Орта ғасырларда география Қытайда, Парсыда, Орталық Азияда және Араб елдерінде жақсы дамиды.
Ұлы географиялық ашылулар:
ХVI ғасырдан бастап география аса маңызды ғылымға айналып, жеке салаларға бөліне бастады. Осы кезеңдерге географияның ерекше ғылыми тілі картография қалыптасты. Ұлы географиялық ашылулардың ғылыми қорытындылары голланд ғалымы Бернхардус Варениустың “«Жалпы география»” атты еңбегінде (1650 ж.) жинақталды.
Экспедициялар кезеңі:
XVII — XVIII ғасырларда түрлі елдердің табиғат жағдайларын зерттеуге және оларда өтіп жатқан табиғи процестерді түсіндіруге қызығушылық арта түсті (Г. Лейбниц, Ж. Бюффон, М. В. Ломоносов). Ресейде экономикалық географияның қалыптасуына И. К. Кирилов, В. Н. Татищев, М. В. Ломоносов зор үлес қосты. Жаратылыстану ғылымының XVIII — XIX ғасырлардың I жартысындағы аса көрнекті жетістіктері бұрынғы натурфилософиялық жорамалдардан бас тартуға, "табиғаттағы процестердің бәрінің өзіне тән себептері бар" деген ғылыми тұжырым жасауға мүмкіндік берді. Бұл кезеңде география жөнінде екі түрлі пікір туды: XIX ғасырда неміс саяхатшысы А. Гумбольдт өзінің “Космос” (1845—1862) атты еңбегінде "Физикалық географияның міндеті — табиғат құбылыстарының жалпы заңдарын және олардың ішкі өзара байланыстарын зерттеу", — десе, неміс географы Карл Риттер өзінің “«Dіe Erdkunde іm Verhalt-nіs zur Natus und zur Geoschhіchte des Menschen»” (1822 — 1859) еңбегінде "Географияның басты міндеті — табиғаттың адамға тигізер әсерін зерттеу ғана", — деп түсіндірді.
XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың басындағы ғылыми экспедициялар мен теориялық ашылулар:
XIX ғасырдың аяғында Ресейде B.В. Докучаев комплексті физгеографиялық зерттеулердің негізін қалап, бұл зерттеулердің міндетін халық шаруашылығы мәселелерін шешумен байланыстырды. География өзара байланыстылықты тануға А. И. Воейков зор үлес қосты. XX ғасырдың басында Л. С. Бергтің, А. А. Борзовтың т. б. еңбектерінде ландшафт туралы ұғым қалыптастырылды. Географиялық ғылыми зерттеулердің дамуына Орыс географиялық қоғамы (1845) үлкен еңбек сіңірді. 19 ғасырдағы және 20 ғасырдың басындағы экспедициялар Азияның бұрыннан беймәлім ішкі аймақтарын (П. П. Семенов-Тян- Шанский, Н. М. Пржевальский, Г. Н. Потанин), Жаңа Гвинеяны (Н. Н. Миклухо-Маклай) зерттеді, Антарктиданы (Ф. Ф. Беллинсгаузен, М. П. Лазарев) ашты.