Атмосфера (көне грекше: ἀτμός — бу, шар) - Жерді қоршаған газ қабықшасы. Атмосфера 78% азоттан, 21% оттегіден және болымсыз мөлшердегі басқа газдардан тұрады. Атмосфераның төменгі қабаты тропосфера деп аталады, ол 10-12 км биіктікке дейін (орта ендіктерде) созылып жатады. Одан биіктеген сайын температура төмендейді. Онан жоғары стратосферада температура тұрақты дерлік болып қалады (-40С маңында). Ал шамамен 25 км-дей биіктіктен бастап бұл қабат Күннің ультракүлгін сәулелерін жұтатындығынан температура баяу артып отырады.
Жер атмосферасының жоғарғы қабаттарында күн сәулелері күшті иондану туғызады. Атмосфераның ионданған қабаты ионосфера деп аталады. Атмосфера ғарыш кеңістігінен Жерге келетін сәулелерден басым бөлігін шағылдырады немесе жұтады. Мысалы, ол Күннің рентген сәулелерін жібермей, ұстап қалады. Атмосфера бізді микрометеориттердің үздіксіз атқылауынан және ғарыш сәулелерінің – жедел қозғалатын бөлшектердің ағынының бүлдіру әрекетінен де сақтайды. Атмосфера Жердің жылу балансында маңызды роль атқарады. Көрінетін Күн сәулелері атмосфера арқылы ешбір бәсеңсімей өте алады. Оларды Жер беті жұтады, осыдан келіп ол жылынады да, инфрақызыл сәулелер шығарады. Осы күнгі көзқарастар бойынша гидросфераның және атмосфераның болуы арқасында ғана жерде тіршілік пайда болған. Міне, сондықтан да экология мәселесі, біздің бірегей ғаламшарымыздың табиғатын қорғау ерекше маңыз алуда.
Достарыңызбен бөлісу: |