметтік-экономикалық
өмірін, рухани әлемі мен материалдық мәдениетін, тұрмыс-салтын, діни-
мифологиялық наным-сенімдерін білдіретін факторлар көрсетеді.
Сол себепті фраземалардың пайда болуы мен жасалуына әр түрлі
дәрежеде ықпал ететін экстралингвистикалық факторларды ұмытпаған
жөн. Мысалы, егер Қиыр Солтүстік пен Сібір түркі халықтары тілдерінің
лексика-фразеологиялық категориялары бұғы шаруашылығының неме-
се тайгадағы аңшылық кәсібінің ерекшеліктерін бейнелесе, ал Орта Азия
халықтарында мақта шаруашылығы, Поволжье халықтарында балық аулау
кәсібінің, ал қазақтарда мал шаруашылығының ерекшеліктерін көрсетеді.
Мұның бәрі үй жануарларын өсіру мен күту, көлік, күнкөріс есебінде
пайдалану, сол сияқты киім мен үй жабдықтарын жасау шикізаты ретінде
пайдаланудың сан ғасырлық тәжірибесі тілде көрініс таппауы мүмкін емес
еді. Қазақтардың көшпелі тұрмысының бұл ерекшеліктері, ең алдымен,
фраземаларда орын алады.