Функционалды-семантикалық өріс концепциясының теориялық негіздері
Тіл – қоғамдағы адамдардың практикалық қатынасының құралы. Тілді бір адам өзі үшін ғана қолданбайды, басқа адамға өзінің ойын білдіру, жеткізу үшін қолданады. Тіл – конкретті сана болғандықтан, қоғамдық өмір өзгерісіне сәйкес қазақтың әдеби тілі күн санап дамып келеді. Қазақ тілінің әлсіз жерін күшейтіп, кедей жерін байыта түсті. Осындай сатылап, бірте-бірте дамудың нәтижесінде әдеби тіліміздегі грамматикалық категориялардың қайсысы болса да дамып, бір жүйеге түсті. Сол грамматикалық категорияларды функционалды-семантикалық аспектідегі тілдік бірліктердің түрлі тіл деңгейі тұрғысынан зерттеу қазіргі таңда тіл білімінде, оның ішінде қазақ тіл біліміндегі ең басты әрі маңызды мәселе болып табылады.
Қазақ тіл білімі қай бағыттағы зерттеуде болсын ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Бұл орайда этнолигвистика, лингвомәдениеттану салалары бойынша Ә.Т.Қайдар, М.Копыленко, Е.Жанпейісов, Ж.Манкеева, стилистикадан Р.Сыздық, Б.Шалабай еңбектерін атауға болады. Тілдің жүйелі-құрылымдық жағы А.Ысқақов, Қ.Есенов, М.Балақаев, Т.Қордабаев, Р.Әмір, Н.Оралбаева, Ө.Айтбаев, М.Серғалиев, Ш.Сарыбаев, М.Оразов, К.Хұсайын, Т.Сайрамбаев, Ә.Жүнісбек, Б.Қалиев, Н.Уәли, Б.Сағындықов, Б.Қасым еңбектерінде көрініс тапса, З.К. Ахметжанова, А.Жұбанов, Т.Абдығалиева, Ж.Жакупов, Қ.Рысалды, З.Ерназарова, Қ.Есенова, Д.Әлкебаева зерттеулерінде функционалды, коммуникативтік-прагматикалық, когнитивтік аспектіден қарастырылған. Қазіргі кезеңде қазақ тіл білімінде ең актуалды проблемалардың бірі − тілдік жүйенің функционалдылық механизмін зерттеу. Мұның өзі функционалды грамматиканың негізін қалауға үлкен әсер етті.
Қазақ тілінің функционалды грамматикасының негізгі ұғымдарына профессор Е.Н. Жанпейісов ғылыми мақаласында талдау жасап, түсініктеме береді. З.К.Ахметжанова тәуелдік, қимылдың өту сипаты, компоративтік категорияларын орыс тілі деректерімен салғастыра зерттеді. Қ.Рысалдының «Сын дәрежесі категориясы: функционалды-коммуникативтік табиғаты» атты қазақ және неміс тілдері негізінде жазылған докторлық диссертациясын да қосуға болады.
Қазақ тілі деректері негізінде функционалды бағытта жүргізілген С.С.Құнанбаеваның көркем мәтіндегі шақ категориясын функционалды-семантикалық өріс деңгейінде зерттеген докторлық диссертациясы, Т.Абдығалиеваның болымдылық-болымсыздық категориясын функционалды грамматика принциптері тұрғысынан зерттеген докторлық диссертациясы, Б.Шалабай, А.Салқынбай, Б.М. Нуртазина еңбектерінің де қазақ тілінің функционалды грамматикасының негізін қалауға және оның теориялық қырларын дамыту мен толықтыруда маңызы өте зор. Б.Қапалбековтың «Грамматикалық және семантикалық категориялардың тілдегі көрінісі» тақырыбындағы, С.Құлмановтың «Қазақ тіліндегі мүмкіндік модалділігінің функционалды-семантикалық өрісі» тақырыбындағы кандидаттық диссертациясын, М.Жолшаеваның Қазақ тіліндегі аспектуалды семантиканы форма және мазмұн тұрғысынан зерттеген докторлық диссертациясын, О.Жұбаеваның «Предикативті өрістің субъектілі-предикатты бірліктері» тақырыбындағы, А.Жаңабекованың «Құрылымдық және функционалды грамматиканың зерттеу бағыты мен зерттеу әдістері» тақырыбындағы еңбектерін атап өткен жөн болар.
Сонау А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгеров, Қ.Жұбанов т.б. қазақтың ғұлама ғалымдары қазақ сөздерінің қолданымдық ерекшеліктерін білмеді деу тіл ғылымына жасалған үлкен қиянат болар еді. Ғалымдардың тілдік бірліктердің (сөз, қосымша, сөйлем) қолданымдық (функционалдық) ерекшеліктерін тани білген ғылыми көзқарастарын олардың жасаған тілдік жіктемелерінен байқауға болады. Бұл мәселе «Функционалды грамматиканың тілтанымдық негіздемелері» т.б. тақырыптарда арнайы қарастырылуы қажет деп санаймыз.
Функционалды грамматика мәселелері орыс тіл білімінде ХХ ғасырдың екінші жартысында ғана қолға алынып, арнайы зерттеу нысаны болды. Алайда ХХ ғасырдың басында ұлттық тіл білімі қалыптаса бастаған кездің өзінде-ақ ғалымдардың функционалды грамматиканың көптеген мәселелерін терең зерделеп, түсінгені байқалады. Функционалды грамматикаға қатысты қазіргі кезде қолданылып жүрген атауларды қолданбағанымен, ғалымдар функционалды грамматиканың негізгі ұстанымдарын, функционалды-семантикалық категория, өріс, семантикалық инвариант, ұғымдық категориялардың өзіндік ерекшеліктерін терең түсінген. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Жұбанов тұжырымдарының бүгінгі таңдағы ғылым жетістіктерімен сәйкес келуі, бір жағынан, ХХ ғасырдың басында ұлттық тіл білімінің қаншалықты құлаштап алға басқанын көрсетсе, екінші жағынан, репрессия зардабының кесірінен ғылым дамуының қаншалықты тежелгенін де танытса керек.
Шақтық локалдылық категориясы жайында бұрын қазақ тіл білімінде арнайы ешкім зерттеген жоқ, арнайы терминологиялық жүйеге енбеген, дегенмен шақтық локалдылық жайлы алғашқы нышандарды А.Байтұрсынлынан, Қ.Кемеңгерұлыдан, Қ.Жұбанов т.б. ғалымдардың еңбектерінен көруге болады. Олардың шақтарды тануда ұқсастықтар мен біраз алшақтықтар кездеседі… «Қ. Кемеңгерұлы, Қ.Жұбановтар байқағанындай, бұл көрсеткіштердің біраз ерекшеліктері бар. Мәселен, келіп еді, келген еді деген тіркестерде келу қимылы бір-ақ рет болғанын білдірсе, ал келетін еді, келуші еді десек, келу қимылы бір рет емес, бірнеше рет, дағдылы түрде болғанын, әдетке айналған амал-әрекетті білдіріп тұр». Әсіресе өткен шақты тануда амалдың ертеректе не жуық арада өткенін, сөйлеушінің іс-әрекетті өз көзімен көргендей етіп жеткізуін немесе басқа біреудің айтқанына сүйеніп қана айтып отырғанын, сол сияқты қимылдың бұрынғы кезде бірнеше рет қайталанғанын, яғни әдетке айналған іс-әрекет екенін т.с.с. ескеріп, соған байланысты өткен шақ түрлеріне өзінше ат берген. Құрылымдық (дәстүрлі, структуралық, тұлғалық, яғни формалдық) грамматикада орныққан түсінік бойынша, тіл лингвистикалық тұрғыда белгілі бір деңгейлерден (фонетика, лексика, морфология, синтаксис, мәтін) тұратын тұтастық болса, осы деңгейлердің өзі тілдік бірліктер парадигмасының жиынтығы болып танылады. Әрине бұл түсінік, тілдің статикалық күйін нақты көрсете алатын тұжырым деп ойлаймыз. Дегенмен адам баласының қарым-қатынас ретіндегі ең маңызды құралы – тіл қызметке, яғни динамикаға түскенде ғана сөйлеу процесі жүзеге асады. Сөйлеуде тілдік бірліктер өзіндік номинативтік мағынасы мен атқаратын қызметінің үстіне «қосымша» қызметтер жамайды. Бұл лексикада метафора, метонимия т.б. құбылыстары арқылы, синтаксисте үнемдеу, трансформация т.б. тәсілдер арқылы, ал грамматикада негізінен жалпы грамматикалану процесі арқылы іске асады. Қалай болғанда да бұл процестердің бәрі тілдік бірліктердің өзара әрекеттесуінің (семантикалық, синтаксистік тіркесімділік) нәтижесінен келіп шығады. Осындай әркеттестікті ашып көрсету үшін О.Есперсен кез келген тілдік құбылысты не «сырттан», не «іштен», яғни тілдің сыртқы тұлғасы мен ішкі мағынасы жағынан қарастыруды ұсынды: «бірінші әдісте біз (Т → М) белгілі бір форманы қарастырамыз да, одан кейін оның мағынасын немесе қызметін анықтаймыз; екінші әдісте (М → Т) керісінше, мағынадан немесе қызметтен шығамыз да, оларды білдіретін форманы анықтаймыз». Бұл әдіс тіл біліміндегі функционалдық бағыттың қалыптасуына негіз болды. «Функционалдық» ұғымының тіл білімі салаларында қолданылуын қарастыра отырып, оны былай түсіндіруге болады: 1) тілдік бірліктердің функциясын айқындау мақсатында оларды қолдана отырып қол жеткізетін нәтижеге қарайғы бағытта зерттеу; 2) әртүрлі тіл деңгейіндегі тілдік бірліктердің өзара әрекеттесе отырып жұмсалуынан осы формалардан туындайтын мағынаны айқындау, яғни «мағынадан құралдарға қарайғы» бағытта зерттеу; 3) осы екі бағыттың бірлестігі тілдегі түрлі семантикалық категорияларды көрсететін тілдік бірліктерді бір тұтастыққа, «өріске» жинақтау мақсаты қойылды.
Е.В.Гулыга мен Е.И.Шендельс өрістің негізгі белгілері ретінде мыналарды атайды: 1) өріс жүйелі қатынастар арқылы бір-бірімен байланысқан әртүрлі тіл деңгейіндік құралдардың жиынтығы болып табылады; 2) өрісті құрайтын әртүрлі тіл деңгейіндік құралдардың қандай да бір дәрежеде ортақ мағыналары болады; 3) өрістің ортақ мағынасы біреу ғана болмайды, ол бір-біріне қарама-қарсы ең кемінде екі мағынадан тұрады; 4) өріс көлденең және тік кесінді түрінде көрсетуге болатын күрделі құрылымға ие болады. Өрістің көлденең кесіндісі бойында оның семантикалық түрлері – микроөрістер, ал өрістің тік кесіндісі бойында оны құрайтын тілдік құралдар жатады. Өріс − белгілі бір семантикалық категорияға негізделіп, семантикалық қызметінің ортақтығына орай өзара әрекеттес келетін грамматикалық және лексика-грамматикалық, сондай-ақ әртүрлі аралас (лексика-синтаксистік т.б.) тілдік құралдар тобы.
Функционалды грамматиканың бір түрі алғаш А.А.Хадеева-Быкова ұсынып, кейін А.В.Бондарко «функционалды-семантикалық өріс» теориясы негізінде дамытқан болып табылады. «Функционалды-семантикалық өріс» ұғымына ғалым мынадай анықтама береді: «Функционалды-семантикалық өріс – тілдің грамматикалық (морфологиялық және синтаксистік) құрылымының бір ғана семантикалық аясына жататын лексикалық, лексика-грамматикалық және сөзжасамдық бірліктерімен бірге құрылатын екіжақты (мазмұндық-тұлғалық) бірлестік». Яғни функционалды-семантикалық өріс теориясының негізгі әдісі белгілі бір семантикалық категорияны білдіретін тілдік бірліктердің мағына ортақтығына (инварианттылығына) орай тұтастық ретінде қарастырып, сол категорияның семантикалық құрылымдарын айқындау болып табылады.
Функционалды грамматика (лат. Functio − орындау орыс. функциональная грамматика) – грамматикалық құрылыстағы тіл бірліктерінің функцияларын (қызметін) және олардың заңдылықтарын объект етіп зерттейтін грамматика түрі. Функционалды грамматика әр тілдің әртүрлі деңгейлеріне қатысты, лексикамен, контекспен өзара байланысты, бірақ бәрі де семантикалық қызметінің ортақтығы нәтижесінде біріктіріліп, тіл құралдарының біртұтас жүйесінде қарастырылады. Функционалды грамматиканың негізгі мақсаты − болмысты пайымдау барасында адам санасында қалыптасқан ойдың мәнін берудегі грамматикалық бірліктердің тілдің басқа деңгейлер бірліктерімен тығыз қарым-қатынастағы қызметінің заңдылықтарын зерделеп сипаттау. Тілдің барлық деңгейлері бірліктерінің бір-бірімен өзара қарым-қатынасы жалпы тілдік ұғымдық категориялар негізінде болады. Функционалды грамматиканың бастауларын әріден іздеген дұрыс. Мәселен, орыс тіл білімінде тілді функционалдық жағынан қарастырған зерттеулерді Ф.И.Буслаев, К.С.Аксаков, Н.П.Некрасов, А.А.Потебня, И.А.Бодуэн де Куртенэ, А.А.Шахматов және А.М.Пешковскийлердің еңбектерінен кездестіруге болады. Орыс сөздерінің грамматикалық тұлғасын функционалдық тұрғыда қарастыруда В.В.Виноградовтың еңбегі ерекше. Ал жалпы алғанда функционалды грамматиканың теориялық тірегі Л.В.Щерба, И.И.Мещанинов, С.Д.Кацнельсон еңбектерінің негізінде қаланды деуге болады.
Функционалды грамматика функционалды-семантикалық өріс (ФСӨ) семантикалық категория, категориялды жағдаят негізінде жасалады. ФСӨ теориясы орыс ғалымы А.В.Бондарконың еңбектерінде неғұрлым өзекті түрде айтылған «Функционалды-семантикалық өріс» – тілдегі грамматикалық көрсеткіштердің лексикалық, лексика-грамматикалық әрі сөз тудырушы, сөз түрлендіруші лексемалардың екіжақты қырынан (мазмұн-форма) үндесе әрі үйлесе бірігіп келіп белгілі бір семантикалық ортада көрініс табуы. Функционалды-семантикалық өріс – семантикалық категориялар негізінде әртүрлі деңгейдегі әрекеттес тілдік құралдардың функцияларының ортақтығына байланысты қалыптасқан жүйе.
“Өріс” өзіндік бір сипаты бар құрылым ретінде анықталып, алғашқыда тек лексикология, кейін тілдің барлық саласында қолданыс тапты. Соның негізінде лексикалық өріс, семантикалық өріс, лексика-грамматикалық өріс, синтаксистік өріс, реляциялық өріс, функционалды-семантикалық өріс сияқты тағы да басқа көптеген терминдер қалыптасқан.
Өріс теориясын ары қарай демытқан А.В.Бондарконың түсіндіруі бойынша, белгілі бір мазмұнды жеткізуге қатысатын түрлі тіл деңгейіне жататын құралдардың жиынтығы деп анықталатын өріс ұғымы деңгейаралық құбылыс ретінде сипатталады. Өйткені мұнда дәстүрлі грамматикада бір-біріне байланыссыз қарастырылатын түрлі тіл дейгейі бірліктері семантикалық функцияның ортақтығы негізінде бір өріс аясына жинақталады. Мұнда тілдік бірліктердің функциясының басты рөл атқаруы өрістің функционалды-семантикалық деп аталуына негіз болған.
А.Байтұрсынұлы өзінің зерттеулерінде имплицитті түрде (ара-тұралап болса да) функционалдық грамматиканың мәселелерін де қозғайды: кейбір грамматикалық категорияларды семантикадан формаға қарайғы бағытта қарастырады. Мысалы етіс категориясы жайлы құрылымдық грамматикада әдетте оның өзгелік етіс, ортақ етіс, өздік етіс, деңгейлік, ырықсыз етіс деген төрт түрі сөз болса, “Тіл − құралда” бұл сан едәуір көп. “Етістікте он түрлі етіс бар: 1) сабақты етіс, 2) салт етіс, 3) ортақ етіс, 4) өздік етіс, 5) өзгелік етіс, 6) беделді етіс, 7) ырықсыз етіс, 8) шығыс етіс, 9) дүркінді етіс, 10) өсіңкі етіс”.
Жалпы функционалдық грамматикадағы “функция в потенциальном аспекте”, “функция в результативном аспекте” дегендер бұрындар айтылған мына бір пікірлермен үндес, астас сияқты: тіл − әрі сөйлеу құралы, әрі оның нәтижесі. “Язык является не только собранием слов, но и дел. Язык есть не только слова”. “Сөз – қару. Бұзуға жұмсасаң бұзады, түзеуге жұмсасаң түзейді”. “Тіл − адамның адамдық белгісінің бірі, қаруының бірі… Айтушы ойын өзі үшін айтпайды. Өзге үшін айтады”. Біз бұл жерде А.Байтұрсынұлы еңбектерінде кездесетін функционалды грамматикаға тән тілдік элементтердің кейбірін ғана атап өттік. Олар жеке-жеке өз алдына арнайы зерттеу объектісі болуға әбден лайық.
Демек функционалды-семантикалық өріс тілдегі грамматикалық тұлғалардың лексикалық, лексика-грамматикалық және лексика-семантикалық құралдармен өзара әрекеттестігі нәтижесінде ұйымдасатын семантикалық категория болып табылады деген қорытынды шығады.
Функционалды грамматиканың жүйесін тануда әрі зерттеуде семантикалық категориялар мен оның тілдегі көрінісі мұрындық болады. Бұл грамматиканың концептуалды негізін мына үштіктен көреміз: “семантикалық категория, функционалды-семантикалық өріс (ФСӨ), категориялды жағдаят (КЖ)”. ФСӨ пен КЖ шеңберіндегі түрлі грамматикалық тіл бірліктері мен категориялар, лексика-грамматикалық әрі лексикалық тілдік құралдар жүйесі аты аталған грамматиканың функционалдылық табиғатын кеңейте түседі.
Достарыңызбен бөлісу: |